Дәстүрлі дін мен теріс діни ағымдардың айырмасы қандай?

Дәстүрлі дін мен теріс діни ағымдардың айырмашылығы — бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі. Көпшіліктің дін туралы сауатын арттыру үшін Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы жанындағы Кеңес беру және оңалту орталығының теологы Нұржан Қалиев теріс ағымдардың қаупі мен олардың қоғамға тигізетін зияны туралы айтып берді. Сарапшы бұл мәселенің тереңдігіне тоқталып, азаматтардың дұрыс бағытты қалай таңдауы керек екеніне қатысты кеңес те берді.

Қазақстандағы дәстүрлі ислам мен теріс ағымның айырмасы

Дінтанушы Нұржан Қалиевтің айтуынша, дәстүрлі дін деп белгілі бір этникалық топқа немесе халықтың бұрынғы заманнан  келе жатқан салт-дәстүрі мен мәдениетіне, өмір сүруіне, әдет-ғұрпына қайшы келмейтін дінді ғана айтады.

«Дәстүрлі дін әдет-ғұрпы қалыптасқан салт-санаға, ұлттық кодқа қарсы шабуыл жасамайды. Теледидардан жаңалық көру, театрға бару сияқты зайырлы құбылыстарға дәстүрлі дін өкілдері тыйым салмайды. Кері ағым бағытындағылар жоғарыда айтылғандарға қарама-қарсы әрекет етеді. Мешіттегі ресми имам, молдаларға қарсы пропаганда жүргізеді. Олардың зайырлы құқықтарын теріске шығарады. Кейбір ушыққан діни ағымды ұстанатындар намаз оқымайтындарды «кәпірлер» деп есептейді. Шариғат негізінде басқарылмаған мемлекетті «зұлымдықты негіз еткен мемлекет» деп атайды», — дейді теолог.

Маманның айтуынша, дәстүрлі емес, теріс діни ағымдар өкілдері ақылға, санаға, логикаға шабуыл жасайды. Дін мен білімді бір-біріне қарсы қояды.

Теріс ағым қайдан пайда болады?

Қай дінде болса да, теріс ағым, секталар бар. Негізінен, дін ұстанып отырған қоғамда сол дінге қарсы ревизия жасалады. «Қате» жерлерін көрсету арқылы өздерінікі дұрыс, «басқалар қате жолмен жүріп келе жатыр, олар – адасқандар» деген түсінік қалыптастырады. Сөйтіп, өз әдебін жинап, «көсемдері» насихат айта бастайтын көрінеді. Бұл — негізінен дінді құрал ретінде қолданып, қоғамды іштен ірітуге бағытталған мақсатты амалдар.

Теріс діни ағымдағыларға қарсы алдын алу шаралары қалай жүзеге асады?

Еліміздегі Дін істері коммитеті деген құрылым теріс діни ағымдардың алдын алу үшін құрылған. Ол жерде діни зерттеу орталықтары жұмыс істейді. Одан бөлек Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы мен оның үш мыңға жуық мешіті және медресесі бар. Нұр-Мүбәрак университеті де солардың қатарына кіреді. Теолог Нұржан мырза теріс діни ағымды ұстанатын адамдар шығуының алдын алу шаралары мен оңалту жұмыстары қалай жүзеге асып жатқанын айтып берді.

«Мешітте имамдар да ақпараттық түсіндіру топтарын құрып, Дін істері жөніндегі басқармасының тарапынан да түрлі іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Әрбір мешіттің жанынан арнайы дәстүрлі діни бағытта білім беретін арнайы сауат ашу курстары ашылып жатыр. Мешіттердің жанында қайырымдылық шаралары атқарылады. Дін істері жөніндегі басқармасы теріс діни ағым ұстанатындарды қоғамға бейімдеу үшін түрлі спорттық, мәдени жобаларды жүзеге асырып жатыр. Сонымен қатар елімізде имам, ұстаздар мен теологтар әлеуметтік желілерде арнайы парақша ашып, подкастар, диспуттар өткізіп жатады. Кезінде Ерсін Әміре деген ұстазымыз Октам Зауырбековке қарсы диспут ұйымдастырған. Салафи, мәтхали бағытында жүрген жастарымыздың сол диспутты тыңдап Ерсін Әміре ұстазымыздың сөзіне риза болып, дін жайлы ойын өзгерткендер де бар», — дейді маман.

Сонымен қатар Дін істері басқармасының жанынан құрылған Кеңес беру және оңалту орталығында теріс діни ағымды ұстанатындармен сұхбат жүріп, қызметкерлер ауызашар жасайды.

«Олардың әлеуметтік мәселелерін реттеу арқылы мемлекетке деген көзқарасын дұрыс бағытқа өзгертуге тырысамыз. Қолдан келгенше қол ұшын созып, оқуға түсуіне немесе тегін курстардан білім алуына көмектесеміз», — дейді Нұржан мырза.

Дәстүрлі исламнның қоғамдағы рөлі

Нұржан мырзаның айтуынша, дәстүрлі дін — ислам қоғамдағы көптеген қатынасты реттейді. Жаһандану дәуірінде, әртүрлі сыртқы жағдайдан, ұлт болып қалуға теріс әсер ететін идеологияларға қарсы тұру үшін ислам дінінің атқаратын рөлі өте зор.

«Ата- бабамыздың тұрмыс-салтында ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан адам өмірге келгеннен, дүниеден өткенше дініміздің рәсімдерін атқарып келген. Біздің ұлт болып қалуымызға, дәстүріміздің жоғалмауына ислам дінінің атқарған рөлі көп болған.  Өздеріңіз де білесіздер, бала дүниеге келгенде азаншының азан айтып ат қоюы, тұсауын кескенде ақсақалдардың бата беруі, сүндетке отырғызуы, отбасы құратын кезде неке қиюы — осының бәрі дінмен тығыз байланысты. Адам өмірден өткен кезде арулап, жуындырып, намазын шығарып, қабірге қою, артынан құран бағыштау, дұға қылу, жеті шелпек пісіру, Құдайы тамағын беру сияқты жоралғыларымыздың бәрі қазаққа тән ерекшелік. Тіпті, терме, жыр-дастандарымызды оқысаңыздар да дәстүрлі дінмен ұштасып жатқанын аңғаруға болады», — деп Нұржан мырза сөзін қорытындылады.

Айжан Дайрабай, baribar.kz