Қ.Жұмаділ: Жат идеологияға қарсы тұру үшін, ұлттық бірегейлік маңызды

Жаһандану заманында қазақстандық жастар арасында жан-жақты дамуға деген құлшыныстың өсу проекциясы жылдам. Әсіресе, жас буынның тарих, салт-дәстүр, мәдениет пен руханиятқа деген қызығушылықтары басым.

Дін - қоғам өмірінің барлық қырымен ұштасатын, адамдардың қызығушылығын тудыратын сала. Осы тұста, алаңдатарлық мәселе -ақпараттық технологиялардың дамуы мен жаһандық діни ахуал аясында өрістеп отырған дәстүрлі емес діни идеологиялардың көбеюінің тұспа-тұс келуі. Бұл өз кезегінде, жастық максимализм мен тұлғалық ойдың толыспауынан жастар арасындағы жат ағымға еріп кету қаупін арттырды. Сонымен қатар, әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени жағдайлардың күрделенуі жастарды деструктивті идеяларға бір табан жақындатады.

Оңы мен солын тануда ізденіс үстіндегі, айналасынан тек жақсылық күтетін, жамандықпен күресуге дайын жастар, әдетте, радикалды топ өкілдеріне оңай олжа. Айта кету керек, радикализмге бет бұруда ең жиі кездесетін себеп - ол діни сауатсыздық. Адам әрқашан өзінің даму жолында рухани - дәстүрлі құндылықтарды бағдарға алып ізденіп отырған. Ал танымы толық қалыптаспаған жастар үшін харизматикалық десруктивті топ өкілдері, олардың іздегенін беретіндей көрінеді. Қазір адамдарға діни ілімді, оның идеологиясын түсіндіру қиын. Жұрт өздігінше білім алуға құмар. Ал білімнің қандай ақпарат көздерінен алып жатқанын саралайтындар аз. Мысалы, әлеуметтік желіні ашып қалсаң діни ақпарат көп. Өкінішке орай, біздің қоғамда дін атын жамылып, әсіресе жастарды экстремистік және террористік ұйымдар қатарына шақыратындар, ата-баба дәстүрімен жалғасып келе жатқан дәстүрлі құндылықтарымызды жоққа шығарып, ұлтымызға жат идеяларын қоғам санасына енгізуге тырысатындары аз емес.

Күні кеше Египет Араб Республикасындағы Каир қылмыстық соты «ИГИЛ Имбаба» террористік тобын құрған Мұхаммед Хусеин Якуб және Мұхаммед Хасан сынды салафиттік уағыздаушыларды жауапқа тартты. Мұхаммед Хусеин Якуб : «Менің діни білімім жоқ, айтқан дүниелерімнің бәрі жеке өзімнің пікірім. Мен ғалым емеспін. Тек өз ойымды интернетте жариялаймын»,- деп, бар жауапкершілікті артынан ергендер артты. Осы сынды псевдо-уағызшыларды тыңдайтын отандастарымыз біздің ортамызда да бар.

Күрделі де, күрмеулі дін тақырыбында әрбір азамат үшін қабілетті, білімді, ұлттық қасиетті қатар алып жүру маңызды. Адам өміріндегі рухани құндылықтардың бастауы, өркениеттер негізі, дәстүр өзегі болған дін саласын сырттай оқып түсінуі қиын, әрі мүмкін емес екенін ұмытпауымыз керек.

Жат ағымдардан иммунитет қалыптастыра білуіміз керек. Яғни, дін мен дін атын жамылғандарды ажырата алу үшін әрбір адамға сыни қабілет пен терең білім алу керек. Рухы мықты қоғам – ел келешегінің кепілі. Адам баласы білім көкжиегін арттырған сайын, ой-өрісі, сана-сезімі ерекше дамиды. Жастардың шынайы білім алуы, рухани кемелденуге ұмтылуына дұрыс жол көрсету - орта буынның жауапкершілігіне кіреді. Прогрессивті, даму қарғыны тез ортада барлығын бақылауда ұстау күрделі. Дегенмен, бәрімізге таңдау еркі берілген. Қазақ елінің сайын даласында сан алуан діндердің                              аралас - құраластығы, әр кезеңде белгілі бір сенімдердің азды-көпті таралуы тарихымызда орын алып отырған. Қазақ ұлтының жан дүниесімен, руханиятымен, тұрмыс-тіршілігімен барынша үйлескен дін – ислам діні. Ислам дінінің тұрмыс салтымызға сіңе отырып, бірегей мәдениетіміздің қалыптасуында орны ерекше.

Дін атын жамылып, талайды өз арбауларына түсіріп жүрген жандардың айтқан сөздеріне имандай сенетіндер арасында тек жастар ғана емес, егде жастағы, орта буындағы азаматтар да бар. Бұл тақырыпты біз бірінші рет көтеріп отырған жоқпыз. Аталмыш проблемамен күресу – жеке адамға ғана тиісті емес. Ол – қоғамның проблемасы. Сондықтан, әрбір азамат өткеннен өнеге алып, оны болашақтың болмысына сіңіріп, тамыры терең бірегейлігімізді жаңғыртуы керек.

Егер сізде діни тақырыпта сұрақтар туындаса немесе сіздің жақындарыңыздың бірі деструктивті ағымдардың әсерінен зардап шексе, онда Нұр-сұлтан қаласының Діндерді зерттеу орталығына келіп, теологиялық және психологиялық көмек ала аласыз немесе iKOMEK109 бірыңғай нөміріне қоңырау шалуыңызға болады!