Қазақстан террористік ұйымдармен қалай күреседі?

Діндерді зерттеу орталығы мониторинг және талдау бөлімінің сарапшы маманы Еркебұлан Шамшатов интернет желісіндегі террористік ұйымдардың қызметіне қарсы іс-қимыл бойынша қазақстандық тәжірибе жайлы айтты, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басында танымал террористік ұйымдардың басым көпшілігі өз қызметін «жеке» арбау әдісі арқылы жүргізіп отырды. Мұндай әдіс арбаушылардың ораторлық, харизмалық және адамдарды сендіре алу қасиеттері болуын талап етеді. Алайда әлеуметтік желілердің танымалдылығы артқан сәттен бастап террористік ұйымдар өз қызметін «онлайн» арбау техникасына өзгертті. Интернет өзінің қолжетімдігі арқылы потенциалды радикалдар санын едәуір арттыруға мүмкіндік берді. Виртуалды әлем олардың жұмыстарын түбегейлі өзгертіп, нәтижесінде террористік ұйымдар үшін шартты түрде екі потенциалды бағыт пайда болды. Олардың біріншісі өздерінің қатарларын толықтыратын болашақ мүшелері болса, екіншісі қажет болған жағдайда радикалды қозғалыс үшін пайдалы қызмет жүргізе алатын жақтаушылары.

Сонымен бірге қазіргі заманғы соғыстар жауға ақпараттық және психологиялық әсер ету әдістерін қамтитын жанама асимметриялық әрекеттер стратегиясына көшуде. Осылайша, қазіргі қоғамдағы ақпарат тек ресурс қана емес, сонымен бірге қару десек те болады.

Радикалды қозғалыстардың қызметіндегі бұл революция 2000 жылдардың басында Еуропа мен АҚШ-тың жергілікті тұрғындарының террористік актілерге қатысуына алып келді. Яғни, шетелге шығу фактісі болмаған, бұрыннан сол жерде өмір сүріп келе жатқан, радикалды контентпен тек қана интернет арқылы танысуға мүмкіндігі бар адамдардың қатысуымен орын алды.

Бұл жағдай әлемдік қоғамдастықтың осындай қауіп-қатерлерге қарсы әрекет етудің жаңа стратегиясын қалыптастыруға алып келді. Ол өзіне тек қана қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шараларды ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік қолдау мен ақпараттық түсіндіру жұмыстарын да қамтуға бағытталды. Қазір экстремистік дүниетанымға қарсы идеологиялық күрестің негізгі бағыттарының бірі ақпараттық жүйелер арқылы жүргізуді көздейді.

Қазақстан да басқа елдер сияқты қоғамның радикаландану феноменіне тап болды. Бұл процесс ДАИШ арбаушыларының белсенді онлайн қызметі кезеңінде қалыптаса бастады. Сонымен қатар интернет радикалды қозғалыс иелері үшін елден тыс жерлерде орналаса отырып, өздерінің террористік әрекеттерін идеологиялық әсер ету арқылы жүргізуге мүмкіндік бергенін көрсетті. Сондай-ақ азаматтардың террористер қатарына, яғни соғыс қимылдарына қатысу үшін елден кету феномені айтарлықтай өзекті болды.

Қазақстанның халықаралық террористік ұйымдардың қызметіне қарсы іс-қимыл бағытындағы тәжірибесін қарастырсақ, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың мемлекеттік жүйесі 2000-шы жылдардың басынан бастап жұмыс істеп келе жатқанын байқаймыз. Сонымен бірге Қазақстан үшін бастапқы кезеңдерде діни экстремизм мәселесі және террористік ұйымдардың интернеттегі қызметі қандай да бір қиындықтар туғызбады. Алайда алғашқы террорлық шабуылдардан бастап мемлекеттік жүйе елеулі өзгерістерге ұшырады. Құқықтық жағы айтарлықтай күшейтілді. Сондай-ақ діни қатынастар саласына жетекшілік ететін мемлекеттік орган құрылды.

Деструктивті материалдарды қарау, тарату діни әрі зайырлы ортаны радикалдануына апаратындығы сөзсіз. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының уәкілетті органдары тарапынан интернет желісіндегі террористік, экстремистік және деструктивті сипаттағы материалдарды анықтау және шектеу, не оларды жою сияқты арнайы шаралар жүргізіледі. Сондай-ақ деструктивті діни ағым идеологиясына қарсы бағытталған «балама» интернет-ресурстарды ілгерілету бойынша жүйелі жұмыстар орындалуда.

Атап айтсақ, ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жергілікті атқарушы органдары тарапынан ақпараттық өрісте заңнама талаптарының сақталуы бойынша мониторинг жұмыстарын жүргізіліп тұрады. Бұл жұмыстың ауқымы отандық және шетелдік интернет-ресурстарды, республикалық БАҚ-ты, телеканалдарды және әлеуметтік желіні алуда. Интернет ресурстарға кіруді шектеу шаралары қолданыстағы заңнаманы бұзатын материалдар анықталған жағдайда жүргізіледі. Дестркутивті материалдардың басым көпшілігі әлеуметтік желіде таралатындықтан, қазір басты акцент желілік әкімшілік арқылы ескертпе жұмыстарын жүргізуге бағытталған.

Жоғарыда аталған техникалық шешімдермен қатар, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық белсенді азаматтарды тарту арқылы іске асыруға болатынын атап өту керек. Нақтыласақ, қазір кез-келген желі пайдаланушысы интернет-ресурсындағы құқыққа қарсы контенттерге шағымдану арқылы оларға шектеу қоюға жағдайлар жасалған.

Еліміз соңғы жылдары интернет сегментін реттеу бойынша айтарлықтай үлкен жетістікке қол жеткізді. Алайда бұл реттеу көбіне «бұғаттау» арқылы жүзеге асқанын байқаймыз. Қазақстан басқа да поскеңестік елдер сияқты қоғамдық тәртіпке онлайн сөз бостандығын беруге тырысып бағуда. Азаматтардың әлемдік ағартушылық жаңалықтармен хабардар болуы аталған мақсаттарға жетудің ең жақсы тәсілі екені сөзсіз.

Қазақстан осы тұрғыда интернет сегментіндегі радикалды контенттердің алдын алуға бағытталған тиімді құралды қалыптастыру бойынша қадамдар жасауда. Мұндай шешімдердің бірі 2017 жылғы 17 маусымда қабылданған киберқорғаныс бойынша («Киберщит Казахстан») тұжырымдамасы. Бұл жерде біз қандай да бір кибер шабуыл болған жағдайда, соған төтеп бере алатындай тәуелсіз интернет қалыптастыру мемлекеттік билік үшін маңызды мәселелердін бірі болғаның байқауға болады. Себебі радикалды діни бағыт өкілдері тарапынан қауіп төнген жағдайда, интернет желісіндегі тұрақтылықты қалыптастыра алмау қоғамның дінаралық негізге өтуінің әлеуетті қауіпіне алып келуі мүмкін.

Осылайша, Қазақстан тәжірбиесін талдауды негізге ала отырып, Орталық Азиядағы елдер арасында Қазақстанда діни экстремизм мен терроризмге қарсы бағытталған іс-қимылдың айтарлықтай дамыған жүйесі бар деуге болады. Сәйкесінше, бұл жүйе жеткілікті қаражатпен  және радикалды контенттерді шектеуге мүмкіндік беретін техникалық ресурстармен қамтамасыз етілген. Алайда интернет кеңістігіндегі террористік ұйымдарға қарсы белгілі бір жетістіктерге қарамастан, әлі де бұл сала бойынша бірқатар қауіп төндіретін аймақтар кездеседі. Қазір бұл мәселелерді шешу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде», –  деді маман.