Сирияға баруға дайын болдым...

Елдің бірлігі, халықтың татулығы қай мемлекеттің болмасын басты қағидасы. Ал ел ішінен іріткі салуға адамның сінімін пайдаланатындар бар. Деструктивті діни ағымды насихаттап, жат ағымға еріп кететіндер, кейін, елін сатып кетуге дейін барады. Радикалды ортаға түсіп,  қолына қару алып, шет ел асып жатқандар қаншама? Адасып барып, үйіріне оралғандар, жат ағымның өмірді күл-талқан етіп, өз тағдырыңды өзіңе тиесіле етпейтінін түсінеді. Солардың бірі редакциямызға сұхбат беріп, басынан өткен қиыншылығымен бөлісті.

-Жадыра  (есімі өзгертілген), сіз қай жақтың тумасысыз? Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз?

-Тараздың тумасымын. Сол жерде мектепті бітіріп, балалық шағым да сол қалада өтті. Отбасым қарапайым. Ата-анам бізді асырау үшін күні-түні жұмыс жасады. Қатты қиыншылық көрдім деп айта алмаймын. Әкем бізді асырауға барынша тырысты. Үйде төрт қызбыз. Мен үйдің кенжесімін. Мектепте үлгерімім жақсы болды. Кейіннен Алматыға медициналық колледжге, медбике мамандығы бойынша оқуға түстім.

-Отбасыңыз дінге жақын болды ма?

-Жақын болды деп айта алмаймын. Үйде ешкім намаз оқымайтын. Тек, тұрмысқа шыққан үлкен әпкем ғана дінге жақын болды.   Намазхан  жігітке тұрмысқа шыққан. Бізге де осы тақырып төңірегінде әпке-жездем көптеген уағыздар айтатын. Иманымызды күшейтіп, Аллаға деген махаббатымызды арттыруға көмектесетін.

-Сіздің дінге деген қызығушылығыңыз қай кезде басталды?

-Колледжді бітіргеннен кейін әпкем Астанаға көшіге ұсыныс тастады. Өзі Астанада тұрғандықтан, мені де жанына алғысы келді. Ата-анамда әпкемнің жанына барғанымды қалады. Астаналық атанғаныма да он жыл болды. Жоғарыда айтқанымдай жездем намазхан болғандықтан, апкем де орамал тағып, намазға жығыла бастады. Оны көрген мен де қызығып, рамазан айында ораза ұстап, кейін намаз бастап кеттім. Не дегенмен қазақи отбасымыз ғой. Үйде жұма сайын жеті нанымызды пісіріп, құдайы тамақ беретінбіз. Кейін жездемнің достарының бірімен танысып, некелестік , ол да намаз оқиды екен. Орамал таққанымды қалап, мен де хиджап киіп бастадым.

-Кейінгі өміріңіз не болды? Күйеуіңіз қандай адам еді?

-Дінді ұстанатын, тақуа боп көрінді басында. Жездеп некемізді өзі қиды. Заңды түрде некелескен жоқпыз. Бәрі тез болып кетті. Дұрыс танымайтын жігітке шықтым десем де болады. Жездемнің досы болғаннан кейін, әпкемнің айтуымен екі рет көрісіп, үшінші кездесуде некелестік. Пәтер жалдап тұрдық. Үш бала дүниеге әкелдім. Басында бәрі жақсы сияқты көрінетін. Ақшадан да таршылық көрмедік. Тек үйден шығуыма рұқсат етпейтін. Тек үй шаруасымен айналысып, бала қарап отырдым. Үшінші баламды дүниеге әкелгеннен кейін ол өзгере бастады. Кешке үйге қонбайтынды шығарды. Ашуланшақ болып кетті. Бір күні жездем екеуінің Таяу Шығысқа кету туралы әңгімелерін естіп қалдым. Сол жердегі адамдармен сөйлесіп, олар шақырып жатқандарын айтты.

-Ал сіз ол әңгімені қалай қабылдадыңыз?

-Дінде әйелдің жұмағы – ол күйеуінің разылығында. Мен оның сөздеріне барынша сендім. Ол қайда барамыз десе де, бірге баруға дайын болдым. Жездем де әпкемді дайындап жүрді, бәріміз бірге кетеміз деп шештік. Бірақ, күйеуім іс-түссіз жоғалып кетті. Іздемеген жеріміз жоқ. Уайымнан күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдым. Кейіннен құқық қорғау органдарына барғанымызда, оның шекара асып кеткенін білдім. Сирияға жалғыз өзі кетіп қалыпты. Басында сенген жоқпын. Кейіннен, сол жақта жарылыстардың бірінде қаза болыпты деген хабарды естідім.

-Балаларыңыз әкелерін сұрамайды ма? Осы жағдайдын кейін өз-өзіңізге қалай келдіңіз?

-Үлкен балам мен қызым сұрайды. Кенжем ол кеткенде кішкентай болатын. Әкелерінің қайтыс болғанын айттым. Бәріміз оңалту орталығына барамыз. Әлі күнге дейін психолог мамандармен кездесіп, сөйлесіп тұрамыз. Мамандардың арқасында балаларым да, өзім де психологиялық күйзеліске түсіп кетпедік. Теологтардан дәріс алып, діни сауаттылығымды арттырудамын. Дұрыс жолға түсімді нәсіп еткен Аллаға шүкір. Әпкемнің отбасы да оңалту орталығына барады, дәрістерге бірге қатысамыз.

-Қазір немен айналысасыз?

-Қалалық ауруханалардың бірінде медбике болып жұмыс жасаймын. Үш баланы асырау оңай емес. Күйеіммен заңды некеде болмағандықтан, балаларыма мемлекеттен көрсетілетін көмекті де ала алмай отырмын. Қыздарға айтар кеңесім, танымайтын адамға тұрмысқа шықпаңыздар. Діни сауаттылықтарыңызды арттырып, танымайтын «шейх» сымақтарды тыңдаудан аулақ болыңыздар.