Қазақстан: инстабикелердің «жаппай орануына» кім бастамашы болуы мүмкін?

Идеологиялық төңкеріс, сән қуу, тұрмысқа шығудың жолы ма әлде ақылы флешмоб па? Осы себептер қазақстандық әлеуметтік желілердегі жаңа құбылысты түсіндіре бастады: Instagram желісінде инстабикелер деп аталатын үлкен аудиториясы бар қыздар хиджаб кие бастады. CABAR.asia «жаппай оранудың» артында не немесе кім тұруы мүмкін екенін анықтады.

Қазақстандық журналист, блогер және киім брендінің негізін қалаушы Динара Сәтжан қазақстандық инстабикелерге «орану үшін ақша ұсынылғанын және соманың аз емес» екенін айтып, ньюсмейкер болды. Кейінірек ол кешірім сұрап, діндарлардың көңіліне тигісі келмегенін жеткізді.

Әртүрлі қалау

Динара Сәтжанның мәлімдемесінен кейін қазақстандық интернет сегментте үлкен жанжал шықты. Оған буллиң жасап, қорқытып, қарғады.

Татьяна Голубцова. Фото Facebook-тегі жеке парақшасынан

Бұл Динара Сәтжанның абайсызда алаңдатарлық қауесет таратып, өз жазбасында алармизм қолданғанынан болды дейді медиасауат сарапшысы Татьяна Голубцова.

«Динара хиджаб киген кей блогерлерді көріп, мұның астарында қандай да бір жүйелілік бар екенін байқап, оларды біреу қаржылай қолдайды деген ойға келген. Бірақ растайтын фактілер жоқ. Менің ойымша, блогерлерден олардың таңдауына не әсер етті деп сұраған дұрыс сияқты. Мүмкін бұл жай ғана ыңғайлы киім таңдау шығар? Сонда алармизм де болмас еді: ешкім ешкімге тапсырыс берген жоқ», – дейді Голубцова.

Исламтанушы Шыңғыс Садуев мұсылман қауымы журналистің бұл мәлімдемесін қорлағандық деп бағалап, өте жағымсыз қабылдағанын байқаған. Осының аясында Астанада қыздар хиджабқа сай ұлттық киім киіп, флешмоб ұйымдастырған. Бұл қоғамда оң пікір туғызды.

«Көп мұсылмандар Динара Сәтжанды толық түсінбеді», – деп есептейді Садуев. Ол Исламның не екенін біледі. Оның исламофобтық ұстанымы бар деп ойламаймын. Маған оның жолдауы мәдени құндылықтары бар исламға бағытталғандай көрінді».

Айта кету керек, Сәтжан резонансқа толы жазбасын: «Мен өзіміздің дәстүрлі қазақ мұсылманшылығын жақтаймын. Жұма сайын шелпек пісіру. Құран бейіттің басында. Қырқынан шығару және тұсау кесер. Біздің өз мәдениетіміз бен дәстүріміз бар. Кейінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек тарихымыз бар. Ал, бірер онжылдық, тіпті жылдардан кейін біздің қазақ әйелдері қара хиджаб киіп кетсе ше?!» – деп бастады.

Шыңғыс Садуев «хиджаб» деген сөз қоғам үшін триггерге айналып бара жатқанын айтады. Алайда сөздің өзі араб тілінен «бүркеу» деп ғана аударылады; мұсылман әйел ислам нормалары бойынша көрінбеуі керек дене бөліктерін бүркейді.

«Мүмкін бізге хиджаб сөзін қайта қарап, қазақы мағынадағы «орамал» сөзін қолдану керек шығар», – дейді Садуев. «Адамдар жеке терминдерден, араб сөздерінен қорқады».

Динара Сәтжан. Фото Facebook-тегі жеке парақшасынан

Динара Сәтжанның өзі де хиджаб туралы емес, интернеттегі инфлюенсерлер бір күнде киім-кешегін, көзқарасын және өмір салтын тез өзгерткеніне таң қалған. Журналистің пікірінше, инстабикелер, ең өкініштісі, беделге түсер сынға мүлдем мән бермейді.

«Қазақстандық инстабикелерге түсетін ақшаның қайдан келетінін ешкім білмейді», – дейді Сәтжан, ол кей инстабикелердің жосығындағы заңдылықты атап өтті: олар кеше ашық киінсе, бүгін басқаларға дұрыс намаз оқуды үйретеді.

Журналист «шынайы орануға келу – бірте-бірте жүретін процесс» деп санайды және бұл оның жазбасының басты мақсаты болғанын түсіндіреді.

«Кенет оранып кеткен инстабикелер ешқашан кітап, басқа хоббилері мен қызығушылықтарын көрсетпейді. Әр жазбасы қалай намаз оқып, қалай киіну керек екені туралы. Бұл жаппай орану флешмобқа ұқсайды. Бір қызығы, бұл зайырлы мұсылман мені абыржытады, бірақ шынайы мұсылмандар бұған назар аудармады», – дейді Динара Сәтжан.

Ол блогерлердің ортасында жүретінін еске салды: «Мен оларға орану үшін ақша ұсынатынын естідім. Бірақ кейін бұл бос сөз деп ойладым. Постты жазып болған соң, мен бұл триггер екенін түсіндім. Бұл адамдар айтуға қорқатын мәселе».

Сәнді және саяси

Аида Әлжанова. Фото Facebook-тегі жеке парақшасынан

Гендірлік теңдік және стратегиялық даму жөніндегі сарапшы Аида Әлжанова «инстабикелердің жаппай орануынан» әдетте сайлау кезеңінде қолданылатын саяси технологиялар мен жарнамалық науқан байқаған. Бұған бұрын белгілі әншілер мен спортшылар тартылса, қазір әлеуметтік желідегі пікір көшбасшыларын тартады.

«Неге инстабикелер? Өйткені қыздардың көп бөлігі туыстары мен қоғамдастықтарының қысымына ұшырайды, оларға белгілі бір мінез-құлық стандарттары міндеттеледі. Олар өздеріне жосық үлгілерін іздейді, бірақ хиджаб киіп, үйде отырғысы келмейді. Міне, хиджаб киіп, саяхаттап жүрген, келбеті әдемі, қымбат заттары бар қыз, әрине, басқа эмоциялар тудырады», – дейді Аида Әлжанова.

Аслан Қабегенов. Фото Facebook-тегі жеке парақшасынан

Жастар мәселесі жөніндегі сарапшы Аслан Қабегенов қыздардың діни бас киім киюіне саналы, ішкі шешімі әсер етсе, бұл жақсы дейді.

«Бірақ бүгінде бұл көбірек сән үрдісі, сәтті тұрмысқа шығуға деген ұмтылыс. Көп жігіттер оранған қыздарды іздейді, өйткені қоғамда егер қыз жабық болса, ол жаратушыдан қорқады, сондықтан жақсы әйел болады деген пікір бар. Қыздар осыны қолдана бастады, бірақ олар тұрмысқа шыққаннан кейін хиджабты шешеді. Хиджаб кию үшін хиджаб», – дейді Аслан Қабегенов.

Алайда бас киім адамгершілік пен имандылықты көрсетпейтінін ескертеді PhD, исламтану сарапшысы Расим Челидзе. «Өзіне және адамдарға деген мінез-құлқы мен қарым-қатынасы адамның моральдық негізінің бірден-бір көрсеткіші», – деп есептейді Челидзе.

«Хиджаб киген қыздарды саясаткерлер де, жекелеген топтар да – кез келген адам пайдалана алуы мүмкін үлкен қауіп бар. Барлығы жағдайға байланысты дейді психолог Александр Пак. «Қиын жағдайда халық «жақтап» және «қарсы» болып екіге бөлінеді және мұндайда алауыздық тудыру, жағдайды шайқау оңайырақ болады».

Мемлекет не істеуі керек?

Әйелдерді орандыру – патриархал қоғамның құралдарының бірі деп еске салады Аида Әлжанова. Оның айтуынша, патриархал ойлау исламнан ғана емес, КСРО-дан да келе жатыр.

«Қазір болып жатқан жағдай экономикамыздың да, әлеуметтік-мәдени дамуымыздың да көрінісі», – дейді Әлжанова. – Мемлекет Қазақстанның барлық азаматтары бірдей қабылдайтын идеологема әзірлеуі керек. Қазір бізде үстірт және жалған нәрсе көп. Мемлекет адамдардың өз бағытынан айырылып, исламды өздеріне ыңғайлы етіп талдап жүргеніне алаңдауы керек. Өздерін мұсылман деп атайтын көптеген адамдар басқа көзқарастағы адамдарға өте агрессив қарайды».

Аслан Қабегенов мәселенің себебін елде жастармен идеологиялық жұмыс жүргізілмеуінен көреді: бұл өз бетінше қалып қойған. Қабегенов: «Билік жастардың мешітке не үшін барғанын, қыздардың неге жамылып жүргенін, бұл қаншалық шынайы екенін ойлануы керек», – екеніне сенімді.

Расим Челидзе. Фото Facebook-тегі жеке парақшасынан

Расим Челидзе бас киім мәселесі киелі болып қана қоймай, саясиландырылғанын айтады.

«Сонымен қатар әртүрлі діни мекемелердің ерушілері үшін бас киім дәстүр ретінде емес, дін ретінде қабылдана бастады. Айта кету керек, әйел бас киімінің пішіндері мен түстері діни қауымға байланысты бір-бірінен ерекшеленеді және қай қауымға жататынын көрсетеді. Елде діни институттардың қарқынды дамып келе жатқанына байланысты әйелдің бас киімі қашанда кедергі болуы мүмкін, – деп түйіндеді сарапшы.

Ботагоз Омарова
журналист, Астана