"Сүлейменшілер" деген кім? Діни ағымның Қазақстанға келу тарихы

Соңғы уақыттары интернет кеңістікте "сүлейменшілер" діни ағымына қатысты бірқатар ақпараттар таралып, қоғам ішінде қызу талқыға түсуде. Атап айтқанда, бұл діни ағым елімізде "Жібек жолы" қайырымдылық мекемелер қауымдастығымен байланыстырушылар қатары көп. Ал, бұл ұйымға қарасты мекемелердің біріне Алматы қаласы Полиция департаментімен қылмыстық іс қозғалғаны бәрімізге мәлім. 

Сонымен, "сүлейменшілер" кім болды және олардың мақсаты қандай деген сұрақ туындары сөзсіз. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты muftyat.kz сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек "сүлейменшілер" өздерін сопылық Нақышбанди тариқатына жатқызатын "сүлейменшілер" жамағаты қазіргі Болгарияның Дунай (Туна) өзені бойындағы Силистире аймағында дүниеге келген Сүлеймен Хилми Тунахан (1888-1959) атымен аталады. 

1959 жылы Сүлеймен Хилми Тунахан дүниеден өткеннен кейін оның жолын шәкірттері жалғастырды және олар "сүлейменшілер" деп атала бастады. Сүлейменшілер жамағаты тарапынан Түркияның көптеген қалаларында, сондай-ақ Германия, Франция, Ресей, АҚШ, Голландия, Швеция секілді мемлекеттерде Құран курстары ашылады. Сүлейменшілер

Түркияда пайда болған түрікшіл ұлтшыл діни ағым болып саналады. 

1978 жылдың 1 қарашасында Түркияның "Дюнья" газетінде жарық көрген басылымда сүлейменшілер түркиялық мүфтиятқа қарсы тұрған, ресми дінбасыларын "шайтанның әскері" деп атаған секта ретінде көрсетілген.

Сүлейменшілер ХХ ғасырдың 80-жылдарында Түркияда саяси күшке ие болған "Әділет" партиясынан қолдау табу мақсатында осы партия мүшелері арасында құпия түрде белсенді уағыз жүргізген. 

1980 жылғы Түркиядағы мемлекеттік төңкеріске дейін ағымның көшбасшысы Кемал Качар (Сүлеймен Тунаханның күйеу баласы) "Әділет партиясынан" Парламент депутаты болған. Сондай-ақ түркиялық БАҚ-та сүлейменшілердің түпкі мақсаты өз жақтастарын көбейтіп, зайырлы республиканың орнына теократиялық мемлекетті құру екені жазылған.

Ал, Ресейлік БАҚ-та сүлейменшілер Түркияда бейресми әрекет ететін радикалды діни ұйым ретінде көрсетілген. Радикалды діни идеологиясы үшін Түркияның ресми дін басқармасымен 1995 жылы қатынасын үзген. 

Сүлейменшілер жамағаты қайырымдылықты бүркемеленіп жабық медресе жүйесі негізінде пансионаттар арқылы әрекет етеді. Әлеуметтік тұрғыдан осал жандарға материалдық қолдау көрсету (тегін тамақтандыру, жатақханадан орын беру) арқылы өз қатарына тартып, олардың санасына жамағатшылдық психологияны қалыптастырады. Сектанттық бағыттағы жамағатшылдық идеологияны жақтастары арасында таратып, ресми мүфтиятқа астыртын қарсы әрекет жасап, елдің діндар қауымының ауызбіршілігін бұзады, дінді саясиландырады. Қайырымдылықты бүркемелену арқылы әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарды өз қатарына тартып, жамағат мүддесіне берік етіп тәрбиелеп, оларды болашақта өз мүделерін жүзеге асыру үшін саяси және бизнес элита қатарына қосылуына жағдай жасайды.

Бүгінде бұл жамағат өздерінің негізгі мақсаттары жастардың діни сауатын ашып, Құранды үйрету, сондай-ақ жағдайы төмен немесе көпбалалы отбасылардан шыққан оқушылар мен студенттерді тегін жатақханамен қамтамасыз ету екенін айтқанымен, мұның астында коммерциялық мүдде жатқанын айта кеткеніміз жөн. Түркия жерінде бұл жамағатқа тиесілі көптеген балабақшалар, жеке мектептер, ауруханалар, туристік және қажылық компаниялары, сауда ұйымдары, баспа үйлері тіркелген.

Олар көбіне өздерінің баспаханасында шыққан кітаптарды ғана оқиды. Тәрбиеленуші балалар арасынан озықтары білімін жетілдіру үшін Түркиядағы арнайы курсқа (тәкәмүл) оқуға жіберіледі. Аталмыш курсты бітірген оқушы "ұстаз" атанып, тәлім-тәрбие жұмысымен айналысуға рұқсат алады.

Мекеме өкілдері пансионат тәрбиеленушілеріне қамқорлық жасаумен қатар, көбінесе "медресе" атын жамылып, шәкірттер арқылы қаражат жинаумен айналысады. 

Сүлейменшілер діни ғибадаттарын Сүлеймен Тунаханды елестету (рабыта) арқылы жасайды. Жұма намазын мешіттен тыс жеке ғимараттарда да өткізе береді, бес уақыт намазды өз араларында арнайы бекітілген намаз кестесіне (тақуим) сай өткізеді. 

Сонымен қатар бұл жамағат Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасына қайшы келетін, қазақстандық патриотизм мен ұлттық идентификациядан айыратын шетелдік жат діни идеологияны астыртын түрде таратуға мүдделі. Радикал діни ойларды ашық түрде насихаттамағанымен, түбінде зайырлық қағидаттарды қолдамайды.

Жалпы бұл діни ұйым тарапынан келетін қауіптің бар екендігі және өскелең ұрпаққа тигізер зияны көп екендігін аңғаруға болады. Сол себепті, ресми діни бірлестіктерге қатысы жоқ, бірақ дінді үйретуге тырысатын күмәнді ұйымдардан аулақ болған жөн. 

https://stan.kz/suleymenshiler-degen-kim-dini-agimnin-kazakstanga-kelu-386363/