«Әйелін «братына» бір түнге беріп жібереді» дейді Жәмила

Соңғы  жиырма жыл турасында елімізде дінге деген қызығушылықтың артуы діни сауатсыздықтың салдарынан кейбір отандастарымыздың адасуына әкеліп соқты. Отбасында тыныш, бақытты өмірді қалаған қазағым ұл-қызының намаз оқып, дінге бет бұрғанына алғашқы кезде қуанды. Намазхан жастардың көбеюімен қатар діни теріс ағымдардың пайда болуы «Намаз оқыса ұлымның иманы мықты болады,  жаман істерден аулақ, ата-анасын ренжітпей, түзу жолда жүреді» деген әке- шешенің қуаныштарын су сепкендей басты. Бұдан бөлек Сирия мәселесі де талай ата-анаға қасірет шектірді…

Құран Кәрім некелесуді әмір етсе,  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадистерінде: «Некелесіңдер, көбейіңдер! Қиямет күні мен сендердің көп екендіктеріңмен мақтанамын» дейді. Сондай -ақ «Неке қию — менің сүннетім. Сүннетімді тәрк еткен адам менен емес» дегені де бар.

Исламдағы некенің бірінші шарты – ер мен әйелдің некеге отыруға бір-біріне ризашылық беруі болса, екіншісі – неке қиылу рәсіміне отбасынан екі куәгер қатысуы тиіс.  Үшіншісі – қызға өзі қалап, сұраған сыйлығын алып беру. Шариғат бойынша осы үш шарт міндетті түрде орындалуға міндетті және неке жария етілуге тиісті.  

Алайда бүгінгі қоғамда неке мешітте қиылмай, оның шарттары аяқ асты болу,  неке мәселесіне жеңіл- желпі қарау, әйел үстіне әйел алу, үйден жасырын неке қию орын алды.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Жәмила (есімі өзгертілді) осындай заңсыз некеден зардап шегіпті.

 

Жәмила дінге қалай келді?

Алғаш исламға келгенде анамның телефонынан  Дарын Мүбаровтың орамалдың пайдасы және тақпағанның зияны туралы  уағызын тыңдадым. Құлағыма жағымды естілді. Уағызды өз телефоныма жазып алып, тыңдап жүрдім.

Алайда намаз оқығаныма анам, үйдегілер қарсы болды. 9-сыныптан бастап тығылып оқып жүрдім. Кейін әкемді ауылдан шақыртып, «әлі жассың, намаз оқыма!» деп жиналыс жасап, рұқсат бермеді. Ата-әжем киімдерімді тығып тастап жүрді.  Олар мені мешітке апарып, имамға намазымды қалай оқитынымды көрсеттім. Имам «қызым сен намазды дұрыс оқып жүрген жоқсың» деді.

18 жасымда бір қыз арқылы намаз оқитын жігітпен таныстым. Өздері отбасы болып намаз оқиды екен. Үйде қолдау болмаған соң оған тұрмысқа шығамын деп шештім, себебі хиджабты сақтап қалғым келді. Үйдегілерге тұрмысқа шығатынымды хабарлап, «біз көптен бері таныспыз» деп өтірік айттым. Сөйтіп бір түнде қашып кеттім.

 

«Некемді мені қатыстырмай қиды»

Некеміз қиылғанда мен ол жерде болған жоқпын, Куәгерім әкем не ағам болу керек қой, күйеуім: «әкең намаз оқымайды, ол уәли бола алмайды» деп «браттардың» бірін қатыстырыпты. Ол адам маған телефон шалып: «сіздердің некелерің қиылды» деді. Некемнің мешітте қиылғанын қалап едім. «Некем қиылды ма, жоқ па?» деп күдіктеніп қалдым. Некеміздің сырттай қиылғанын естіген анам «мешітте қиылмаған неке дұрыс емес» деп мешітке, дін басқармасына барды. Отбасымда үлкен айқай болды.

Әрине, кез-келген ата-ана әлпештеп өсірген қызын құтты орнына ата жолымен, ақ батамен ұзатқысы келеді. Тіпті бұл әрбір ата-ананың  бала дүниеге келіп, тәй- тәй басқан сәтінен бастап армандаған басты мақсаты. Ал тұрмысқа шыққысы келген қыз не істеуі керек еді?

Қыз бала әке-шешесінің алдынан өтіп, рұқсатын алған соң ғана неке қидыртуға тиісті еді. Бұл жерде мәселе – Жәмиланың шынайы мұсылманшылықтан алыс болғанында жатыр. Яғни, адасу салдарынан Құран мен хадистерге жүгінбей, бар еркін діни теріс ағымды ұстанушы азаматқа беріп қойғаны оның өмірін ойрандапты.

Жасырын неке туралы ислам дінінде не айтады? Елімізге белгілі дінтанушы  Абдусамат Қасым  (суретте) былай дейді:

– Отбасы құрып, ұрпақ көбейу – Ислам дінінде қасиетті де ардақты іс. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Үйленіңдер және көбейіңдер! Қиямет күні үмметімнің көптігімен мақтанамын», – деп, үйленудің қаншалықты маңызды екенін ұғындырды. Сондықтан да, осы өсиетті орындаудың жолы – неке қию. Бірақ, некені жасырын жүзеге асыруға болмайды. «Некенің шарты бойынша екі куәгер болса жеткілікті ғой» деуіңіз мүмкін, әрине. Алайда, Имам Мұхаммад, Имам Шафиғи және Имам Мәлик (р.а.) бойынша неке қиылу үшін қыз әкесінің рұқсаты керек. Қыз қамқоршысының (уәли) хабарынсыз қиылған неке – мәуқуф. Яғни, оның құптауынсыз ерлі-зайыптылардың толыққанды бірге өмір сүруіне құқығы жоқ. «Егер қыздың қамқоршысы некенің өзінің рұқсатынсыз қиылып қойылғанын білсе, ол некені бұза да алады, құптай да алады» деген Имам Мұхаммед.  

Сонымен қатар, жасырынып қиылған неке әлсіз, жауапкершілігі төмен болады. Ондай неке ерте ме кеш пе үзілуге жақын тұрады. Ондай жағдайда қыздың ары босқа аяққа тапталып, ертеңгі күні шоқ басып, өмір бойы опық жеп қалуы мүмкін. Өйткені, тәжірибеге сүйенсек, осылай некелескен жігіттердің көбі өзінің жарын оңай талақ ете салуға даяр тұрады. Бұл жағдайда араларында ештеңе болмаған болса, жақсы ғой. Ал егер «етегі көтеріліп қойған» болса, қыздың жағдайы не болмақ?!

Осындай келеңсіз нәтижелерді ойлағанда, Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Жария ету – үй болғандықтың белгісі» немесе «Шариғатқа теріс үйлену мен шариғатқа сай үйленудің ара жігін айыратын нәрсе – дабыл қағып, жария ету»деген сөздерінің астарында үлкен мән-мағына жатқандығын ұғыну қиын емес. Себебі, той жасап, ағайын-туыстың басын қосып үйленген отбасының керегесі бекем, неке жібі берік болмақ. Елдің батасымен, дұға тілегімен құрылған шаңырақтың отағасына да неке алдында көп жауапкершілік түседі. Осыны естен шығармау ләзім.

 

«Алдап соқты»

Күйеуім үйленбестен бұрын «бетіңді жаппайсың, оқуыңды бітіресің» деді. Бірақ тұрмысқа шыққан соң бетімді жаптырды, теледидар қаратпады, көшеге жалғыз шығармады, бәріне тиым салды. «Төрт мазхабтың ішінен біз ең дұрысы – Ханбали мазхабын ұстанамыз, қалғандары қате. Әбу Ханифа мәзһабындағылар бидғатшылар, олармен араласпа!» деді.

Үйленген соң ата-анаң, ата- әжең намаз оқымаса араластырмайды. Олардың  пісірген етін «аллахуакбар» айтып соймайды, харам етті жесек ағзамызды улаймыз, олар  -дінсіздер» деп жегізбеді. «Олардың көзіне көрінбе!» дейді. Өз үйінде «келіндік міндетіңді атқарма!» дейді. Қонақ келсе шайды әзірлеп беріп, кетіп қаласың.

Ажырасқан соң балаларыма алып барған тамағымды да «сен намаз оқымайсың, тамағың харам» деп көзімше қоқысқа лақтырып тастады.

Әкемнің ағаларының балаларын «Олармен араларыңда неке жүреді, сол себепті сен оларды көрмейсің» деп араластырмады.

Діни мейрамнан басқа мерекелерге, қазақтың ұлттық мейрамдарына қарсы болды,  туған күнмен құттықтауға тиым салды. Олардың дәстүрлі ағымнан айырмашылы – қазақтың салт- дәстүрлерін  «ширик», «бидғат» деп жоққа шығарады.  

Діндегі адасқандар екінші, үшінші, төртінші әйелді не үшін алады? Ұрпақ өрбітіп,  Алланың разылығына бөлену үшін бе немесе өз нәпсісінің әмірін орындау үшін бе?

 

Жәмила бұл туралы не дейді?

Маған телефон шалып, «некең қиылды» деді. Сол сәтте мен есеңгіреп қалдым… Олардың некеге неге сонша жеңіл қарайтындарын жүре -бара түсіндім.

Сөйтсем, оларға некені сыртыңнан жасырын қию тиімді екен. Себебі,  екінші, үшінші, төртінші әйелге өте жеңіл қарайды және үсті- үстіне тағы да әйел алып жатқанын бірінші әйеліне айтпайды. Менің көз алдымда бір оқиға болды. Бір бауырымыздың әйелі өзінің үстіне әйел алғанын естігенде қатты айқай шығарды. Олар білдіртпей некеңді қидырып алып, өздерінің нәпсімен жүре береді. Дәлел сұрасаң қате дәлел айта салады. Егер діни сауатсыз болсаң сеніп, қараңғылықта отыра бересің. Тіпті неке қиылмауы да мүмкін. Сосын ұнамай қалсаң кешікпей талақ беріп, қиналмай бұрылып жүре береді.

Шариғат бойынша некеге отырғандай, талақ жасағанда да куәгерлер болуға міндетті. Ал Жәмила болса, «талақ беріп ажырасқанда куәгерлер болмады» дейді. Біз  талақ мәселесіне орай дін мамандарына хабарласқан едік.

Діни теріс ағымдағылар исламның шарттарын жамыла отырып, нәпсінің қалауымен, қыздарымызды қорлауды әдетке айналдырған– дейді Ақтөбе медресе- колледжінің директоры  Әбдімүтәлі Дәуренбеков (суретте) бізге телефон арқылы берген жауабында. –  Олар бір-біріне «Мен пәленшені талақ еттім, сен соны алып ал» деп хабарласып тұрады екен. Ондай жігіттерге бірнеше рет үйлену, ажырасу әншейін нәрсе болып, шариғатты осылай ойыншыққа айналдырып алған. Бір сорақысы, осылайша от басып, мешітке жылап келетін қыздардың қатары тым көбейіп бара жатыр. Ажырасқан қыздар екінші, үшінші рет тұрмысқа шыққанда жүкті болып шығуы мүмкін. Алайда бұл жерде мәселе – шариғаттың шарттарын білмей, бір жылдың ішінде 5-6 рет тұрмысқа шыққан қыздардың көбейіп кеткендігінде. Бұл дұрыс емес. Әйел адам ажырасқаннан кейін екінші рет тұрмысқа шыққанша төрт хайыз уақытын, яғни, шамамен төрт ай күтуі тиіс. Соны білмегендіктен, қыздар бір жылда бірнеше рет тұрмыс құрып жатыр. Бұл жаман жолға түскенмен бірдей. Бұл зина болып есептеледі. Ондай қыздардың әйелдік қасиеті жоғалады, олардың көшедегі жезөкшелерден еш айырмашылығы болмай қалады. Әрине, қыздарымыздың орамал тағып жүргені дұрыс, алайда дін — тек қана орамал емес.

Әбдімүтәлі Дәуренбеков айтқандай, бұның зина болып саналатына дәлелді Жәмиланың сөзінен де табуға болады.

 

«Әйелін «братына»  бір түнге беріп жібереді»

Олар екінші, үшінші, төртінші әйелге ұрпақ жалғастыру мақсатында емес, нәпсі жағымен үйленеді. Мұны қоғамдағы жезөкшелікпен салыстыруға болады. Жезөкшені пайдаланып, кете беретін сияқты уақытша үйленеді  де, талақ сөзін бір сәтте 3 рет айтып тастап, бұрылып жүре береді.  Талақ береді, бірақ қайтарғысы келсе кері қайтарып алады. Өздері үкім шығарады немесе  ұстазы Дарын бар, соларға звандап, сұрап әлде өздері бауырларымен ақылдасып, шешім шығарады. Сөйтіп оп – оңай тастап кетіп, басқа әйелді ала салады. 

Тіпті әйелді қасындағы адамға бір түнге беріп жіберу фактісі де болған. Әйелі болсаң да, талақ жасамаса да бір түндік төсекке басқа еркекке беріп жібереді…

 

«Әйелді қақпанға алдап  түсіреді»

Алғаш  танысқанда оларды  Әбу Ханифа мәзһабын ұстанады деп ойлап қаласың. Олар мешітке барғанда бақылау камерасына түсіп қалмау үшін намазды Әбу Ханифа мәзһабынша өтірік қимыл жасап оқып тұрады да, үйге келген соң қайтадан өздерінше оқиды. Намазда имамның сапына тұрмай, өздері бөлек тұрады. Олар адамды осылайша алдап, сеніміне кіріп алған соң теріс ағым жетегінде алып кетеді. Әйелді қақпанға алдап  түсіреді. Басында «біз исламды таза ұстанамыз, сенің айтқаныңдай бәрі жақсы болады» дейді де, үйленген соң бәрі керісінше шығады. Мысалы маған «оқуыңды бітіресің» деп уәде берген, Ал үйленген соң сабаққа жібермеді, оқуымды бітіре алмадым. «Саған диплом неге керек, сен бәрібір жұмыс істемейсің» деді. Қазір оқуды аяқтап, диплом алмағанның кесірінен мемлекетік, бюджеттік мескемелерде жұмыс істей алмай отырмын.

Мен тұрмысқа шыққанда «ұстанған дінімді сақтап қаламын, оқимын, ислами сауатымды ашамын» деп ойладым. Тұрмысқа шаққан соң «өзім үйретемін» деп мешіттегі  ұстаздардан сабақ алуға қарсы болды. Ал  оларда үйрететін білім жоқ.

Сосын ҚМДБ- ның кітабын оқытпай, Бухари,  Аб даль-Ваххабтың «Үш негіз» кітабын оқытады, шейх Ибн Баздың пәтуаларын тыңдатып, түсінгеніңді сұрайды. 

 

«Нихабты өз еркіммен киген жоқпын»

Бетімді жауып, қолыма қолғап,  аяғыма крассовка кигізді. Нихабты өз еркіммен киген жоқпын, қатты тұншықтым, бірақ шешуге болмайды. Бір күні  автобуста ауа жетпей, басым ауырып, жүрегім қысылды. Түскен соң аялдамада бетімді ашып, желпініп отырғанымда бір орыс әйелі: «Ой, бедная, бұл әйелді бүркенуге мәжбүрлеген бе?» деп аяушылық көрсетті.  Сол кезде «сен неге олардың көзінше тұншықтым деп білдіртіп отырсың? Бұл дұрыс емес» деп маған ұрысты.

Олар әйелдері мен қыздарына қара, қоңыр, көк түсті киім кигізеді. «Әйелін қызғанбайтын еркек жәннатқа кірмейді. Кезінде Айша анамыз бетін бүркеген» деп сені де бүркеп тастайды. «Сестралар» қара қарға сияқты қап- қара киініп, дөрекі сөйлеп, исламды жеккөрінішті етті. Түрлі түсті ашық киім киіп, жақсы мінезбен жүрсе дінге қызығушылық болар еді.

 

«Тозақпен қорқытады»

Олар хадистерді қатты – қатты айтып тастайды. Ол хадис дұрыс па, бұрыс па, діни сауатың болмаса білмейсің, аузыңды ашып, сеніп отырасың. Қате дәлелдермен жүреді, түсіндіріп айта алмайды. «мынаны істесең тозақтың ана жерінде боласың, «ананы істесең мына жерінде боласың» дейді.

 

«Олар өте қатігез»

 Олар өте қатігез, тасжүрек. Ажырасқан соң  балам әкесінде қалды. Себебі олар ұл баланы жақсы көреді де,  қыздарды адам деп есептемейді.

«Қыз балиғатқа толғанда хиджаб кигіземіз, еш нәрсеге алаңдауға болмайды»  деп оған теледидар,  мульт-фильм қаратпайды, садикке жібермейді, үйден шығармайды.Ұлым үшін қатты алаңдаймын  Оны қатігез етіп тәрбиелеп жатыр. Балам үйге келгенде оны түсінбей қаламыз, теріс тәрбиемен миын улап тастаған. 

 Олар қарым- қатынаста өте қатты, адамды аямайды, өтірік айтады, екі жүзді, тәкаббар,  ұрысқанда боғауыз айтып, балағаттайды, көп сөйлейді. Мұсылман уәдеге берік болуы керек, ал олар уәдесінде тұрмайды.

 

«Ата-аналар қолдаса…»

Мен намаз оқимын дегенде ата-анам қолдау көрсетпеді. Бұл ата-ананың қателігі дер едім. Себебі ең жақын адамдарынан түсінушілік таппаған жастар қолдауды сырттан іздейді. Сөйтіп жүріп мен сияқты адасады.

Ата-анам мені ажырасқан соң да қабылдамады. Олар маған «ұзын киіміңді шеш, дінді ұстама, сонда көмек береміз, бірге тұрамыз» деді. Жүрегінде дінге сенімі бар адамға бір сәтте намазын тастау оңай емес.  Жұмысым, тұратын үйім балмағандықтан 3 балам әкесінде қалды. Екі- үш жыл далада балаларсыз жүрдім.

Жасырын, заңсыз некеде адам құқығы аяққа қалай тапталып жатқанын Жәмиланың басынан өткен қиыншылықтарынан көріп отырмыз.

Қазақ ежелден үйге келген қыз баланы төрге отырғызып, құрметтеген. «Қыз бала үйден ренжіп шықса, наласы ұрады» деп қорыққан. Қыз бала ананың ақ сүті, жаратылыстың иесі! Қыз бала- әкенің көзінің нұры. Әкенің қызына деген әкелік махаббаты оның көзінде нұр болып тұнып тұрады. Себебі атам қазақ бойжеткен қызына өзі де жақындай алмай, сұқ көзден қызғыштай қорып, сырттай сүйсініп, көзінің нұрына балаған. Қыз бала – әкенің ары мен намысы! Ал сол бір әулеттің алақанына салып аялап өсірген гүлдей қыздары діни теріс ағымның жетегінде кетіп, әміріне бағынып, қуыршағына айналуда. Олардан туған күнәсіз балалар да зардап шегіп жатыр.

«Заңсыз некеде әйелдер мен балалардың құқығын заңды түрде қорғап қалу өте қиын. Себебі неке құжат түрінде рәсімделмеген себепті ер азаматтар өз балаларына деген жауапкершіліктен жалтарады» дейді Орал қаласы Полиция басқармасының экстремизмге қарсы тобының полиция капитаны Сабыржан Камешов.           (суретте)

«Әке- шешем өмірден сабақ алсын деген шығар»

Қазір жағдайды дұрыстап, екі қызымды  қайтарып алдым.  Мешіттен білім алдым, дұрыс жолды таңдадым.

Әке- шешем маған өмірден сабақ алсын деген шығар. Адасу мен қателіктердің кесірінен әке- шешемізге исламды дұрыс жағынан көрсете  алмадық. Жалпы бәрі адамның өзіне байланысты. Ойланбай, ашуға, сезімге беріліп кейде қатты кетеміз. Әке-шешені кейде тыңдаған жоқпыз. Намаз оқимын дегенде әке- шешем қолдау бергенде мүмкін тұрмысқа шығып адаспас па едім, мешіттен білім алып, оқуымды бітіріп, жұмысымды істеп, дұрыс бағытта жүрер ме едім деп ойлаймын. Сондықтан барлық ата-анаға намаз оқимын деген ұл- қызын сыртқа теппей,  керісінше қолдау көрсетіп, мешітке ертіп әкеліп, дұрыс жолда жүргенін бақыласа, жылы сөйлеп, бауырына тартса деген тілегім бар.

 

«Қыздарға айтарым бар…»

  Алғаш танысқанда оларды Әбу Ханифа мәзһабын ұстанады деп ойлап қаласың. Сондықтан сөз айтқан жігітке мұсылман екен деп алданып қалмай, оны жан- жақты зерттеп алып, шешім алған дұрыс.

Бастысы- білім алу керек, Білімсіз адамның өмірі- қараңғы. Білімді тұрмысқа шыққан соң аламын деу қателік. Олар «Үйленген соң оқытамын» деп өтірік айтады.Тұрмысқа шыққан соң сені ешқайда шығармайды, тиымдар көбейеді. Ең бірінші – мешіттен білім, теологтардан бағыт алып, ақ- қараны ажыратып алу қажет. Мәзһаб ұстану маңызды.  Әбу Ханифа мәзһабында күнә істесең олар сияқты «тозаққа түсесің» деп қорқытпайды, түзеуге жол көрсетеді, күнәдан тазаруға, жарыққа ұмтылтады. 

Сондықтан салафи ағымында екі ойлы болып, түсінбей жүрген және басқа да қыздарға тұрмысқа шығуға асықпаңдар дер едім. Шыққан жағдайда әйелі бар ма, болса неше әйелі бар, бәрін тексеріп және  некенің қиылғанын көзбен көру керек. Басқа біреуді куәгер деп қатыстыру дұрыс емес. Себебі ажырасқанда  куәгердің қатысуымен «неке неге бұзылып жатыр, не себеп болды?» деген сұрақтар төңірегінде әңгіме болуы керек. Ал даладан қатысқан кәугер ажырасқанда келмейді, тіпті оның кім екенін де білмейсің.

Міне, қазақ қоғамына іріткі салып, ұлттық санамызға сына қаға бастаған діни теріс ағымдағы өмір өкінішке орай, осылай бағыт алып барады.

Бұл келеңсіздіктің алдын қалай алуға болады? Біз мақала дайындалып жатқанда Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Ақпарат орталығының жетекшісі Ағабек Қонарбайға (суретте) жолыққан едік.  

«ҚМДБ  неке қию рәсіміне қатысты тәртіп енгізді. Ол – қыз тұрмысқа шыққанда  неке қиюға оның ата-анасы қатысуға міндетті, – дейді Ағабек Қонарбай.- Ата-ана қызының некеге тұрып жатқанын білуі және рұқсатын беруі қажет. Егер ата-анасы неке қию рәсіміне қатыса алмаса өздерінің разылығын растайтын басқа туыстары қатыса алады.

Бастысы- үйленуге ниет білдірген жастар мешітке келіп некелерін қидырмастан бұрын АХАЖ- ға барып заңды некеге отырулары керек. Егер  неке туралы куәліктері әзір болмаған жағдайда АХАЖ-дан өтуге берілген өтініш хаттың көшірмесі болуы шарт. Шариғат бойынша некесі  мешітте содан кейін қиылады»

Түйін:

Ия, бұл мешіттің шариғат жолымен неке қию шарттары. Бірақ заңсыз неке мешіттен тыс, жасырын қиылып жатқандықтан бұл мәселе әлі де талай адасқан әйелдер  мен күнәсіз балалардың өмірлерін өксітері сөзсіз. Ендеше, шешімі қандай? Бұл мәселеге Үкімет назарын аударып, Парламентте қаралуы тиіс шығар…

 Durbi.kz

 

Гүлнәр  ҚАЛАУҚЫЗЫ (суретте),

кәсіби психолог

Кәсіби психолог ретінде дәстүрлі емес, діни теріс ағымдардан зардап шегіп жүрген қыз-келіншектермен кездесіп тұрамын.  Психологиядағы ең қиын сұрақтар осындай теріс  ағымдардың ықпалында кеткен қыздар мен әйелдердің тағдырына байланысты. Соның бірі – жасырын некемен бас қосып, соңынан опық жеп қалған әйелдер. Олар кімдер десек, көп балалы отбасынан шыққан, әлеуметтік жағдайы төмен, болмаса әкесіз не анасыз өскендер. Көбіне көп анасы қызымен сырласа алмаған тәрбиенің кемдігі, қыз бала, әйелдің өмірдегі орны туралы түсіндірілмеген отбасындағы немесе әкесі, анасы немесе ағасы ішетін қыз балалар үйінен кеткенше асығып, көзін жұмып тұрмысқа шығып жатады. Өмірдегі мақсатын айқындамаған, бойында осындай қиындықтарды жеңетін күші жоқ қыздар өмірдегі ең маңызды қадамдарын ойланбай жасауға бой алдырады. Яғни, әдетте олар жылдам тұрмысқа шығуға асығады.

Неке исламдағы шариғат жолы, екі адамның отбасын құрып, некеге адал болып, өмірге ұрпақ әкеліп, бірге тәрбиелеуі. Зайырлы мемлекет болсақ та, Конституцияға, Ата Заңымызға бағынуға тиісті болсақ та, діни қате түсініктің салдарынан заңды некесін қиғысы келмейтін кейбір азаматтар некелерін мешітте де қидыртпайтын болды.

Дәстүрлі емес діндегі қыздар  ер адамды танымай тұрып, жасырын некемен отбасын құрып, соңынан зорлық- зомбылықтарға тап келуде. Күйеуі жасаған психологиялық қысым, күш көрсету, денеге тиген соққы әйел психологиясына өте жоғары әсер етеді. Осының салдарынан ойлау, қабылдау қабілеті төмен, эмоционалды көңіл күйлері тұрақты емес, девиантты, қатігез балалар көбеюде.  Отбасындағы, ата-ананың арасындағы шектеу, тиым, зорлық – зомбылықты көрген бала   кейін өзі де осылай жасайды.

Уақытша, жасырын некеден ең бірінші балалар зардап шегуде. Әкенің жауапсыздығынан дүниеге келген күнәсіз балалардың тағдыры өте қиын. Ол жерде балаға көп тиым болады, «ана баламен сөйлеспе, киноға бар ма, теледидар қарама, сыртқа шықпа, мектепте  ешкіммен сөйлеспе, ананы істеме, мынау болмайды» деген шексіз тиымдар баланы шектен тыс психологиялық күйзеліске ұшыратады, бала ішкі эмоцияға беріледі.

Зайырлы отбасында толыққанды, бақытты өмір сүріп жатқан  балалар мен жасырын некедегі діни теріс ағымдағылардың балаларын салыстырсам, айырмашылық жер мен көктей.

Дәстүрлі емес діндегі отбасында балалар жас ерекшеліктеріне байланысты өз еркімен, қызығушылықпен өмір сүре алмайды. Балалық шақта қатарластарымен күліп – ойнап,  ән салып, билеп, бойдағы энергиясын шығара алмайды. Бұл шектеулер баланы ойлантады, тұйыққа тірейді, қоғаммен араласпаған соң ойлау қабілеті төмен, ашушаң болады. Қысқасы, үлкендердің қателігі баланың болашағына өшпестей із қалдыруы әбден мүмкін.

Менімен сөйлескен бір әйел «кімге тұрмысқа шығатынымды білмедім, некемізді қиды, сосын бірге тұрдық» десе, екіншісі: «Өмірдегі бар қиындығым осы жасырын некеден деп ойлаймын. Бақытсыздығымды мешітте қидырмаған, ата-анам куә болмаған сырттай қиылған некеден көремін» деген еді. Жоғарыдағы себептерге орай діни теріс ағымды ұстанушыға тұрмысқа шығып, кейін өмірлері өксіген осындай әйелдердің жан жарасы психолог ретінде бізді де қатты алаңдатады.

 Durbi.kz