Діни экстремизмнің қаупі қандай?

XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басында әлемдік қауымдастықта терроризм мен экстремизмнің көрінісі артып, әлемдік қақтығыстар мен бақталастықта жаңаша қайшылық түрі пайда болғандай. Оның үстіне әсіредіни радикалдытоптар да  осы қайшылықтардың арасынан орын алып жатқанын көріп жатамыз.

Жалпы түпкі мақсатында экономикалық және геосаяси мүдделер жатқанмен, қарапайым азаматтар осындай лаңкес топтардың қатарына діни мақсатта кіріп кетіп жатыр. Осы орайда халықтың діни-саяси сауаты аса маңызды. Дін жұмыр басты пенденің жан дүниесіне рухани тұрғыда тірек болады. Бірақ сенім бар кезде адасу да бар. Мемлекеттен арнайы бөлінген теологтар мен психолог мамандар осы бағытта жұмыс істейді. Біз бүгін Астана қаласындағы дін саласындағы сарапшы, теолог Жандәулет СҮЛЕЙМЕНОВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Жандәулет Отарбайұлы, кез келген мүддеге қол жеткізу үшін діни мотивацияланған экстремизмді құрал ретінде пайдалану қоғамға қаншалықты қауіпті?

– Конституциямызда «мемлекеттің басты қазынасы – адам және оның өмірі» деп айқындалғандай, кез келген жағдайда адами құндылық алдыңғы орында болуы керек. Демек, қоғамға зарар беретін кез келген мүдде зиянды болмақ. Соның ішіндегі діни экстремизм ауада тұрған вирус іспеттес. Ол қай жерде таралса, сол аймаққа зарар береді. Ал салдарымен мемлекет күресуге мәжбүр болады. Әлемде дәлелденген тұжырым – мақсатты топтардың мемлекеттік мүддеге емес, керісінше, жеке мүддені мақсат етіп, діни мотивацияланған экстремизмді протектораттықпен пайдалану жағдайлары орасан қауіпті. Салдарынан қоғамда эксцестік тұлғалар пайда болады.

Бұл топты пайдаланушылар түсінген бір қағида бар. Осы қағиданы ескерумен ойын шартын құрады. Ол діни түсінбеу­шіліктің міндетті түрде қайтарымды соққысы болады, яғни кері реакция береді. Ол қандай процесс десеңіз, түсіндірейін. Өзінің барлық болмысын діннен іздеп, өзін түсінгісі келген адам неше түрлі діни ақпаратпен танысады. Оған тура діни түсінікті тура жолдағы маман түсіндірмесе, терең діни ой-қозғауларды ешкім үйретпесе, алғашқы қателік өзім оқып, түсініп аламын деген материалық пікірмен ойлап, әрекет еткен кезде шығады. Бұл – адасудың бастауы, яғни діни түсінбеушіліктің алғашқы соққысы. Кейін бұл адам қоғамнан бөлініп, ымырашыл емес кейіпке енген диссидентке айналады. Ондай топтарды қоғамда бүлік тудыруға бағыттау ыңғайлы болмақ.

– Қаңтар оқиғасы орын алған уақытта «бүлікшілер арасында деструктивті діни топтар да бой көрсетті» деген ақпарат таралды. Жалпы осы оқиғадан кейін мұндай топтарға қарсы идеологиялық жұмыстар қаншалықты жаңаша қырынан қарқын алды деп ойлайсыз?

– Қазақстан – өз болашағына үмітпен қараған мемлекет. Оның біртұтас­тығына қарсы келетін кез келген құбылыс қауіпті. Жалпы қаңтарға дейін және қаңтардан кейін алдын алуға қатысты жергілікті жерлердегі идеология жұмысы бір деңгейде жүруде, әзірге өзгеріс жоқ. Бұл бір жағынан алдын алуға бағытталған жұмыстың дұрыс емес екенін білдірмейді. Ол жұмыс тоқтатылмауы керек. Ал екінші ракурстан қарағанда, жасалып отыр­ған жұмысты басқа қырынан қарау керек деген мәселелер де жоқ емес. Меніңше, еліміздегі бұл мәселені саяси-құқықтық тұрғыда ғылыми зерттеп, шынайы талдау жасап, нақты есеп болуы керек. Кейін талдаулардан туындаған мәселелер мен тұжырымдамаларды ғана іске асыруға бағытталған жұмыс бағдарламаларын түзу қажет. Александр Герцен: «Ғылым – күш, ол заттардың байланысын, олардың заңдылықтарын, өзара әрекетін ашады» деген. Ал мәселені қашанда ғылыми пайымды негізге ала отыра шеш­песе, одан бетер ушығуы мүмкін. Деструктивті көзқарастағы діни идеяларды еңсеруге қатысты тәжірибелік іс-шаралар жүргізгенде ғылыми негізге жүгіну туындаған мәселені жеңілдетеді. Оны енді алдағы уақыт еншісінен күтеміз.

– Елімізде аймақ­тардағы діни мәселені реттеуге атсалысатын зерттеу орталықтары бар емес пе, олардың сіз жоғарыда келтірген ғылыми жұмыстарды еңсеруге әлеуеті қандай?

– Иә, 2014 жылдан бас­тап елімізде әр өңірде орталықтар ашыла бастады. Бұл орталықтар жергілікті атқарушы орган тарапынан құрылған. Жергілікті әкімдік тарапынан қаржыландырылады. Сонымен қатар, көпшілік орталықтардың атауы да «діндерді зерттеу» деген сөзбен байланысады, жарғылары мен ережелерінде де діни істер бо­йынша зерттеу, талдау жүргізетінін көрсеткен. Бірақ ол орталықтардың қызметі бір бағытқа ойы­сып кетіп жатыр. Яғни практикалық іс-шараларға және шараларды орындауға бағытталуда. Аталған орталықтарда жалпылама әлеуметтік зерттеу қарастырылғанмен, дерадикалдандыру ісіне нақты ғылыми бағыт беріп, зерттеу нәтижесіндегі практикалық жұмыстар көрінбеуде. Ол жердегі алдын алуға тартылған мамандардың қызметі ғылыми құзыреттен гөрі жедел әрекет ету мамандарының қызметіне ұқсайды. Иә, бұл саладағы маман үшін ол да керек тәжірибе, бірақ екінші жағынан ғылыми талдауларды да ұмытпау керек. Сондай-ақ, бұл орталықтардағы қызметкерлер тек қана жедел әрекет ету жағдайындағы субъектілермен басқарылмауы керек. Сонымен қоса, тенденцияларды қарап, талдамалы баға бере алатын басқару болғаны дұрыс. Қосымша оңалту ісін жүргізуші мамандарға тәлімгер институтын қалыптастыру қажет деп ойлаймын. Өйткені кей жағдайда маманның мәселеге білімі жетсе де, біліктілігі жетіспей, психологиялық тұрғыда дайын еместігі байқалып жатады. Ал қарсы түсіндіру жұмысында маманның білімі мен біліктілігінің болуы, тиімді қорытынды жасай алуы мәселеге оң ықпал етеді.

 

– Қазіргі таңда діни экстремизм десе қоғам салафизм ұғымын еске алатын жағдайға жетті. Одан басқа елімізде қауіпті болған немесе болашақта қауіп тудыруы мүмкін болған діни топтар, ағымдар бар ма?

– Өкінішке қарай, бар. Қазіргі мен көріп отырған тенденция бұрынғыдай емес. Бұрын деструктивті діни топтар атойлап, менмұндалап өз атын танытып жүретін еді. Ал қазіргі жағдайда идеясы сыртқы елдерден келген кейбір діни жамағаттар «сауатты» жұмыс істей бастады. Мейлінше өзін жасырын ұстап, миссиясын орындап жүр. Мұндай топтың ІІІ кезеңмен жұмыс істейтін стратегия­лық жоспары бар деген болжам бар:

І кезең. Ерушілер жинау. Өзіне еруші, идеясын дұрыс деп қолдаушы топ жинау үшін жасырын үгіттеу жүргізеді. Сонымен қатар, қоғам ішінде беделге ие, әлеуметтік статусы бар субъектілерді арбауды жолға қояды.

ІІ кезең. Беделге ие болу. Мемлекет санасатындай деңгейге жету. Бұл жамағат ашық озбырлығымен, қиянатты іспен көзге көрінбеуге тырысады. Керісінше, өзін оң жағынан көрсету үшін, мүмкіндік болса, қоғамдық мүддеге арналған «жария садақалы» амалмен көрінеді. Осылайша, тұрақты жамағат ретінде қалыптасып алғаннан кейін өз қағидаларын 50/50 жария-жасырын жүргізе бастайды.

ІІІ кезең. Әсер ету. Бұл кезеңде жамағат саяси ықпалдастыққа араласа бастайды. Яғни мемлекеттік органдарға, дінге негізделмеген саяси партия­ларға мүше болу арқылы түрлі ықпалды жұмысты күшейтуге дейін барады. Иә, Конституция­ның 5-бабында елімізде діни негіздегі партияға жол берілмейді деп жазылған. Аталған «лифтіге» қол жеткеннен кейін идеологияға қамқоршылық жасайтын гипержауапты субъектілер пайда болады. Бұл – ең қауіпті кезең. Өз жабық тұжырымдамаларында бекітілген қағидалар мен ережелердің қоғамда қалыптасуына, орындалуына саяси билік арқылы әсер етуге әрекет жасайды. Бұл дегеніңіз мемлекеттің біртұтастығына қауіпті.

Мұндай оқиғалар әлемдік тәжірибеде де көптеп орын алып отыр­ғанын көріп отырмыз. Сондықтан еліміздегі сырт­тан басқарылатын жамағаттарды нақты саралап және оларға стратегиялық тұрғыда тойтарыс беру қажет. Өйткені сыртқы идеологиямен құрылған діни топқа ергендерде мемлекеттің қауіпсіздігі мен біртұтастығынан бұрын ұйым миссиясының қағидалары әрқашан жоғары тұрады. Қысқасы, «әмірші» не айтса, соны орындайтын деңгейге жетеді.

Ұлы Абай қара сөзінің бірінде «дәл осы күнде қазақтың ішінде кімді жақсы көріп, кімді қадірлеймін деп ойладым» дейді. Сол себепті елдік пен ерлік ел азаматының бойында болуы керек деп ойлаймын.