Радикалды діни топтар өздерін таргет арқылы жарнамалауға көшкен
Жастар арасындағы діни экстремизм мәселесі әлемдегі лаңкестіктің күшейіп, қазіргі заманның жаһандық мәселелерінің біріне айналуының қауіпті үрдісімен байланысты. Діни экстремизм мәселесі және деструктивті діни ағымдардың жастарға әсері туралы елордалық Діндерді зерттеу орталығының маманы Нұрсұлтан Дихамбаевпен әңгімелестік.
– Нұрсұлтан Жеңісұлы, экстремист адамды қалай сипаттап беруге болады?
– Экстремистің жеке басын зерттей келе көп жағдайда ондай адамды қазіргі әлеуметтік жағдайға бейімделмеген, болашаққа деген сенім жоқ, агрессивті, өмірлік мәселелерді шешуде тек өзінің қара күшіне ғана сенетін, құқықтық нормаларды елемейтін маргинал ретінде сипаттайды. Олар өздеріне мүлдем сын көзбен қарай алмайды. «Менікі дұрыс, сендер адасқансыңдар» деген түсінікпен өмір сүреді. Сол себепті де, олар өздерінің пікірлерін мәжбүрлі түрде мойындатуға тырысады. Ондай адамдардан көбінесе қатігездік байқалады. Жастарға әсер ету әсте оңай болғандықтан, осы айтқан қасиеттерді солардан байқауға болады.
– Жіктеп айтып беріңізші, олар қалай әрекет етеді?
– Жалпы алғанда, экстремистер өзінің де, өзгенің де өмірінің маңыздылығын түсінбейді. Сол себепті, өз мақсаттарына жету үшін қысқа мерзімде қолдан келген дүниелерін жасайды. Ол адамдардың бойындағы агрессиялық бейімділік моральдық қағидаттар шеңберінен шығып кеткен. Олар осындай бір схемамен жұмыс істейді деп сізге ешкім айтып бере алмайды. Күш қолдану керек кезде күш қолданады, адам құқықтарын шектеу олар үшін түкке тұрмайды.
– Кез келген сұхбатта экстремистік топтардың негізгі құрбандары жастар деген айтылады. Қалай ойлайсыз, біздің жастарға ондай топтардан аулақ болу үшін не жетіспейді?
– Өздеріңіз білетіндей, адам экстремист пен террорист болып тумайды, олар объективті және субъективті факторларға байланысты пайда болады. Мұндай ұйымдардың қатарын әсіресе агрессивті-экстремистік әрекеттерге бейім жастар толықтырады. Жас жеткіншектер кейбір жағдайда мінез-құлқы, ойлау қабілеті, табиғи туа біткен ерекшеліктері бойынша экстремистік топ өкілдеріне бір табан жақын болуы мүмкін. Мұндай ерекшеліктерге максимализм мен нигилизм, радикализм, бейресми бірлестіктерге бейімділік, дүниетанымның тұрақсыздығын жатқыза аламыз.
– Діни радикалдар жастарға әсер етудің қандай әдістерін қолданады?
– Мұндай адамдар сөйлесіп тұрған бейтаныс жанның жасына және жеке басының психологиялық ерекшеліктеріне қарамастан, адамның санасын толығымен басқаруға мүмкіндік беретін инновациялық транстық әдістерін зерттей отырып, кәсіби дайындықтан өткен.
Діни радикалдар өздерінің кәсіби дағдылары мен қабілеттерін пайдалана отырып, еліміздегі діндарлар арасындағы толеранттылық пен конфессияаралық келісім қағидаттарын бұзуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырады. Мұндай діни-экстремистік және террористік ұйымдарда адамның санасын улау және оның мінез-құлқына әсер ету технологиясы бірқатар психологиялық әдістерден тұрады.
– Біз бұл ағымдармен қаншалықты күрессек те, жоғалар түрі жоқ. Діни радикалдар жыл өткен сайын жаңа тәсілдер ойлап тауып жатыр. Қазіргі таңда әлеуметтік желінің әлеуеті өскен сайын, діни жат ағым өкілдері тарапынан тағы қандай тенденциялар шығып жатыр?
– Толықтай келісемін, әлеуметтік желіні діни радикал топтар өз мүдделеріне пайдалануда. Деструктивті діни ағымдардың өкілдері психология, дінтану, менеджмент саласының кәсіби мамандары бола отырып, заманауи жетістіктерді тиімді пайдаланып, өз қызметінде белсенді пайдалануда. Интернеттің қарапайымдылығы, қолжетімділігі және салыстырмалы түрде ол жерде бақылаудың аздығы, деструктивті, соның ішінде экстремистік ұйымдардың өрісіне айналдырды.
Интернеттегі ең соңғы, ең кең тараған трендтердің ішінен таргеттік жарнаманы атап өтуге болады. Құраннан немесе Библиядан бір-екі қанатты сөз көрсетіп, «Өлгеннен кейін не болады?», «Жақын адамның өлімінен қалай өз-өзіңе келуге болады?», «Күйеу немесе әйел таңдағанда неге мән беру керек?» деген сияқты адамдарды қызықтыратын сұрақтар қойып, «таргет» жарнамасын жіберіп, пабликтер мақсатты аудиториясын жинап алуда. Әрі қарай, пайдаланушы өз қалауы бойынша жарнама қызықтырса, лайк басып, пікір қалдырып, репост жасай алады, кейін топқа жазылады, осылайша өзінің қызығушылығын көрсетеді, осылайша кейіннен радикалдану процесі басталады.
Осы орайда оқырмандарға өз кеңесімді бере кетсем, әлеуметтік желілерде жеке ақпаратты, әсіресе адамның психологиялық мәселелері мен қиындықтарын көрсететін ақпараттар салмаған абзал. Танымайтын адамның күмәнді сұрақтарына жауап бермеу. Әрқашан оқитын ақпараттарыңызды тексеріп отырыңыздар, сондай-ақ қазіргі таңда жоғары ақы төлейміз деп жұмысқа шақырып, кейін алдап кететіндер бар. Сол себепті, өте сақ болу керек.
– Шыны керек, өте көп ақпарат айтылды. Әсіресе біз жарнамаға мән бермейміз. Діни сипаттағы жарнама көрген адамдарға бұл радикалды ағым болуы мүмкін деген ой кіріп-шықпауы мүмкін. Пайдалы ақпаратпен бөліскеніңізге рақмет! Егер діни сұрақтар болса қайда хабарласуға болатынын айтып өтсеңіз.
– 109 номеріне хабарласа аласыздар немесе Астана қаласы Діндерді зерттеу орталығына байланысқа шықсаңыздар кез келген теологиялық сұрақтарыңызға жауап ала аласыздар.