Жұмаділ Қарлығаш: Кино – жастарды жанкештілікке итермелеуде

Кино - бірнеше ұрпақтар бойы, әлі күнге дейін адам санасына әсер ету жағынан алдыңғы қатарда. Фильмдер отбасылық жанжал, махаббат оқиғасы, әзіл-ысқақ, күнделікті тұрмыс, дін және т.б. әлеуметтік маңызды, кейде шынайы құбылыстарды көрсетуге бейім. Ал, ол жердегі образдар шынайы өмірде жоқ, ойдан алынған, кейде фантастикаға жақын болып келеді.

Кейіннен адамның ойлау процесіне әсері үлкендігін білген туынды авторлары, әртүрлі ақпараттарды еркін түсіруге көшті. Фильмдер заман талабына сай өзгеріске ұшырап, басқа құрылымдарды, жат құндылықтарды насихаттай бастады. Осы тұста ескере кететін жәйт, кинодағы образдардың адамға әсері әртүрлі. Кейде, жағымсыз кейіпкерлер адамда эмпатия тудыруы мүмкін.

Кинотуындылар адам санасына, күнделікті дағдыларының өзгеруіне ықпалы аз еместігін жоғарыда атап өттік. Күнделікті көретін медиа өнімдер, араласатын ортамыз - біздегі дүниетанымдық көзқарастың қалыптасуына, бекуіне, бағытымыздың айқындалуына әсер етеді. Мысалы, кейбір кинотуындылардан кейін жекелеген тұлғаларда Құдайға, дінге қатысты бірқатар сұрақтар туындайды. Ал, сыни ойлай алмайтын адамдарда фильмді шынайы өмірмен теңеп, кейіпкерлердің мотивін жеке өмірлеріне мақсат ететін жағдайлар да кездеседі.

Шетелдік басылымдарға сүйенер болсақ, фильмдерде көрсетілетін зорлық-зомбылық актілері америкалық киноиндустрияның барлық жанрында кездеседі. Соған қарамастан, психолог мамандардың назары экшн фильмдерге түскен. Зерттей келе, соғыс, қақтығыс жайлы фильмдер жасөспірімдерге әсері зор екені анықталған. Оларда  ересектермен салыстырғанда фильм тамашалаудан кейін кішігірім уақыт аралығында физикалық белсенділігі артып, күйгелек, ашушаң  болуы байқалған.

Кино мен деструктивті діни-саяси ағымдардың ортасындағы байланысты осы мәселе арқылы қарастыруға болады. 2005 жылы АҚШ-та бандиттік топтардың жаңа толқынының дамуына байланысты зерттеу жүргізілді. Зеттеудің мақсаты қазіргі заманғы киноиндустрияның бандалардың көбеюіне тікелей әсерін анықтау болатын. Қорытындысында фильмдердегі бандалардың романтизацияланған бейнесі жастарды бұзақылыққа итермелеуі әбден мүмкін деген ойға келді.

 Осы зерттеулерді ескере отырып, «қауіпті» фильм көрудің идеологиялық фундаменті жоқ жастарға ықпалы зор екендігіне көзіміз жетті. Алайда, идеологиялық бос кеңістікті Қазақстан жастары жанкештілік жасап, кинодан кейін адам бойындағы агрессивтілік асқынып, билікпен жүргізіліп жатқан саясатқа көңіл толмаушылықтың күшею қауіпі артып келе жатқанын айта аламыз.

Жастардың зұлымдыққа эмпатия танытуының тағы бір себебі – «жастық максимализм». Бұл негативті кейіпкерлерге де тән қасиет. Фильмде ұсынылатын идеалистік принициптер жастарды мотивациялауға көмектессе, бір жағынан олардың радикалды идеялардың жетегінде кетуіне де мүмкіндік жасайды. Оған қоса, заманауи кинотуындыларда зорлықтың объективизациясының белең алуын ескерсек, салдарында эмоциясыз, мотивацияланған радикал тұлғалардың көбеюімен күресетін боламыз.

Мысалы, еліміздегі тыйым салынған ДАИШ ұйымы 2016 жылға дейін өздерінің бейне кадрларын YouTube желісіне еркін салып, адамдары «Халифат» құруға шақырды. Осындай үндеулерден кейін адамдардың ойы бұзылып, соғыс аймақтарына да кетіп қалған фактілер кездесті. Ал, 2000 жылдары атақты болған «Зехраның көзі» фильмі теріс ағымды насихаттап, кинода дұрыс деп көрсетілген жат ағым, талайды жолдан тайдырды.

Алайда, біз барлық проблеманы жастардың кино көруінен ғана шектеп қоймауымыз керек. Егер, ата-аналар баласы кәмілеттік жасқа толмаса оның не қарайтынан ғана емес, ортасына да мән беру керек. Содан кейін, киноның қандай жасқа арналғанына назар салу, жасөспірімнің бойында негативті агрессияны тежеу үшін отбасылық атмосфераны жағымды ету, бала бойындағы альтруизмді өнерге, спортқа бұру, жастардағы идеологиялық иммунитет қалыптастыруына көмектесу, осы пункттерді орындаған жағдайда, шетелдік киноиндустрияның жағымсыз әсерін азайтып қана қоймай, жастардың дұрыс әлеуметтенуіне ықпал ете аламыз.