Діндарлықтың деңгейі және оны әлеуметтанулық өлшеу

Жалпы әлемде және Қазақстанда діни таяз түсінікке негізделген экстремизмнің белең алуының бірнеше объективті де субъективті себептері мен алғышарттары бар

Дінге деген дүниетанымдық қызығушылықпен бірге тіркелген және тіркелмеген діни бірлестіктер мен жамағаттар санының артуы, мемлекеттік идеологияның бәсеңдеп, плюрализмнің орын алуы барысында зайырлылыққа балама ретінде діни идеологияның тарала бастауы, діни және дінтанулық сауаттылық пен білім беру деңгейінің төмендігі, жаһандану заманындағы виртуалды ақпараттың ағынымен жат жұрттық дәстүрлі емес діни идеялардың әсері, ішкі әлеуметтік өмірдегі теңсіздіктер мен әділетсіздіктер және т.б.

Діндарлық өмірқамының белгілі бір құндылықтық-мағыналық қалыбын қалыптастыра отырып, адам мен азаматтың, әлеуметтік топ пен қоғамның, ресми ұйым мен мемлекеттің бірегейлігі мен олардың даму бағдарларына ықпал ете алады. Бұл жағымды немесе жағымсыз ықпал ұжымды немесе қоғамды шоғырландыруға да ыдыратуға да сеп болуы мүмкін. Сондықтан өзін бағалайтын кез-келген табысты мекемеде (мемлекетті айтпағанда) ішкі рухани ауанды бақылап отыратын әлеуметтанулық қызмет болуы керек.

Әлеуметтанулық тұрғыдан діндарлықты индивидуалды әрі қоғамдық сана деңгейінде (діни сенімі, түсінігі, ниеті, қалауы, таңдауы және т.б.) және құбылыс деңгейінде (идеяларының жүзеге асуы, жеке немесе жамағатпен парыз амалдарды орындауы, оны жариялауы немесе жасыруы, өзгелерді тартуы және т.б.) қарастырады. Құндылықтық сана, амал-әрекет және институт ретіндегі діндарлықтың типологиясын, оның белсенділігі немесе енжарлығын, оның ашықтығы немесе тұйықтығын және т.б. анықтайтын әлеуметтанулық іргелі өлшемдер де бар.
Сауатты жүргізілген әлеуметтанулық зерттеудің көмегімен біздің қоғамдағы діни сананың жағдайын бағалауға болады. Ал бұл өз кезегінде елдегі діни ахуалды түсінуге мүмкіндік береді. Сол арқылы діни экстремизм мен радикализм құбылыстарының алдын алуға, дін саласындағы мемлекеттік саясатты үнемі жетілдіріп отыруға болады. Әрине, қазақстандық қоғамдық сананың қыртыстары мен оның институттарын діндарлармен қатар, күмәнданушылар мен дінге сенбейтіндер де құрайтынын, негізгі ірі конфессиялармен қатар, олардың ішіндегі әр алуан дәстүрлі және жаңа діни ағымдарды ұстанатын жамағаттың бар екенін, бұл саланың үздіксіз қозғалыста болатын күрделі де нәзік сала екендігін ескеруіміз қажет.