Әсіре діншілдіктің мемлекет пен қоғамға қаупі
Еліміздегі дін саласындағы көптеген күрделі мәселелердің бірі азаматтарымыздың дінге келуі кезінде әртүрлі адамдардан дінді танып, әртүрлі топтарға білместікпен кіріп кетуі.
Басында діндарық ретінде санаған танымы кейіннен әсіре діншілдік болып кеткенін көп азаматтар байқай алмайды. Бұның себебі, діни білімнің төмендігі және алдындағы адамның біліміне қарсы дәйек келтіре алатындай рухани иммунитетінің болмауы. Діни сенім ақыл мен парасатқа жүгінген жағдайда ғана шынайы діндарлық, рухани мәдениет қалыптасады. Осыған орай Абай Құнанбайұлы: «Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды!» - дейді.
Сондықтан бүгінгі күнде шектен шыққан әсіре діншілдік, діни фанатизмнен туындап отырған зардаптар, келеңсіз оқиғалардың барлығы сол ғылымсыз, парасатсыз дінге келгендіктен, діни, саяси, рухани, тарихи т.б. сауатсыздықтан болып отырғаны анық. Әсірешілдікті әдет қылған діншілдер мен «ұстаздар» ешқашан біздің мүддемізге сай келмейді, оларда рухани мүддеден гөрі саяси, материалдық мүдде басым екенін өздері де түсіне бермейді.
Сондықтан елдің, ұлттың, халықтың тұтастығын сақтап қалу үшін, өздерін ғана діндар санайтын, дін ұстанушылардан сақтану қажет! Олай болмаған жағдайда, қоғамдағы ауызбіршілік төмендейді, ал ауызбіршілік төмендесе елдің тұтастығы мен ынтымағына нұқсан келеді. Ынтымақ кеткен жерден ырыс та кетеді! Ішкі тыныштықтан айырылған елдер өзгелердің жеміне айналатындығын қазір саналы адам түсінеді. Төл руханиятымыз бен құндылықтарымызды ұрпақ санасына сіңірудің қамын ойлайтын кез жеткелі қашан?! Ел аман, жұрт тыныш болсын!
Тышхан Кеңішілік, дінтанушы