«Мен қайта оралдым»: Сириядан қайтып келген әйелдің жан сыры

Адам өмірі бір-біріне ұқсамайтын мың түрлі жол. Біреу толыққанды отбасының аяулы қызы болып өссе, бірі «әке» деген сөзге зарығып, анасының құшағынсыз ер жетеді. Сол қилы тағдырдың жолын кешкен – 24 жастағы Айым (есімі өзгертілген) есімді қыз.

Әкесі мен анасы Айым кішкентай кезінде ажырасып, оны ата-әжесінің тәрбиесіне қалдырады. Ата-әжесі бар мейірімін төгіп, «жалғызым» деп өсірді. Айым үшін олардың үйі – әлемдегі ең қауіпсіз орын еді. Алайда өмір өз дегенін жасайды. Айым 15 жасқа толған жылы қос қария да өмірден өтті. Сол күннен бастап оның өмірі басқа арнаға бұрылды.

Анасы уақыт өте екінші рет тұрмысқа шықты. Жаңа отбасы, жаңа ереже, жаңа адам… Бірақ ол адам Айымға ешқашан әке бола алмады. Керісінше, жанын «Сен неге ұл болмадың?»  деген сөзбен жиі тілімдейтін.

Бұл сөзді жай айта салмайтын, қайта-қайта қайталап, Айымның өзін өз үйінде артық адам сезінуіне себеп болатын. Ал анасы болса, көбіне үнсіз қала беретін. Үнсіздігімен бәріне мойынсұнғандай еді.

Айым күн сайын өзін үйге сыймайтын, ешкімге керек емес жан сезінді. Әкесінің жоқтығы, өгей әкенің суық қабағы, анасының әлсіз қорғаны – бәрі оның жүрегіне бір-бір шеге болып қадала берді.

«Өмір біз ойлағандай жеңіл емес екен. Егер ешкімге керегім жоқ болса, не үшін бұл дүниеге келдім? Өз әкеме керегім болмағанда, өзгеден не күтем?» деп жиі ойланатынмын, дейді Айым.

Университетке түскен соң ғана ол үйдегі ауыр атмосферадан сәл де болса тыныстағандай болды. Бірақ ішіндегі жара сол күйі жазылмады.

Сол кездері ол әлеуметтік желіде бір ер адаммен танысады. Ол — шетелдік жігіт. Жай араласудан басталған әңгіме уақыт өте жиілеп, кейін видеоқоңырауларға ұласты. Жігіт Айымды ерекше жылы қабылдайтын. Оның әр сөзі көңілін жұбататын. Тіпті киім, не кітап жіберіп, көңілін аулайтын кездері де болған. Айым өзін алғаш рет біреуге қажет сезінді.

«Оның есімі Жан. Шынымды айтсам, онымен сөйлескенде есімді жоғалтатынмын. Анамның ұрысқаны да, өгей әкемнің жағамнан алғаны да маған әсер етпейтін болды. Себебі мен шынайы махаббатқа сендім», деп күрсінді ол.

Жан не десе де, Айым тыңдауға дайын еді. Оның айтқаны – заң. Өмірінің бір шетінде – суық үй, түсінбейтін ана, ауыр сөзді өгей әке, ал екінші шетінде – мейірімге, жылы сөзге толы виртуалды әлем.

Бір күні Жан оған: «Сенің бақытың ол жерде емес. Мен қазір Сириядамын, нағыз жаңа өмір осында. Біз жаққа кел, бәрі өзгереді », – деді.

Айымның жүрегі дір ете қалды. Қорқыныш та, үміт те аралас сезім болды. Бірақ көп ойланбады. Өйткені өз үйінде оны күтіп тұрған ешкім жоқтай сезінді.

«Бұл жақта мені ешкім қажет етпейді. Мүмкін, мені түсінетін, қолдай алатын адам Жан шығар. Мүмкін оның жанында бәрі өзгеретін шығар. Ол кезде менің үйімде түсіністік жоқ еді. Анамның жүзі шаршаған, өгей әкемнің ауыр сөздері… бәрі қабаттасып, мені бір шешімге итермеледі. Сөйтіп Сирияға жолға шықтым», дейді Айым.

– Жолға шығу туралы шешімді қалай қабылдадыңыз?

Қорқыныш болды… Әрине болды. Бірақ «мұнда қалудың енді мәні жоқ» деген ой бәрінен басым түсіп кетті. Бір сәттік әлсіздік адамның өмірін түбегейлі өзгертіп жіберетінін сонда түсіндім.

– Сирияға барған алғашқы күніңіз есіңізде ме?

Иә… Топырақтан ыстық леп есіп тұрды. Айналада қатал адамдар, салқын көзқарастар. Ал интернетте айтылған ғажайып әлем жоқ. Алғашқы түні-ақ бұл жердің шындығы мүлде басқа екенін сездім. Бұйрық, айқай, жарылыстар… Әйелдер үнемі қорқынышта жүрді.

– Сирияда қанша уақыт болдыңыз?

Төрт жыл. Төрт ұзақ жыл. Алғашқы жылы — әр дыбыстан селк етіп, әр түні көз жасым төгілді. Одан кейін— тірі қалуға тырыстым. Үшінші жылы — үмітім сөне бастады. Төртінші жылы елге оралу мүмкіндігі туралы сыбыс шыққанда, алғаш рет «тірі қалғым келеді» деген ой келді.

– Еліңізге оралған кезде қандай сезімде болдыңыз?

Жерге табан тигізгенде тізем дірілдеп кетті. Жерді сүйгім келді. Туған жердің иісі — адамды қайта тірілткендей болады екен.
Анамды көргенде сөз айтудың қажеті болмады. Құшағына құладым. Ол да жылады. Екеуміздің сөзімізді үнсіз жүректеріміз айтып тұрды.

– Өзіңізді кінәлі сезінесіз бе?

Әрине, сезінемін. Бірақ өмір бойы сол сезіммен жүру — тағы бір қателік.
Мен адастым, қателестім. Бірақ адам қателіктен сабақ алады, адасқан жолдан қайта дұрыс жол таба алады екен.

– Қазір немен айналысасыз?

Тігін шеберханасында жұмыс істеймін. Психологпен жұмыс істеп жүрмін. Арнайы оңалту бағдарламасынан өттім. Ең қиыны — өткенді ұмыту емес, өзіме деген сенімді қайта қалыптастыру болды.

– Сіздің оқиғаңыздан қандай сабақ алуға болады?

— Жалғыздық пен ауыр сөз адамды әлсіретеді. Әлсіз сәтте кез келген жалған мейірімге сеніп қалуға болады. Менің тілегім — ешкім менің қателігімді қайталамасын. Өмірдің мәні — біреудің тәтті уәдесінде емес. Өмірдің мәні — өзіңді қабылдауда, өзіңді құрметтеуде.

– Соңғы сұрақ: қазіргі Айым қандай?

Қорықпайтын. Енді ешкімнің «сен неге бұндайсың?»  деген сөзімен өмір сүрмеймін.
Жүрегімде жарық бар. Сол жарықты енді ешкімге сөндіруге жол бермеймін.

ЖШС «Діндерді зерттеу орталығының» журналисі

Абдалимова Қымбат