Ринат: «Менен екі шақырым әрі жүріңдер, ұмытыңдар мені!»
Ринат Сисенғалиев 2013 жыл 5 маусым күнгі Атырау облысы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының шешімімен ҚР ҚК-нің 179 бабы 4 бөлігі, 233-2 бабы 2 бөлігі, 58 бабы 3 бөлігі және 364 бабымен аса ауыр қылмыс жасады деген айып тағылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылды.
Р.Сисенғалиев Сирияға жихадқа кетпек болып Атырау қаласында құрылған қылмыстық топтың құрамында болған. Ролан Аманжолов басқарған бұл қылмыстық топ Таяу Шығыстағы қарулы жихадқа қатысу үшін террористік топқа қосылу мақсатында атыраулық кәсіпкерден ақша талап ету үстінде оны өлтірген.
Интернеттен салафиттік бағыттағы «радикалды-жихадтық» ағымның уағызшыларын тыңдап, Сирияға барып террористік топқа қосылуды мақсат еткен топтың құрамында Атырау қаласының тұрғындары Ролан Аманжолов, Қуаныш Ишанғалиев, Ардақ Аманғалиев, Абзал Изимов, Ержан Құсайнов, Аман Қонақбаев, Ринат Сисенғалиев, Нұрболат Тайров болды.
Қазақстанда шариғат және Құран ережелері сақталмайды, ел халқы, мемлекет «дінсіз кәпірлер» деп, «күшпен жихадқа» шығуды уағыздаған топ басшысы Ролан Аманжоловтан басқасы бүгінде еліміздің қатаң режимдегі түрмелерінде жазаларын өтеп жатыр. Ал 2012 жылы 28 қараша түні қылмыс жасалған сәттен соң Р.Аманжолов Сирияға қашып үлгірген еді. Діни сауатсыздық салдарынан адасып, Қазақстан мемлекетін «кәпір мемлекет» деп, Отанын сатып кеткен ол бүгінде өмірде жоқ. ДАИШ- тың құрамына барып қосылып, Сирияда қайтыс болды.
Ринат Сисенғалиевтың Ақтау қаласындағы 172/6 қатаң режимдегі түрмеде жазасын өтеп жатқанына биыл 8 жыл болды. Біз темір тордың аржағында отырған Ринатқа жолығып, сұқбаттасқан едік.
Ринат 1987 жылы Атырау қаласында туған. Мамандығы электрмен дәнекерлеуші. Толық отбасында өскен, үйленген, ұл-қыздары бар. Намазды 2011 жылы бастаған. Ол «намаз оқымағанды кәпір, анамның пісірген асын харам демедім, мемлекетке қарсы шықпадым, кісі өлімі болған жерде болмадым» деп отыр… «Мақсатым – жихадқа кету ғана болды. Кезінде интернетке «Сирия шақырады» деген бейне-роликтер шықты, соны көріп-көріп, тойып, барып көзіммен көрейін дедім» дейді.
– Ол жақта не болып жатыр екен, нені көзіңізбен көргіңіз келді?
-«Жихад болып жатыр» деді, шынымен жихад па, басқа нәрсе ме, көзіммен көрейін дедім. Осы оймен жүріп топ құрдық.
-Өзге браттарыңыз сияқты Сирияға өз бетіңізбен де кетуге болатын еді ғой. Не үшін топ құрдыңыздар?
-Хадиске сүйенсек «Екі адам сапарға шықса біреуін басшылыққа тағайындаңдар» дейді ғой, топ құрып, басшылық сайлап, жамағат болып кеткіміз келді.
– Басшысы кім болды?
– Басшымыз Сирияға кетіп үлгірді. Ролан деген жігіт еді, сол жақта қайтыс болды. Басшылыққа сайлаған себебіміз, ол бізге қарағанда қабілетті, еті тірі болды. Сирияға кету үшін қаражат керек болды. 2012 жылы Атырауда жеке кәсіпкерден ақша тартып алуға әрекет еттік. Бірақ басында мен қылмысқа барғым келген жоқ, себебі Сирияға баратын өз қаражатым болды. Жеке кәсіпкер болдым, өз ақшамызбен барайық деген едік, бірақ топ басшысына бағынуға тура келді.
– Қастандық қалай жасалды?
– Өлтірген жерде мен болған жоқпын. Менің міндетім – кәсіпкердің соңына түсіп, қай жерде жүргенін анықтау болды. Сол күні оның жұмысынан шығып үйіне келгенге дейін артынан көлікпен жүріп бақыладым. Болды. Қасымдағы жігіттерді екінші күні ғана көрдім. Олардан кәсіпкердің өлтірілгенін естідім. Сосын адам өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 2012 жылдың желтоқсан айында ұсталдық.
– Намазды бастағаңызға жыл болмай Сирияға кетем депсіз. Жалпы тез адасып кетуіңізге не себеп болды?
– Сол Сирия туралы роликтерді қарауым. Роликте «мұсылмандарды қырып жатыр, шииттер сунниттерді қинап жатыр» деді. Сол кезде мен мұсылман ретінде өзімнің діндес бауырларымды қиын жағдайда қалдырғым келмеді. Шынымен сондай сезім оянды да баруым керек деп шештім, ақыры осындай жағдайға тап болдым,
– Бурятскийді тыңдадыңыз ба?
-Ия, ия, тап сол Бурятскийды тыңдадым. Әдетте сол ғой жихад туралы уағыз айтқан, мен басқа нәрсеге басымды ауыртқан жоқпын, кітап оқыған жоқпын, сол Сирияға кету дегенге тап болдым да байланып қалдым.
– Сіз Сирияға кетерде «мұсылман еліне кетейік, Қазақстан кәпірлер елі» деп уағыз айттыңыз ба?
– Жоқ, мен ол жағына көп алаңдаған жоқпын, намаз оқыдым, жихад мәселесіне ғана байландым, Сирияға бару керек болды, соған тырыстым.
– Ол уақытта өзіңіздің түсінігіңізге байланысты қоғамға, халыққа қарсылығыңыз болды ма?
– Мен жастай жұмыс жағдайында көп адамдармен араластым, қоғамда ушыққан мәселе болған жоқ. Адамдар кейде маған «сен вахабиссің» дейтін. Ал олардан ваххабизмнің не екенін сұрасам, білмейді. Білмесе не үшін айтады олар?
– Сақалға қараған шығар.
-Ия, сақал болды ғой міндетті түрде.
– Балақ ше?
– Ия, балақ та қысқа болды. Бұрын мен олармен бірге тойға бардым, ішімдік ішетінмін, қыдыратынбыз. Бірақ соңынан клубқа, ішімдік ішетін жерге бармадым, сондықтан ваххабизм оларға жат болып көрінді.
– Қалай жат болмайды? Сонда сіз өзіңізді ваххабизм ағымында болған жоқпын деп есептейсіз бе?
– Мен бе? Шыны керек, мен әлі күнге дейін ваххабизмнің не екенін өзім де түсінген жоқпын.
– Сонда неге, кімге еріп жүрсіз?
– Ергенде енді… Бурятскийдің лекциясын тыңдағам. Мендегі проблема Сирияға кету болды, басқа нәрсеге басымды ауыртқан жоқпын, басқа нәрсеге басымды ауыртатын уақыт болған да жоқ,
-Егер ұсталмай, Сирияға кетіп қалғанда не болар еді?
-Онда Сирияда өліп қалатын едім, қасымыздағы Ролан сол жақта қайтыс болды ғой,
-Не үшін кетті, не үшін өлді ол?
-Өзге мемлекеттің соғысы үшін өліп кетті ғой, шейхсымақтар интернетте отырып алып уағыз айтып, өздері бармайды, халықты үгіттеді ғой.
-Жихадты өз мемлекетіңіздің басшысы жариялағанда ғана шықпаушы ма еді? Сіз бөтен мемлекеттің шақырған жихадына кетпек болдыңыз.
-Енді соны білмедік ол уақытта, ізденбедік қой.
-Бұл жерде ең бастысы- мемлекетті мойындамау болып тұр. Сіз Қазақстан Республикасының азаматысыз. Бірақ өзге мемлекетке қашып кетпек болдыңыз.
– Мемлекетті мойындамау дегенге айтарым, мен саясатқа араласқан жоқпын. Еліміз, жеріміз үшін жанымыз ашитын қазақпыз, жақсы болғанын қалаймыз. Бірақ ол жақтағы соғыстың саясат үшін болғанын білмедік біз. Дін үшін деп ойладық.
-Бүгін дін үшін соғыс болса барар ма едіңіз?
-Хмм …енді… дін үшін деп ойлап бардық қой… Сөйтсек ол саясат үшін соғыс болып шықты. Енді бүгін өзге мемлекеттің соғысына қатысамын дедім деп басымды қатырғым келмейді.
-Басыңызды қатырып, ауыртпауыңызға қарағанда өкінбейтін сияқтысыз.
-Қалай өкінемін? Мен өткенмен өмір сүрмеймін, өткен өтті, кетті. Қазақта «Сүрінгеннің айыбы жоқ, кері ортасын тапқан соң» дейді. Мен енді аман- есен отбасыма оралуым керек. Бүгін мен отбасым, інім, бала- шағам менің басқан қате қадамымды баспаса екен деген үмітпен жүрмін. «Мен неге үйіттім, мен неге бүйіттім? Сирияға кетем демеуім керек еді» деп өз- өзімді түсіргім келмейді. Болды. Өтіп кеткен нәрсе қайта келмейді. Мен бүгінмен өмір сүруім керек, болашақты ойлауым керек.
-Салафизм өтіп кетті, енді керегі жоқ дейсіз бе сонда?
-Ия, болды. Керегі жоқ, қаламаймын. Бүгін мендегі жол картасы – үйіме жол ғана. Басқа ештеңе керек емес.
-Өмірдің мәні – отбасы. Осы өмірдің мәні мен қызығына не жетеді? Бақыт отбасында емес пе?
– Ия, отбасым, балаларым бар. Балам мектепке барды. Баланы мектепке әкесі жетектеп апару қандай бақыт болар еді? Өкінетін нәрсе, әрине. Бірақ оны ойлап, еңсемді түсіргім келмейді.
– Жұмақ пен тозақ туралы ғана ойлау адамды неге апарады? Ылғи осы ойда жүру адамның өміріне қалай әсер етеді?
– Енді бұл туралы әр мұсылман адам ойлауы керек. Жұмақ пен тозақты атеистер ғана жоққа шығарады.
– Жоққа шығау туралы айтып отырған жоқпын. Кейбір жастар өмірдің мәнін жұмақ пен тозаққа қарай бұрып жіберіп, білім, ғылым, өнер, технология турады ойланбайтыны туралы айтып отырмын. Яғни, олар мына дүниенің игіліктерін тәрк етуде.
-Жұмаққа Аллаға сенетін адамның барлығы барғысы келеді, мысалы сіз де, мен де барғым келеді. Бірақ мына өмірді де ұмытпау керек, Дүниеге келдің бе, сол дүниеге бір кірпіш болып қалану керек, яғни, өмірден өз орныңды тауып, екі мағынада, екі жақты да бірдей алып жүруіміз керек. Ия, менің жұмаққа баруым керек. Мен осы дүниеде жүріп намазымды оқып, тиым салынған нәрселерден аулақ болып, садақа беріп, нәпақамды тауып, отбасымды жақсы асырасам, ол да садақа, ол менің ақыретім, жұмаққа жол салатын амалдар. Адамдардың жолында жақтан кедергіні алып тастасам, ол да маған сауап- садақа, яғни, мына өмірде істейтін жақсылықтар ақыретке жазылып жатқан нәрсе. Мына өмірде жүріп ақыретті қатты ойлап, бұл дүниені жауып қоюға болмайды. Мына өмірде өтірік айтпау, адамға қастандық жасамау керек.
– Сіз бұдан 9 жыл бұрын адам өмірін қиған қастандық жасауға қатыстыңыз. Бірақ бүгін адамға қастандық жасамау керек деп отырсыз. Бұл сөзіңізді қалай түсінеміз?
-Ия, Аллаға шүкір! Мен өзімді 99,9 пайыз түзелдім деп ойлаймын.
-Сіз Сирияға шахид болып, жұмаққа түсу үшін барғыңыз келді ме? Ол жақта өзін – өзі жарып жіберу бар ғой.
– Мен олай ойлаған жоқпын. Оны дұрыс емес деп есептеймін. Өзін – өзі өлтірген адам – тозақтық. Мен оны істемес едім, бірақ мен шынында да шахид боламын, сол жаққа барып соғысам дедім. Мен осы жаққа отбасымды тастап кетемін дедім. Сирияға отбасын әкеткен көптеген адамдар болды. Мен қайда бара жатқанымды білдім. Сирияға барамын, көремін, көзімді жеткіземін, дұрыс болып жатса дұрысын білемін, қате болса, өз түсінігіме сай болмаса, мүмкіндік болып жатса қайтып келемін деп ойладым. Барсақ өліп кетуім де мүмкін еді, бірақ Алланың қалауымен бара алмай қалдым. Соған Алхамдуллилаһ, шүкіршілік етеміз қазір. Барып келгендердің әңгімесін естіп жатырмын, ол жақта қандай жағдай болып жатқанын білдік.
-Тоқетері не?
-Тоқетері – таза білімсіздік, діни сауатымыз болмады. Мысалы Сирияда жихад деп жариялады, кім айдап жатыр бұл жолға, не үшін болып жатыр? Неден басталды? Соны зерттемедік біз. Ол жақта азаматтық соғыс мемлекеттің басшысына наразылықтан басталды, біреуін алып тастап, екінші басшыны тағайындау керек болды. Бұл таза саясат. Дін үшін емес, жихад емес деп есептеймін.
– Діни сауатыңызды аштыңыз ба?
-Осы жерде теологтар арқылы діни сауатымыз ашылып жатыр. Қателіктерімізді түсініп. білмегендерімізді сұрап, біліп жатырмыз.
-Сіз жаңа ғана ваххабизмнің не екенін өзім де әлі түсінген жоқпын дедіңіз ғой…
-Түсінбегенімізді әлі де сұраймыз ғой. Мен енді осы жерден аман- есен бостандыққа шығып, отбасыма оралып, адам қатарына қосылып кетсем деген ойда жүрмін.
-Егер бұрынғы бірге жүрген браттарыңыз «қатарымызға қайтып кел» десе не істейсіз?
-Бала- шағам бар ғой менің. Үш ұлым, екі қызым бар. Отбасымда жақсы қарым- қатынас болды, әлі де жақсымыз. Енді бұрынғы браттарға «Айналайындар, менен екі шақырым әрі жүріңдер, ұмытыңдар мені, өтінемін!» деймін.
Әңгімелескен Ұлдай САРИЕВА, Durbi.kz
Ақтау қаласы