Рахымжан РАШИМБЕТОВ: Радикализмді тек Исламмен байланыстыру дұрыс емес

Кеңес дәуірі кезінде елдегі дін тақырыбы «жабулы қазан» күйінде болғаны белгілі. Қандай да бір әдеби туынды, мақала немесе әңгіме болсын атеистік көзқараста таралды. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін бұл көзқарас өзгерді, атап айтқанда, Исламға деген қызығушылық артты. Бұл қызығушылықтың екі жағы бар. Бірі діни сауатсыз кейбір адамдар жат ағымдарға ілесіп кетіп жатса, екіншісі – кеңестік идеологиядан шығып, діни білім алуға ұмтылғандар.

Тәуелсіздік дін тағдырына тағы да қандай әсерін тигізді? Діни ахуал қалай болды? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын дінтанушы Рахымжан Рашимбетовтан сұрап білдік.

– Рахымжан мырза, дін саласының маманы ретінде елдегі діни ахуалға қандай баға бересіз?

– Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін барлық дерлік салада өзгеріс орын алды. Сол салалардың ішінде дін саласы да қалыс қалған жоқ. Бір адам қызығушылық танытып дінге келсе, екінші адам шын мәнінде білім іздеп келіп жатты.

Әрине, бұндай өзгерістің орын алуы түсінікті жағдай. Себебі, тыйым салынған нәрсе адам баласына әрқашан қызық. Тәуелсіздігімізді алғанннан кейін де атеистік көзқарас сіңген қоғамға әркім өз сенімін өзі таңдайды деген ұғым көпмағыналы түсінік берді. Осындай түсінік өзгерістің бастамасы болғаны өтірік емес. Яғни, әркім өзі қалаған діни білім ошақтарында оқып, өзі қалаған дінді ұстануға мүмкіндік алған. Ел территориясына әртүрлі сенімдердің енуі осымен байланысты.

Ал қазіргі жағдайға баға беретін болсам, елде діни ахуал біршама нақты жолға қойылған.

– Өзіңіз тілге тиек еткен тәуелсіздікке дейінгі және кейінгі дін саласына енген өзгерістерге тоқталып өтсеңіз.

– Жалпы діни ахуалдың жай-күйі діни бірлестіктер, ұйымдар, мешіттер қызметтерінің еркін болуымен не болмауымен өлшенеді. Кеңес үкіметі кезіндегі (1985 ж.) көрсеткіштерге қарағанда, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары (1992 ж.) діни бірлестіктердің саны Қазақстан аумағында 2 есеге күрт артқан.

Тәуелсіздікке дейінгі кезеңде мемлекеттік қызметшілер дін саласын қоғамнан ығыстырып, алыс ұстауға бағытталған болатын. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін дін әлеуметтік институт ретінде жұмысын көрсете алды. Елімізде бұл салаға деген қолдау өте жоғары болды.

БҰҰ құрамы, жалпы әлемдегі ірі мемлекеттердің біздің елді мойындауына діни сенім еркіндігі, адам құқығы мәселесі әсерін бермей қоймады. Сол кезде біз ислами немесе христиандық мемлекет емес, зайырлы деген ұғымды қолдануды алға тарттық. Бұл да бір ел болып дамуымыздағы оң шешімдердің бірі болған.

 Атеистік көзқарасқа үйреніп қалған қоғамға таңдау құқығы берілгенде адасудың болары белгілі. Ол қалай болды?

– Иә, бұл өте күрделі мәселе. Қоғамның дінге деген ықыласын өздігінше пайдаланғандар да болды. Діни бірлестіктерге кіретін адамдар саны бірден артты. Себебі, 1992 жылғы діни бірлестіктер туралы заңда 10 адам бірігіп діни бірлестік аша беруге болады делінген. Сол кезде шетелден келген миссионерлерге ешбір шектеу қойылмады.

Дін саласында кадр аз болғандықтан, бүкіл қоғамның және мемлекеттің қажеттілігін өтеу мүмкін болмағаны шындық. Сондықтан қоғамда адасушылық белең алды.

– Енді жат ағымға түсіп кеткен адамдарды қайтадан қоғамға бейімдеу қалай жүзеге асты?

– Басқа өмір салтын ұстанып кеткен адамды қайтадан қайтару, әрине, оңай болған жоқ. Ондай адамдар бұрын болған және қазір де бар. Бұл жағдаймен мемлекетіміз осы күнге дейін күресіп жатыр. Әрине, қайта қалыпты өмірге келгендер мен шетел асып кетіп жатқандар да қаншама болды.

Проблема болған жерде оның шешімі болатыны белгілі. Сол себепті қоғамның жалпы сауаттылығын арттырып, проблеманың алдын алу қазіргі таңда өзекті болып тұр.

Биыл ел тәуелсіздігіне – 30 жыл. Осы орайда бізде ел дамуы жолында өз үлесімізді қосып, әртүрлі ағартушылық іс-шаралар өткізіп, қоғамға пайдамыз тисе деймін.

– Деструктивті діни ағымдар туралы айтып өттіңіз. Олардың сипаты қандай? Қарапайым адам ол ағымнан қалай сақтану керек?

– Қарапайым бастапқы төрт сипатын айта кетейін. Біріншіден, жат ағымдағылар басқа діндерді қатты сынға алады. Екіншіден, қаржылай көмек көрсетіп, діни әдебиеттерді жиі әрі тегін таратады. Үшіншіден, қатаң діни тәртіп сақтауға, салт-дәстүрге, қалыпты өмірге тыйым салып, тек дін жолында жүруге үндейді. Төртіншіден, билікке деген теріс көзқарасты қалыптастырады.

Ал сақтанудың негізгі жолы – интернет желісі қанатын кеңге жайып тұрған заманда ақпарат ағымын жақсылап сүзгіден өткізу. Себебі, қазір жат ағымдарға түсіп кететіндердің көпшілігі осы әлеуметтік желі арқылы қармаққа ілініп қалады.

Кез келген ақпаратты ресми ақпарат көздерінен алған жөн. Бейтаныс адамдармен әңгімелескен кезде дін тақырыптарына мұқият болу керек.

– Теріс ағым десе, қоғам көбінесе Ислам дінімен байланыстырып жатады. Басқа дін өкілдерінде радикалды көзқарас қалай жүзеге асады?

– Дұрыс айтасыз, радикалды көзқарасты тек Ислам дінімен ғана байланыстыру ұғымы бар. Бірақ ол дұрыс емес. Жат ағымға түсіп кету белгілі бір дінмен ғана шектеліп қоймайды.

Мысалы, бұл мәселе басқа діндерге де ортақ. Өзін белгілі бір діннің өкілі деп санайтын, алайда аталған діннің канондарын жетік білмейтіндер теріс ағымға кетіп қалып жатады. Барлық дін игілікке шақырғанымен, ішінде іріткі салатын ағымдар да табылады. Адамдар осы жағынан абай болса деймін.

 Рахымжан мырза, сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ