АСҚАР САБДИН: "Балаларды аямай сабаған муфтияттың ресми молдасы Этиканы емес, Қылмыстық Кодексті бұзды"

Шымкент қаласындағы мешітте ұстаз жеті және тоғыз жастағы екі балаға күш қолданған. Жантүршігерлік видео әлеуметтік желіде лезде тарады. Видеода балаларды медреседе хадистерді жаттамағаны үшін ұрғандығы айтылады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оқиғаның анық-қанығын жөнінде ресми мәлімдеме де берген болатын. 

Осы оқиғаға қатысты танымал дінтанушы, ғалым Асқар Сабдин мырза желіде өз пікірін білдірген болатын: 

Біздің бас молдалар өлілерді қойып тірілермен қашан айналысады? Нарративтері аруақ, жүрген жерлері танымал тұлғалардың жаназалары.

“Өлеңді жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді” - деген сөз бар. Бірнеше сұқбатта айтқанымдай жаназаны діни карьераның құралына айналдырмау керек. Жасы үлкен молдалар сол жаназалармен айналыссын. Сен тірі жамағатқа назар аудар, сонымен жұмыс жаса! Сол жамағаттардың ішінен радикал, тероорист, зорлық-зомбылық, қинау қылмыстары орын алып жатқанда өлілермен айналысу елге, дінге деген қиянат қой.

Содан кейін бізде қылмыс жасалса, адам шығыны болса неге тек қана жұмыстан босатады да қояды? Жауапкершілік қайда? Дін үйренеміз деп келген кішкентай баланы қызметкерің аямай ұрса, ертең ол бала өскесін дінге деген көзқарасы қандай болмақ? Үй еді, медресе еді -мәселе ода емес, ол демагогия. Діни қызметке қатысы болмаса неге жұмыстан шығардың?
Бұл жерде исламофобтарға үлкен есік ашылды. Жыл сайын осы молдаларға аттестация не үшін жүргізіледі? Осындай молдалар қалайша өтеді? Көзбояушылық, “тема”-ға айналған аттестация емес пе, деп ойлайсың?

P.S. ҚР Қылмыстық Кодексі
110-бап. Қинау
1. Ұдайы ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттері арқылы тән зардабына немесе психикалық зардап шегуге ұшырату, егер бұл іс-әрекет денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соқпаса, –
бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.