Псевдосәләфилер сыртқы түсін қалай өзгертті?
Биологияда «мимикрия» деген құбылыс бар. Белгілі бір жануар не жәндік өзін қоршаған ортаға сай өңі мен түсін өзгертеді. Яғни, сыртқы қалыпты өзгертуі.
Айтпағымыз псевдосәләфилер туралы еді. Өздерін «сәләфилер» деп атап, идеологиясын таратып жүрген уахабилер, қазір сыртқы тонын өзгертті. Олар қоғам арасында уахабилер мадхалилер, суруридтер, байсалды сәләфилер деген атпен белгілі.
Бұлардың арасында өзара келіспеушіліктері болғанымен, кітаптары мен ғалымдары ортақ (бұрыннан бар ақпарат). Енді қазіргі таңда аттарын қалай өзгертті дейсіздер ғой. Өздерін ханафи мәзһабынанмын деп, «тақия» киіп алды (тақия деген өздерінің мақсатына жеткенше қоғамның формасында болуы).
Оңалту жұмыстарында теологтардың ыңғайына жығылған болып көрінгенімен, үйлеріне барып өз сенімдері бойынша әрекет ете береді. 2013-2015 жылдары республика бойынша дәстүрлі бағытқа өтті деген кейбір діншілдер, шекара асып Сирия жеріндегі отқа жөнелді. Бұл жердегі мәселе олардың сыртқы құбылысын өзгертіп, ішкі сенімінде қала беруі.
Бүгінгі бұл сенімдегілер қоғамның өздеріне араздығын, қолдамайтынын білген соң, ақырын айлаға көшті. Оның аты – мимикрия. Яғни, саясатты қолдау, билікті ашық қолдау, пікірталасқа түспеу, сыртқы қалыпты өзгерту, әлеуметтік желіде жалған топтар ашып, тасадан тас ату. Олардың тарапынан мұндай құбылыс байқалғасын билік те ашық күресті баяулатты. Яғни жеңдік деген сыңай көбімізде байқалғанға ұқсайды.
Алайда, бұлардың ол тірлігі кезіндегі орыс генералы Кутузовтың тірлігіне ұқсайды. Фелдьмаршал Кутузов Наполеонды жеңу үшін орыс патшасын Мәскеуді тастауға көндіріп еді ғой. Артынша үлкен күшпен келіп, Наполеон әскерін ойсыратты.
Бұл жердегі айтпағымыз – әдіс-айлада болып отыр. Себебі, соғыс тек қолмен ғана емес, ақпараттық тұрғыда да жүріп жатқаны белгілі. Біз сәләфилердің осы шегінісін пайдаланып, ұлттық тарихи санамен ұштасқан дәстүрлі түсінікке қыруар ақша бөліп, қазақ қоғамын идеялық көркем тартымдылықпен баурап алуымыз қажет.
Көптің қолдауы енді келер жат идеяларды жұтып алып, оның орнына көк шөптегі фотосинтез процесі сияқты жақсы идеялар ұсынып отырар еді.
Кезіндегі Кеңес үкіметінің саясаты қазақ даласына қарапайым шаруаның құқығын қорғау желеуімен келген еді. Сәләфилердің де уақыты толғанда басқаша әдіс шаралармен келуіне ешкім күмән келтіре алмас. Өйткені, кез келген идеология халыққа тартымды әдіспен келері хақ. Олай болмаса, халықтан қолдау болмайтынын жақсы түсінеді.
Бір айтарымыз, 90-жылдары жіберген қатеміздей, санымызды тағы да соғып қалмасақ болғаны. Біздің өзімізге де рухани жаңғырып, ақылды қозғап, сананы билер идеялық тартымдылығы мол әдіс қажет. Өкінішке орай, біздің көп жұмыстарымыз халықты сақтандырғанымен, оларға тартымдылық жағын ұсына алмай жатқанымыз.
Оның бір ғана себебі бар. Ол – маман. Хәкім Абай айтпақшы «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстайтын» мамандар тапшылығы. Біздің идеология саласындағы басшылықтағы мамандарымыздың рационалды пікірлері, яғни тек «суық ақылды» (суық ақыл жүректі қозғар идеялық тартымдылықта болуы қажет) бағыттары халықтың көңілінен шықпай жатыр. Сондықтан жекелеген идеологтардың (жат бағыттағы) халыққа өтімділігі артып отыр.
Kazislam.kz