Аяжан: «Жетімдігіме емес, надандығыма өкінемін»

Жетімдер үйінен басталған жол. Никаб. Сирия. Аштық. Талақ. Балалар. Лагерь. Түрме. Бостандық. Өкініш. Бәрі де бір ғана әйелдің тағдырында тоғысқан. Бұл — Аяжанның хикаясы. Ол алғаш рет өзінің өткенін бүкпесіз айтып отыр.

— Аяжан, сіздің тағдырыңыз — бүкіл қоғамға сабақ. Бастайықшы… бала кезіңізден.

— Мен Атырауда дүниеге келдім. Әкем ерте қайтыс болды. Ал анам мені жалғыз өзі асырай алмай, жетімдер үйіне тапсырды. Басында алып кетуге уәде берген. Бірақ кейін ол тіпті мені іздемей кетті. Махаббат, мейірімге мұқтаж болып өстім. Дегенмен, балалар үйіндегі тәрбиешілерге мың алғысымды айтамын. Олар маған жақсы қарады. Бала кезімнен жақсылықты да, жамандықты да ерте көріп өстім.

— Дінге қалай келдіңіз?

— 16 жасымда колледжге түсіп, шаштараз мамандығын оқи бастадым. Сол кезде бір құрбым «намаз оқысаң, бәрі өзгереді» деді. Намаз бастадым. Сол жерден бастап басқа әлемге кіріп кеткенімді өзім де байқамаппын.

— Сосын тұрмыс құру...

— Иә. 17 жасымда өзімнен екі жас үлкен жігітке тұрмысқа шықтым. Ол бірінші күні-ақ маған никаб кидірді. Құрбыларыммен араласуға тыйым салды. Бәрі харам, бәрі бидғат. Көп ұзамай мен оның көлеңкесінде өмір сүріп жүрдім. Бірақ... ол мені алып бара жатқан жолдың қайда апаратынын білмедім.

— Сирияға қалай тап болдыңыз?

— YouTube-та «Сирияда нағыз ислам қоғамы орнаған» деген видеоларды көріп, сеніп қалдым. Бәрі әділ, бәрі шариғатпен жүреді деп ойладым. 2014 жылы қарашада, 10 айлық баламды құшақтап, Түркия арқылы шекараны заңсыз кесіп өттім. Ол кезде күйеуімнің айтқанынан шыға алмадым. Ол қараны ақ десе де, оған көзімді жұмып қойып сендім.

— Ол жақтағы өмір қандай болды?

— Алғашында «Ракка» деген қалада тұрдық. Күйеуім жиі соғысқа кетіп қалатын. Күнде жарылыс, өлім, үрей. 2018 жылы ол талақ айтып, басқа әйелге үйленіп кетті. Мені, балаларымды адам құрлы көрмей, жат жерде орта жолда тастап кетті. Мен үш баламен жатақханада қалдым. Ол кезде нан тауып жеу қиын... Кейде екі күн бойы ештеңе жемейтінбіз. Үлкен балам ДЦП. Күйеуіме біреу «Әйелің бомбы жарылғанда қайтыс болыпты, балаларың аман»  деп жеткізген кезде, ол: «Маған ауру бала керек емес!» деп жауап беріпті. Сол сөзі мені іштей өлтірді...

— Елге қайтуға қалай мүмкіндік туды?

— Біз күрд әскерінің арқасында аман қалдық. Олар біз  тұрған аймақты баспы алып, тұрғындарды тұтқындады. Кейін Әл-Хауль лагеріне апарды. Сол жақта 2019 жылы «Жусан» операциясымен елге қайтарылдым. Бірақ келген соң бірден сотталдым. 3 жыл бойы темір торда отырдым.

— Темір тордан шыққан өмір қандай болды?

— 2022 жылы бостандыққа шықтым. Қиын болды. Күйеуім сол жақтан «балаларды өз атыммен жаз» деп өтінді. Сөйтсем, ол түрмедегі мерзімін қысқартуға пайдаланыпты. Сол кезде мен бәрін түсіндім. Ол бізді ешқашан іздеген жоқ. Біз оған керек те болмағанбыз.

— Қазір өміріңіз қалай?

— Үкімет 3 бөлмелі пәтер берді. 3 баламмен сонда тұрамыз. Тіріміз. Бірақ менің ішімдегім – өлген үміт, өкінген жүрек. 5 жыл өмірімді ұрлаттым. Балаларымның балалығы ұрланды. Олар еркін күле де алмады, балалықтың тәтті кезін сезіне де алмады.

— Соңында, жастарға не айтқыңыз келеді?

— Дін — жүрекпен келетін нәрсе. Бірақ біліммен бекімесе, адасу оңай. Менің басымдағыны ешкім көрмесін. Қыздар, кімге сеніп жүргеніңізге қараңыздар. Әлеуметтік желі – шындықтың айнасы емес. Бәріне бір ғана сөз айтам: білім алыңдар. Сабырлы болыңдар. Жеңіл жұмақ уәдесімен — тозаққа кетіп қалмаңдар.

«Қараңғы түннен кейін таң атады. Бірақ ол үшін — тірі қалу керек.»