Менің қазіргі күйім, жас кезде жіберген қателігімнің кесірі...
Батыстың баласы Қуаныш (есімі өзгертілген) түзету мекемесінде отыр. Діни адасушылық, терроризм бабы бойынша сотталған.
Намаз оқымайтындарды кәпірге санап, радикалды көзқараста болған. Енді мәселенің түбі қайда жатыр? Неліктен адамдар жат ағымның етегінде кетуге бейімделгіш болады? - деген сұрақтардың туындауы заңдылық. Сол себепті де, адасып, кейіннен дұрыс жолға түскен кейіпкерімізбен сөйлесіп, осы сұрақтардың жауабын табуға тырыстық.
-Қуаныш, өзіңіз жайлы айтып берсеңіз?
-Мен үйдің жалғыз баласымын. Бала кезімнен мінезім тұйық болды. Әке-анаммен ашылып сөйлескенім есімде жоқ. Басымда қандай проблема болмасын, өзім шешуге тырысатынмын. Мектепті де жарытып оқыған жоқпын. Өйткені, сабақ оқитын жағдай болмады. Еңбекке ерте араластым десем де болады. Сол сәттен бастап қоршаған ортам, достарым пайда бола бастады.
-Дәстүрлі дін жолынан айнып, адасқан жамағат қатарында өзіңіз де болдыңыз. Отбасыңыздан безіп, отаннан бас тартуға дейін бардыңыз, кейін үйірге қайта оралдыңыз. Бұл адасу неден басталды?
-Иә, адастым... Отбасым, ата-анам, бауырларым демедім, кім намаз оқымайды бәрін кәпірге санадым. Бұл жағдай жоғарыда айтып өткен ортам, жаңадан пайда болған достарымнан басталды. Олармен интернет арқылы, бір діни парақшаның ішінде таныстық. Іштей дінге қызығушылығым болды. Сол кезде діни білімді мешіттерден емес, әлеуметтік желіден іздегінім ақымақтық болған. Мінезі толық қалыптаспаған, араласатын ортасы жоқ, мен сияқты адамдар, бұл орта үшін таптырмас олжа. Олар үшін «пешка» болғанымды қазір түсініп жатырмын ғой.
-Жат ағымға еріп кеткеніңізді алғаш байқаған кім?
-Анам күдіктеніп жүрді. Кейін туған - туыстарымнан алшақтай бастадым. Бізді намаз оқымайтын адамдармен араласу дұрыс емес, олармен бірге тамақ жеудің өзі харам, ол сенің туысың, анаң болса да бәрібір деп үйретті. Бір күні анамды көршілеріміз қонаққа шақырыпты және сол үйден тамақ алып келіпті. Мен олар намаз оқымайды, жегендері харам деп анаммен жанжалдасып қалдым. Осы сияқты ұрыс-керіс жиілеп кетті, кейін ашу үстінде үйден кетіп қалдым. Сол кездегі бірге араласатын достарым мені құшақ-жая қарсы алды. Ісімнің бәрі дұрыс екендігін айтып, бұл дүниеде кәпірлермен жүргенше, Аллаһтың жолында құрбан болып, жәннаттық болған мың есе артық деген түсінікті санама сіңіріп тастады.
-Жалпы, радикалды ағымдағылар адамдарды өздеріне қалай тартады?
-Көп жағдайда бұл жолға жағдайы төмен және мінезі толық қалыптаспаған адамдар кіріп кетеді. Өйткені басында олар мейірім көрсеткендей болады, қаржылай көмек береді. Ол жағдай өзімнің де басымнан өтті. Үйімнен кетіп қалған соң, қалтамда көк тиыным болмады. Әлем маған қарсы сияқты көрінетін. Сондықтан, олардың маған көрсеткен кез-келген көмектерін Алланың берген сиы сияқты қабылдадым. Кейіннен жағдайдың жоқтығы биліктің кесірінен деп, сондағы адамдарға деген өшпенділік сіңіреді. Оларды жек көргенің соншалық, міз қақпай өлтіре салатындай дәрежеге жетесің. Бойыңдағы мына өмірге, қоғамға деген ыза-кектің кесірінен, қолыңа қару алып, кез-келген жерде жиһад жасауға дайын боласың.
-Ал қандай ақпарат көздерінен «білім» алдыңыздар?
-Саид Бурядский, Дарын Мубаров, Назратуллах сынды уағызшыларды ғана тыңдайтынбыз. Олар біздің мешіттің имамдарын мүлде мойындамайтын және оларды тыңдатпайтын. Діни білімім жоқ болғаннан кейін, барлық сөздеріне сендім.
-Сирияға кету туралы ойыңыз болды ма?
-Иә, болды. Сонда кетуге дайындалып жатқанда құқық қорғау органдарына ұсталдым. Біздің сол кездегі ең үлкен арманымыз, Сирияға барып, жиһад жасау болатын.
-Қазір өміріңіз қаншалықты өзгерді және сол кездегі іс-әрекетіңіз үшін өкінесіз бе?
-Темір тордың ар жағында отырған адамның өмірі, оның түсінігі мен ойлауы 180 градусқа өзгереді. Бұл жағдайға түсу үшін көп жұмыс жасадық. Теологтармен, имамдармен, психологтармен сөйлесу арқылы ойым өзгеріп, жасаған қателігімді түсіндім. Ол менің діни сауатсыздығым мен жас кезде жіберген қателігімнің кесірінен. Үйімді, отбасымды, туғандарымды сағынамын. Олармен қарым-қатынасымды үзіп, өзгеден пана іздеп, шалыс басқаным үшін өкінемін. Мен сияқты отбасынан безіп, «діншілмін» деп ойлап жүрген адамдарға айтарым, ойланыңыздар. Жаныңызда жүрген «жәннатыңызды», бауырларыңызды бағалаңыздар дегім келеді.