Оразмағанбет Тұрмағанбетұлының Кеңес үкіметі кезінде имандылық қызметі

Төл тарихымызды танып білу – баршамызға ортақ міндет. Әсіресе Қазақстан тарихының кеңестік билік тұсындағы  кезеңін назардан тыс қалдыруға болмайды. Өйткені бұл кезеңнің әлі де ашылмаған тұстары, тасада қалған тұлғалары аз емес. Сол себепті де кеңестік тоталитаризм тарихын, 1920-1930 жылдардағы тарихи оқиғалар мен саяси тұлғалардың қызметін жан-жақты, объективті түрде зерттеуді жалғастыра беруіміз қажет.

Кеңестік  дәуірде қазақ тарихын көбіне-көп Ресей тарихшыларының жазғанын ескере отырып, өткенге біржақты теріс көзқараспен қарамай, отандық тарихи ғылымның әдістерін, дәстүрін шығармашылық және сын тұрғысынан зерттеуді жалғастыру қажет. Осыған байланысты сол кезеңдегі қайта құрулар, жер-су реформасы, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру, саяси қуғын-сүргін, ұлт зиялыларының тарихын зерттеу соңғы мұрағат деректері негізінде, бүгінгі талапқа сай жалғаса беруі керек.

Сонымен бірге қуғын-сүргін мен лагерьлердің қаптап кетуі қазақ даласына да нәубет әкеліп, Т. Рысқұлов, С.Қожанов, К.Сарымолдаев, О.Жандосов, Н.Төреқұлов, Ж.Аймауытов және т.б. тұлғаларымызды авторитарлық сталиндік жүйенің құрбаны етті. Яғни саяси қуғын-сүргін мәселелерін зерттеуде әлі күнге дейін өмірі мен қызметі беймәлім болып келген, абзал азаматтарымыздың көп екендігін қаперде ұстағанымыз жөн. Олардың іздеуі-сұрауы болмағандықтан беймәлім күй кешуде. Кеңестік билік тарихының тұңғиығына батып кеткен сондай азаматтарды жарыққа шығару – бүгінгі зерттеушілердің  міндеті.

Сондықтан тоталитарлық билік тұсындағы тарихтың мемлекет тарапынан құпия сақталып келген «ақтаңдақ» беттерінің сырын ашып, ақиқатты танитын кез жетті деп білеміз. Олай болса, осынау азаттықтың ақ таңы арайлап атқан, барымыз екшеліп, жоғымыз түгенделіп жатқан мамыражай заманда коммунистік идеологияның жетегінде кетіп, оның қатаң қадағалауымен бұрмаланып жазылған деректік құжаттарды, материалдарды қайта қарап, салыстыра талдау арқылы ғана біз тарихи шындыққа көз жеткізіп, объективті баға беріп, тиісінше ғылыми тұжырым жасай алатын боламыз. Сонда ғана кеңестік биліктің ұлт тұлғаларына жасаған қиянаты әшкере болмақ. Жалпы алаш мүддесі жолында аласұра әрекет етіп, қоғамдық дамуды, әлеуметтік – саяси оқиғаларды бұрмалаусыз сол қалпында жалтақсыз суреттеген С.Садуақасұлы, Б.Майлин, М.Жұмабаев, Ғ.Тоғжанұлы, Қ.Кемеңгерұлы шығармаларынан да, кезінде кеңестік үкіметтің сойылып соғып, барынша қолдап-қуаттаған, коммунистік идеологияға қалтқысыз қызмет еткен, өмір жолы мен қайраткерлік болмысы социализммен біте қайнасып жатқан С.Мұқановтың, Т.Рысқұловтың, О.Исаевтың, О.Жандосовтың, І.Құрамысовтың, С.Сейфуллиннің т.б. еңбектерінен де сол қоғамның даму үдерісін ғана емес, саяси күрестің беймәлім беттерін де танып білуге болады.

Ақиқатын айтсақ, кеңес билігі қазақ қаламгерлерін өз мүддесіне шебер пайдалана білді. Мұндай жазықсыз жала қазақ поэзиясында құбылыс саналған М.Жұмабаевқа да, Кенесары, Наурызбай, Абылай туралы «діни феодалдық – патриархалды» шығармалар жазып, ұлт тұлғалары турасында кесек пікір білдірген Ә.Бөкейхановқа да, тіпті кеңестік әдебиеттің «отымен кіріп, күлімен шыққан» Б.Майлинге де жабылды.

Дегенмен осынау «қызыл террордың» қысымымен ұлтымыздың бет – бейнесі, жан-дүниесі біршама өзгеріп, діні апиынға баланып, ділі мен тілі «интернационалдандырылды». Зиялыларымыз үкімет тарапынан бұрын-соңды болмаған негізсіз айыптауларды, бастан кешіріп, тоз-тозы шықты, ұлтымызды қаймағынан айыруды мақсат тұтқан Патшалық Ресей кезінен жүргізіліп келе жатқан әккі де зымиян саясат өз жемісін бере бастады.

Мұндай зобалаңның асқынуына ғалым Қуандық Сләмғазыұлының жазғанындай, идеология, әсіресе, 1932 жылы 10 қаңтарда БК (б) П Қазақ өлкелік комитетінің Мәдениет және насихат бөлімдері мен Қазақстандық марксизм-ленинизм ғылыми-зерттеу институтының «Сталин жолдастың хатына байланысты Қазақстанның теориялық майданындағы күрестің міндеттері туралы» алған қаулысы себеп болды. Осы қаулы интеллигенция өкілдеріне қарсы қуғын-сүргіннің күшеюіне үлкен әсерін тигізді. Сөйтіп, алғашында ғылыми қателіктерден басталған ой-пікірлер бұдан былай бұлжымас саяси қағидаға айналып, ресми сипат алды. Бұл тұжырымдардан басқа ой-пікірлердің барлығы саяси-ғылыми қателіктерге баланып, қуғындалды. Осындай теріс көзқарас ақыры зиялылардың түбіне жетіп тынды. Сол кездегі зиялыларды жаппай қудалау қазақтардың патриархалдық – рулық қоғамдағы сипатына тән, қанға сіңген рушылдық пен жікшілдік, ел билігіне араласқан азаматтар арасындағы бақталастық, күншілдік, іштарлық, көреалмаушылық сияқты ескі әрекеттері өршіп, оған себебін тигізуінен де болды. Осы жағымсыз қылықтар партия тарапынан зымияндықпен қолдау тауып, ушықтырылып отырылды. Осындай айлакерлікті әбден меңгерген Голощекин қазақтарды бір-біріне әшкерелетіп, оларды жаппай айыптап, қуғындауға кірісті [1].

Осылайша қолдан жасалған зобалаң, әдейі ұйымдастырылған зұлмат өз нәтижесін беріп, қаламгерлеріміз сенім мен үміттен айырылып, бойларын үрей мен қорқыныш билеп, «өзгелерді әшкерелеу» арқылы қара басын аман алып қалудың қамын күйттеп кетті. Өздерін Кеңес үкіметіне барынша адал қызмет атқарып жүрген азамат ретінде көрсетуге жанталаса кірісті. Осынау жасанды идеологияның зиялы қауымды саналы түрде адами қасиеттерінен айырғанын тап басып танып, адасқан жұртының дәрменсіз халіне жаны күйзелген, бұлыңғыр келешегіне алаң көңілмен қараған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов сол тұста ешкімнен қаймықпай-ақ: «Жұртқа көңіл қалып тұр, жұрт жалғанға нанып тұр» [2], – деп айтып салған болатын. Міне қазақ әліпбиінің реформаторының осы бір тарихи пікірінен-ақ біз өз дегенін жүзеге асыру үшін большевиктердің аңғал халқымызды барынша шебер пайдаланғанын, «жаңа қоғам құру» идеологиясын бетперде ете отырып, алдап-арбау, қорқыту арқылы ұлт тұлғаларын бір-біріне айдап салып, қой мінезді қазақты серкесінен айыруды көздегенін анық аңғарамыз.

Ал Ислам дінінің сандаған ғасырлардан бері салт-дәстүрімізбен, жөн-жоралғыларымызбен біте қайнасып, ұлттық құндылығымызға айналғаны белгілі. Дегенмен  1920-1938 жылдар аралығындағы жаппай жазалау науқаны  еліміздегі  дін қайраткерлері үшін де оңайға соққан жоқ.   Яғни, большевиктік биліктің атеистік саясаты арқасында ұлтты рухани сенімінен, ең бастысы имандылықтан ажырату үдерісі қарқынды жүрді. Бағзыдан бері бабалар аманатына айналған  дәстүрлі дініміздің өрісі тарылып, насихатталуына да мейлінше тыйым салынды. Осылайша дінге қарсы үгіт-насихат та белең алып, діни мейрамдардың тойлануына тосқауыл қойылды,  қасиетті жерлер мен киелі орындар қараусыз қалды. Керісінше діннің «апиын» екендігі өскелең ұрпақтың санасына сіңіріліп,  ізгі дәстүрлеріміз бен    имандылық иірімдерінен тұратын ислами құндылықтарымыз  мейлінше теріс түсіндірілді. Дін өкілдері де қамсыз қалмай, қоғамды басыбүтін  адасуға бастайтын бұл ел басына түскен нәубетке хал-қадерінше қарсылық танытуға тырысып баққанымен, дінге қарсы шаралар күшеймесе, толастаған жоқ. Былайша айтқанда, кеңестік биліктің керітартпа саясаты жоспарлы түрде кезең-кезеңімен жүзеге асып отырды.  Ол нәтижесіз болды деп те айта алмаймыз. Өйткені   дінге қарсы экспансияның әсерінен Қазақстандағы  исламның негізі күйреп, діни сенім бостандығына бұғау салынды. Дінге қарсы күрес ашықтан-ашық жүрді, мешіттер мен шіркеулер қаңырап бос қалды. Осыдан соң дін өкілдеріне де тықыр таянып,  олар да саяси репрессия құрбанына айналды, қоғамнан да шетқақпай көріп, елеусіз ғұмыр кешті.

Тіпті сұрапыл соғыстың кезінде, яғни 1943 жылы Орта Азия мұсылмандарының діни басқармасы құрылғанымен де, 1980 жылдарға дейін  Қазақстанда  28 мешіт қана тіркеуде болғанының өзі  руханиятымыздың қандай орасан зиян шеккенін айғақтай түседі.   Ал діни медреселер 1930-шы жылдардың бедерінде жаппай жабылып, халық пір тұтатын  дін қайраткерлерінің көбі қуғындалды.

Солардың бірі – қазақ халқынан шыққан алғашқы геолог, өз заманында  Бомбей университетін тәмамдап, қала берді, Бұқара, Хиуа, Стамбул, Үргеніште білім алып, ислам негіздері мен қағидаларын жетік меңгерген дінтанушы, Алашорда партиясының белді мүшесі Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы болатын.

Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы – өзінің талайлы тағдырында қаламгерлігімен де, діни қайраткерлігімен де ұлт болашағы, ұрпақ ертеңі үшін өлшеусіз еңбек сіңірген мәлім де беймәлім тұлғалардың бірі. Мәлім дейтініміз – сол  кезеңде ірі-ірі қызметтерді атқарып жүріп те ғылымнан қол үзбей, ұдайы қалам тербеп отырған қайраткердің ғибратты ғұмыры жайлы естелік қалдырғандардың, эссе жазғандардың да бүгінде қарасы аз емес. Беймәлім болатыны, қазақ ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан оның мұрағаттарда шаң басып елеусіз қалып қойған бай рухани мұрасын туған халқымен қайта қауыштыру ісі әлі де кемшін түсіп жатқаны жасырын емес.

Өз заманында жасындай жарқырап, халық-ағарту, ғылым саласында, қоғамдық-саяси өмірде жауапты қызметтерді атқарған Оразмағамбет 1882 жылы Қызылсу жерінде дүниеге келген. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дегендей, өз әкесі Тұрмағамбет хазірет те кезінде  Орта Азияға белгілі діни қайраткер болған. «Адамның қалыптасуы бала кезден басталады. Жақсылық та, адам бойына нақ сол бала кезде егіледі» деп С.Михалков айтқандай, Оразмағамбеттің де әділеттен таймайтын табанды азамат болып қалыптасуына тағдырлы ғұмырының да, текті әулетттен тарағандығының да айтарлықтай ықпал еткені даусыз. Яғни Бомбей университетінде инженер-геолог мамандығы бойынша білім алған Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы  1903 жылдарға таяу туған жеріне табан тіреп, 1930 жылға дейін ағартушы-ахундық, геолог-ғалымдық, шипагерлік, халық дәрігерлігі, тағы басқа да саладағы қызметтерін абыроймен атқарды. Белгілі діни қайраткер ғалым-геолог ретінде де ғылыми ортаға ерте танылған ол кезінде Хиуа, Бұхара қалаларындағы оқу орындарын да үздік бітіріп, ағартушылықпен айналысып, мешіт салдырып, елді имандылыққа ұйытуға барын салады. Орыс, түрік, ағылшын, парсы, араб, үнді тілдерін жетік меңгерген ғалым  Кеңес өкіметінің назарынан тыс қалмай, көп өтпей-ақ Түркіменстанға жер аударылады.  Одан Иранға ауады.  Дегенмен НКВД бәрібір тыныш қоймай, Ираннан қайтарып, 1937 жылы 1 қырқүйекте Ашхабад абақтысына жабады да, 1939 жылы оны ату жазасына кесіледі.  Міне, осы жолдардан-ақ оның тағдырдың теперішін аз көрмегенін байқауға болады.

Ал дін қайраткері саналатын Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы турасындағы мұрағат материалдарын зерделей келе мынадай ой түюге болады. 1929 – 1938 жылдарда дін өкілдерін қудалау кең өріс алған. Оны ғалымның хаттары да дәлелдейді. Қараңыз, мәселен ол Реза Шах Пехлевиге жазған хатында: «Ұлы мәртебелі, шахтардың шахы болған Реза Шах Пехлеви! Түрікмендер уәкілі болған, құлыңыз Мұхаммед Ахун тарапынан келген, Мауараннахр аймағынан қоныс аударып Иранды паналаған, құлыңыз ахун Оразмағамбет Тұрмағамбетұлына өзін таныстыруға рұқсат етіңіз.

Біздер Қазақстан, Адай тайпасы, Маңғышлақ ауданы, Қызыл су ауылынан, «Даролұлум медресе-мешітінен» келгенбіз. Діни Басқарманың № 132- бүйрығы бойынша атам Тұрмағамбет осы медресенің негізін қалағаннан бері имам әрі кәміл мүршіт-ұстаз еді. Атам 1918- жылы бақилық болды. Атамның орнында шама-шарқым келгенше ұстаз болып, елді сауаттандыру жұмысына кірістім.

Мен де осылай шамадан тыс салыққа, дінге тиым болған себепті 1935 жылы бала-шағамды алып, жаяу теміржолды жағалап Жебел станциясына келдім. Телеграммадан «Ахун Оразмағамбет қашып бара жатыр, ұсталсын, қамалсын,» деген жеделхат келді деп естідім. Сол түні қатын, бала- шағама басқа біреулермен жолдас болып келерсіңіз деп ислам жайлаған ел болған Түрікмен Сахараға қоныс аударып, Күмістөбе-Горган жеріне келдім. Келген бойда ІІБ бардым, олар мені тұтқындады, қорлады, екі ажан сабады. Дәрет жоқ, намаз жоқ, таһажжод жоқ…» [3] ,-талайлы тағдырын баян ете келе большевиктік биліктің байлығын кәмпескелеп,  молда-ахундығы,  ислам шариғатын уағыздағандығы, түп–тамырының  қажы-ишаннан тарағандығы т.б. үшін қудалағанын ашық жазады. Сондай-ақ Хиуа мен Бұхара елінің өзін Оразмағамбет деп танитынын алға тартып, Күмістөбе, Түрікмен жеріне оралуына қол ұшын беріп, бала-шағасымен,  халқымен қауышуына көмек көрсетуін сұрайды.

Жалпы Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы КСРО Жоғары соты Әскери коллегиясының шешімімен 1963 жылы 27 қыркүйекте толық ақталғанымен, мұрағат құжаттарында оның сүйегі қайда жатқаны анық айтылмаған, фотосуреттері де сақталмапты. Дегенмен тәуелсіздік дәуірінде, тіпті одан алдын да ғалым мұрасына қызығып, оның ғибратты ғұмыры мен дінтанушылық қызметі жайында қалам тербегендер аз емес. Олардың қатарында Б. Дәулетұлы,  Б. Халелов, Ө. Қалыбаев, Ө.Озғанбаев, С. Балқаев, Қ. Игібай, М. Жоржани, Б. Бегенішів т.б. атап көрсетуге болады. Дегенмен ғалымды көпке танытуда Б. Адамбаевтың еңбегі зор.

Сонымен қатар ғалым осы сирек кездесетін еңбектер арасынан  Мұхамед Захидің «Араб әдебиеті мен тарихының теориясы», Жамалиддин Аспа-хамидің трактаттары, М. Жамидің жинағы тағы басқалармен бірге Оразмағамбет Тұрмағамбетұлының ғылыми-ахундық атағын куәландыратын дипломының да табылғанын айтады.

Расында да діни қайраткерлеріміз қазіргі таңда туған халқымен қайта қауышып жатыр. Демек, Кеңестік Қазақстандағы ислам діні мәселесіне де, Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы секілді тұлғалардың рухани мұрасына да оң   баға беріліп, өскелең ұрпаққа мейлінше насихатталуы тиіс деп білеміз.

 

Темур Аманқұл – Дінтану ғылымдарының PhD докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы.

 

Әдебиеттер

  1. Сләмғазыұлы Қ. Қазақстандағы «Кіші Октябрь» бағыты: бастауы, барысы және салдары / тарихи-саяси талдау/. Автореферат. – 2002, 42 б.
  2. Байтұрсынов А. Шығармалары. «Жауға түскен жан сөзі» – Алматы: Жазушы. 1989. 320 б.
  3. Көшбайұлы О. Дала данасы // А.-2007.