Интернеттен басталған таныстығым, өмірімнің тас-талқанын шығарды...

Дәстүрлі исламға жат, кейбір радикалды діни ағымдар исламдағы «жиһад» ұғымын өз мақсаттарына қарай бұрмалап, түсіндіруде. Діннің негізгі мақсаты адамды рухани кемелдендіріп, адамгершілік пен  әдепті үйретіп, бақытты етпек еді. Бірақ, дінді дұрыс түсінбеген отандастарымыз шет ел асып, Алланың мейіріміне бөленеміз деген оймен арбауға түсіп қалып жатады. Сондай отандастарымыздың бірі Арайлым (есімі өзгертілген). Таяу шығысқа кетіп,  майдан алаңында қорқыныш пен өлім көрген өмірінен сыр шертті.

Сізге сабақ болсын...

Мен толыққанды отбасынан шыққан қызбын. Отбасымыз көпбалалы болған соң, ата-анам маған көңіл бөле алмады. Олар таңның атысы, кештің батысы жұмыста болды Себебі, бәрімізді асырау оңай емес еді. Мектеп оқушысы болып жүргенде сыныптастарымнан ерекшеленген жоқпын. Қарапайым отбасынан шыққан, мінезі тұйық, ашылып ешкіммен сөйлеспейтін қыз болдым. Үлгерімім жаман болған жоқ.

Өзім қазақ болсам да, өзге ұлт өкілдерімен сөйлескенді ұнататынмын. Олар мені қазақ жігіттерге қарағанда жақсырақ түсінетін сияқты болатын. Мінезім тұйық болған соң өмірде сөйлескенше, әлеуметтік желіде жазғанды құп көретінмін. Ұйғыр, қырғыз, орыс, шешен жігіттерімен сөйлесетінмін. Сол жігіттермен сөйлесіп жүріп, шет мемлекетке кетуді армандайтынмын. Мектеп бітіре сала Алматыға оқуға барып, ағылшын тілін меңгеруге кірісіп кеттім. Бір күні парақшама жас жігіт дос болуға өтініш тастады. Сымбатты жігіт болып көрінді. Қабылдап, аккаунтын қарап отыр едім, смс хабарлама жазды. Уақыт өте келе екеуміз жақсы сөйлесіп кеттік, тіпті телефоннан бас көтермейтін болдым. Сондай білімді, иманды жігіт болып көрінді. Өзі намаз оқиды екен. Түркияда тұратын кавказ жігіті еді. Мені еліне қонаққа шақырып жүрді, басында бас тартатын едім, кейін ойлана бастадым. Неге бармасқа?- деген ой келді. Сол жігіттің ықпалымен мен де бір күні намаз оқып бастадым. Күнде әртүрлі уағыздар жіберетін. Мешітке бармайтынмын, отандық имамдарды мүлдем тыңдамайтынмын. Тек жігітімнің жіберген видеоларын қарап, қызықтырған сұрақтарымды сол кісіге қоятын едім.

Виртуалды жігітім күннен күнге ұнап, бір күн сөйлеспесем көңілім көншімейтін. Қатты бауыр басып қалдым. Жанымда жүрген жігіттерді мүлдем байқамайтынмын. Ойымның бәрі сол жігітте еді. Егер маған келсең арманыңның бәрін орындаймын, өміріңді ертегі етемін деп уәде беретін еді. Менен басқа ешбір қызбен сөйлесе алмайтынын, екеуміз де намаз оқығандықтан, шариғат заңдарына сәйкес некемізді қидырмасақ болмайтынын алға тартты. Егер некелеспесек жігітімнен айырылып қаламын ба деп қорқып, интернет арқылы неке қиюға дайын болдым. Осылайша әлеуметтік желі арқылы некелесіп, өмірімде көрмеген, танымайтын ер азаматтың әйелі болдым.

Бұл жағдайдың бәрін ата-анама да, туыстарыма да айтпадым. Тек Түркияға кетерге бір күн қалғанда анама хабарласып кетіп бара жатқанымды айттым. Ата-анамның қарсылығына қарамастан кетіп қалдым. Олардың разылығын алмай, қалай бақытты боламын деп қалай ойлағанмын десеңіздерші. Бұл жерде де діни сауатсыз болғанымның көрінісі ғой. Жә, кеттім де қалдым, шет ел асып. Көрші ауылға бара жатқандай, алды артыма қарамадым.

Тұрмыстағы өмір

Интернетпен неке қиған жолдасым мені әуежайдан күтіп алды. Үйіне алып барды, жалғыз тұрады екен. Ата-анасымен араласпайтын көрінді, олар күйеуімнің туған жері Хасаюртде тұрады екен. Неліктен олармен араласпайтынын сұраған едім, қысқа ғана «намаз оқымайтын адам, мейлі менің ата-анам болсын, мен үшін кәпір», - деп жауап берді.

 Алғашында бәрі жақсы болды. Шет елде тұруды армандаған мен үшін, Түркиядағы өмірім ертегі сияқты көрінді. Алайда, ол ертегі күйеуімнің Сирияға кетеміз деген сөзінен кейін бітті. Басында қарсылық білдіргеніммен, кейін ол жақта Алланың разылығын аламыз, егер Алланың жолында өлсек, одан асқан бақыт жоқ деп миымды улап тастағандай болды. Осылайша, Стамбулға барып, Сириядан бірақ шықтым.

Сириядағы жағдай

Түркия арқылы Сирия мемлекетіне өттік. Ол жақта бізді күйеуімнің таныстары күтіп алды. Бірнеше отбасы болып бір үйде тұрдық. Бейбіт елде, қарудың түрі тұрмақ, даусын естіп көрмеген мен үшін өмірім тозаққа айналғандай болды. Өзім жүкті едім. Баламды сондай жағдайда дүниеге әкелудің өзі өте қиын болды. Сәбиіміз бір жасқа келгенде күйеуім шахид болды деген хабар келді. Жесір қалған мен үшін енді тек өзімнің ғана емес, баламның да аман қалуын ойлауым керек болды. Аман қалудың қамын ойлап жүргенде, біреудің үшінші әйелі болуға келістім. Ол да бірнеше айдан соң соғыс алаңында мерт болды. Нағыз майданда жүргендей болдық. Бомба тасталатын. Әйелдер күйеулерінен, балаларынан айырылып, күнде қаралы хабар еститінбіз. Өмірімнің тас-талқаны шықты. Күнде Аллаға жалбарынатынмын, еліме оралуды нәсіп етші деп.

Оралу...

Бір күні таныстарымнан «Жусан» операциясы туралы естідім. Бірден тізімге енудің жолдарын іздестіре бастадым. Осылайша тізім жасап жүрген қазақ азаматтарымен кездесіп, екі ай ішінде елге оралдым. Туған жерге келгендегі сезімімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Отбасым теріс айналып, мені қабылдамайтын шығар деп қорықтым. Бірақ, олар мені кешірді. Қазір туған-туыстарыммен, ата-анаммен қарым-қатынасымыз жақсы. Хабарласып жағдайларын біліп тұрамын. Қазір өмірім жақсы арнаға түсіп, тұрақталды. Балам қасымда, жұмысқа орналастым, оңалту орталығына барып психолог, теологтармен сөйлесемін. Осы күндерім үшін Аллаға шүкіршілік етемін. Өткен өмірімді еске алғым келмейді. Ол мен үшін қорқынышты түс сияқты... Менің тағдырым қазақтың  қара көз қыздарына ой салса екен. Әлеуметтік желіде абай болыңыздар. Діни сауатты болып, қандай да ақпарат білгілеріңіз келсе мешітке барып, имамдармен тілдесіңіздер дегім келеді.