Күрес түрлерінің арасында радикализм, салафизм мен уахаббизмді ұстанатын топтар бар – теолог
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, отандық жекпе-жек спорт түрлерінде діни радикализм белең алған. Бұл туралы теолог Кеңшілік Тышқанұлы Kazinform берген сұхбатында айтқан.
Балуандар арасында исламның дәстүрлі емес ағымдарын ұстанатындардың көптігі бұған дейін де ел арасында айтылатын. Теолог болса әсіредіншіліктің бұл салада барын растады. «Қазақстан спортында, соның ішінде күрес түрлерінің арасында әсіре діншілдік, радикализм, салафизм мен уахаббизмді ұстанатын топтар жоқ деп айта алмаймыз. Жекелеген спорт клубтарында, көптеген жаттықтырушыларда дін тенденциясы бар. Тіпті, кейбірі теріс ағымның өкілдері екені рас. Осы тұста проблема шығады. Әйткенмен, радикалды топтардың да өзіндік діни-теологиялық негіздері барын ұмытпаған абзал.
Мысалы, «күшті мұсылман әлсіз мұсылманнан қарағанда қайырлы, жақсы» немесе «күресу – Пайғамбардың сүннеті» деп айтып жатады. Садақ атуды, суда жүзуді де сол қатарда дәріптейді. Кезінде осыған байланысты айтылған уағыздар ақырындап өнер мен спорт саласына кірді. Соның әсерінен кейбір спортшыларымыз әсіре діншілдікті насихаттай бастады. Оны сыртқы формасы да көрсетіп тұрады. Сондықтан жеңіліс тапқанда «Алланың қалауы болды» деп жатады. Әрине, мұсылман адам ретінде бұл сөз орынды. Алайда, жалпы алғанда бұл дүниеде еңбек еткен адам ғана табысқа қол жеткізеді. Мейлі мұсылман болсын немесе болмасын – бұл дүниенің заңдылығында «егін еккен, суарған, баптаған адам ғана өнімін алады» деген қағида бар. «Құдайдың қалауы болды» деп жұбануға болатын шығар, бірақ өзінің жалқаулығы мен әрекетсіздігін Құдайға жабуға болмайды. Бірінші әрекет еткені жөн, – дейді маман.
Осы ретте айта кету керек, биылғы Париж Олимпиадасында жеңілген кейбір боксшылар мен балуандар жекпе-жектен кейінгі сұхбатында «Аллаһтың қалауымен жеңілдім» деп жауап берген болатын.
Дереккөз: smartnews.kz