Діни радикалдану жыл сайын миллиондаған адамға тікелей немесе жанама әсер етеді

Бүгінгі таңда «радикализация» және «дерадикализация» ұғымдары, діни экстремизммен күресу жолдарын түсіндіруде негізгі терминдік ұғымдар болып табылады. Сонымен қатар, заманауи саяси әдебиеттерде бірнеше мағынаға ие болған «радикализм» ұғымын қазіргі әлемдегі діни радикалдануының шығу тегі мен себептерін, мазмұнын түсіндіруде терминдік анықтамасын зерделеу қажеттілігі туындап отыр.

Танымал саясаттанушы ғалым В. Желтов өзінің «Терроризм, радикалдану, рекруттау, индокринация» мақаласында «радикализация» терминіне келесідей анықтама көрсеткен «Радикализация - латын тілінде «radix» (іргетас, шығу тегі) сөзінен туындап, радикалдануды қабылдау үдерісі жылдамдығы мен экстремизм идеологиясын қабылдауды білдірді».

Сонымен қатар радикализация ұғымына, әлеуметтің нормативті шеңберін бұзатын радикалды құралдарды пайдалану арқылы жүзеге асатын процесс те жатады. Тағы бір анықтамасында «радикализацияны» - интеллектуалды әрі ымырасыз және ешқандай мәмілеге арқа сүйемейтін әрекетке бағытталған процесс» деп атаған. Қазіргі уақытта радикалдану феноменін зерттеу, әлемде болып жатқан процестерге, соның ішінде саяси зорлық-зомбылық көбінесе экстремизм мен терроризм көріністеріне байланысты жанжалдардың алуан түріне байланысты айтарлықтай қызығушылық тудыруды жалғастыруда. Жоғарыда атап өткеніміздей, «радикалдану» термині саяси дискурста және ғылыми айналымда ұзақ уақыт бойы белсенді қолданыста әрі берік орныққан дегенмен, «радикалдану» терминіне қатысты көзқарастардағы елеулі эволюцияны және басқа да өзгерістер, оның мазмұнын түсіндірудегі зерттеушілер арасындағы қайшылықтар көп деп айта аламыз.

Мысалы, «радикалдану» ұғымы XX ғасырдың екінші жартысында академиялық тұрғыда қолданыла бастағанымен, 2001 жылы АҚШ-та болған терракт кезінде белсенді қолданысқа түскен. Қыркүйек кезінде болған апаттан кейін «радикалдану» термині діни сипатта, атап айтқанда «ислам радикализмінің» мағынасын жеткізуші терминге айналды десек те болады. Қазіргі таңда исламдық радикалды қозғалыстар - халықаралық қауіпсіздікке әсер ететін құбылыс.  Бұл мақаланың мақсаты - жоғарыда аталған себептердің қазіргі исламдық радикалдануға нақты әсер еткен тұстары жайлы жасалған зерттеулерді қысқаша қарастыру.

Бірқатар ғалымдар «радикалдануды - бұл әлеуметтік-психологиялық процеске негізделген өзгеріс және ол жеке адамнан басталады» деп болжайды. Және радикалдануға бірінші ықтимал себеп - экономикалық және саяси проблемалар ретінде қарастырады. Осы проблемаларға наразылық жеке немесе ұжымдық болатынын айрықша атап өтеді. 

2018 жылы А. Ринк, К. Шарма «Conflict Resolution Journal» атты халықаралық қақтығыстар саласындағы зерттеулерге және оларды шешуге арналған рецензияланған академиялық журналда жарияланған «Діни радикалданудың детерминанттары: Кениядан алынған дәлелдер» атты мақаласында радикалдану себептерін зерттеуде «кедейлік» деп білетін экономикалық маргинализация мен діни зорлық-зомбылыққа бейімділік арасындағы айтарлықтай байланысты атап өткен. Бұл Сейджман Кунднанидің «Радикалдану: концепцияның саяхаты» мақаласында қарама-қарсы пікір ретінде келтірілген. Оның айтуынша, экономикалық проблемалар мен кедейлік көптеген адамдар тобына әсер еткенімен, олардың аз бөлігі ғана діни радикалдануға ұшыраған немесе террорлық актілерге қатысқан. Саяси және әлеуметтік теңсіздіктен зардап шегуді мұсылмандардың радикалдануының ықтимал себептерінің бірі ретінде анықтауға болады. Әсіресе, бұл құбылыс Франция, Германия және Ұлыбритания елдерінде кеңінен белең алған деп айтылады. Нәтижесінде, саяси жағдайлар мен экономикалық осалдық діни радикалданудың басты себебі бола алмайды, бірақ іргелі мәселелердің бірі болып табылады деп айта аламыз. Әртүрлі елдердегі әртүрлі бақылаулардың нәтижелерінде алшақтық болғанымен, олардың ортақ проблемалары да бар.

Экономикалық және саяси себептермен қатар, радикалдану себептерін тергеуде психологиялық себеп маңызды рөл атқарады. Лондон Корольдік колледжінің қорғаныс зерттеулері департаментінің (DSD) халықаралық тәртіп мәселелері кафедрасының оқытушысы – М. Гроппидің айтуынша, түрмеде отыруға, жақын туыстарының өліміне әкеп соқтырған Үкіметтің немесе басқа топтардың іс-әрекеттеріне байланысты жеке жағымсыз жағдай танымдық мүмкіндіктер мен экстремалды көріністерді ашады, одан кейін құқықбұзушылықтар немесе радикалдану пайда болады. Сонымен қатар, сапалы сұхбаттар мен сауалнамалардан, А. Ринк пен К. Шарма жеке адамдармен болған ауыр жеке жағдайлар олардың психологиялық жағдайына әсер етуі мүмкін деп сендіреді. Діни сенім көбінесе психологиялық құбылыс ретінде қарастырылатындықтан, оны радикалданудың психологиялық негіздеріне жатқызу керек. Қақтығыстар мен терроризм саласындағы зерттеулерімен танымал К.Викторович салафиттік қозғалысты келесідей анықтайды – діни радикалдануға ең бейім - басқа діндерге төзбейтін және зайырлы үкіметке қарсы қозғалыс. Олардың діни сенімдері бойынша Құдай ең жоғары және жалғыз заң шығарушы екенін байқауға болатындығы айтылады. Нәтижесінде, діни сенім – радикалдануға ықпал ететін маңызды факторлардың бірі болып табылады деп қорытынды жасауға болады. Сонымен қатар, А.Ринк пен К. Шарма өздерінің зерттеулерінде ислам дәстүрлерін қатаң ұстанатын Пәкістан мен араб елдеріндегі мұсылмандардың көпшілігі діни зорлық-зомбылықты қолдамайтынын анықтады. Осылайша, діндарлық соғысушы мұсылман болудың айқын себебі емес және бұл процессте теологиялық проблемалар маңызды рөл атқарса да, діни радикалданудың негізгі көзі болып табылады деген тұжырым жасау мүмкін емес.

Алдыңғы төрт ықтимал себептерді зерттегеннен кейін, әлеуметтік байланыстардың бұзылуы немесе қарым-қатынас проблемалары нәтижесінде соңғы себепті анықтауға болады. Нью-Йорк университетінің оқытышусы А. Кундани философия ғылымдарының докторы М. Сейджменге сілтеме жасайды, ол радикалды топтарға тікелей екі негізгі жол бар деп сендіреді. Біріншіден, бұл бір достар тобы кез келген террористік ұйымға қосылуға шешім қабылдаған жағдай, екіншіден, тұлғаның радикалданған - балалық шақ кезеңінен бергі досына байланысты жағдай. Демек, радикалдану процесінде әлеуметтік байланыстар шешуші рөл атқарған. Ол радикалды топтарды қолдау процесінің төрт бағытын анықтайды. Біріншіден, біздің әлемдегі «әділетсіздік көңіл-күйінің» белең алуы, екіншіден, радикалды көшбасшылардың исламға қарсы соғыс жүріп жатқанын түсіндіруі; үшіншіден, исламға қарсы соғыстың тағы бір түрі ретінде діни дискриминация сияқты жеке тәжірибе және төртіншіден, әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін белсенді пайдалану. Сонымен қатар, бұл идеяны М.Гроппи де қолдай алады, «Жеке тұлғада туыстарымен әлеуметтік байланыстарының әлсіреуі қылмыстық мінез – құлықты тудыруы мүмкін, бұл кейіннен террористік немесе радикалды ұйымдармен байланыстарды нығайтуға және оларға жаңа мүшелерді жалдауға көмектеседі» деп. Бұл тұжырымның соңғы дәлелі-А.Ринк пен К. Шарманың ата-аналармен немесе бауырлармен қарым-қатынастағы проблемалар олардың зорлық-зомбылық немесе радикалды әрекеттерге қатысу ықтималдығын сөзсіз арттырады деген дәлелі. Қарама-қарсы дәлелдер болмағандықтан, радикалданудың әлеуметтік себебі діни радикалданудың ең күшті қоздырғышы және мыңдаған адамдарды радикалдану жолына әкелген нақты себеп болып көрінеді.

Жоғарыда келтірілген барлық ақпаратты қорытындылай келе, діни радикалдану жыл сайын миллиондаған адамдарға тікелей  немесе жанама әсер ететін процесс екені түсінікті болды. Аталмыш мақала аясында, исламдық радикалданудың бірнеше себептері бар екенін көрсетуге және олардың қайсысы әлеуметтік проблемалар, атап айтқанда қоғамға интеграция немесе қарым-қатынас проблемалары болуы мүмкін маңызды тұстарын бағалады. Үкіметтер мен халықаралық ұйымдар радикалдану процесінің алдын алу үшін жұмыс істеуі керек. Демек, академиялық қоғамдастық дерадикализация процесін тиімді ету үшін әрі қарай зерттеуді қажет етеді және радикалданумен ғана емес, сонымен бірге мұсылмандар арасындағы радикалданудың алғышарттарымен де жұмыс істеуі қажет. 

Нұрасыл Аманкелдіұлы

Астана қаласы 

Діндерді зерттеу орталығының маманы, 

дінтанушы