"Тіл мен дін: Арап-қазақ мәдени байланыстарының беймәлім қырлары"
Тарихшы Елдес Орда арап және қазақ тілдерінің тарихи қалыптасуын, өзара әсерін және бүгінгі күнгі тілдік мәселелерді терең талдайды. Автор тіл мен діннің қоғамға әсерін, пан-арабизм мен нео-исламның қазақ тіліне ықпалын сыни тұрғыдан қарастырады.
Бірінші, араб тілі семит тіл тобының ішіндегі ең жас тілдер тармағына кіреді. Араб тілінің құрамында ежелгі семит тілдерінің, әсіресе ескі иврит тілінің сөздері өте көп. Рухани, мәдени, экономикалық және шаруашылық атауларының дені ықылым иврит тілінен енген. Біз үшін бәрі арабшадай көрінгенімен, араб тіліне іргелес халықтардың сөздері көп әсер еткен. Арабшада шетжұрттан енген сөздерді арнайы муарраб деп атайды. Құран мен хадистегі терминдердің басым көпшілігі муарраб саналады, яғни шеттен енген сөздер саналады. Бірақ арабтар ежелгі тілдерден енген сөздерді барынша арабшаластырып барып қабылдаған.
Екінші, Құран тілі Хиджаздық құрайыш акценті негізінде түсірілді. Құрайыштардың тұрмыстық тілі сол ғасырда көшпенді араб тайпаларына қарағанда әлеуеті біршама жоғары еді. Ол кезде көшпенді араб тайпаларының кейбірі Мекке төңірегіндегі қолданыстағы тілді шұбар тіл деп санайтын. Пайғамбар келгенге дейін меккеліктер шар тараппен сауда жасап, керуен тартатын. Соған байланысты Мекке тілінде иврит тілін айтпағанда, ежелгі Мысыр, Үрім, Иран, тіпті ықылым Үнді тілінің сарқыншақтары өте көп.
Үшінші, пайғамбарлық келді, құран түсті, хадистер пайда болды, сонымен қатар тілдік (лингвистикалық) түйіткілдер пайда болды. Құран мен хадис семит тілінің құрайыш акценті негізінде түзілген еді, бірақ араб көшпенді тайпаларының кейбір акценттерінде құрайыш сөздері мүлде түсініксіз-тін. Сонымен құран аяттарындағы кейбір сөздерді тек қана құрайыш акцентімен айтамыз ба, әлде өз руымыздың тілімен аударып айтамыз ба деген үлкен сұрақ туындады. Тіпті бұл мәселе құранды мақамдап оқу кезінде де қайта-қайта белең алды, соңы қырғын дауға дейін барды.
Төртінші, араб тіліне иврит тілінен бөлек ең көп ықпал еткен тіл - ежелгі парсы тілі. Тіпті арабтар мемлекеттік әкімшілік құрылым мен салық жүйесін толықтай ежелгі Ираннан көшірді десек те болады. Бұдан бөлек ежелгі грек, латын тілдерінің ықпалы ерекше. Сондай-ақ прототүркі тілдерінің де ықпалы бар. Мәмлүк қыпшақ тілі мен моңғол-татар жорығының әсері негізінде кейбір түркі-моңғол сөзінің де ықпалы жоқ емес.
Бесінші, ислам халифатының қалыптасуы негізінде орталықтанған бір тілге деген қажеттілік артты. Сонымен әлеуеті жоғары құрайыш акценті құран мен хадистің өзегі, тұғыры саналды. Құранды бір ізділендіру үшін әртүрлі акценттердің құранды өзінше оқып таратуына шектеу қойылды. Бұл лингвистикалық үдеріс төрт халифат заманында аяқталды. Тіл бірізділене түсті, араб графикасы жетілдірілді, кейбір қаріптерге түбегейлі реформа жасалынды.
Алтыншы, араб тілінің бірізділене бастауы іргелес ру-тайпаларға мәдени экспансия жасады, нәтижесінде рулық-тайпалық деңгейден ұлт деңгейіне көтеріліп үлгермеген көп санды халықтар арабтандырылды. Дегенмен олардың тұрмысы, тілі араб тіліне және лексикомына ерекше ықпал етті. Араб тілінде аймақтық жаңа диалектілер, акценттер (шиве) қалыптасты. Құрайыш акценті құранда жақсы сақталғанымен, күнделікті өмірде арабтар мүлде басқа тілде сөйледі. Екі арабтың бірін-бірі түсінуі өте қиынға соқты.
Жетінші, қазақ тілі Алтай тіл жүйесінің түркі тілі тобының ішіндегі қыпшақ тілдері тармағына жатады. Алтай тіл жүйесі мен семит тілдер тобын салыстыру өте қиын, арасы өте алшақ. Араб-парсы тілінің түркі тіліне (қазақ тіліне) жасаған мәдени ықпалын бірқанша кезеңдерге бөліп қарастыруға болады. Бұл жерде астын сызып айта кететін бір жайт, араб тілі түркі тіліне парсы тілінің көпір болуымен енген, яғни араб тілі алдымен парсыланған, сосын барып түркілерге ықпал еткен. Ал ежелгі парсы тілінің Тұран даласына жасаған ықпалы араб тілінен де бұрынға барады. Тұран мен Иран арасындағы мәдени ауыс-түйістер өте күрделі жағдайда жүрді. Иран қалай әсер етсе, Тұран да солай Иранға ықпал етті. Сол себепті түркі тілдерінің құрамындағы кейбір ирандық ежелгі сөздер бүгінгі модерн парсы тілінде әлдеқашан ұмыт болған. Сәйкесінше ежелгі тұран тілі де бүгінгі парсы тілінде сақталып, модерн түркі тілдерінде қолданылу белсенділігі азайған.
Сегізінші, шағатай әдеби тілі кезеңінде араб-парсы тілінің ықпалы өте басым еді. Әдеби жазба тілді түсіну үшін арнайы араб және парсы тілінен сауат ашу керек-ті. Қазақтар нақты әдеби жазба тілі жүйеге түсіп қалыптасқанға дейін шағатай жазба тілін ресми әдеби тіл ретінде белсенді қолданды. Күнделікті өмірде түркінің саф тілін бұзбай сөйлегенімен, жазба тілде арабша-парсыша сөздері өте көп күрделі жазба тілді қолданды. Сонымен шағатай жазба тілін түркілендіру науқаны басталды. Науқан 19 ғ. соңын ала белсенді қолға алынды. 20 ғ. бастапқы кезеңінде А.Байтұрсынұлы шағатай жазба тілінен қазақтың төл жазба тілін бөлектеп сәтті түзіп шықты. Оны усул-и жәдид немесе төте оқу дейді. Төте оқуда А.Байтұрсынұлы араб-парсы дыбыстарын бейнелейтін бірқанша таңбаны графика құрамынан түбегейлі шығарып, графика құрамын тек түркі (қазақ) дыбыстарымен толықтырды. Жат дыбыс, бейтаныс таңбалардың әліпби құрамынан шығарылуы арабизациядан сақтап қалды. Сонымен бірге панславянизм мен евроцентризмнің мәдени ықпалдастығынан сақтап қалды. Соның нәтижесінде қазақ тілі басқа түркі тілдеріне қарағанда араб-парсы сөзінің ықпалына мейлінше аз ұшырады және тілге енген араб-парсы сөздерін қазақшаға бейімдеп сіңіріп алу қабілеті өте жоғары болды. Кейбір араб-парсы сөзінің қазақ тіліне сіңгені сонша түпкі тұлғасының өзі танылмай қалатындай деңгейде бейімделді.
Тоғызыншы, қазақ тілінің жазу емлесі мен графикасы саяси ойынның құрбанына айналды. Графиканың ауысуы ұлттың болмыс-бітімін әлсіретті, ең сорақысы жат сөздерді бейімдеу және сіңіру әлеуеті әлсіреді. Араб пен парсы сөздері мың жыл бойы қанша әсер етсе де қазақ тілінің тілдік әлеуетін қиратпаған еді, есесіне сіңіп бейімделген-тін. Ал қысқа ғана 70 жылда орыс тілі қазақ тілінің ішкі қабілетін қиратып, тілдік болмысын мейлінше жоюға апарды. Нәтижесінде қазақ тілінің жат сөздерді өзіне бейімдеу қабілеті жойылып кету алдында қалды.
Оныншы, тәуелсіздіктен кейін нео-исламның ықпалы тіл мен мәдениетке жаңаша әсер ете бастады. Қазақ тіліне еніп әбден сіңіп танылмастай болып кеткен араб-парсы сөздерін қайтадан арабшалау науқаны басталды. Сонымен бірге баламасы бар бола тұрса да арабша нұсқасын айту "руханиятты тұлға" бейнесінде көріне бастады. Тіпті кей уақыттарда Семит тіл тобының құрайыш акцентін жұмақтың "тілі" деп көтермелейтін панарабизм пайда болды. Онсыз да әлде бір тілдің шекпені мен теперішінен әлі құтылып бола алмаған қазақ тілі тағы да қаумалаған тілдік және мәдени ықпалдастықтың арасында қалды. Қазір әркім өзі тұтынған мәдениеттің жаршысы. Діни кадрлар қазақ тілінен арабша-парсыша сөзі санайды, совет шекпенінен шықпағандар қазақ тілі тұтасымен орыс тілінің көлеңкесі деп есептейді, ал тағы біреулер еуропалық модерн терминдерді қанша көп енгізсең, соншалықты "өркениетті" тұлғаға айналасың дейді. Көрнеу һәм көмескі өркениет қақтығысы әрбір қазақстандықтың санасында орын алып жатыр.
Он бірінші, менің ойымша Қазақстанда ұзақ мерзімді рухани қастандық жасаудың екі түрлі әдісі бар. Бірі - материалдық нысаналы әдіс. Екіншісі - рухани нысаналы әдіс. Материалдық әдіске мысалы киелі Түркістандағы А.Ясауи кесенесін айтуға болады. Кесененің айналасын әдемілеп абаттандыру және суды бұрқақтатып ауаның және топырақтың ылғалдығ
ын арттыру оны құлатуға арналған стратегиялық жоба. Мысалы, Ресей империясының жүргізген экспедиция зерттеуінде (ескі фотоларда) кесененің айналасында көзге көрнеу судың арығы немесе абаттандыру болмаған. Ауа мен топырақтың ылғалы және шуылдың артуы (музыка) оншақты жылдан соң кесене тұрпатына түбірінен ықпал жасайды, тіпті біз ол кезде тарихи мұрамыздан көз алдымызда айрылып қалуымыз бек мүмкін. Сонда кесенені бір күнде бір сәтте жарып жіберген қандай, бомбаны он бес жыл табиғатқа "көміп" соңында "жарған" қандай...
Екінші әдіс қолдан әдейі жасалынған рухани соғыстар. Соның ішінде халықтың пан-арабизацияға байланысты қарсылық көңіл күйін пайдаланып қолдан жоба жасау, атап айтқанда қолдан жасалынған аударма "тәңіршілдік". Ол шын тәңір танудың саясиланған сәтсіз аудармасы. Нәтижесінде халықты исламист және тәңірші деп екіге бөлдіре бастады. Тіл мен әдебиет, мәдениетке шорқақ кейбір дін қызметкерлерінің сәтсіз уағыздары қоғамдағы тәңіршілдік көңіл күйдің өршуіне негізгі себеп болды. Ал тәңіршілдік өршіген сайын діни тұлғалар олардың түпкі себебіне талдау жасамастан, оларды жеке діни субъектов ретінде қабылдап жаппай ғазауат ашып көзсіз күресуге айналдырды. Сөйтіп діннің рухани ағарту бағытынан көрі радикал көңіл күйлер оқтын-оқтын көрініс бере бастады. Тәңіршілдікпен күрестің соңы ұлттық салт-дәстүрге діни анықтама беруге әкеліп жатыр. Сөйтіп діни таразылаудан өтпеген "дәстүр" тәңіршілдердікі, ал рухани таразыдан өткені "исламдікі" демекші. Соңында қазақтың біраз төл дүниетаным, дәстүрі "тәңірші" есебінде жеккөрушілікке айналмақ-дұр. Тәңіршілдікті құртқан күні кейбір төл дәстүрді бірге құртпақшы. Алда "тәңірші" қоржынымен мәйектің жартысы бірге кетейін деп тұр. Осыған апармау үшін бірізді рухани идеология керек. Ұлт ретінде тұрпатымыз өзгерудің сәл-ақ алдында тұрмыз.
Он екінші, Қазақстандық діни қызметкерлердің көп қателігі дінді тек діни әдебиеттерді оқып беруімен шектелуінде. Діни салада пәнаралық байланыс жоқтың қасы. Іргелі және қолданбалы ғылымдар рухани салада ақсап тұр. Мысалы бір діни қызметкер құран мен хадисті жақсы білуі мүмкін, бірақ басқа ғылымдардан сауаты өте төмен. Әсіресе тіл, әдебиет, тарих және мәдениет саласында қабілеттері өте шорқақ. Діни қызметкерлер діни саланы өздері монополдап алған, басқа саламен байланыс жасауы, тәжірибе алмасуы жоқтың қасы. Мысалы, Қазақстанда тіл институты, әдебиет институты және тарих институты бар, бірде бір діни қызметкер ол мекемелердің табалдырығын аттап ғылымда не жаңалық бар, тарих қалай жазылып жатыр, әдебиетте қандай жаңа шығармалар бар демейді, диалог жоқ, мешіттен шықпайды. Дінді іргелі ғылымдармен түсіндірмеген соң ол тек құрғақ уағызға және биліктің саяси құралына айналады.
Елдес ОРДА 13.09.2024