Қазақстан «тағұт мемлекеті» ме?

Сәләфилер зайырлы немесе кез келген исламдық емес заңдар аясында өмір сүріп жатқан қоғамнан оқшаулануға үндейді. Яғни, ислам шариғатына қайшы келмесе де шариғат үкімдерін қайтарушы деп зайырлы мемлекет пен оның заңдарын жоққа шығарады.

Осылайша, олар қоғамның этно-мәдени және конфессиялық үйлесімін бұза отырып, өздерін ғана шынайы ислам дінінің ұстанушылары деп жариялайды. Сол арқылы зайырлы үкіметке қарсы шығуға, мемлекетті құлатуға бағытталған көзқарастарды қалыптастырады.

Сәләфилердің басты идеологы Мұхаммед ибн Абд әл-Уаһһаб исламға жатпайтын кез келген заңдар мен құқықтық жүйелерге жүгінуді күпірлік деп, ондай заңдар арқылы үкім ететіндерді «кәпір» деп санаған. Олардың түсінігінше шариғат заңдарымен үкім шығармайтын басшылар да, олар басқарып отырған ел де кәпір болып саналады. Мұндай мемлекетті «тағұт» мемлекеті деп атап, оған қарсы жиһад (қарулы соғыс) жариялайды.

«Тағут» туралы түсінік уаһабшылдық-салафилік ағымның негізін қалаған Мұхаммедибн Абд әл-Уаһһабтың еңбектерінде жиі кездеседі. Ол өз еңбегінде Ибн Тәймийә және Ибн әл-Қайим сынды радикалды ұстаным негіздерін қалаған оқымысты-ғалымдардың сөздерін мысалға келтіре отырып, «тағуттың» бірнеше түрін атап көрсетеді. Оның ішінде Алланың заңы, яғни шариғат бойынша амал етпеген, сонымен қатар зайырлылық қағидасын ұстанған мемлекет басшыларын, зайырлы қоғамда өмір сүріп, қызмет ететін азаматтардың барлығын дерлік «тағут» деп айыптап, кәпірге шығарады. Ағым мүшелері үшін «тағут» адамдардың қаны мен мал-мүлкі халал болып саналады, яғни «тағуттарды» өлтіріп, мал-мүлкін тартып алу күнә емес деп санайды.

Сәләфилік идеология зайырлы формадағы кез келген билікке қарсы ымырасыз күрес жүргізуді мақсат етеді. Сонымен қатар саяси мақсаттағы мүдделерін іске асыру барысында күш қолданудан тартынбайды.

Бұл идеологияны жақтаушылардың зайырлылық қағидаттарына қатысты ұстанымын төмендегі белгілер арқылы анықтауға болады:

– біріншіден, мұсылман басшыға бағынуға бұйыратын шариғат ұстанымын мойындамайды және зайырлы мемлекет басшысын кәпір деп айыптайды;

– екіншіден, әкімшілік бағыну мен діни бағынудың ара-жігін ажыратпай, кез келген зайырлы билікті «тағұт» деп қабылдайды. Соның негізінде зайырлы мемлекет билігінің барлық өкілдерін және заңға бағынушы қарапайым азаматтарды «кәпір» немесе «пұтқа табынушы» деп айыптайды;

– үшіншіден, діни көзқарасқа байланысты кейбір азаматтық міндеттерден (мектепке бару, әскери борышты өтеу т. б. ) бас тартады;

– төртіншіден, зайырлы өмір салтына тән бірқатар үрдістерден (теледидар қарау, музыка тыңдау, суретке түсу, мерекелер мен туған күнді атап өту т. б. ) бас тартады.

Сәләфилік ағым өкілдері діни білімі таяз азаматтарды жоғарыда көрсетілген ұстанымдарға сендіре отырып, өз қатарына тартады. Бұл алдымен олардың қоғамнан оқшауланып, бейбіт тұрғындарға және мемлекетке қарсы соғыс жариялауына әкеліп соғады. Осылайша «Мемлекет – тағұт!» деген ұранмен жар салып жүрген жастар радикалды эмиссарлардың ықпалындағы топқа айналады.

Діни сауатсыз жастар сәләфилік идеологияның әсерімен зайырлы мемлекетті Алланың дұшпаны ретінде қабылдап, оған қарсы шығады. Шын мәнінде мұның барлығы ислам қағидаттары мен ұстанымдарын қате түсіндіруден және ұғымдарды бұрмалаудан туындаған. Жоғарыда келтірілген белгілерден діни экстремизм мен терроризмнің идеологиялық аспектілерін байқауға болады.

Сәләфилердің ұстанымы бойынша барлық мұсылман қауымы өзінің ұлттық ерекшеліктері мен қалыптасқан салт-дәстүрлерін тәрк етіп, тек Құран мен Сүннет бойынша өмір сүруі керек, ешбір істі ақылға салып пайымдауға болмайды. Яғни Құран түскен ерте ортағасырлық деңгейде шектелуді дұрыс санайды.

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) заманында болмаған діни дәстүрді, әрекеттерді мойындамайтын олар Құран мен сүннетте жоқ барлық әрекеттерді жаңашылдық деп санайды. Кез келген іс-әрекеттің қоғамға пайдалы тұстарын ескермейді. Тіпті, шариғатқа қайшы келмейтін, ислам құндылықтарының дамуына үлесін тигізетін әрекеттерді де теріске шығарады.

Олар өз әрекеттерін «таухид», «ширк», «күпірлік», «жиһад», «таза ислам» секілді ұғымдар аясында іске асырады. Халықты іштей ыдыратуды көздейтіндіктен ұлттың тұрмыс-болмысына әбден сіңісіп кеткен ислам дінінің қағидаларын күрделендіріп түсіндіріп, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді жоққа шығарып, оларды дінге енгізілген бидғатқа балап, бидғаттың бәрін харам деп санайды.

Сәләфилік идеологиясын ұстанушы ДАИШ содырлары соңғы 2-3 жылдың ішінде Ирак, Сирия, Ливан елдерінде көптеген мәдени-тарихи ескерткіштерді жойып жіберді. Олар Сирияның ежелгі тарихи қаласы Пальмираны басып алды. Пальмира біздің заманымыздың І-ІІ ғасырларында Сирия аймағы Рим империясының бір бөлігі болып тұрғанда салынған. Ол екі мыңжылдық тарихы бар ескерткіштері осы уақытқа дейін сақталған тарихи-мәдени орталық болып табылады.

Дүниежүзілік мәдени мұра нысаны саналатын ежелгі қаладан содырлар жүздеген ескерткіш, мүсіндерді шығарып тастаған. Олар өздерінің бұл әрекеттерін «мүсіндерге табынбау үшін оларды қирату керек» деп түсіндіреді. Associated Press ақпарат агенттігіне сұхбат берген содырлардың бірі «Мұхаммед пайғамбар пұттарды жоюға бұйырған еді. Сол үшін біз де осы мүсіндерді қиратамыз» деп мәлімдеген.

Мүсінге табынуға немесе табыну мақсатында қолдан мүсін жасауға шариғат бойынша тыйым салынғаны белгілі. Алайда, ислам дінінде тарихи жәдігерлерді жойып-қиратуға қатысты бұйрық жоқ. Көне мәдени-тарихи мұралар керісінше ұрпаққа үлгі-өнеге болуы үшін сақталуы қажет.

Сонымен қатар, сәләфилер ұлттық құндылықтармен және әдет-ғұрыптармен сабақтасқан дәстүрлі діни ұстанымдардан бас тартуға үндейді. Түрлі мерекелер, мерейтойларды өткізу, танымал адамдарға ескерткіш орнату, қазалы күнге қатысты жиындар жасау және сол жиындарда түрлі шараларды ұйымдастыру, мазарлар тұрғызу сияқты шараларды жол беруге болмайтын бидғат (жаңашылдық) деп түсінеді.

Олар қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрлерін теріске шығарып, келіннің сәлем салуы, отқа май құю, әруақтарға құран бағыштау, қабірлерге зиярат ету, көзмоншақ немесе тұмар тағу секілді дәстүрлі діннен бастау алған игі дәстүрлерді күпірлік пен надандық, Аллаға серік қосу деп айыптайды. Оларды ұстанған адамдарды «Аллаға серік қосып, үлкен күнәға батқандар» деп санап, араласудан бас тартуға (әке-шешесі, ата-әжесі, туыстары болса да) үгіттейді.

Ата-бабаларымыздың сан ғасырлардан бері ұстанып келе жатқан салт-дәстүрін жоққа шығарып, «батадан кейін бет сипауға болмайды, қабірге белгітас орнатуға болмайды, музыка, театр, өнер, туған күн тойлау харам деген секілді діни негізі жоқ пікірлер таратады.

Алайда, бұл дәстүрлердің ислам дініне ешбір қайшылығы жоқ. Сонымен қатар, Наурыз мерекесін тойлау, жеті атаға дейін қыз алыспау, ата-бабалар мазарына зиярат жасау секілді ғұрыптар – мұсылман дінінен ауытқушылық немесе қарсылық емес, ежелден қалыптасқан әдет-ғұрып. Сол әдет-ғұрыптың бәрі де исламның аясында дамуын жалғастырып, өмір сүріп келеді.

Айтылғандардан аңғарылатынындай сәләфилік түптеп келгенде діни негізде қоғамдағы әлеуметтік қатынастарды, соның ішінде туысқандық байланыстарды үзуге шақырады.

Kazislam.kz