"Діни негізде бөліну буллингке әкеп соғады": Қазақстан мектептерінде бірыңғай форманы сақтау не себепті маңызды
Еліміздегі жалпы білім беретін мектептер, оқушылар мен ата-аналар мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға міндетті. Бірыңғай мектеп формасында діни нақыштағы элементтерге тыйым салынады. Дінтанушы Әл-Фараби Болатжан Stan.kz тілшісіне биылдан бастап Қазақстан мектептеріндегі бірыңғай міндетті мектеп формасының маңызын түсіндіріп, оған қатысты талаптар мен шектеулер туралы айтып берді.
Дінтанушы Әл-Фараби Болатжан міндетті мектеп формасын сақтаудың маңызын және бұл тәртіпке не себепті бағыну керек екенін түсіндірді.
“Еш дінге басымдық берілмейді”
“Әуелі бұл – тәртіп. Кез келген мекемеде өзінің тәртібі, дресс-коды болады. Мәселен, дәрігерлердің арнайы киімі болады. Өрт сөндірушілер де өз киімін киеді. Мешітке кіргенде мешіттің талабына сәйкес киініп кіру керек. Ал мектеп оқушыларында өз формасы болуға тиіс. Қазақстан мектептері зайырлы сипатта болғандықтан сәйкесінше мектеп формасы да зайырлық сипатына ие. Зайырлы деген нені білдіреді десеңіз, бұл дегеніміз – мемлекеттің діннен бөлек болуы, мемлекеттің дін ісіне араласпауы әрі діннің мемлекет ісіне араласпауы. Еш дінге басымдық берілмейді. Зайырлы мемлекет шешім қабылдағанда діни мәтіндерге емес, азаматтық құқық, ғылыми тұжырымдарға негізделеді. Алайда зайырлы мемлекетті атеистік деп ойлау қате. Себебі зайырлы мемлекет атеистік насихат жүргізбейді, дінге қарсы емес, діни сенім бостандығын орнықтырады. Зайырлы мемлекет тек діннің ықпал өрісін анықтайды”, – дейді дінтанушы.
Айтуынша, аталмыш қағидаға сәйкес 2011 жылы қабылданған "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заңның 3-бабы 4-тармағында "Діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстанда бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген және зайырлы сипатта болады" делінген.
“Қолданыстағы заңнамаға сәйкес "Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы” бұйрықта мектеп формасының қандай болуы керек екені жазылған. Оның мақсаты:
- Міндетті мектеп формасын қолдануда орта білім беру ұйымдарының бірыңғай келісімін қамтамасыз ету;
- Ата-аналардың мектеп формасына жағымды қатынасын қалыптастыру;
- Оқытудың зайырлы сипатын сақтауда оқу орны басшыларының және кеңестердің (қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті, мектептегі өзін-өзі басқару) жауапкершілігін арттыру.
Кейін талаптардың өзіне келгенде 5-тармақта "Орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп формасы оқытудың зайырлы сипатына сәйкес келеді" деп айрықша айтылған. Осыған орай "Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды" деп бекітілген”, – дейді Әл-Фараби Болатжан.
“Мектеп формасы сақталмаса, бұл балалар арасында діни негізде бөлінуге, буллингке әкеп соғады”
Дінтанушы зайырлы мемлекеттерге не себепті бірыңғай мектеп формасы міндеттелгенін және оның мақсатын түсіндірді.
“Зайырлы мемлекет үшін балалар діни әрі басқа да негізде бөлінбей, әуелі салауатты ортада сапалы білім алып, өсіп-өнуі маңызды. Зайырлы мемлекеттің мақсаты – өскелең ұрпақтың санасында діни, этникалық айырмашылықтарға қарамастан ортақ құндылықтарды орнықтыру, жалпыұлттық, азаматтық бірегейлікті нығайту”, – деп жауап берді ол.
Сондай-ақ ол бірыңғай міндетті мектеп формасы сақталмаған жағдайда оның салдары неге әкеліп соғатынын түсіндірді.
“Елімізде ресми тіркелген 18 конфессия бар, одан бөлек тіркелмегендер де баршылық. Енді әр бала мектепке өз діни киімін киіп келсе, бұл балалар арасында діни негізде бөлінуге, буллингке әкеп соғады. Одан бөлек белгілі бір ағымдар діни киіммен шектелмей, келесі талаптарға көшеді. Мысалы, кейбір ата-аналардың дін музыкаға тыйым салады деген желеумен “балаларым музыка сабағына бармайды” деген мәлімдемелері белгілі. Немесе “дінде сурет салуға болмайды, балаларым бейнелеу өнеріне қатыспасын” деген тілектері мәлім. Одан бөлек кейбіреулер белгілі бір діни түсініктерді желеу қылып, қыздар ұлдардан бөлек оқысын деп жатқандарын да көріп жатамыз. Бұның бәрі іске асса жақсылыққа апармайтыны анық. Балалық шақтан бастап діни негізде оқшаулануға, діни бірегейліктің жалпыұлттық бірегейлікті алмастыруына, діни радикализация мен фанатизмнің күшеюіне апарады”, – дейді дінтанушы.
“Зайырлық қағидатын орнатудағы саясатымыз Франция саясатына ұқсас”
Әл-Фараби Болатжан мектеп формасын қатаң сақтайтын мемлекеттердің тәжірибесін мысалға келтірді. Айтуынша, Қазақстан Республикасының 1995 жылы қабылдаған Конституциясы Француз Республикасы Конституциясы негізінде әзірленген.
“Бұл – әлемдегі ілгері Конституциялардың бірі. Соған сәйкес біздің зайырлық қағидатын орнатудағы саясатымыз Франция саясатына ұқсас. 2004 жылы Француз Республикасының заңында бастауыш, орта және жоғарғы мемлекеттік мектептерде оқушылар дінге қатыстылығын анық білдіретін белгілер мен киімдерді киюге тыйым салынатыны туралы айтылған. Ішкі тәртіп ережелері тәртіптік процедураны іске асыру алдында оқушымен диалог жүргізілетінін еске салады. 2009 жылы Адам құқықтары жөніндегі еуропалық сотқа Франция үстінен 6 шағым түскен. Ол шағымдарда Францияның бұл заңы дискриминациялық сипатқа ие және сенім бостандығына қысым жасайды делінген. Бірақ АҚЕС бұл шағымдарды негізсіз деп қайтарып жіберді. Осылайша, мұндай заң шығарушылық практика АҚЕС бойынша заңды деп саналады. Негізі зайырлық құндылық ретінде Ұлы француз революциясының нәтижесінде пайда болғанын айта кеткен жөн. Сол себепті зайырлықты тағы "лаицизм" деп атайды”, – дейді Әл-Фараби Болатжан.
“Зайырлы ел бүкіл діндерге тең қарайды”
Дінтанушы “мемлекет нақты хиджабпен күресіп жатыр” деп санайтын адамдардың барын айтады. Сөзінше, бұл – қате түсінік.
“Мектепке хиджабпен ғана емес, басқа да діни киіммен кіруге болмайды. Еврейлер кипамен, кришнаиттер саримен кірсе, оларға да мектеп формасына сай киіну керек деп ескерту айтылады. Зайырлы ел бүкіл діндерге тең қарайды. Жалпы алсақ та, мемлекет дінге қарсы күреспейді. Себебі елімізде зайырлы білім беру мекемелерінен бөлек арнайы діни білім беру мекемелері бар. Одан бөлек, екі діни мейрам (Құрбан айт, Рождество) ресми түрде тойланып, ол күндері демалыс беріледі. Бұл – жай ғана ықпал өрісін белгілеп қою”, – ден санайды Әл-Фараби Болатжан.
Алматы қалалық білім басқармасы Қазақстанда мектепке хиджабпен келуге тыйым салынатынын мәлімдеді.
“Жоғарыда атап өткендей, оқушылардың сыртқы түрі жалпы қабылданған әлеуметтік іскерлік стиль нормаларына сәйкес болуы және зайырлы сипатта болуы керек. Осыған байланысты мектеп басшылығы діни киімдерді немесе мектеп формасына сәйкес келмейтін киімдерді киюге рұқсат жоқ. Сондықтан зайырлы елде діни институттардың мемлекет ісіне араласуына, діни көзқарастардың заңмен реттелетін қарым-қатынастарға ықпал етуіне тыйым салынады. Қазақстандағы барлық бала-бақша, мектептер мен колледждер меншік нысанына қарамастан зайырлы мекеме саналады.Тек медреселерде діни сабақтарға, діни атрибутикаға рұқсат етілген. Ал мектептерде зайырлық ережелері қатаң сақталуға тиіс”, – деп жауап берді ведомство.