Балғабек МЫРЗАЕВ: Зайырлылықты күшейту – дінді әлсірету деген сөз емес
– Балғабек мырза, қазір «зайырлы қоғам» деген сөз тіркесін әркім өзінше түсінеді. Осыны біздің оқырмандарымызға ашықтап «тәпсірлеп» берсеңіз?
– Қазақстан зайырлы мемлекет болған соң оның негізгі басымдықтары адамдардың өз құқықтарына беріледі. Құқықпен қорғалған және сол берілген құқықты жақсы пайдалана білетін адам мен қоғам және мемлекет қана жоғары қарқынмен дамиды. Зайырлылықты күшейту – дінді әлсірету деген сөз емес. Зайырлылық қанша күшейтілсе де, діни қызмет өз арнасымен жалғаса береді.
Мемлекет пен қоғам үшін діни алауыздық пен тағатсыздықтың өршуі қаншалықты қауіпті болса, заңдардың, адам құқықтары мен бостандықтарының аяққа басылуы да соншалықты қауіп туғызады. Сондықтан зайырлылық өзара ынтымақтастық пен түсіністікке негізделеді. Ал зайырлы мемлекет заңдылық пен құқықты негізге алады. Соның нәтижесінде біздің зайырлылығымыз – мемлекеттілік пен ұлттық қауіпсіздіктің берік тұғырына айналып отыр.
Зайырлы мемлекет кез келген дінге бейтарап ұстанымда болады. Белгілі бір дінге басымдық берілмейді. Яғни ресми дін болмайды. Мемлекет қандай да бір дінге тәуелді болмайды. Дін де мемлекетке тәуелсіз қызмет етеді.
– Зайырлы мемлекет барлық дінге бейтарап қарайтындықтан халықтың да қай дінді ұстануына еркіндік берілген ғой?
– Діннің өзі адамдарды мәжбүрлеу яки күштеу арқылы өз қағидасын орнататын жүйе емес. Ол ең әуелі иманды негізге алады. Ал иман – жүрек пен ар тазалығы. Бұған ешқандай мәжбүрлеу өз билігін жүргізе алмайды. Адам баласы бар пейілімен өзі ықыласын танытса ғана иман келтіре алады. Осы жағынан келгенде дінде ешқандай мәжбүрлеу жоқ.
Дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, қарым-қатынас әдебі, моральдық нормалар жиынтығы, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі. Сондықтан дін мәселесі – рух мәселесі. Дінге руханият негізі ретінде қарап, оның жасампаз құндылықтарын, рухани әлеуетін басты назарға алған жөн.
Исламдағы негізгі қайнар көздерге зер салсақ, Құран мен сүннеттің зорлыққа, күштеуге не мәжбүрлеуге жол бермейтінін анық көруге болады. «Бақара» сүресінің 256-аятында ашық түрде «Дінде зорлық жоқ, туралық азғындықтан айқын бөлінді» делінгені сөзімізге дәлел. Мұхаммед пайғамбарға қарата айтылған аятта «Сенің міндетің тек қана естірту» («Әли Имран» сүресі, 20-аят; «Нахыл» сүресі, 82-аят; «Шура» сүресі, 48-аят) делініп, пайғамбарлық міндет халыққа тек ескертіп, насихаттап айту екені көрсетілген.
Дінде алғаш рет зорлыққа жол бергендер тарихтағы харижиттер екенін айтуға болады. Харижиттер дінді тым таяз түсіну салдарынан осындай әрекетке барған. Олар өздеріне қосылмағандарды жау санап, күштеп, қорқытып қатарларына қосқан.
Тіпті, өздеріне қосылмағандарды мұсылман болғанына қарамастан, шімірікпей өлтіруге дейін барғаны мәлім. Бүгінде зорлық әрекеттері неохарижиттік діни ағымдарға тән. Осы себепті дінге зорлық араласқан уақыттарда ол түрлі бүліктер мен қатігездіктерге жол ашқанын байқаймыз. Ал Исламның мұраты болса – бейбітшілік пен сүйіспеншілік.
– Ал зайырлылық ұстанымы теріс ағымдарға қалай қарайды?
– Қай дінде болмасын діни радикалды идеология кез келген елдің қалыптасқан әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне, моральдық-рухани құндылықтарына, жалпы алғанда қоғамның бірлігі мен ынтымағына төндірер қаупі зор болғандықтан, Қазақстанның зайырлы мемлекет ұстанымы бізге діннің ішкі мәселелеріне дендей енуден сақтандыратын маңызды өлшем екенін түсінуіміз керек.
Сондай-ақ, күнделікті тұрмыста «анау болмайды», «мынау болмайды», «ол дұрыс емес», «мынау дұрыс» деген сынды тыйымдар мен сындардың көбеюі қоршаған ортада, яғни отбасы, туыстар, достар, таныстар арасында түсініспеушіліктерге бой алдыра бастайды. Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының шариғатқа мүлдем «сай келмейтіндігі» сөз болады. Бұл сатыда дінді ұстану мен оның шарттарын орындау барысында агрессиялық қысым басымдылық танытып, көбінесе ислам дінінің ішкі терең мазмұнынан гөрі атрибутикалық әрекетке көп көңіл бөлінеді.
Жалпы, адамзат дамуының тарихи тәжірибесінен туындаған мемлекеттің зайырлылық принципі мемлекет пен діннің бір-бірінен бөлінуін жариялағанымен, ол ұғым бұл екеуiнiң арасына қорған салуды білдірмейді. Өйткені, дiнсiз – мемлекет, ал мемлекетсiз – дiн жоқ. Дiн мен мемлекеттiң түйiсер жерi – елдiң тұтастығы және қоғамның ауызбіршілігі мен тұрақтылығы.
– Өкінішке қарай, зайырлылықты дінге қайшы етіп көрсеткісі келетіндер бар. Олардың көздегені не?
– Бүгінгі таңда біздің қоғамымызда да айтыс-тартыстар бой көтеріп, бұл үрдіс демократия мен зайырлылық идеяларын мойындамау секілді ұстанымдарынан көрініс табуда. Себебі, олар демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет болып табылатын еліміздегі жүйені бұзғысы келеді. Зайырлылықты дінге қайшы етіп көрсеткісі келеді.
Радикалды діни ағымдар идеологиясының ең жағымсыз ықпалы дәстүрлі рухани-діни құндылықтарды ыдырату арқылы діни сананы өзгерту үдерісі болып отырғанын атап айту қажет. Өйткені, кез келген жат ағым қоғамда қалыптасқан құндылықтарды күйрету арқылы өзін орнықтыруға ұмтылады. Ал бұл өз кезегінде дәстүрлі құндылықтармен бірге ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан ұлтты қалыптастырған құндылықтарды қорғау – елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау болып саналады.
– Мемлекет пен діннің арасындағы байланыс қаншалықты қажет деп ойлайсыз?
– Мемлекет пен дін – бір-бірімен тығыз байланысты құндылықтар кешені. Бір ғана мысалға жүгінейік. Дін құндылықтарының төресі – бейбітшілік пен келісім. Өйткені, бейбіт өмір ғана дін адамына Жаратушының алдындағы пенделік міндеттерін орындауға мүмкіндік береді. Ал зайырлы қоғам тұрғысынан бейбіт өмірдің мәні орасан зор. Дін ісі де, дүние ісі де бейбітшілік жағдайында ғана көгеріп-көктейді. Осыны түйсіну өз кезегінде отансүйгіштік сезімдерге тәрбиелеп, елдік мұраттарға жетелейді. Себебі, тыныштық, тұрақтылық пен татулық тек заңдылыққа, тәртіпке, жүйеге негізделген біртұтас құрылым – мемлекет аясында ғана орнайды. Сондықтан да исламда: «Отанды сүю – иманнан» деп бағаланады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Балжан ӘБДІРАШ