ХІХ ғасырдағы қазақ жеріндегі діни ахуал

Патша үкіметі ХІХ ғасырдың бірінші ширегінде қол астындағы мұсылман халықтарға, ислам мен оның институттарына қатысты саясатын белсенді түрде жандандырып,  ХІХ ғасырдың екінші ширегінде бұл саясатынан бас тарта бастады.

ХVІІІ ғасырдың ортасынан басталған, бірақ сәтсіздікпен аяқталған күштеу, зорлық-зомбылық көрсету тәсілдерінің орнына патша үкіметі жаңа заманда жаңа әдіс-тәсілдерге көшіп, мұсылман халықтарының, оның ішінде қазақтардың ел билеушілерін өзіне тартып, сыйлық беру, марапаттау, алдап-арбау сияқты қитұрқы саясат арқылы отарлауды іске асыра бастаған болатын. Мұсылман халықтары мекендеген аймақтардың орыс мемлекетінің құрамына қосыла бастаған уақытынан бері қаншама жылдар өтсе де патшалық биліктің исламға қатысты саясатында бірізділік болмағаны айқын көрінеді.

Жалпы алып қарасақ, орыс мемлекеті мен ислам арасындағы қарым-қатынас эволюциялық бағытта, қарама-қарсы тұрудан өзара ынтымақтастыққа қарай дамыды. Орынбор мүфтилігінің құрылуы империялық биліктің исламды терезесі тең дін ретінде ресми мойындауы болып табылады.

Мұсылмандардың діни басқару әкімшілігін құрғанда патша өкіметі бірқатар мақсаттарды көздеді: яғни біріншіден, мұсылман дінбасыларын өз бақылауына алу; екіншіден, оларды ресейлік жҽне шетелдік мұсылман қауымдары арасында Ресей саясатын жүргізу үшін пайдаланбақ болды. Мемлекет діни басқарманың түркі тілдес халықтар арасында беделінің көтеріліп кетпеуін де қадағалап, кедергілер қойып отырды. ХVIII ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасыр басында Орынбор мүфтилігін қатаң қадағалайтын сенімді тетіктер қалыптасты. Мұны Орынбор мүфтилігінің екі жақты бағынышты жағдайда болуынан айқын байқауға болады, яғни ол бір мезгілде Ресей империясының Ішкі істер министрлігі мен Шетелдік діндердің айырықша департаментінің бақылауында тұрды.

Ресми билік орындарының ислам дінін қысымға алып қудалауы, қазақтарды шоқындыруы, мектеп-медреселерде орысша оқытуды енгізуі барлық мұсылмандардың, оның ішінде қазақтардың да наразылығын тудырды. Бұқара халық өзінің әдет-ғұрпына, салтына, дәстүріне, тіліне дініне зор қауіп төнгенін түсіне бастады. Әрине, бұл наразылық жеткілікті дәрежеде ұйымдаспаған, күрес бағыты айқын емес қарсыласу ғана болды. Осындай жағдайда қазақ зиялыларының петициялар жолдау арқылы саясатқа ашықтан ашық қарсы шығуының өзі отаршылардың айдауына қазақ халқының оңайлықпен көне қоймайтынын, өзінің ұлттық қасиеттерін сақтау үшін тайсалмай күресетінін анық байқатты.

Патшалық Ресейдің Қазақстанда мұсылман дініне жүргізген істерінің астарында отаршылдық саясат жатқандығы айқын. Бөкей Ордасын құрудағы патша үкіметінің басты бағыты кіші жүзді бөлшектеуден туындағанын баса айта аламыз.  Бөкей Ордасындағы ислам дінінің дамуы да сол заманда жүргізген саясат шеңберінде жүргізілді. Жайық пен Еділдің қойнауында құрылған Бөкей Ордасында ислам дінінің дамуы мектептердегі діннің оқытылуымен, жергілікті халық идеологиясында Бөкей Орда хан әулеттерінің исламды басты ұстанымда негіздеуімен, мектеп-медресе, мешіт салдыруымен, ислам бес парызының бірі «қажылық» парыздарын ұйымдастыруымен көрініс тапты.

Бөкей ордасындағы ислам дінін таратушы молдалар, рухани жолды патша үкіметінің толық бақылауында жүргізді. ХІХ ғасырда Бөкей Ордасындағы исламның дамуы мүдделі үкімет сарынында жүйеленді. Молдалар сатылы жүйе арқылы Патша үкіметіне бағындырылды. Ислам дінінің дамуы жөнінен Бөкей орда ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында-ақ Қазақстанның басқа аудандарынан ерекшеленді. Жәңгір хан өзінің билігін исламға арқа сүйей отырып күшейткісі келді. Молдалар өздерінің мамандықтарына сай емес тапсырмаларды да орындады. Бұл тарихымызда отаршылдық жүйенің сарыны ретінде қарастырылады.

Жәңгір хан молдалардың міндетіне қарамағындағы тұрғындар туралы мәліметтер жинағын реттеу үшін метрикалық кітаптарды жүргізуді қосқысы келгендігі жөніндегі мәліметтер бар. 1838 жылдың өзінде мұсылман тұрғындарына да метрикалық кітапты енгізу жүйесінің таралуы туралы Сенаттың бұйрығы жарияланды.

Бұйрық бойынша, метрикалық кітапқа туу, өлу, некелесу туралы мәліметтер енгізу қаралды. Ханның бұл Сенат бұйрығын орындауға талпынысын, мысалы, Сакакова бөлімінен Утяу (Өтеу) молданың хатында көрсетіледі. Ол былай жазады: «Егер сіздің ұлы мәртебеңізге жағымды болса, біз сізге және дәрежелі ахунға, қырғыздар арасындағы неке жылының жалғасуындағы қағидалар және оларға куәлік болған кімдер, қашан және қанша балалары туылғаны, оларға қандай есім берілгені, олардың қаншасы сүндетке отырғызылғаны, қаншасы үйленгені және қыздар тұрмысқа шыққаны, қанша адам қайтыс болғаны жазылған кітап ұсынғымыз келеді. Егер бұл тәртіптерге қарсы болмаса метрикалық кітапқа барлығын жазамыз. Егер сіз бұл ұсынысты құптасаңыз, бізге тиісті бұйрық беруіңізге болады.

Молдалардың тек шариғат негізінде жұмыс жасамай, діннің негізінде халықтың тұрмыстық жағдаяттарына араласып отырғанын көреміз. Бұл араласудың салдары халық пен тағайындалған молданың арасында келіспеушіліктер де орын алып отырған. Бұл жағдайларды төмендегі Ішкі Ордадағы жағдайлардан байқауымызға болады. Орынбор рухани жиналысы мұндай жағдайларда тағайындалған молдалардың құқығын қорғап отырған.

Қазақ жерінде мұсылман мектептерімен қатар орыс мектептерінің көптеп ашылуы, білімге құштар, арманшыл қазақ жастарының өмірлік мақсат-мұратын айқындап, болашақ мамандық таңдау сияқты келелі мәселелердің бетін ашып алуға, талаптануға баламалық жағдай жасады. Алайда, халықтың рухани дәстүрлері – ғасырлар бойы ауысып отыратын мирас десек, өте сақ, алдын ала ойластырылып, құйтырқы жүргізілген рухани отарлау саясатының ауыр зардаптарын да мойындауымыз керек.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында патша үкіметінің ислам дініне қатысты саясаты қазақ даласында мектептер мен медреселер салдырып, Құранды қазына есебінен бастырып, оны қазақтар арасына тегін тарату сияқты шаралар арқылы іске асқандығы айқындалды. Патша үкіметінің мақсаты – халықтың ақыл-санасын бұрмаланған дінмен шырмап, қараңғылықта ұстау, қазақ жастарын орыстандыру арқылы өзінің отаршылдық саясатын іске асыру еді. Осылайша, рухани өмір тынысын билік идеологиясына сәйкестендіріп, тікелей бақылау үшін арнайы күзеттегі әскер тобын ұстау мен «ахун» бастаған молдалар тобын жасақтау Бөкей ордасындағы хан билігін бекітіп басқаруды орталықтандыру саясатына қызмет етті.

Молдалардың қызметі тек рухани саламен қатаң шектелді. Сот істерін шешу олардың құзыретіне кірмеді, мысалы, Ішкі Орданы басқару бойынша Уақытша Кеңестің жеткізуі бойынша: «Жеке қасиеттеріне байланысты ордалықтар арасындағы сенім мен құрметті алған молдалардың әрбірі іске келгенде ордалық отбасылардың арасындағы істе еш ықпалы болмайды, жергілікті басқарма және Кеңес істерін шешу және аяқтауда бір-біріне талап қоймады».

Патша әкімшілігі Ішкі ордада ХІХ ғасырдың екінші ширегінде исламдық насихаттың толассыз жүруінің салдарынан молдалар мен мешіттер санының өсуі мемлекеттік саясатқа нұқсан келетінін ескеріп, Уақытша кеңестің дербес бақылауы арқылы оған тосқауыл қоюға тырысты. Соның негізінде Ішкі орда молдаларына қатаң талаптар қойылып, қызметтерін шектеуге бағытталған шаралар енгізді.

Молдалар саны қысқартылды, заңсыз немесе рұқсатсыз салынды деген желеумен мешіттер мен медреселерді жапты. Бұған осы мәселеге қатысты мұрағат құжатындағы: «Указов, таким образом, на главные причины появления мусулманского фанатизма во Внутренней орды, Комиссия обрашает внимание и на те меры, которая должны быть приняты безотлагательно, во избежение полнейшаго торжества исламизма в орде, Меры эти суть следующая: 1.Должность указанных мулл упразнить», – деп жазылған мәлімет дәлел.

Патша әкімшілігінің Ішкі ордадағы ислам дінінің етек жаюының алдын алу және әрі қарай дамуына тосқауыл қою мақсатында құрылған орыс-қазақ мектептері ХІХ ғасырдың екінші жартысында алдына қойған міндеттерін атқара алмады. Оның себептерін халықтың Ішкі орда бойынша шашыраңқы қоныстануынан және мектептер мен ауылдардың арасы алшақ болуынан көруге болады. Мұсылмандық типтегі мектептер болса халықтың қоныстанған жерінде белгілі бір киіз үйдің ішінде орналаса салуына мүмкіндігі болды. Сол халықпен көшпелі тұрмысына бейімделіп, бірге көшіп-қонып жүруіне ыңғайластырылған еді.

Ішкі ордадағы ислам дінінің тарауына бірден-бір себепкер – татар молдалардың көптеп шақырылуы еді. Бұл жердегі патша әкімшілігінің тұрғын халыққа бағытталған рухани отарлау саясаты – мемлекеттің қатаң бақылауында болған орталықтандырылған мұсылмандық діни басқармалардың қатарынан шыққан дін таратушыларды самодержавиелік көзқараста тәрбиелеп, өздерінің саяси мақсаттарын шешу үшін пайдалану еді. Бірақ уақыт өткен сайын патша әкімшілігі бұл қолданысқа түскен саясатты тоқтатып, өз қоластындағы өзге діндегі халықты христиандандыруға бағытталғын шараларын қолдады.

Патша әкімшілігі тарапынан ислам дінін насихаттауға тыйым салу әрекеті жылдан-жылға өрши түсті. Ішкі ордаға байланысты реформа қабылдағаннан кейін де Ресей империясы қазақтарды орыстандыру мақсатымен әлі де ел арасында беделі төмендемеген ислам дініне қарама-қарсы әртүрлі әрекеттер жасады. Мысалға, Ішкі орда жайлы 1870 жылы жазылған құжатта: «Жоғары мәртебелінің бұйрығымен барлық татар мектептеріне орыс тілін оқыту енгізілді, алдағы уақытта жаңа мектеп және медресе ашуға жол берілмесін, әйтпесе онда орыс тілінің мұғалімі болу міндеттелсін», – деп баяндалған.

Ислам дініне қысым жасау жергілікті жер – Ішкі ордада бұрынғыдан да асқына түсті. Патша шенеуніктері ислам дінін насихаттайтын мектептерге оқушылардың аз баруына барынша әрекеттер жасады. Олар Ішкі ордадағы сұлтан, төре, мансапқор әкім старшындарды пайдаланып ислам дініне қарсы арандату жұмыстарын жүргізді. Сондай әрекеттер жасалғанмен Ішкі орда қазақтары мұсылманша оқытатын мектептерге көбірек барды.

Олар, әсіресе, ислам дінінде білім беретін молдаларға ретін тауып қысымшылық жасауға тырысты. Әр елді мекендегі молдалардың санын бір адамнан асырмау жөнінде жарлық шығарды, молдалар, мұсылмандық мектептер Уақытша кеңеске, губерния бастығына бағынатын болды. Молдаларға жасалған жеңілдіктерді алып тастады.

Бұл айтқанымызды Ішкі орда жайлы мұрағатта сақталған құжаттағы: «Граф Перовский ордадағы барлық молдаларға қарахалықпен бірдей зекет салығын төлеуді міндеттеді, өзінен-өзі түсінікті, молдалар бұған риза емес», – деп жазылған мәлімет нақтылай түседі.

Ресей империясы Ішкі ордада бекем орын тепкен ислам дінінің ілгері қарай өріс таппауына тосқауыл жасау жолында молдалардың тұрмыс жағдайын әлсіретудің шараларын іздестірді. Ондағы мақсат біреу – ордада тек орыс мектептерін ашып, қазақтардан өзіне қызмет ететін кадрларды дайындау, тұрғын халыққа орысша сөйлеуді, орысша жазуды кең тұрғыда үйрету арқылы орда қазақтарын орыстандыру, мүмкіндігінше православ дінін қабылдатуға күш салу болды. Патша әкімшілігінің осындай күрделі мақсаттарын тоқтаусыз жүзеге асыруы молдалардың қазақтарды ислам дінінде оқытуына тосқауыл болды.

Сондықтан патша әкімшілігі мұсылмандықты уағыздайтын, ислам дінінің қағидаларын үйрететін молдаларды Ішкі орда төңірегінен амалсыз ығыстап кетуіне барынша күш салды. Олар молдалар мен ислам дінін оқытатын татарлардың тұрмыс жағдайын төмендетсе, өз мүдделерінің орындалуына айқын мүмкіндік туады деп есептеді.

Патша әкімшілігі Ішкі ордада ислам дініне әртүрлі тосқауыл жасауына қарамастан бұл аймақта мұсылмандық оқу бұрынғы қалпында жүріп жатты. Ішкі ордадағы қазақтар балаларын ислам шариғаттарын үйрететін мектептерге беруін қарқынды түрде жалғастырды. Оның себебі, біріншіден, ислам діні қазақтардың ертеректе қабылдап, табынған діні болып табылады. Екіншіден, орда қазақтарының көбісі жайлау мен қыстауда мал бағумен айналысты, молдалар қазақ ауылдарымен бірге көшіп, қонып жүрді. Ал орысша-қазақша мектептер қала типті қыстақтарда, елді мекендерде ашылып, жұмыс істеді.

ХІХ ғасырдың 70-жылдарында қазақтардың мұсылмандық бағыты Орынбор мүфтилігіне бағыныштылығынан алынып, мектептерде ислам дінін оқытудан орыс тілін оқыту және де миссионерлік кең көлемде өріс алды. Қазақ жерін, соның ішінде Бөкей Ордасының мұсылмандық бағытын Орынбор мүфтилігіне бағындыру жолында талпыныстар болып отырды.

1906 жылы 16-21 тамыз аралығындағы Нижный Новгород қаласында өткен Бүкілресейлік үшінші мұсылман сиезіндегі дін мәселесі бойынша қабылданған қаулыда қазақ делегаттарының Ақмола, Семей, Торғай, Орал облыстары мен Ішкі Орда қазақтарының діни істері Орынбор мүфтилігіне қаратылсын деген талап-тілектері көтерілуі, 1917 жылы мамырда Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылман сиезінде Торғай, Орал, Ақмола, Семей облыстары мен Ішкі Орда қазақтары делегаттарының өтініші бойынша қазақтардың діни істері Орынбор мүфтилігіне жаңадан мүфти мен қазылар сайланған болатын. Қазылыққа қазақтардан сайланған 6 адамның бірі Ғ. Қарашевтың да сайлануы, Ресейде қалыптасқан жаңа саяси жағдайда мұсылмандардың талап-тілектерін тұжырымдап, іс-әрекеттерін бір арнаға түсіру мақсаты да Ресей мұсылмандарының уақытша орталық бюросының ұйымдастыруымен 1917 жылы 1-11 мамыр аралығында Жалпыресейлік мұсылман съезіне қазақ делегеттарымен қатар Ішкі Ордадан Ғұмар Қарашаевтың да қатысуы, бірінші жалпықазақ съезінде Орал облысына қазылыққа Бөкейдің қазысы болып Қ. Қарашұлын бекітілуі, Ішкі Ордадағы ислам дінінің дамуының тоқталмағандығын көрсетеді.

Дегенмен бұл талпыныс дінсіз қоғамды алып келген коммунистік режимнің уақытында өз талпынысын жоғалтқан болатын.

Қазақ комитеттерінің өздері ашқан мектеп, медреселерде ислам тарихы, дін ғылымы, араб тілі пәндерін енгізіп, діни тәрбиеші молаларды тағайындауы талай жыл халық санасын улап келген саясатқа қарсы күресінен, қоғамдық моральдің төмендеуіне жол бермеу ниетінен туып жатқан әрекеттер болатын.

Қазақ комитеттері өздерінің ағартушылық-мәдени қызметін халықтың бодандықтың қамытын тастап, өркениетті елдер қатарына тезірек қосылуына бағыттады. Қазақ комитеттерінің рухани мәдениетті жоғары, ұлттық рухы мықты, діни наным-сенімі берік қазақ азаматтарын тҽрбиелеуге деген талпынысын, осы жолды көрсеткен тамаша үлгі-өнегелері әлі күнге өз маңызын жоғалтқан жоқ.

Kazislam.kz