Қоғам – зайырлы, хиджаб бола ма қайырлы?
Жыл сайын жаңа оқу жылы басталар тұста «оқушылардың хиджаб кию» мәселесі көтеріледі. Бұл пікірталастың шешімін таппай келе жатқанына да оншақты жылдай болыпты.
Осы аралықта салаға жауап беретін министрлердің барлығы хиджаб кию зайырлы мемлекеттің заңына да, білім стандарттарына да сай келмейтінін айтты. Бірақ естір құлақ жоқ.
Жақында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқушылардың хиджаб киіп мектепке келуіне қатысты пікір білдірді. Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа «мектепте хиджаб киюге рұқсат беріле ме?» деген сауал қойды.
– Бәріміз білеміз, Конституцияда жазылғандай, біз зайырлы мемлекетпіз. Сондықтан мемлекет те, мектептер де Конституцияға сәйкес өмір сүруі керек деп ойлаймын. Зайырлы мемлекеттің заңын орындауға тиіспіз. Мектепте балалардың білім дағдыларын қалыптастырған кезде ол заң талаптарына сәйкес жүргізілуі керек, – деді Ғани Бейсембаев.
Алайда министр аталған сауалға нақты «иә» немесе «жоқ» демегенінен қоғамда түрлі жорамал жасағандар көбейді. Бірі хиджаб киюді қолдаса, қоғам белсенділері жаппай мектеп формасына «діни атрибутиканы» қосуға қарсы шығуда. Мұндай пікірталас былтыр да болған. Ол кезде экс-министр Асхат Аймағамбетовтың мектепке қыздарды орамалмен кіргізу жағын қарастырамыз деген сыңайда айтқан сөзі қоғам пікірін екіге жарған.
– Министрліктің тиісті бұйрығы бар. Біз – зайырлы мемлекетпіз. Мектептер де зайырлы мекеме. 2016 жылдан бері қабылданған бұйрық бар. Ол өзгермеді және өз күшін жойған жоқ. Әрине, мектеп формасын сақтау керек. Алайда шындыққа тіке қарап, проблеманы жасырмауымыз қажет. Осы мәселеге қатысты балалардың мектепке бармай жүрген фактілері де бар. Білімнің инклюзивті болуы өте маңызды, яғни осы балаларға білім беруіміз керек. Ол онлайн форматта да болуы мүмкін. Қазір мектепке бармайтын балалар не істеп жатыр? Мысалға ол балалар «шетелде оқимыз» деп мектептен құжаттарын алып кетеді. Бірақ шындығында олар Қазақстанның шекарасынан сыртқа шығып, ешқайда бармайды. Елімізде онлайн білім беру болмағандықтан көрші мемлекеттердің онлайн-мектептерінен білім алып жатыр. Ал кейбірі тіпті мектепке баруды мүлде қойған. Ал мұндайға жол беруге болмайды. Балаларымыз міндетті түрде білім алуы керек, – деген еді Асхат Аймағамбетов.
Оның айтуынша, жалпы білім беретін мектептен бас тартып жатқан хиджаб киетін оқушылар санының артып кетуіне байланысты мектеп формасы туралы бұйрықты қайта қарауға мәжбүрлік туындаған. Алайда оқушылардың қанша пайызы хиджабын шешкеніне, қанша пайызы жекеменшік мектептерге кеткеніне қатысты нақты статистика жоқ. Арнайы зерттеу жүргізілген күннің өзінде мұндай санаттағы оқушылар азшылықты құрайды. Сондықтан сарапшылардың айтуынша, бұл мәселені шешудің жалғыз жолы – мектепте хиджаб киюге рұқсат беру емес. Біз қоғам ретінде ең бірінші зайырлылық принцпін сақтауымыз қажет. Себебі орта білімге діни атрибутиканы араластырудың соңы, қоғамдағы шиеленістердің ушығуына әкелуі мүмкін.
– Сырт көзге ұсақ-түйек секілді көрінгенімен, «мектепте хиджаб кию мәселесіне тосқауыл болу» еліміздің болашақ даму жолын айқындайтын шешім. Азаматтар, соның ішінде педагогтар сондай сәтте үнсіз қалса, артынан бармақ шайнап жүруіміз мүмкін. Бүгін қыз балалардың мектепке хиджабпен келуіне рұқсат берсек, ертең ұл балалар сабақтан босатып, мешітке намазға жіберуге сұранады. Ары қарай кейбір ата-аналар «балалардың қауіпсіздігі» деген сылтаумен мектепте намаз оқитын зал ашуды талап етпесіне кім кепіл? Құқықтануда «прецедент» деген ұғым бар. Қазақстанда мұсылмандардан өзге христиан-православтар да жетерлік. Оларға да икона іліп, шоқынатын бұрыш ашып береміз бе? Сосын елімізде тыйым салынбаған өзге діни сенім өкілдері – католиктер, иудейлер, буддашылар да бар. Ертең олар да өз наным-сенімдерін орта білім саласына тықпалайды, – дейді білім сарапшысы Өмір Шыныбекұлы.
Иә, «мектепте хиджаб киюге рұқсат беру керек» деген сөз шыққалы еліміздегі кейбір радикал топтардың тамырына қан жүгіре бастады. Олар өз сенімдерін тек қоғамдық орындарда ғана таратпай, буыны әлі қатпаған бүлдіршіндерге де насихаттамасына кім кепіл? Бәлкім ер балалармен қыз балалардың бір сыныпта оқуы, ер мұғалімдердің сабақ беруіне де ертең қарсы шығатындар көбейер.
Хиджаб – мектеп формасы емес
Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 бұйрығы бар. Осыған сәйкес, қазақстандық оқушылар мектеп формасын киюі керек. Мектеп формасына қойылатын талаптар хиджаб киюге тыйым салады. Мектеп қабырғасында хиджаб киюге тыйым салу зайырлылық қағидаттарына сәйкес оқу орнының ішкі тәртібін сақтау мақсатында енгізілген. Мектептен тыс жерлерде бұл мәселе бойынша тыйым салынбайды. Қыздарға арналған мектеп формасына пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық блузка немесе түймелері әлде сыдырмалы құлып бар тоқылған куртка/кардиган, поло жейде немесе футболка (қыста: тоқылған жилет, сарафан) кіреді. Сондай-ақ қыздарға арналған кең және ұзын шалбар аяқтың тобығын жауып тұруы шарт. «Мектеп формасын сақтау» деген сөз «қандай да бір атрибутика мен элементтерді пайдаланбауды» тұспалдайды. Және де бұл тек діни ғана емес, кез келген өзге атрибутиканы киюге тыйым салынғанын білдіреді. Мысалы, бала мектепке еркін, сәнді немесе спорттық киімде, жарқын және көзге түсетін әшекейлері бар киімде келе алмайды. «Форма» деген ұғым барлық осы қатынастарды реттейді. Ендеше министрліктің «орта білім берудегі бірыңғай форма» туралы бұйрығының өзі оқушыларға хиджаб киюге болмайтынын көрсетіп тұр.
– «Мектепте хиджаб кию» дегенді өз басым қолдай қоймаймын. Хиджаб кию мәселесі кейіннен діни ұғымдардың күшеюімен қатар шықты. Өзім де мектеп басшысы болған кезде мұндай мәселелермен жиі кездестім. Қазақ ешуақытта қайғы үстінде де қара орамал тартпаған. Тұрмысқа шығып, табалдырық аттаған соң ғана үлкен әжелер ақ орамал жауып, батасын беретін деп оқушыларға ұғындырып айтып келемін. Ұстаз ретінде қыз бала еркін өскенін қалаймын. Мұндай үрдіс қазақ халқының танымына, салтына жат нәрсе. Сондықтан таза қазақи тәрбие жөнімен ұлттық болмысымызды ұмытпауыз қажет. Ал кәмелет жасынан асып, тұрмысқа шыққан кейінгі ұстаным әркімнің өз еркінде, – дейді Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының академигі, Қазақстанның Еңбек ері Аягүл Миразова.
Оның айтуынша, мектептерде бірыңғай мектеп формасының сақталмауы оң-солын танып үлгермеген балаға қысым болуы мүмкін. Сондықтан ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Себебі оқушылардың хиджаб кигені мектептердегі буллингты ушықтыра түседі.
Ал Әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Талғат Жақиянов «Зайырлылық» қағидасы мен нормаларын әр тарап өзіне қарай тартып, өзінше интерпретация жасап жатқанын айтты.
– Мектеп – әлеуметтік институт. Оның атқаратын нақты функциялары бар. Білім беруден басқа мектептің маңызды функцияларының бірі – эгалитарлық функция. Эгалитаризация – теңдестіру дегенді білдіреді. Яғни, мектеп әртүрлі ортадан, отбасынан келген балалар үшін бірдей әлеуметтік кеңістік жасап, сол арқылы білім алуға қажетті жағымды психологиялық-педагогикалық атмосфера жасау міндетін де атқарады, – дейді Талғат Жақиянов.
Оның айтуынша, әлеуметтануда «әлеуметтік стратификация» деген ұғым бар. Бұл ұғым қоғамның әлеуметтік таптар мен қабаттарға жіктелуін сипаттайды.
Кез келген қоғамда таптар мен қабаттар бар. Біздің қоғамда да жоғарғы, орта және төменгі (тіпті, андеграунд) тап бар. Мектепке келген оқушылар осы таптардың өкілдері. Олардың материалдық жағдайы, ең алдымен, сыртқы келбеттерінен көрініс береді. Балалардың бірінің қымбат киінуі, ал бірінің жұпыны киінуі білім кеңстігінде түрлі проблемаларды туғызады: психологиялық қолайсыздық, жікке бөліну және тағы басқа.
– Бірыңғай форма мектептегі таптық жіктелу көрінісін жасырып, жағымсыз салдардардың алдын алу үшін қолданылатын эгалитарлық құрал. Барлық баланы әлеуметтік-материалдық тең ету емес, теңсіздік көріністерін жасыру қызметін атқарады. Санасы енді қалыптасып келе жатқан періштедей жас буын өзінің және өзгелердің таптық белгілерімен бас қатырмай, алаңсыз білім алуы керек. Таптық маркерлерсіз өзара тең қарым-қатынас жасауы керек, өздерін психологиялық қолайлы сезінуі қажет. Таптардан бөлек қоғамда этникалық, діни, гендерлік, субмәдени сынды әлеуметтік-мәдени қабаттар да жетерлік. Мектептің әлеуметтік кеңістігінде осындай қабаттық шекараларды болдырмау да эгалитарлық функция аясында қарастырылады. Бірыңғай мектеп формасы қабаттық маркерлерді жасырудың құралы, – дейді Талғат Жақиянов.
Құзіретті орган позициясын білдіруі керек
Айта кету керек, елімізде білім беру саясаты зайырлық сипатқа ие. Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың пікірінше, Қазақстанда орта білім беру жүйесіне қатысты арнайы заңдар да, Біріккен Ұлттар Ұйымының бала құқығы туралы ратификациялаған конвенция да бар.
– Сол жердегі бірнеше нормаларға тоқталып өткім келеді. Бірінші, біз Конституция бойынша зайырлы мемлекетпіз. Екінші, Білім туралы заңның 3-бабында білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың принцптері бекітілген. Оның ішінде, баршаның сапалы білім алуға құқығы және білім беру жүйесін дамытудың басымдығы, әрбір адамның зияткерлік дамуы, білім берудің зайырлы, гуманистік және дамытушылық сипаты, сонымен қатар азаматтық және ұлттық құндылықтардың адам өмірі мен денсаулығының, жеке адам еркін дамуының басымдығы көрсетілген. Яғни біз бұл жерде білім беру саласынан мемлекеттік саясаттың принцитерін көріп тұрмыз. Сондай-ақ орта білім саласында білім мен діннің алшақтығы бар екендігі білім саласында да зайырлылықты ұстанатынымыздың дәлелі, – дейді Жұлдыз Сүлейменова.
Мәжіліс депутатының айтуынша, Бала құқығы жөніндегі халықаралық конвенцияны біздің Жоғарғы кеңес 1994 жылы 8 маусымда қаулымен ратификациялаған. Осы жерде білім мен құқыққа байланысты арнайы бап бар. 14-баптың 3-тармағында «Өз дінін немесе нанымын уағыздау бостандығы заңмен белгіленген және мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті халықтың рухани ізгілігі мен денсаулығын қорғау немесе басқа да адамдардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін ғана қажетті шектеулерге әкеп соғуы мүмкін» деп көрсетілген. Яғни мемлекет өзінің қауіпсіздік саясатын және ұлттық құндылықтарын ойлаған кезде шектеулерге баруына құқығы бар деген норма қарастырылған. Ендеше Конституция да, Білім туралы заң да, Балалар құқығы жөніндегі халықаралық конвенция да білім саласындағы зайырлықты сақтау қажеттігін көрсетеді.
– Бүгінгі таңда құзіретті орган Оқу-ағарту министрлігі ресми мәлімдеме жасамағандықтан, қоғамда алаңдаушылық туындады. Менің ойымша, Оқу-ағарту министрлігі, Балалардың құқығын қорғау комитеті 24-25 тамызда Тамыз кеңесін өткізуді жоспарлап отыр. Сол кеңестің аясында Қазақстан Республикасының білім беру мемлекеттік саясатының негізгі принцптерін тағы да қайталап айтуы керек. Әлеуметтік желіде осындай толқудың пайда болуына не себеп? Тез арада құзіретті орган позициясын білдірмесе, бұл пікірталас жалғаса береді. Бірақ бұл мәселеде қара қылды қақ жаратын Оқу-ағарту министрлігі немесе заңдармызға байланысты Әділет министрлігі өз позицияларын білдіруі керек. Мен қоғамдағы пікірлерлерді қарағанымда, «хиджабқа қарсымыз, орамал тақтыру керек» деген ойларды да естіп қалдым. Орамал тағу қазақ халқының дәстүрінде бар. Бірақ қазақ қыздары тек келін болып түсіп, босаға аттағаннан кейін ғана ақ жаулық таққан, – дейді Мәжіліс депутаты.
Жұлдыз Сүлейменованың мәдениеттанушы, әйел заты ретіндегі пікірі бойынша, ақ орамал – тұрмыс құрғандықтың белгісі. Сондықтан конституциялық тұрғыдан зайырлы мемлекет ретінде және дәстүрлі қазақ қоғамында орамал тұрмыс құрғандықтың символы болғандықтан мектепте оны тағуға рұқсат беруге болмайды. Екінші, Қазақстан геосаяси жағдайда діни ахуалды заңмен немесе үкіммен реттей алмайды. Өйткені геосаяси жағдай баланс ұстауды қажет етеді. Заңда 18 жасқа толған азаматтың діни сенімін құрметтейміз деп жазылған. Бірақ зайырлы мемлекеттің негізігі принцпі ретінде білім саласы да зайырлы.
– Менің ойымша, хиджаб – саяси исламның белгісі. Ал саяси исламның мақсаты – діни өмірді радикалды негізде күн тәртібіне қою. Бұл тұрғыдан Ақпараттық және қоғамдық даму министрлігі, Дін істері жөніндегі комитет өз ойларын айтуы керек. Сәйкесінше, хиджабты да білім саласына енгізе алмаймыз. Мектепте хиджаб кию конституциямызға да, зайырлық принциптеріне де қайшы. Үшінші, біз бір Жаратушының бар екенін мойындаған халықпыз. Елімізге ислам діні соғыспен емес, бейбітшілікпен келген. Себебі осы территорияны мекендеген халқымызға діннің кейбір нанымдары сәйкес келген. Жеке азамат ретінде менің иманым, Жаратушыға деген сенімім жүрегімде. Тіпті, Абай Құнанбаев Мәшһүр Жүсіптен «Құдай қайда?» деп сұрағанда, ол «Құнанбайдың ұлы Абайдың құдайы қайда екенін білмеймін, менің құдайым – жүрегімде» депті. Сәйкесінше, орамал – исламның атрибуты ғана. Ал иман мен сенім – біздің жүрегімізде. Сондықтан бұл проблема бүгін ғана туындаған жоқ, бұған дейін де көтеріліп келді. Білім басқармалары мен білім беру ұйымдарының басшылары, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі саясат департаменті осы тақырыпқа қатысты ата-аналарға белгілі бір түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келді. Геосаяси жағдайда, ішкі діни ахуал тұрғысынан қарасақ, біз өз еліміздің заңнамаларына бағынуымыз керек, – дейді Мәжіліс депутаты.
Түрлі ағымдар өз сенімдерін тықпалайды
Біздің байқауымызша, Түркістан облысының Мақтаарал ауданы, Ақтөбе облысының Шалқар ауданы және Атырауда – хиджаб киетін оқушылар саны басым және бұл аймақтарда ата-аналардың өзара «қақтығыстары» да жиі болады. Әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Талғат Жақияновтың айтуынша, елімізде ресми тіркелген 18 конфессия (діни бағыт) бар. Тіркелмегендері одан да көп. Хиджабқа рұқсат беру осы ағымдардың көпшілігінің мүддесін оятады. Себебі «зайырлы» елде діндердің құқықтары тең. Діни атрибуттардың мектепте көрініс беруі исламмен ғана байланысты емес. Еліміздің солтүстік өңірінде православ сенушісі болып табылатын мектеп директоры оқушы қыздардың барлығына православ үлгісімен орамал таққызып қойған жағдайлар болған. Аралас мектептердің бірінде «сатаналық» сектаға кірген жоғарғы сынып оқушылары «сатана» образында киініп жүрді. Осы сияқты жағдайлар «домино» заңдылығымен міндетті түрде басқа ағымдар арасында да орын алатын болады. Ислам да бірегей емес елімізде. Сәйкесінше, түрлі ағымдар әртүрлі тәжірибе мен үлгі әкелетіні анық.
– Қазіргі хиджаб мәселесін көтеріп жатқан азшылық «бұл ұсыныс тек мұсылмандар тарапынан ғана айтылуда, басқа діндер сұрап отырған жоқ, сондықтан рұқсат беру керек» деген пікірлер айтады. Алайда жағдай олай емес. Бірнеше жылдар бойында қызмет бабымен барлық өңірлерді, түрлі елді мекендерді үздіксіз аралап, «көзбен көріп, қолмен ұстап» жүрген адам ретінде айтайын. Мұндай ниет басқа діни ағымдарда да бар, – дейді Талғат Жақиянов.
Әлеуметтанушының пікірінше, қазір Қазақстанда 100-ден аса этнос өкілдері тұрады. Өкінішке қарай, мектептерде этникалық маркерлер де көрініс беруде.
Мәселен, бірыңғай тәжіктер шоғырланып қоныстанған Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы Фирдауси ауылындағы мектепті алып қарайық. 2017-2018 жылғы оқу жылына дейін ол мектепке тәжік балалары өздерінің ұлттық киімдерімен келетін. Қыздар ала көйлектерімен, ала шалбарларымен сабаққа баратын. Білікті педагог Жанар Сапар директор болғалы ғана жағдай реттелді. Сол үшін оны жергілікті консервативті топтар бүгінге дейін жазып, сотқа беріп, қудалап жатыр. Енді салафиттер араласып, бұл шиеленісті «орамал шиеленісі» ретінде көрсетуге тырысуда. Жалпы, шоғырланған этникалық топтардың мәселелеріне салафилік топтардың араласуы өте қауіпті құбылыс.
– Осы сияқты Ақмола облысындағы жекелеген елді мекендерде шоғырланған шешендер қыздарын мектепке өз ұлттық белгісі бар киімдермен жіберіп отыр. Мектептерде гендерлік қабаттар да көрініс бере бастады. Естеріңізде болса, былтыр Астана қаласындағы мектептердің бірінде сырға таққан, тырнағы ұзын қызтеке оқушыны көрдік. Оған да шуладық. Мектеп формасын алып тастасақ, гендерлік маркерлер де кеңінен енетіні анық. Себебі діни киім элементтеріне рұқсат беріп, «инклюзивті жүйе» контингентін кеңейтсек, гендерлік теңдік те сақталуы керек. Балалардың құқығы деп хиджаб енгізсек, гендерлік, этникалық құқықтарға да жол ашу керек болады, – дейді Талғат Жақиянов.
Ендеше мектепте хиджаб киюге рұқсат беру, басқа топтардың да өз қалауларын ашық білдіріп, білім ордасын негізгі функциясынан айырады. Сондықтан зайырлы мемлекет ретінде мұндай мәселелерді елдік ұстаным тұрғысынан шешкен жөн болар.
Көктем ҚАРҚЫН
Дереккөз: https://aikyn.kz/254548/k-og-am---zayyrly--hidzhab-bola-ma-k-ayyrly