Дінтанушыны молдамен шатастырмайық

Бүгінде еліміз бойынша сауатты дінтанушы мамандардың жетіспейтіні анық. Осы мәселені басшылыққа алып, таяуда әлеуметтік желіде әр облыстағы мемлекеттік университеттердің жанынан дінтанушы (теолог) мамандар даярлау керектігін айтып, ойымызды ортаға салғанбыз. Сөйтсек, теолог деген маманды білмейтін біраз желі қолданушылары   дінтанушыны қожа-молдамен шатастырып, «жұрттың бәрін молда қылғанда не ұтамыз» дегендей сыни ойларын айтыпты. Біздіңше, бұл – қате түсінік.

Білікті дінтанушыны қолға шам алып іздесеңіз де таппайсыз

Бірден айтайық, дінтанушыны мешітте азан шақырып, өлген адамды кебіндеп шығарып салатын молда-қожамен шатастырмаңыздар!

Дәл қазір облысты айтпаған күннің өзінде 100-200 мың адам тұратын ауданнан жөн білетін бір дінтанушы маманды шаммен іздесеңіз таппайсыз. Бұл сөзімізді ешкім жоққа шығармасы анық.

Бүгінде әр аудандағы Ішкі саясат бөлімі жанынан дін мәселесімен айналысатын бір маман жұмыс істейді. Бұдан басқа жергілікті жердегі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері де дін мәселесін бақылайды.

Солардың бәрі дін саласын жетік біледі деп айту қиын. Білікті маман болмағаннан кейін бұл штатта кім көрінген жұмыс істейді.

Сол себепті жастардың адасушылығы, өзге ағымның шылауында кетуі тыйылмай тұр.

Егер біздер жібі түзу дінтанушы мамандар даярлайтын болсақ, олар аудандық ішкі саясат, жастар бөлімінде жұмыс істер еді.

Өкінішке орай, біздер дінтанушы мешітте жұмыс істейтін молда деп түсінеміз. Бұл қате ой. Керек десеңіз, білікті дінтанушы кез келген аудан әкімінің орынбасары болып, тұтас ауданның идеологиялық жұмысын дөңгелетіп кетуі мүмкін.

Керек десеңіз, дінтанушылар мектепте тарихтан сабақ беруіне де болады. Қазақ қоғамы дінтанушы маманның қызмет ауқымы кең екенін түсінуі керек. Біздер дінтанушыларды басына сәлде орап, ақ шапанын киіп алып, мешіттен шықпайтын молдалармен шатастырмауымыз керек.

Мешіт салатын ақшаны дінтанушыларды дайындауға жұмсау керек

Дінтанушы деген кім? Біздіңше, дінтанушы деп Қайрат Жолдыбай, Досай Кенжетай сынды азаматтарды атауға болады. Ал ойлап қараңызшы, дін саласының қыры мен сырын жетік білетін осындай білікті азаматтар әр ауданда қызмет етсе дін саласы көгеріп, көктемей ме? Көктер еді.  Сондықтан дінтанушыны басына сәлдесін орап, ақ шапанға оранып алған молдамен шатастырмайық.

Еліміз Тәуелсіздікке ие болғаннан кейін жағдайы бар азаматтардың бәрі туған ауылдарында ата-бабасына арнап, мешіт тұрғызудан жарыс басталып кетті. Соның арқасында Қазақстанда мешіт мәселесі толықтай шешілді. Үкімет мешіт салу үшін бір тиын да шығындаған жоқ.  

Қазіргі таңда мешіт салу үшін қандай құзырлы орындардан рұқсат берілетінін білмейміз. Бірақ бұл мәселе бір жерден бақыланатыны анық.

Біздіңше, алдағы уақытта Діни басқарма ата-бабасына мешіт салып, атын шығарғысы келгендерге қаржысын дінтанушы мамандарды даярлау ісіне жұмсауға үгіттеуі керек. Қайталап айтамыз, дәл осы істі Діни басқармаға жүктеген жөн.

Қызықсыз мақаланы кім оқиды?

Соңғы жылдары дін саласында ушыққан мәселелердің түйінін Діни басқарма тарқатып келгенін білеміз. Облыс пен аудан орталықтарындағы дін саласына бақылау жасайтын мемлекеттік органдар Діни басқарма секілді тиімді жұмыс істей алмауда.

Бір мысал айта кетейін. Бүгінде жергілікті жердегі дін саласына жауапты басқарма, бөлімдер жер-жерде семинарлар ұйымдастырып, жергілікті ақпарат құралдарына мақала шығарып тұруға міндеттелген.

Осыдан біршама уақыт бұрын бір облыстың дін саласын реттейтін мекемесінен «дін бойынша жұлдызнамаға сенуге болмайды» деген бір жапырақ мақаласын жіберіпті. Әлгі мақаланы оқығанымызда интернеттен көшірілген дүние екенін бірден байқадық.

Егер облыс пен аудандарда білікті дінтанушы мамандар жұмыс істесе, олар бізге мұндай мақала жіберуге ұялар еді. Бүгінде ауданды айтпаған күнде облыстық деңгейде дін мәселесін талдап, таразылайтын мамандарды қолыңызға шам алып іздесеңіз таппайсыз.

Әлігі мақала қолымызға тигеннен кейін оларға мекемелерінің атынан дәл осындай мақала шығару ұят екенін, ертеңгі күні сынға қалатындарын айтып түсіндірдік. Есесіне, облыстағы мешіт пен шіркеудің жетекшілерінен сұхбат алайық дегенімізді олар «ондай материалдар қабылданбайтынын» кесіп айтты. Сол кезде мемлекеттің осындай басқарма, бөлімдерге бөлінетін ақшаны дінтанушы мамандар даярлау ісіне жұмсаса деген ой келді және елімізді жайлап бара жатқан жат ағымдарға қарсы күресіміз әлдеқайда тиімді болатынын түсіндік.  

Ауыл әкімінен имам артық

Күнделікті өмірден тағы бір мысал айта кетейік. Өткен жылы Арыс қаласында оқ-дәрі қоймасында жарылыс болып, тұтас Қазақстан арыстықтарға гуманитарлық көмек көрсеткенде имамдардың халықпен тиімді жұмыс істейтінін байқадық.

Сол кезде ауыл мешітінде имам болып жұмыс істейтін ағамызды ауыл әкімі кабинетіне шақырып алып, «Арыстағы халыққа қол ұшын беруге ақшалай, заттай көмек көрсетуге ауыл халқын үгіттеуге атсалысыңыз» деп өтініш айтқан ғой. Мұндай жұмыстар имам ағамыз үшін әдепкі шаруаға айналғандықтан, ағамыз бір аптада ауылдық әкімдіктің бір маманын соңынан ертіп әр үйге кіріп, үгіт-насихат айтқаннан кейін ауыл халқы шамасы келгенше көмек көрсетіпті.

Міне, байқадыңыздар ма, қазір ауылда әкімдерден гөрі имамдардың беделі жоғары. Ал сол имамдардың бәрін білікті дінтанушы деп айта алмайсың. Әкімдердің айтқанына көніп, айдауында жүрген пақырлар.

Көпшіліктің есінде шығар, осыдан бірер жыл бұрын бір имам «кредит алудың күнәсі анасымен зинақорлыққа барғанның күнәсімен бірдей» деп айды аспаннан бір-ақ шығарған еді. Әлгі молданың «афоризмін» кредит алып, көңіл қошы болмай жүрген жүздеген мың қазақ сол заматта әлеуметтік желіде қолдан-қолаға таратып жіберген болатын.

Егер мешітте тиянақты білім алған дінтанушы маман жұмыс істесе, мұндай әңгіме айтар ма еді? Әрине, айтылмасы анық. Осыдан бәленбай ғасыр бұрын бір діни кітапта мағынасы осыған ұқсас бір әңгіме жазылса, жазылған шығар. Бірақ оны жерден жеті қоян тапқандай дүйім жұртқа жар салу ұят қой. Әлгі әңгіме қазіргі заманмен де үйлеспейтіні белгілі. Елімізде білікті дінтанушы маман тапшы болғандықтан, «ислам жұлдызнамаға қарсы, несие алмау керек» деп болмайтын дүниелерді әңгімелеп отырмыз. Соны түсінетін кез жетті ағайын! 

Нұрлан ЖҰМАҚАНОВ