14,5 млн теңге немесе 5 жыл түрме. Терроризм туралы жалған хабарламаның өтеуі қандай?

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ішкі істер министрлігі терроризм актісі туралы қасақана жалған ақпарат таратушыларға жүктелетін жауапкершілік туралы ескертеді. Ол үшін 5 мың АЕК-ке дейін айыппұл салынады, бүгінгі таңда бұл 14,5 млн теңгеге тең немесе бес жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айырылу жазасы кесілуі мүмкін. Жыл басынан бері осы дерек бойынша 34 адам ұсталды. Олардың 17-сі әртүрлі жаза бойынша сотталды. Айыпталушылардың біріне соттың шешімімен медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылды, - деп атап өтті ведомство өкілі. 

Сонымен қатар ол кәмелет жасына жетпегендердің ата-анасына жаза қолданылатынын ескертті. 

Сондай-ақ ұсталған кәмелетке толмағандардың бірінің ата-анасына айыппұл салынып, тиісті тәрбие жұмыстары бойынша шара қолданбағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл қылмыс түрі үшін қылмыстық жауапкершілікке 14 жасқа толған тұлғалар тартылады. Сондықтан бұл туралы оқушыларға ескерткен жөн. Одан бөлек, осындай сипаттағы хабарлама жіберу арқылы келтірілген шығын мен бүкіл зиянның орнын құқық бұзушы толтырады, - деді Шұғыла Тұрлыбек.

Белгілі болғандай, мұндай сипаттағы жалған шақыруларға арнайы қызметтің бір рет баруына 300 мың теңгеге дейін шығын кетеді. Ал кәсіпорын мен ұйымның жұмысының тоқтап тұруы миллиондаған теңге шығынға жететіні белгілі. 

Егер мұндай әрекетті кәмелетке толмағандар жасаса, шығынның орнын олардың ата-анасы немесе заңды өкілі толтырады.