«ДАИШ-тың» лаңкесі екінші рет сотталды

«Менің кесірімнен көп адам түрмеге түскен шығар мүмкін. Мұны енді түсіне бастадым. Мүмкін сол жігіттердің шешелерінің қарғысын Құдай естіп, сол себепті де мен осында шығармын. Аналардың қарғысы маған тиген шығар».

(Ділмұраттың түрмеге түскен соңғы айтқаны)

 

Бикбауов Валихан Ибрагимұлы 2019 жылы мамыр айында «Жусан» операциясымен Сириядан елге оралды. Оралғанда да Сириядағы қанды қырғында жараланып, елге сал болып қайтты. Өз бастарын қатерге тіккен Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының арнайы қызметі қауіпті аймақтың аспанынан аман-есен өтіп, Ақтауға  дін аман қонған ұшақтан оны зембілде сұлап жатқан күйі көтеріп түсірді…

 Валихан Бикбауов деген кім? Ол ақ сүт беріп өсірген анасын, әкесін, туып- өскен жерін тастап, неге қашып  кетті? Отанын неге сатып кетті?  

«Ділмұрат өз жақтастарын жиһадқа ашық шақырған жоқ. Десек те, Сирияға соғысқа кеткендер Ділмұраттың лекциялары мен уағыздарынан кейін соғысқа кету шешімін қабылдаған»

Гүлназ Раздықова

 

Шегініс. 2013 жыл. Орал қаласы

Бикбауов Валихан Ибрагимұлы (жалған есімі Валид) 1981 жылы 16 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Үйленген, жұмыссыз, бұрын сотталған.

2013 жылдың басында «намаз оқимын» деп діни білімді исламдағы адасқан ағым – деструктивтік жолдағы жамағаттан алған, қала берді интернеттен салафи ағымы ұстаздарының уағызынан сусындаған В.Бикбауов телефон арқылы «ДАИШ» ұйымының құрамында соғысып жүрген террористермен байланыс орнатқан. Олардың ішінде Орал қаласының бұрынғы тұрғыны, «ДАИШ-тың» құрамына алынуды күтіп Түркияда жүрген Т.Туреев те болған. Т.Туреев сол кезде ҚР ҚК-нің 257-бабы, 2-бөлігі бойынша жасаған қылмысына байланысты халықаралық іздеуде еді. Бикбауов олармен телефон арқылы Сирияға жетудің жолдары туралы ақпарат алады.

Өзін «таза мұсылман» санаған В.Бикбауов Сирияға кетпестен бұрын мұсылман баласына жат әрекеттерге барып, екі рет құқық бұзушылық жасаған. 2013 жылдың 29 маусымы күні ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 463-бабы бойынша заң бұзып, айыппұл төлеген.

БҚО құқық қорғау органдарының мәліметі бойынша, ол бұл заңбұзушылыққа  ішімдік ішкен, мас күйінде барыпты. Алланың тыйым салған харамдарынан бойын аулақ ұстап жүрген момын, тәубешіл адамдарды намаз оқымағаны үшін «кәпір» дейтін оның таза мұсылманшылдығы қайда қалды?

Жалпы деструктвтік діни ағымдағылар есірткі пайлалану, оны тарату, ішімдік ішу сияқты исламда харам саналған нәрселерге неге үйір? Бұл туралы дін маманы не дейді?

 

Асқар САБДИН:

-Бұл кез-келген жат ағымның проблемасы. Олардың санасы белгілі бір бағытқа шоғырландырады. Нәтижесінде ширк, бидғат деген ұғымдарға көп ақпарат береді де, діндегі қалған нәрселерге көңіл бөлгізбейді, яғни ақпарат бермейді. Олардың діні сырттай қарағанда сақал, балақ және намазда мешітте жамағаттпен бірге болу. Ал одан басқа уақытта не істейсің, дөрекі әрекет жасайсың ба, белгілі бір харамдарға кіріп кетесің бе, ол олар үшін түк те емес. Себебі, санасы тек 3-4 нәрсеге ғана байланған олар такфир, ширк, бидғатшылар, адасқандар деген ұғым төңірегінде ғана әрекет етеді.  Есірткі, ішімдік, зина сияқты исламда харам саналған басқа да нәрселерді барша мұсылман сияқты олар да күнә санайды. Алайда оған олар өте жеңіл қарайды.

Салафтардың кітаптарын оқысаңыз «Бидғатшымен (бидғатшылар олардың түсінігінше – имамдар, теологтар, мазхаб ұстанатындар) отырғанша арақ ішкен адаммен  бірге отыр» дейді. Құмар (автомат) ойынға, букмекер кеңсесіне кіріп кеткен, сол жерде мас болып жүрген олардың талайын көрдім…

Қашу операциясы

Дәстүрлі емес исламның өте агрессивті радикалды түрімен уланған В.Бикбауов айналасындағы адамдарды «Қарулы жихад» жасауға шақырып, «Дін үшін күрес», «Дінсіздерге қарсы соғыс ашу» идеясымен соғысқа қатысу мақсатында Сирияға жетіп, «ДАИШ» ұйымына қосылу үшін 2013 жылдың 26 шілдесіне дейін қаражат жинаған. Ол ойға алған мақсатына жету үшін ұлы Ф.Ибрагимді Түркияда емдетем деген жалған желеу таратқан.

Бикбауов 2013 жылдың 26 шілдесі күні, сағат 18.30 да әйелі С.Бикбауова және үш баласымен «Орал- Самара» халықаралық автобусына отырады. Самара қаласынан пойызбен Мәскеу қаласына жеткен олар  29 шілде күні «Москва – Стамбул» ұшағымен Түркияға жетеді. Олар аталған елдердің шекарасынан оңай өту үшін хиджабын шешіп, сақалын алып тастап, балағын ұзартқан…

Түркияда олар Сириядағы қақтығыс аймағына өтуді жоспарлаған топқа барып қосылады. Тамыз айының басында Түркияның Газиантеп елді мекенінен жолға шығып, Түркияның мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтеді. Сирияның Идлиб ауылының Эд- Дана елді мекеніне жетіп, «ДАИШ» ұйымына қосылады.

Қанды жорық маршруты

 В.Бикбауов 2013 жылдың тамыз айынан 2019 жылдың ақпанына дейін «ДАИШ» ұйымының құрамында Кафарнах қаласы, Алеппоның Хан-Туман ауылында, Ракка (және осы аттас ауылда), Эш- Шаддат, Аль-Хасака, Маркада қаласында әскери  және идиологиялық дайындықтан өтеді. Қолына «Калашников» автоматын алып, Сирия Араб республикасы мемлекеттіне қарсы соғысады және терррористер басып алған аймақты күзетеді.

В.Бикбауов 2014 жылы 7 наурызда Маркада (Аль-Хасака) қаласында  жараланады. 2019 жылдың ақпан айында Эль- Багус елді- мекенінде «ДАИШ» ұйымының өзге де террористерімен бірге курдтардың әскери құрамасының қолына түседі.

 «Жусан» операциясы

Сатып кеткен Отанын «сағынып жеттім» дей алмас…

 В.Бикбауов  әйелі Саида Бикбауова және 3 баласымен бірге 2019 жылы мамыр айында «Жусан» операциясымен елге әкелінді. Омыртқасынан жараланып, сал болып оралған  ол қамауға алынып, Орал түрмесіне жеткізілді.

Ал Ақтаудағы оңалту орталығында қалған әйелі мен балалары 26 шілде күні Ақтау қаласынан ұшақпен Оралға жеткізілді. Біз сол күні келіні мен үш немересін қарсылауға келген В.Бикбауовтың әкесіне жолыққан едік.

«Балам Валихан  бүгінде Орал түрмесінде жатыр. Ол омыртқасына оқ тиіп, сал болып оралды. Кеткеніне бірталай жыл болды. Құдайдан тілеп, «келеді» деп күттім. Келінім мен үш немерем аман-есен келді бүгін. Алла бұйырса, балам шығар түрмеден… Олардың аман оралғанына өте қуаныштымын. Мұндайды жауыма да тілемеймін. Адам баласын шайтан азғырады дейді ғой, жастықпен адасқан шығар… Кеткендердің көбі оралмай қалды Сириядан. Алла кешірсін оларды! Ендігі арманым – немерелерім оқып, өсіп, адам болып кетсе болды» деген еді сол күні көзінен жасын төккен әкесі Ибрагим.

 

Саида Бикбауова: 

-Біз Сирияға кеткенде «Бізге ол жақта еш кедергі болмайды. Тұтас қара жамылып киініп, қалағанымызды киеміз, «тамағымыз тоқ, көйлегіміз көк» болады деп ойладық. 

Валихан мен Саида елден кеткенде ең кіші баласы 10 айлық болған. Кішкентай екі бала елде қалған ата-әжелерін танымайды. Кездескен сәтте еңіреп құшағына алған атасы мен әжесін жатырқап, тартыншақтады… (суретте)

 

 

Қылмыстың өтеуі − жаза

В.Бикбауовтың ісі бойынша 2019 жылдың 13 қыркүйегі күні Орал қалалық соты іс қарады. Оған ҚР Қылмыстық Кодексінің 257-бабы, 2-бөлігі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген айып тағылды. Сөйтіп Қазақстан Республикасында тиым салынған «ДАИШ» халықаралық террористік ұйымының құрамында террористік актілерге белсенді қатысқан В.Бикбауов 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Алайда Павлодар қаласындағы АП-162/2 түзету колониясында жазасын өтеп жатқан В.Бикбауов Павлодар қаласы сотының 2020 жылы 16 наурыз күнгі шешімімен ҚР Қылмыстық Кодексінің 75-бабы 2-бөлігі бойынша ауруға шалдығуына, яғни I топтағы мүгедектігіне байланысты босатылып, жазаның қалған уақыты еркіндігін шектеу жазасына ауыстырылған еді.

Бүлінген сана бүлікке қайта бастады…

Алайда Оралға, үйіне оралған ол бұрынғы радикалдық бағыттағы әрекеттерінен еш тиылмай, 2020 жылдың 29 мамырынан 26 тамызына дейін  терроризмді насихаттаған. Туыстары мен таныстары арасында қарулы жихад, зорлық әрекеттер, өзін- өзі құрбан ету сияқты «ДАИШ» ұйымының идеологиясын және осы тақілеттес басқа да ақпараттарды тарату арқылы адамдарды осы әрекеттерге баруға үндеген.

Мысалы 2020 жылдың 29 мамырында 18:37 сағатта ол жұбайы С.Бикбауова мен кәмелетке толмаған ұлы Ф.Ибрагимге «ДАИШ» ұйымының пресс-хатшысы Абухамза аль-Курайшидің уағызынан үзінді келтіріп, оған оны қостаған өзінің жеке пікірін қосып, зорлық әрекеттерге бару туралы айтып, олардың санасына әсер еткен. 30 мамыр күні 18.43 сағатта өз үйінде танысы А.Исенғалиевке де осы бағытта насихат жүргізген. 

Ұлын өзін-өзі құрбан етуге шақырған

 2020 жылдың 1 маусымы күні 13:24 сағатта ұлы Ф.Ибрагимге қарулы жихад идеясын насихаттап, террористік актілерді жасауға құлшындырып, діни себепті өзін құрбан етуге, яғни өзін-өзі жарып жіберуге дайын болу керектігін айтқан.

Сирияға жеткен күннен бастап қанды қырғынға араласып, санасы әбден радикалданған В.Бикбауов мұнымен тоқтала қоймады. 2020 жылдың 19 маусымы күні 15.35 сағатта өз үйінде Орал қаласының тұрғындары С.Ләтиев, Г.Төлегенов, М.Қайбышев, С.Сағадатұлы, А.Күсеновтардың алдында діни алауыздық тудыру мақсатында азаматтардың діни сезімдерін қорлап, мысалы, шиит мұсылмандарын боқтап-балағаттап, әдейі, ашық іс-әрекеттер жасауға шақыратын уағыз айтқан.

Осы әрекеттері арқылы В.Бикбауов ҚР Қылмыстық Кодексінің 256-бабы 1-бөлігінде қарастырылған  терроризмді насихаттау және осы бағыттағы материалдарды таратқанмен тең қылмыстық құқық бұзушылық жасаған және Заңымыздың 174-бабы 1-бөлігі бойынша  діни алауыздық тудыруға, адамдардың діни сезімдерін қорлап, көпшілік алдында ашық іс-әрекеттерге барған.

«В.Бикбауов істеген істеріне өкінбейді»

Сириядан елге аман оралып, мүгедектігіне байланысты сот шемімі жеңілдетіліп, бостандыққа шықса да қайтадан қылмыстық құқық бұзушылық жасаған В.Бикбауов екінші рет сотталды. 2021 жылдың 18 ақпаны күні Орал қалалық соты  ҚР Қылмыстық Кодексінің 256-бабы 1-бөлігі және 174-бабы 1-бөлігі  бойынша  В.Бикбауовтың қылмыстық ісін қарап, оны  6 жылға бас бостандығынан айырды.

 Сотта В.Бикбауов өз кінәсын толық мойындады. Алайда ол істеген істеріне өкінбеген. 2020 жылдың 3 желтоқсанындағы В.Бикбауовпен әңгімелескен теологтың қорытынды-құжатында «В.Бикбауов исламның радикалдық көзқарасын ұстанады, бұл қылмыстық іс материалдары мен онымен өткізілген әңгімелесу барысында расталды. Басқа нәсілдерге, діндер мен ұлттарға қатысты төзімділігі жоқ, өзінің теріс ой- пікірін ашық білдіреді, шиит мұсылмандарына теріс көзқарасын ашық көрсетеді. В.Бикбауов отбасы мүшелері – кәмелетке толмаған ұлы Ф.Ибрагим мен жұбайы С.Бикбауованың санасына, жағдайына, ой- пікіріне, мінез-құлқына теріс психологиялық ықпал етеді. В.Бикбауов осы уақытқа дейін «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының идеалары мен қызметін қолдайды, істеген істеріне өкінбейді» делінген.

 

Түйін:

«Басқа түссе баспақшыл» дейміз бе әлде  мүгедектігіне орай  жеңілдік жасалып, қолы жеткен бостандығының қадірін білмеген өкініші ме, сот біткен соң қайтадан темір тордың ар жағына кетіп бара жатып В.Бикбауов өкінді. Ол бүгінде бостандықта жүрген  өзінің  деструктивтік діни ағымды ұстанушы «браттары» мен «сестраларына», жалпы қазақ жастарына қарата «Менің жүрген жолыммен жүрмеңдер! Мен сияқты адаспаңдар!» деп сәлем айтты.

Валихан Бикбауов деген бұрын қандай адам еді? Оны білетін адамдар «Валихан жалпы жаман жігіт емес еді. Діни теріс ағымға еріп, қор болды ғой» деп жатады. Салафизм ағымы осы Валихан сынды талай қазақ баласын орға жықты, олардың көбінің сүйегі ақ жуылып, аруланбай, Сирия даласында шашылып қалды… Бұл ақыретіне мығым  мұсылман баласы үшін ең ауыр жаза болса керек.

Әлемдегі жалпы адамзат баласының басына ауыр қасірет әкелген террористік ұйымдардың шоқпарын ұстап, сойылын соғамын деп қаншама қазақ жастары өз өмірлерін қор қылды? Діни теріс ағымға милары уланып, ананың аяғының астындағы жұмақты Сириядан іздеп, намаз оқымағандары үшін туған үйінен безіп кеткен ұл-қыздары үшін қаншама ананың көз жасы көл болып, ақ сүттерін көкке сауып отыр? Қаншама әке су орнына қан жұтуда? Қаншама күнәсіз балалар Сириядағы сойқанды көріп жүрегі жараланды?

Бұл мақаланы оқығандар дін ұстаймын деп адасып, діни теріс ағымдардың уағызын тыңдай-тыңдай радикалданып, санасы бітеліп қалған, нәтижесінде тағдыр тәлтегіне ұшырып, өзімен қоса ата-анасы мен балаларының да өмірін қор қылған Валиханның өмірінен сабақ алса екен деп ойлаймыз.

Терроризмнің,Сириядағы содырлардың сойылын соғып, салафи шейхтардың теріс уағызына уланып, «тепсе темір үзетін» шағында сал болып, оның үстіне 6 жыл тар қапаста отыруға тиіс В.Бикбауов «Менің жүрген жолыммен жүрмеңдер!» деп жайдан-жай айта салмаған шығар. Бұл жерде анығы – білім мен өркениеттен ада, өкінішке толы, қор болған өмір жатыр…

2013 жылы В.Бикбауов опасыздық жасап, Отанын сатып кетті. Бүгінде сол өзі сатып кеткен Отаны оның мүгедек қалпында Сирияда қор болып өлуіне жол бермей, елге қайтарып алды. Біле білген адамға, бұл – Қазақстан мемлекетінің өз азаматына деген адал қомқорлығы. Тамырымыздан іздесек, ұлы қазақтың «өз қолыңды өзің кесе алмайсың» дегені…

Ендігі мәселе неде? Біз мақала дайындалып жатқанда елімізге ғана емес, алыс-жақын шетелге жақсы таныс білікті теолог,  Қазақстандағы дерадикализм бойынша білгір сарапшы Асқар Сабдинмен телефон арқылы хабарласып, «Сириядан оралған бұрынғы лаңкестердің түзелуі мүмкін бе?» деген сұрақ қойған едік.

Ұлдай САРИЕВА,

«Дүрбі» газеті

 

Асқар САБДИН:

 -Жусан» операциясымен оралған 75 адаммен ғана жұмыс істедім. Соның ішінде 4 жігітпен тығыз жұмыс жасадым.Олардың ішінде В.Бикбауов болған жоқ. Сириядан оралғандарға байланысты өз ойым, бұлар өте үлкен идеологиялық дайындықтан, әскери жұмыстан өтті. Сирияда «ДАИШ-тың» насихатшылары бұлардың миын жақсылап тұрып шайып, өліммен улап, сол тетікпен басқарды.

Мен кездескен екі жігіт «Істеген ісімізге өкінеміз, бірақ ол жақтың идеологиясына еш өкінбейміз. Ол жақтағы алған білімізге, насихат-тәрбиеге біз еш  өкінбейміз» деді. Кейін ол жігіттер «Ия, мен адасқаныма өкінемін» деп журналистерге сұқбат берді. Бірақ маған олар: «Біз іс-қимыл тұрғысынан қылмыс жасадық, бірақ сенім-наным, идеология, тәлім-тәрбие тұрғысынан адасқан жоқпыз. Оған өкінбейміз» деді. «Сендер адам өлтірдіңдер, жарылыс жасадыңдар, осыған өкіненесіздер ме?» дегенімде «өкінеміз» дейді. Ал енді «ақида тұрғысында өкінесіздер ме?» десем, «Жоқ, өкінбейміз, ақидамыздан қайтпаймыз» дейді. Сондықтан бұл жерде бірнеше мәселе бар, Біріншіден, идеологиялық тұрғыдан олардың басында әлі баяғы сол ақида.  Салафиттарда «Үш негіз», «Төрт қағида»,  «Таухит» сияқты кітаптарға негізделген ақида жатыр. Олар айтады: «Біз Сирияға кетпей тұрып Мухаммад ибн Абдуль-Ваххабтың кітаптарын оқыған едік, ол жаққа барып қайтадан  тағы оқыдық» дейді.

Сосын Сирияда өз түсініктерінше қылмыс жасаған адамдарды айып батальонына жібереді, ол адам сол жерде отырып та осы кітаптарды оқиды екен. Бұл жерде Абдуль-Ваххабтың идеологиясы жатыр. Мұсылмандарды кәпірге шығару, мұсылманның ішінде салафиттер ғана таухидты біледі, қалған мұсылмандар таухидты білмейді, таухидты білмеген соң олар мүшрик, мүшрик болған соң кәпір, ал кәпір болған бұларға қарсы жихад жасау керек деген 3-4 қадам. Одан кейін соғысу, өлтіру, қыру керек деген нәтижеге осы 3-4 қадамда жете қалады. Олар «қазіргі мұсылмандар күпірлік тұрғысынан бұрынғы мұсылмандардан әлдеқайда төмен» дейді. Тәкфир, жихад тағы басқа да деформацияға ұшыраған ұғымдар оларға ойлануына мұрсат бермей отыр.

Дерадикализация жұмысында «ақылымды іске қосамын, ойланамын, талдау жасаймын, өткен шағымды анализден өткіземін» дегендер ғана оңала алады. Ал олар бар болғаны 20 пайыз. Қалған 80 пайызы кезінде мектепте дұрыс білім алмаған, ойлау қабілеті, сыни көзқарасы жоқ, өзінің ісіне талдау жасай алмайтындар. Және олар сол ағымда қала береді. Бұл бәрі осындай деген жалпылама талдау емес,  өзім кездескен адамдардан шығарған өз талдауым, менің жеке тәжірибем. Өзім кездесіп жұмыс істеген радикалдардың 20 пайызы ғана оңалтуға көнетінін көрсетті. Оңалды. Ал 80 пайызы сол қалпы, сөйлескен кезде агрессияларын көрсетпеуге ғана тырысады. «Бұларда да бір дәлел бар екен ғой» деп шамалы бір ойланып, агрессияларын тиып, түсінген кейіп танытады, бірақ өз ақидасында мығым отырады. Себебі олардың ақидасында анықтылық бар, Ал біздің қоғамда, өкінішке орай, нақты идеология жоқ. Бүгінде біреулер салафизмді, біреулер тәңіршілерді, біреулер феменизмді насихаттап жатыр. Ал жастарға адаспас үшін анықтық керек. «Мен кіммін, қайда бара жатырмын, мен салафитпын ба, феменистпін бе, мен экологистпын ба, кіммін?» деген сұрақтар, яғни анықтық болмаған соң бұл радикалдар білім, ғылым, талдауды қажет етпейтін осындай ең жеңіл радикалды идеологияға кіріп кетіп жатыр.

Шамалы білімі, талдау, сыни қабілеті бар адамдар радикалды идеологиядан бас тартып жатады. Ал қалған білім деңгейі, ойлау қабілеті төмен адамдар сол ақидада қалады. Неге? Себебі ол жерде анықтылық бар. Мысалы «мыналар кәпір» дейді де, соған орай әрекет жасайды. Оларда орта  ұстанымы жоқ. Егер иманға бет бұрған жастарға салт- дәстүрге сай, қазақтың тарихымен тамырлас қазақы болмысты, төзімділікпен қабысқан діни анықтылықты бере алмасақ осылай адаса береді. Анықтылықты беру үшін талдау, ғылыми зерттеу, қоғамға дұрыс діни ақпараттар қол жетімді болуы қажет.

ДАИШ халықаралық террористік ұйымының  идеологиясы мен мақсаты заңға және халықаралық келісімге қайшылығымен ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді.  «Ислам халифаты» идеологиясымен құрылған ДАИШ ұйымының мүшелері террористік актілерге қатысу арқылы жаппай өлтіру, тұтқынға алу, өздері өлтірген адамдардың денесін халық алдына шығарып көрсету сияқты асқан қатігездігімен ерекшеленеді. Астана қаласының (бүгінгі Нұр-Сұлтан) Есіл аудандық сотының 2015 жылдың  15 қазаны күнгі шешімімен «ДАИШ» террористік ұйым деп танылып, Қазақстан Республикасы аймағында оның қызметіне тиым салынды.

материал durbi.kz сайтынан алынды