Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың мәні

Тәуелсіздік алған жылдардан бері еліміздегі діни ахуал қалай өрбіді, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың мәні неде, ол қалай реттеледі және Қазақстан не үшін зайырлылық қағидатын негізге алады деген сауалдарға жауап алу үшін SAPSAN стратегиялық орталығының директоры Жандәулет Сүлейменмен сұхбаттасқан едік.

 - Жандәулет мырза, Тәуелсіздік алған уақыттан бері еліміздегі діни жаңғыру үрдісі қалай жүрді? Неге қол жеткіздік, қандай олқылықтар бар?

- Енді, діни жаңғыру ісінде біршама өзгерістер болды, оны жасыра алмаймыз. Дегенмен жетілдіруді қажет ететін тұстары да бар. Кейбір азаматтар түрлі элементтерді қолдану арқылы еліміздегі діни ахуалды күрделі етіп көрсетуге тырысып жатқанын көріп жүрміз. Әрине, «іздегенге сұраған» дегендей, қазіргі ақпарат заманында болып жатқан оқиғалар да күдік отын одан сайын маздатып отырғандай көрінеді. Алайда бұл діни ахуал тұрақсыз деген байлам емес. Ішінара мәселелер бар, десек те тұтастай алғанда діни ахуал қалыпты. Бірақ бұл арқаны кеңге салу керек дегенді білдірмейтінін тағы да қайталап айтуға мәжбүрмін. Себебі қазақта «жау жоқ деме жар астында» деген тамаша сөз бар. Дін атын пайдаланып, жасырын әрекет ететін топтар кез келген уақытта пайда болуы мүмкін. Сондықтан да белгілі бір дәрежеде тәуекел барын да ұмытпаған абзал.

- Дін саласын реттеу ісінде мемлекеттің позициясы қандай болуы керек?

- Мемлекеттің басты міндеті – азаматтардың діни сенім бостандығын қамтамасыз ету, олардың қауіпсіздігін қорғау. Яғни, әр адам дінді ұстануға да, ұстанбауға да ерікті. Жалпы, бірнәрсені түсінген жөн: Мемлекет эмоциямен емес, заңмен әрекет етеді. Заңды тұрғыда болғандықтан біз ата-заңымызға арқа сүйейміз. «Басты байлық – адам және оның өмірі» деген құндылықты бағдар етеміз. Шектен шыққан шетін әрекеттерді айыптаймыз. Оларға заң аясында лайықты баға берілгенін қадағалаймыз.

- Ел ішінде зайырлылық қағидатына қатысты сыңаржақ ойлар жиі айтылады. Бірі мұны діннен түбейгелі бас тарту деп ұқса, бірі дін ұстануына кедергі келтіреді деп түсінеді. Анығында қалай? Зайырлылық дегеніміз не?

- «Зайырлылық» деген негізінде термин сөз. Тамыр-тарихы ғылымдағы «секуляризм» деген ұғыммен тығыз байланысты. Шетелдегі зайырлылық үлгісі бізбен үйлеспеуі мүмкін. Бізде зайырлылық ұстанымының нақты, құқықтық тұрғыда бекітілген анықтамасы жоқ, сол үшін де әркім өзінің ықпалына қарай түсіндіреді. «Екіге екіні қосқанда – төрт болады» дейтіндей нақты анықтамасы айқындалмаған дегенім сондықтан. Мемлекет пен дін бір-бірінің ісіне араласпайды. Бірақ, мемлекет қоғамдық тәртіптің сақталуына, елдегі тұрақтылыққа сызат түспеуіне мүдделі және осы жолдағы көлеңке түсірер кез келген әрекетке құқықтық тұрғыда шара қабылдайды.

Мемлекет басшысы «Біздің елде діни сенім бостандығына кепілдік берілген, бірақ осылай екен деп шектен шығуға болмайды» деді. Осы ретте, заңнаманы қалай жетілдірген жөн?

- Меніңше, заңдарды қайта жазудың қажеті жоқ. Ең бастысы – бар заңдардың орындалуын қамтамасыз ету. Мысалы, «Миссионерлік қызмет туралы» заңда діни насихат жүргізудің тәртібі нақты көрсетілген. Ал бүгінде әлеуметтік желіде діни тақырыпты кез келген адам талқылай береді. Бұл сала мамандары ғана айналысуы тиіс бағыт. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дегендей, әркім өз ісімен шұғылданғаны жөн.

- Президент Бұрабайда өткен Ұлттық құрылтайда: «Деструктивті ағымдар мен мәдениетімізге сызат түсіретін жат идеологияларға тосқауыл қою керек» деді. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуға тиіс?

- Мемлекеттің дін тұрғысындағы саясаты нәтижесіз жүріп жатқан жоқ. Алайда, бәрі бір қалыпқа түсті деп тағы айта алмаймыз. Содан кейін, жат ағымдарға, экстремизм мен терроризмге, деструктивті діни идеологияға қатысты заңда нақты анықтамалар жоқ. Салт-дәстүрімізге, ұлттық бірегейлігімізге нұқсан келтіретін кеселдерге қарсы тұруда жұмыла әрекет ету керек деп ойлаймын. Өкінішке қарай, біз қазір тек мәселенің салдарымен алысып жүрміз, негізінен соның түп-тұқиянына үңіліп, оны болдырмау, алдын алу жағына көңіл бөлінуі керек еді.

- Азаматтарды оңалту, оларды қоғамға қайта бейімдеу ісі жайында айта кетсеңіз.

- Негізі бұл көзге көрінбейтін, жауапкершілігі мол жұмыс қой. Қиындығы да қатар жүреді. Мысалы, наркоманиямен, алкоголизммен ауыратын адамның ерекшелігі – олар өзінің ісі дұрыс еместігін біледі, түсінеді. Ал оңалту ісінде субъект өзінің адасқанын мойындамайды. Тіпті өзіңді «адасқан» деп айыптайды. Діни оңалту ісі бізде 2012 жылдары басталды. Бұл қызметтің пайда болуына дінді дұрыс түсіне алмаған кейбір топтар әсер етті. Иә, кейін олар радикалды қадамға барды, кейбірі тіпті террорлық оқиғаларда төбе көрсетті, шетін әрекеттердің алғы шебінде жүрді. Міне, осыдан кейін мемлекет діни оңалту ісін стратегиялық тұрғыда қолға алып, кешенді жұмыстарға көше бастады. 15 жыл деген аз уақыт емес. Осы уақыт аралығында біраз тәжірибе жинақталды. Оңалту жұмысы олқылықты көтермейді, аса бір ыждаһатты қажет етеді. Қазіргі таңда азаматтарды оңалту ісі бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

- Десек те ол жұмыстарға күмәнмен қарайтындар бар. «Сізге бетім бері қарады, райымнан қайттым дегенмен, айналып келіп сол ісін жалғастыра береді, нәтижесінде біздің оңалттық дегеніміз тек есеп жүзінде қалып қояды» деген сын да жоқ емес. Бұған не дейсіз?-

- Иә, ондай пікір бар. Жасыратыны жоқ, алдағы уақытта бұл жұмысқа қойылатын талаптар бәлкім өзгеріске ұшырайтын шығар. Бізге негізінен, шартты тұрғыда белгілі бір көрсеткішке жету, есеп қуалау дегенге әуестенбей, сол азаматтарды толыққанды оңалту, райынан қайтару, қоғамға қайта бейімдеу жағына екпін қойған жөн сияқты. «Индикаторға міндетті түрде қол жеткізу керек» деген ұстанымнан алшақтайтын кез келді. Мұндай көзқарас жұмыс сапасына тікелей әсер ететінін түсіну қажет. Сіз де журналист ретінде бұған назар аударып отырсыз. Меніңше, бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды. Тұрақты негізде талдау, зерделеу жұмыстары жасалса деген ұсынысым бар. Ғылыми тұрғыда осыны зерттеу нысанасына алу керек.

- Бір сұхбатыңызда, аймақтық ерекшеліктерге тоқталып едіңіз. Мысалы, Батыс жақтың халқы, әсіресе, Ақтау, Атырау, Ақтөбе жақтың адамдары тым агрессивті, қызба болады дегенді меңзедіңіз. Айтыңызшы, азаматтардың географиялық мекені олардың мінез-құлқына қаншалықты әсер етеді?

- «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дейді ғой қазақ. Бәріміз бір елдің баласы болсақ та әр өңірдің мінез-құлық ерекшеліктері әртүрлі. Мысалы, сіз айтқандай Батыс жақтың адамдарына қызбалық мінез тән. Дін ұстанушы болсын, мейлі қарапайым адам болсын, олардың табиғаты осыған бейім. Ал енді осындай мінезге барып біз мысал ететін агрессия немесе радикализм элементтері қосылса, онда қауіп атаулы одан бетер өрши түседі. Тіпті физикалық күш қолдану да ғажап емес. Деструктивті діни идеология Батыс аймақтағы осындай ерекшеліктерді одан сайын өрістетіп отыр. Діни ахуалға салыстырмалы талдау жасалған кезде батыс өңірінің салмағы әркез жоғары болады. Осы орайда, бір параллель жүргізіп өтейін. Біз енді Қазақстанның батыс аймағын сөз етіп отырмыз ғой. Олардың мінез темпераментіне талдау жасадық. Бұл жердегі мақсат – халықты бөлу немесе бір-бірінен ерекшелеу емес, болып жатқан фактілерді айту, жеткізу. Тарихқа аз-кем көз тастасақ, мұндай жағдай, яғни, адамдардың мінез-құлық ерекшелігіне қарай саяси идеология жүргізу Саудия жерінде де болған. Айталық, ол жақтағы Нәжид аймағын (18-19 ғасыр ред.) мысалға алып қарайықшы. Бұл жақтың халқы да қызуқанды болған деседі. Яғни, көп мәселені ақылдан гөрі күшке салып шешкенді дұрыс көрген екен. Зерттеушілердің мәліметтерінде «Бұл идеология негізінен агрессия арқылы, күш көрсету арқылы кең таралды» деген нұсқа айтылады. Әлгінде ғана айтқанымдай, осындай мінез-құлық атаулыға агрессия, қызба көңіл-күй немесе ашу-ыза дегендер қосылатын болса, онда сәйкесінше келер қауіпті де болжай беріңіз.

- Еліміздегі діни ахуалдың тұрақты болуы үшін аянбай қызмет етіп жүрген сала мамандарының әлеуметтік жағдайы қандай деңгейде?

- Әлеуметтік-материалдық тұрғыда әлі де шешілмеген мәселелер жетеді. Алайда бұрынғы кезеңмен салыстырғанда өзгерістер бар. Негізі, алғы шепте жүрген сол дін мамандарына лайықты еңбекақы ұсыну, үй-жаймен қамтамасыз ету жағын мықтап қолға алу керек. Әйтпесе, білікті кадрдың тұрақтап қалуы қиын. Тағы бір мәселе – біз азаматтық қызметкер санатындамыз. Яғни, белгілі бір дәрежеде қорғалмағанбыз. Оңалтумен айналысатын дін мамандары мемлекеттік қызметші емес. Осының ара-жігін ажыратып алу қажет. Олардың жеке бас қауіпсіздігі көп жағдайда ескерусіз қалады. Түзету мекемесінде болсын, жеке дара кездесуде болсын, жалпы кез келген диалогта дін мамандары қауіп-қатермен бетпе-бет келеді, тікелей тәуекелдің бел ортасында жүреді. Міне осыған да назар аудару керек деп ойлаймын.

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан

Темірлан АЙТБАЕВ