Спорт және дін

Қазір әлеуметтік желіде желдей естіп тұрған тақырыптардың бірі Токио олимпиядасынан лайықты орын ала алмауымыз болып отыр.

Оның астарын кейбір азаматтар спорттағы діннің бейнесінен көруде. Байқап қарасақ, біздің қоғамда екі жаққа бөлініп, бір-бірін кінәлау үрдісі желілерден жиі көрініс тауып келеді. Орта бағытты ұстану кемшіл болып жатады. Олай дейтініміз, мақтауда да даттауда да шектен шығып кетуге бой үйреніп қалды ғой. Бірақ негізгі мәселе расында спортшылардың көрсеткішіне діни көзқарастары әсер етіп жатыр ма деген сұраққа жауап беріп көрейік.
Исламның спортшылар арасында тез таралуына көбінесе діннің компенсаторлық (жұбатушылық), психологиялық функциясы әсер етеді дейміз ғой. Яғни, қазақтағы маңдайыңа не жазылса сол болады, бұйырған кетпейді, жүгірген жетпейді деген мақалдар бар ғой. Тура сол. Жалпы ислам әлемінің дамуда артта қалуына да исламдағы тағдыр түсінігін фаталистік деңгейде түсіну бір себеп деп айтып жүрміз. Абай айтады ғой, ауыруды жаратқан құдай, ауыртқан құдай емес. Байлықты кедейлікті жаратқан Құдай, бірақ бай қылған кедей қылған құдай емес... деп. Бұл тұрғыдан қарасақ жеңіс пен жеңілісті жаратқан құдай, бірақ спортшыларды жеңдірген, жеңілдірген құдай емес қой! Құдай әлемге белгілі бір заңдылықты қойған. Ол заңдылықты кім орындаса табысқа сол қол жеткізеді. Кәпір ме, мұсылман ба деп бөліп жатпайды. Осы тұрғыда діндарлық Абайша айтсақ ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректен тұру керек. Біреуі ғана болса шала болады.
Ал негізгі мәселе спортшылар арасында радикалды көзқарас қалай таралады деген сұраққа келсек. Мұхаммед пайғамбардың: «Күшті мұсылман әлсіз мұсылманнан абзал» деген өсиетін негізге алған ағым өкілдері дене қуатына көп мән береді. Бірақ жалпы қазіргі мұсылмандар өздері әлемдік деңгейде ғалым болуға ұмтылмайтыны, бірақ әлемдік деңгейде бір адам мұсылман дінін қабылдаса бөркін аспанға ататыны сияқты, өздері еңбектеніп спортшы болғаннан гөрі, дайын спортшыны көзқарасына кіргізуді абырой санайтын топтардың қармағына түсіп қалған спортшылар жаңағы фатализм мен шүкіршілдікпен ауырып қалуы ғажап емес. Сонымен бірге, ертең қандай да бір күш қолдану керек бола қалса, ағым өкілдерінің спортқа жақын болуы артықшылық болмақ. Тіпті кейбір жерлерде қылмыс әлемінде де ағым өкілдерінің «крышовать ету» қызметінің болуы осыған байланысты.
Тобықтай түйінін айтсақ, жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды. Пайғамбардың: «Адамның бетінен ұрудан сақтандырғаны» (хадис) құлағына тиген боксер не істейді?!. Сондықтан, спорт пен діннің қағидалары үйлеспейтін жағдайлар кездесіп тұрады. Теріс ағымға кірген спорттағы азаматтардың көбінің бокстан басқа салада болуы да содан ба деп ойлаймын! Сондықтан спорт саласындағы жемқорлық, таныстық мәселесімен қатар діни көзқарастар (ағымдар) мәселесіне де шолу жасаған абзал. Ал қазақы-мұсылманшылық пен имандылық спортқа кедергі деп даурығу да дін дұшпандығынан басқа ештеңе емес.
Кеңшілік Тышханұлы, дінтанушы