Қазақты адастыру кімге керек?

Қазір ақпаратқа қолжетімділік жоғары. Ғаламтор желісі арқылы төрткүл дүниенің жаңалығына қанық болуға мүмкіндік мол. Әлеуметтік желіде қоғамды жікке бөлетін «Тәңіршілдің жаназасы» туралы бейнекөрініс тарап жатыр. Белгілі бір топтың тұжырымы бойынша, оған «таза қазақша жаназа» сипаты берілуде. 

Біз әлмисақтан мұсылманбыз. Ата-бабаларымыз да өлген адамды мұсылмандық жолмен шығарып салған. Өзі аз ғана қазақтың санасына «тәңіршілдік» ұғымын қайта сіңіруге ұмтылғандар тым шектен шығуда дейді дін мамандары.

Таралған видиода жаназа намазы мүлдем оқылмаған, сапқа тұрған жұрттан марқұмның парыз-қарызы сұралып, дұға ретінде қазақша сөздер айтылады. Марқұмды апарып жерлеген соң, өздерінше бағыштау арнап оқыды. Жалпы олар араб сөздерін қолдануға қарсы. Сол себепті де діни рәсімде айтылатын сөздерді өздерінше қазақы қолданысқа бұрып алған. Олардың «Өмін» деп бірге айтатын сөздері діндегі «Әминнің» тікелей көшірмесі секілді.

«Өзіңнен зорды көргенде, екі көзің сонда шығар» демекші, бұл сорақылық  үй ішінен үй тігу – елді шатастыру әрекеті. Болмаса қазақ халқы бүгінге дейін ақтық сапарға арулап шығарып салатын салтты білмеді емес, білді.

Жасы үлкен қариядан немересі сұраған екен: «Ата! Бір адамның өмірінің мерзімі қандай?» Қария күлімдеп: «Азан мен намаз арасындағы уақыт, балам!» дегенде, немересі: «Қалайша, өмір осыншалықты қысқа ма?» деп сұрайды. Атасы: «Иә, балам. Өмір, намазсыз азан мен азансыз намаз арасындай», – дейді. Немересі қайта таңқала сұрайды: «Намазсыз азан мен азансыз намаз дегеніңіз қалай?» дегенде, атасы немересін қолға алып: «Балам, өткенде көршіміздің баласы туылды. Сәбидің құлағына азан айтылды, есіңде ғой? Ал ол азанның намазы оқылды ма? Жоқ. Ол азан «намазсыз азан» болатын. Адам өлген кезде оқылатын намаздың азаны болмайды. Ол «азансыз намаз». Ол намаздың азаны адам туылған кезде оқылып қойылған еді…

Міне, осы ғибраттан-ақ атадан балаға жалғасып келе жатқан мұсылманшылық жол болғанын байқауға болады.

Ал дінде жоқ нәрсені бұрмалап, санаға сіңірудің астарында жымысқы әрекет, елді ішінара бөлу саясаты жатқандай. «Әли-Имран» сүресінің 103-аятында: «Барлығың Алланың жібінен (дінінен) ұстаңдар да бөлінбеңдер», – деп айтылған.

Діннің қайнар бұлағы – Құран және сүннет. Хз. Әнастан (р.а.) жеткен риуаят бойынша, Пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген екен: «Исраил ұлдары жетпіс бір тармаққа бөлінеді. Үмметім болса жетпіс екі тармаққа бөлінеді. Біреуінен басқа барлығы жәһаннамда болады. Бұл бір бөлік жамағат болғандар».

Ел тәуелсіздік алғанда ел ішінде еркінсігендер көп болды. Соның салдарынан түрлі дін атын жамылғандар бой көтере бастады. Тәңіршілдікті тастап, Ислам дінін ақылмен қабылдаған қазақты қайта адастыру кімге керек болды? Қазақ халқының туғаннан – өлгенге дейін атқаратын жоралғылар тізімі асыл дінмен біте қайтасып жатыр емес пе?!

Қай қазақтан сұрасаң да, «әлхамдулиллә, мұсылманмын» деп жауап береді. Ал «Тәңіршілдің жаназасында» не дін жоқ, не намаз жоқ, қарабайыр сөзбен елеусіз күйі қабірге көмілді… Алла сақтасын!

Асылында, адам қайтыс боларда иман кәлимасы айтылады. Өлген адамды жуындырып, төрт тәкбірлі жаназа намазы оқылады. «Өлдің Мамай, қор болдың!» Алладан безсең, ақырғы сәтіңде қалай жөнелтілетінің де күмәнді…

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұлов қызу талқыға түскен тақырыпқа қатысты пәтуалы пікір білдірді:

 

«Шариғат үкіміне келсек, Ислам дінін мойындамайтын, – пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кемсітетін адам, қазақ болса да, мұсылман саналмайды. Ондай адамның бауыздаған малы харам, қайтыс болса, оған жаназа намазы оқылмайды, өлігі мұсылман зиратына қойылмайды, ондай сенімдегі адамға үйлену де дұрыс емес.

Тәңіршілдер секілді хақ дінге жала жабушылар туралы Алла Тағала Құранда: «Адамдардың ішінде, ешқандай да білімі болмаса да, нұсқаушы жобасы, сүйенер нұрлы Кітабы болмаса да, Алла жайлы пікір айтып дауласатындар да бар ғой. Ондай пенделер тоңмойындық танытып, өзге жұртты Алла жолынан тайдыруға тырысады. (Соның кесірінен) олар бұл дүниеде қорлыққа душар болады. Ал Қиямет күні Біз оларға Тозақ отындағы азаптың дәмін таттырамыз», – деген («Хаж» сүресі, 8-9 аяттар)».

Ес білгелі үлкендердің аузында – Алласы, жүз бұрғаны – құбыласы екенін көріп, білдік. Жетпіс жылғы бодандық пен отарлау саясатынан қазақ халқын мықты рухы аман сақтап қалған еді. Енді міне, тіл мен діл түзеліп, дәстүрлі дінге бет бұрған кезде «естімеген елде көп» болып отырмыз. Алланы аузына алмайтын, дұға тілеп, алақан жаймайтын тәңіршілдер құран оқымайды-мыс.

Тәңіршілдік ешқандай да дінге жатпайды. Өйткені оның ілімі, мәдениеті, шығу тарихы қалыптаспаған. Сондықтан өздерін «тәңіршілміз» деп жүргендер ел ішін бүлдіруден басқа жақсы әрекет жасап отырған жоқ. Олар Ислам дінін арабтардың діні деп таниды және бүгінгі әрекеттері арқылы қазақты тәңіршілдікке қайтаруды көздейтін секілді.

Білімсіздік, бұл – надандық. Ақылдың өзі Алла тарапынан берілетін үлкен сый. Ақылды қолдану арқылы адам түйткілді мәселелерді шеше алады. «Ақылы жоқтың діні жоқ» деп неге айтылған? Адам ақылы болмаса, басын тауға да, тасқа да соғып, ақырында бағытынан адасары сөзсіз.

Қоғамның қозғаушы күші – жастар. Сол жастарымыз ақты ақ деп білгені дұрыс. Тәңіршілдерге бүгін тосқауыл қоймасақ, ертең кеш болады, ағайын!

Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ