Әлемнің тұрақты дамуындағы діни лидерлердің рөлі қандай?

Астанада Халықаралық конфессияаралық және дінаралық диалог орталығы ұйымдастырған «Әлемнің тұрақты дамуына қол жеткізудегі діни лидерлердің рөлі» атты халықаралық онлайн конференция өтті.

Жиынның басты мақсаты – әлемдегі қақтығыстардың алдын алу, бейбітшілікті нығайту және діни көшбасшылардың халықаралық мәселелерді шешудегі ықпалын арттыру.

Бұл шара әлемнің түкпір-түкпірінен діни лидерлерді, ғалымдарды және сарапшыларды біріктірді, олардың мақсаты – діни көшбасшылардың жаһандық қақтығыстардың алдын алудағы және бейбітшілікті нығайтудағы рөлін талқылау, сондай-ақ дінаралық диалогты дипломатиялық жолмен дамыту болды.

Конференцияны Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Басқарма Төрағасының міндетін атқарушы Марат Уәлиханұлы Қалижанов ашып, қатысушыларға ризашылығын білдіріп, жұмысына сәттілік тіледі.

Жиынға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитеті төрағасы А.Н. Хатиев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Әл-Азхар Ислам зерттеу академиясының Бас хатшысы Мұхаммад әл-Джинди (Мысыр), Дүниежүзілік ислам лигасының конференциялар мен іс-шаралар жөніндегі Бас директоры Салах әл-Адуани (Сауд Арабиясы Корольдігі), Доха халықаралық дінаралық диалог орталығының төрағасы, профессор Ибрахим Салех Әл Наими (Катар),  секілді көптеген халықаралық сарапшылар мен діни көшбасшылар қатысты.

Атап айтқанда Ислам тарихы, мәдениеті және өнерін зерттеу жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығының (IRCICA) бас директоры Махмуд Эрол Кылыч (Түркия), «Somaiya Vidyavihar» университетінің профессоры Рудракша Сакрикар (Үндістан), Айтян Гахраман Баку халықаралық мультикультурализм орталығының кеңесшісі (Әзербайжан), «Орталық Азия – Мұсылман ақсақалдар кеңесі» кеңсесінің директоры Мохамед Еламин Атта Амин Мохамед (БАЭ), Буддашылардың дүниежүзілік қауымдастығының өкілі Доктор Арифин Яма (Таиланд), Болгар ислам академиясының конфессияаралық диалог орталығының аға ғылыми қызметкері С.В. Мельник (Ресей), Авраамдық қордың президенті Саиф әл-Ислам Бенабденнур (Испания), Исламабад халықаралық ислам университетінің Исламды зерттеу институтының бас директоры Мұхаммед Зия Ул-Хак (Пәкістан), Орыс Православие Шіркеуі Мәскеу Патриархатының дінаралық байланыс жөніндегі Сыртқы шіркеу байланыс бөлімінің хатшысы Илия Кашицын (Ресей), Дикастерияның кешенді дамуға жәрдемдесу жөніндегі кеңесшісі Шила Кинси (Ватикан) сөз сөйледі.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өз сөзінде:

Қазіргі заманда ізгілік, мейірімділік, бауырмалдық және жауапкершілік қағидаттарының маңызы зор. Қазақстан әлемге бейбітшілік пен келісімнің үлгісін көрсетіп отыр. Ислам діні татулыққа, бейбітшілікке шақырады және өзге дін өкілдерімен ынтымақтастыққа әрдайым ашық, – деді.

Түркиядағы IRCICA орталығының бас директоры профессор Махмуд Эрол Кылыч болса: «Әлем қазіргі уақытта көптеген рухани дағдарыстарды басынан өткеруде. Осы ретте дәстүрлі рухани құндылықтарға негізделген өзара құрмет пен диалогты қайта жаңғыртуымыз қажет. IRCICA орталығы дінаралық және мәдени алмасулар арқылы түрлі дін өкілдері арасында түсіністік көпірін қалыптастыруды көздейді», – деген ойларын ортаға салды.

Махмуд Эрол Кылыч діни лидерлердің қоғамдық пікірді қалыптастырудағы және климаттың өзгеруі сияқты жаһандық мәселелерді шешудегі рөлін де атап өтті. Ол діни лидерлерді «хақиқат пен бағыт-бағдардың жаршылары» деп атап, олардың қоғамның әртүрлі топтарына әсер ету қабілетін баса айтты. «Religious leaders as dispensers of truth and guidance stand, as always, as beacons of reference and moral strength for their peoples» («Діни лидерлер әрқашан хақиқат пен бағыт-бағдардың жаршылары ретінде халықтары үшін моральдық күш пен бағдар болып қала береді»), – деді ол.

Кылыч діни лидерлердің қазіргі заманғы бей-жайлыққа қарсы күресте маңызды рөл атқаратынын және діни көзқарастардың қоғамдық пікірді қалыптастыруға, әсіресе климаттық дағдарыс және ресурстардың тапшылығы сияқты мәселелерде ықпал ететінін атап өтті.

Болгар ислам академиясының аға ғылыми қызметкері Сергей Мельник өз баяндамасында:

Діни лидерлердің жеке үлгісі мен бейбітшілікке шақыруларының маңызы ерекше. Олардың айтқан сөздері қоғамдағы шиеленісті азайтып, бейбітшілікке жетелеуі мүмкін. Әлемдік саммиттердің символдық мәнін арттырып, бұл бастамаларды медиа саласында кеңінен насихаттау керек, – деді.

Әл-Азхар Ислам зерттеу академиясының Бас хатшысы Мұхаммад әл-Джинди:

Ғылыми серіктестіктерді дамыту және тұрақты дамуға кедергілерді жою мақсатында барлық күш-жігерді біріктіруіміз қажет. Жұмыссыздық пен кедейшілікті еңсеруде саяси және экономикалық ынтымақтастықты нығайту аса маңызды, – деп атап өтті.

Конференция барысында түрлі елдердің өкілдері жаһандық диалогты дамытудағы халықаралық бастамалардың маңызын талқылап, рухани құндылықтарды насихаттауға және дінаралық қатынастарды нығайтуға белсенді үлес қосуға шақырды.

Конференцияда 2025 жылдың қыркүйегінде өтетін VIII Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне дайындық мәселелері де талқыланды. Бұл съезд дінаралық диалогты дамытуға және жаһандық бейбітшілікті нығайтуға бағытталған маңызды платформа ретінде қарастырылды. Мельниктің ұсынысы бойынша, съезде католик шіркеуінің «Nostra aetate» декларациясының 60 жылдығын атап өту ұсынылды, бұл дінаралық диалогтың тарихи маңызын көрсетеді.

Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының бастамасын жоғары бағалап, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінің жаһандық диалог алаңы ретіндегі маңыздылығын ерекше атап өтті.

Конференция ZOOM платформасында қазақ, орыс, ағылшын, араб тілдерінде өткізілді. Шараға әлемнің 12 елінен қатысқан сарапшылар мен діни көшбасшылар онлайн форматта байланысып, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі ортақ мәселелерді талқылады.