Шет елде діни білім алудың қауіпі қандай?

Негізі өз басым шет елде білім алуға қарсы емеспін. Себебі жүйе, құқық, білім беру, мәдениет, тәртіп, тіл, ойлау салыстыру арқылы шыңдала түседі, өрісі ашылады. Сондықтан президенттік «Болашақ»  бағдарламасын қолдаймын. Оның ішкі мазмұны басқа мәселе, әрине. Бұл жердегі сөз дін құбылысына қатысты болмақ.

Діни білімнің құндылықтар жүйесіне, болмысқа қатысты қыры маңызды. Себебі діни таным да, діни сана да, діни сенім  мен діни тәжірибе де болмысқа қатысты нормалық-аксиологиялық қуаты бар қабаттар.

Сондықтан бүгін шет елге діни білім алуға кеткен әрбір азамат потенциалды қауіптің көзіне айналып үлгерді. Дін үйренемеін деп кетіп, олардың діни танымын, діни тәжірибесін, діни санасын өзімен қоса алып келіп жатады. Бұл дегеніміз, олар шетелдерде алған діни танымы арқылы сол елдердің ұлттық мәдени құндылықтарын, діни тәжірибесін яғни басқа мәдениеттің тарихи жүріп өткен жолы мен құқықтық дүниетанымдық қабатын өздерімен бірге өзеуреп алып келеді.

Олар өзімен ғана шектелсе құба құп, бірақ олар ең дұрыс жол осы деп, өзге азаматтарды да шатастырады.

Білім беру стандарттары, методикасы, мазмұны, бағыттары қандай болса да, ол университет шарттарымен беріледі. Бірақ кез келген мұсылман елдеріндегі университет сол жергілікті жердегі параллель хужарада, жамағаттық,  тариқат не саяси ағым не партия ықпалындағы діни ағымдардан ада емес.

Исламдағы уақф құбылысына негізделген кез келген орталықтың арнайы білім беру стандарттары мен тәжірибесі университет стандарттарынан бөлек. Бұл діни тәжірибе салты әрі әлеуметтік психологиялық қалыптасуының орталығы екендігі жасырын емес.

Міне, шетелдердегі діни білім жүйесінің осы тұсы біздің елден барған діни білім алушы жастарымызға үлкен қауіп.

Егемендік алғанда шет елге, әсіресе араб мемлекеттерінде білім алған жастардың танымына қарасаңыз, олардың әлі күнге дейін дінді ғылыми тұрғыдан ой елегінен өткізудің байыбына бара алмайтынын, дін  мен шариғат, конституция мен шариғат, зайырлылық пен дін, діни тәжірибе мен діни сана арасын танымайтындықтарын көреміз.

Осы ретте, Египеттегі «Әл-Азхар» университетінің діни білім беру жүйесіне қатысты да сыни көзқарас керек деп ойлаймын. Себебі ол елде  дінді тек ғибадатпен және мешітпен қана шектеп танығандықтан, аталған оқу орны дінді құбылыс ретінде талдап та, танып та, түсініп те  түсіндіріп те бере алмайды.

Бұл мәселені шешудің жолы қандай болуы мүмкін? Мәселені шешудің тетіктерін, әдістері мен шарттарын салыстырмалы зерттеуді қолға алу қажет. Бірінші үзілді кесілді жеке өз бетімен діни білім алуды шектеу керек. Егер бұл шектеу жүзеге аспаған жағдайда, оның алған дипломын да жарамсыз деп тауып, ол студентті өз еліміздің университеттерінде арнайы екі жылдық бағдарлама негізінде қайта оқыту керек. Мұндай тәжірибе Түркияда бар. Мысалы Түркияда «ал-Азхарды» бітіріп келгендер, қайтадан екі жыл Анкара Университетінде оқып барып диплом алады. Нострификация діни білімде осылай шектелген.

Екінші жолы, бакалавр яғни білім берудің бастапқы сатысы мүндетті түрде Қазақстандағы діни білім беру стандарттарын арқылы тамамдалып, шет елге магистратура не докторантура бағдарламаларымен жалғасып жатса құба құп.

Сосын шет елге діни білім алуға кететін студенттер ҚР БҒМ аттестациялау шарттары арқылы таңдалып, солардың ішінен ҚМДБ ұсынысын алу керек. Себебі тек ҚМДБ бүгінгі таңда мұндай маңызды психологиялық және танымдық мәселені өз мойнына ала алмайды. Бұл мемлекеттік мәселе.

Сондықтан да Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, БҒМ, Әділет, Мүфтиятпен бірлесе отырып, осы процесті заңнамалық тұрғыдан реттеуді қолға алғаны жөн деп ойлаймын. Себебі діни білім алып жатқан бүгінгі әрбір жас  болашақта дұрыс діни сауат беретін маман дейтін болсақ, біздің мақсатымыз жастарымызды әртүрлі радикалды діни ағымдардың ықпалы мен теріс әсерінен қорғауға жұмылдырылуы керек екендігі талассыз.

Досай Кенжетай теолог, профессор.