Діндегі экстремизмді игерудің рационалдық дискурсы және мұсылман келешегі

Ислам тарихының хариджилер дәуірінде және әртүрлі ақидалық мәзхабтар арасындағы пікірталастар заманында орын алған күпірлік, нифақ, пасықтық, үлкен және кіші күнәлар, тағұт, бидғат және т.б. мәселелер бүгінгі күні де өзектілікке ие болды.

Неохариджилік сипаттағы қазіргі кейбір ислам жамағаттары ханафилік мәзхабтағы иман мен исламның, сенім мен амалдың, наным мен ақылдың арақатынастары туралы қағидаларды қабылдай қоймайды, мұсылман қауымының болашағына қатысты иджтиһадтың есігін жапқан күйі қалдырады. Қазақстандық жамағаттың, имамдар мен діндарлардың басым бөлігі дәстүрлі исламға тән құндылықтарды ұстанса да, жат жерден енген діни идеологияның әсерінен діни эксклюзивті және экстремистік көңіл-күйді білдіретін ықпалдың күшейгені байқалады.
Қазақ халқының ғасырлар бойы ұстанып келген дәстүрлі діні исламның ханафилік-матуридилік ақидалық сеніміне негізделетіні белгілі. Бұл діни дәстүрдің сабақтастығы қазақ халқының практикалық дін ұстанымынан да, қазақ діни ойшылдары мен ақын-жырауларының поэзиясынан да байқалады. Ондағы дәлелдерді қазіргі кезде біреуді кәпір, біреуді мұнафық, біреуді тағұт қылып жүрген бүлікшіл ағымдардың айыптарына жауап ретінде пайдалануға болады.
Мысалы, инклюзивті ислами түсіндірмелердің теориялық немесе дискурстық негізін имам Матуридидің теологиялық және рационалдық ілімінен табуға болады. Атап айтқанда, исламның барлығын қамтушы универсализмі мен әркімді ұлттық және әлеуметтік тегі мен нәсілінің айырмашылығына бола кемсітпей, болмысына сай қабылдауы, адам құқығы мен құндылықтарының жоғары бағалануы, сондай-ақ, әр адамның Жаратушысын ақылмен табуы, сенімнің субъективтілігі, исламдық индивидуализм, иржа түсінігін қабылдау, әділетті қоғам идеялары Имам Ағзам мен оның қалыптастырған мектебінің ілімін тәухид және тәуилат тұрғысынан эпистемологиялық қырынан жүйелеген имам Матуридидің мәтіндерінің астарында кездеседі. Осы тұрғыдан алғанда әл-Матуридидің эксклюзивті көзқарастарынан инклюзивизмге, оның рационалистік қағидаларына көшуге ынта болу керек. Ислам қайнаркөздеріне теологиялық рационалистік көзқарас пен инклюзивті діни түсіндірмелердің дамуы арасында байланыс бар. Дәлірек айтқанда, ақыл мен сенім үйлесімділігінің рационалистік принципін инклюзивті исламдық дискурсты дамыту үшін де, келешекке қатысты перспективалық ойлау қалыптастыру үшін де қолдануға болады.
Жасанды интеллекттің қарыштап жүгенсіз дамуы, жаһандық жылыну мен экологиялық қауіптің белең алуы, антибиотиктерді жаппай қолдану салдарынан оған төзімді бактериялар штаммының ұлғаюы сияқты ғаламдық сын-қатерлермен сипатталатын бүгінгі күні өткен дәстүр шайқалып, болашақ бұлыңғыр тартады. Аталған үрдістермен қатар әлемде орын алып отырған әлеуметтік теңсіздік пен әділетсіздік, шашыраңқылық пен бей-берекетсіздіктің алдын алу үшін мұсылман қауымдастықтары тәрізді маргинал қоғамдар үшін болашақтың баламасын табу мәселесі туындайды.
Қазақстандық қоғамда инклюзивті мәдениет қалыптастыру, біздің пікірімізше, бүгінгі күні адам өмірінің барлық саласында әралуандылық белең алған жаһандану заманында әділетті қоғам орнатудың маңызды шарттарының бірі болып табылады. Бұл адамдардың бір-біріне деген толерантты да төзімді, гуманды да қауіпсіз қатынасынан көрінетін, әркімнің шығармашылық күштері мен қабілеті бағаланатын және негізгі де анағұрлым жалпы әлеуметтік игіліктерді қалыптастыру мен сақтау барысында жекелеген құндылықтар ескеріліп, ынтымақтастық идеялары мойындалатын қоғамдық сананың бір қырын білдіреді. Инклюзивті құндылықтар қоғамдық қалыптар және мұраттармен қатар, адамгершілік мәдениеттің маңызды құрамдас бөлігі болуы тиіс. Қоғамның инклюзивті мәдениеті қазіргі өркениеттік әралуандылық жағдайында рухани және әлеуметтік дамудың маңызды тетіктерінің бірі болып табылады, өйткені жынысының, жасының, нәсілінің, ұлтының, дінінің, ақыры соңында пікірінің өзгешелігіне қарамай, адам ретіндегі тұлғаны құрметтеу, ізгі қарым-қатынас көрсетіп, бауырмалдық таныту кез келген адамның салауатты өмірі үшін қажет. Мәдени әртекті қоғамның әр мүшесі өздеріне ұқсамағандардан жирену сезімін игеріп, әркімді де өз болмысына сай қабылдай білуі заманауи тұрғыда озық қоғамның гуманистік деңгейін білдірсе керек. Бұл қоғамдық сананың діни саласына да ерекше қатысты, себебі адамдар арасындағы кикілжің көп жағдайда осы діни көзқарас пен ұстанымның айырмашылығынан туындап жатады.
Сатершинов Бақытжан, дінтанушы, профессор