Шымкент тұрғыны араб тілінің курсын ашып, онда теріс діни ағымды дәріптеген

Шымкентте 32 жастағы тұрғынның миссионерлікпен айналысып келгені анықталды. Жігіт қалалық Полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру шаралары кезінде ұсталды

Ер кісі араб тілін заңсыз оқыту курсын ашып, онда теріс ағымдағы дінді үйретіп, насихаттап келген. Оның үстінен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабы 3-тармағы бойынша хаттама толтырылды. Алайда істі жүргізу барысында тұрғынның бір жыл ішінде дәл осы әкімшілік құқық бұзушылықты екінші рет қайталап отырғаны белгілі болған.

Осыған байланысты Шымкент қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен жергілікті тұрғынға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабының 8-тармағына сәйкес, 612​ 600 теңге көлемінде айыппұл салынды,

— деді қалалық Полиция департаментіндегілер.