Көп әйел алудың соры: Құқығы қорғалмайтын әйел мен баланың бақытсыз тағдыры

Тәжікстанның ТЖ жөніндегі комитеті Фархордағы қайғылы оқиға туралы толық ақпарат таратты. Фархорда 27 жастағы әйел төрт баласымен бірге Сурхоб өзеніне секіріп кеткен. Куляб аймағындағы ТЖ басқармасы Asia-Plus агенттігіне хабарлағандай, оқиға 29 маусымнан 30 маусымға қараған түні, сағат 00:00 мен 01:00 аралығында болған.

Мәлімет көзіне сәйкес, Сафаров ауылы, Хутан жамоатының тұрғыны Мадина Халимова күйеуінің екінші әйелі бар екенін білген соң, кек алу мақсатында түнде үш қызы мен бір ұлын – төрт баласын – өзенге лақтырған. Балалардың үлкені бес жаста болса, кенжесі бірнеше айлық қана болған.

«Әйел алдымен екі баласын, кейін тағы екеуін суға лақтырған, соңынан өзі секірген. Біраздан соң өзеннен өзі шығып үлгерген, ал балалар батып кеткен», – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Қазіргі уақытта екі баланың мәйіті табылған, қалған екеуін іздеу жұмыстары жалғасуда.

«Халимова қамауға алынды, оған Қылмыстық кодекстің 104-бабы – адам өлтіру бойынша қылмыстық іс қозғалды», – делінген ТЖ басқармасының мәлімдемесінде.

Көп әйел алып бақытты болған еркекті көрген жан бар ма?

«Көп әйел алған еркек бақытты бола ма?» — бұл сұрақ бүгінгі қоғамда көпшіліктің көкейінде жүрген, бірақ жауап беруге ешкім асыға қоймайтын мәселе.

Біреулер үшін — бұл шариғаттың рұқсат еткен жолы, енді біреулер үшін — отбасылық трагедияның бастауы.

Бақыт дегеніміз — бір адамның төңірегінде айналатын дүние емес. Бақыт — әр қатысушының жүрегіндегі тыныштық пен әділеттің жемісі.

Тарих пен дәстүр не дейді?

Қазақ қоғамында көп әйел алу бұрыннан болған. Бірақ ол заманда бұл әрекет жай ғана нәпсі жетегіндегі шешім емес, көбіне әлеуметтік жауапкершілік болатын. Ер адам бірнеше әйел алған жағдайда, әр әйелге жеке үй, жеке мал, жеке көмекші берген. Балаларға бірдей көңіл бөлінген, әр әйелдің жағдайы өз деңгейінде қамтамасыз етілген. Бұл бай, ақсүйек, беделді азаматтардың ғана қолынан келетін іс еді.

Алайда бүгінгі заманда бұл жағдай түбегейлі өзгерді. Қазіргі полигамия — көбіне жасырын, заңсыз және бір жақты шешімге негізделеді.

Дін мен заң қайшылықта ма?

Исламда көп әйел алуға рұқсат бар, бірақ бұл — міндет емес, шартты мүмкіндік.

Құранда

"Егер әділ бола аламын десеңдер, екі, үш, төртке дейін алыңдар. Бірақ әділ болудан қорықсаңдар — біреу ғана болсын."

(Ниса сүресі, 3-аят) деп, анық жазылған

Бүгінгі ер азаматтардың көбі «рұқсат етілгенін» еске алады, бірақ «әділдік» деген ең негізгі талапты елемейді.

Қызығы сол — көп жағдайда бірінші әйел келісім бермейді, екінші әйел — заңсыз күйде қалады, ал балалар — құқықсыз өседі.

Қазақстан заңы да бұл мәселеде нақты - бір мезгілде екі неке заңсыз.

Бұл — тек азаматтық емес, моральдық-әлеуметтік мәселе.

Әйелдер мен балалардың үнсіз мұңы

Көп әйел алған еркек өз сезімін, нәпсісін немесе «құдайшыл болуды» алға тартады.

Ал бірінші әйел ше?

Оның өзімен бірге өткізген он бес-жиырма жылын, адалдығын, аналық қызметін кім ескереді?

Екінші әйел — көбіне үмітпен келеді. Бірақ көбіне — көлеңкеде қалады. Жар емес, жасырын жанұя мүшесіне айналады.

Мұндайда ең ауыр соққыны алатын балалар. Бір үйде — заңды, екінші үйде — жасырын.

Бір ана қуанып отырса, екінші ана жылап отырады.

Бұл — бақыт па, бейбақтық па?

Полигамияның түпкі себебі не?

– Тәрбие мен әлеуметтік жауапкершіліктің әлсіреуі

– Құқықтық мәдениеттің төмендігі

– Әйелдің орны мен құқығы туралы бұрмаланған түсінік

– Тұрақты отбасылық диалогтың жоқтығы

Жоғарыда аталған себептер — бүгінгі күннің дерті. Емін іздемесек, бұл жағдай қоғам ішіндегі жік пен жарты рухтың көбейуіне апарады.

Көп әйел алуға тыйым салынбаған.

Бірақ оны шектеусіз пайдалану — қоғамға қауіп.

Бұл — әйел теңдігіне де, баланың психологиясына да, ердің абыройына да көлеңке түсіреді.

Бақыт — санның көптігінде емес, қарым-қатынастың әділдігінде.

Бір әйелді шын сүйіп, шын құрметтеп, бірге қартайған — нағыз ер.

Ал өз махаббатына адал бола алмаған адамға — рұқсат та жүктеме болады.

РS Бұл мақалада мәселе діни емес, әлеуметтік және этикалық тұрғыдан қаралды. Нақты өмірдегі әр жағдай жеке ерекшелікке ие, сондықтан бұл мәселе жөнінде шешім қабылдағанда тек шариғат немесе заң ғана емес, ар мен жауапкершілік те қатар тұруы керек.

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ,  педагог.