Күйеуім «талақ» беріп, үйден қуып шықты

Көп адамдар үшін дін –басқа түскен проблемалардың шешімі іспеттес көрінеді. Жан таныштығын діннен іздейтіндер де аз емес. Басқа қиыншылық түссе не істерлерін, кіммен ақылдасатындығын білмей алдынан кезікке «мейірімді» жанның сөзіне еріп, айтқанын екі етпейтін адамдарды көзбен көріп, құлақпен естіп жүрміз. Редакциямызға сұхбат беруге келген Аяжан есімді отандасымыз да дінде жүрген жандарды жолықтырып, аяғында от бастым дейді...

-Аяжан, әңгімені бастамай тұрып оқырмандарға өзіңіз туралы таныстырып өтсеңіз.

-Мен қазақтың қарапайым қызымын. Қарапайым отбасында дүниеге келдім. Жаңатастың тумасымын. Орта мектепті бітіріп, астанаға оқуға түстім. Содан бері осы қалада тұрамын.

-Отбасыңызда діни тәрбие болды ма? Ата-анаңыз дінге қаншалықты жақын еді?

-Жоқ, ата-анам кеңес заманының адамдары ғой. Мұсылман болсақ та үйде ешкім намаз оқымайтын. Тек құран бағыштап, жылына бір рет ас беретініміз болмаса, былайынша дінге жақын болдық деп айта алмаймын.

-Ал дінге қызығушылық қайдан пайда болды?

-Университетке түскеннен кейін басталды. Жатақханада тұрдым, жанымдағы қыздар намаз оқитын, дін туралы көп айтатын еді. Әсіресе өлім туралы жиі айтатын. Мен сондай әңгімелер естігенде қатты қорқатынмын. Құрбыларым тозаққа түспес үшін міндетті түрде намаз оқу керексің дейтін еді. Әрі өмірім жаңа арнаға бұрылғандықтан өте қиын болды. Ата-анам алыста, ақша жетіспейді, депрессияда жүрдім. Солармен бірге жүріп өмірімде бірінші рет ораза ұстадым, мешітке жиі баратын болдым, кейін намаз оқып кеттім.

-Отбасыңыз қарсы болған жоқпа?

-Әрине қарсы болды. Басында білдіртпей жүрдім, кейін анам біліп қойып, мені жатақханадан шығарып алды. Құрбыларыммен араласпауымды өтінді. Бірақ, ол маған көмектескен жоқ. Тығылып намаз оқып, қыздармен араласуымды тоқтатпадым.

-Ол қай жылдары еді? Құрбыларыңыз намаз оқығаны үшін анаңыз қарсы болмаған шығар? Әлде басқа да себептер болды ма?

-2005 – 2006 жылдар. Ол кезде дінде жүріп, намаз оқып, орамал тақсаң бірден үрей тудыратын. Құрбым тұрмысқа шықты. Күйеуі де намазхан еді. Мені өз досымен таныстырды. 3 рет кездесіп мен де күйеуге шығып кеттім. Анамның күдігі сол кезде расталды.

-Күйеуіңіз деструктивті ағым өкілі болып шықты ма?

-Иә, құрбым деп жүрген адамды да, оның күйеуін де жақсы танымайтынымды сол кезде түсіндім. Ата-анамды тыңдамай тұрмысқа шығып алып, Таяу Шығысқа өтіп кете жаздадым. Олардың өздерінің араласатын орталары болатын. Күнде солармен жиынға кетіп, келгенде басқа адам болып оралатын.

-Тағы қандай оғаш қылықтар байқадыңыз?

-Күнде үйде уағыз тыңдайтын. Содан кейін бізге елден кету керектігін, Алла алдындағы борышын өтеу керектігі туралы айта беретін. Мен жүкті болып, ауырып жүргем. Жұбайлық қызметіңді дұрыс атқармайсың, мен екінші әйел аламын деп маған айтып, жүктілігімнің 9-шы айында екінші әйел алды. Мен дым дей алмадым. Себебі, күйеуімді тыңдау парыз деп есептедім. Өте ауыр болды. Өзіміз өмірімізді әрең сүріп жүргенде күйеуім енді екі отбасының ортасында жүрді.Сонысымен қоймай, мені қатты қызғанатын. Егер көшеде бір ер адам маған қараса, кешке үйге келген соң «дүре» соғатын (қамшымен ұру).

-Құқық қорғау органдарына шағымданған жоқсыз ба?

-Жоқ. Осы жағдайдың бәрін құрбыма айтып, жылайтынмын. Ол маған діни тұрғыда бәрі дұрыс дейтін. Еркегіңді тыңда, тыңдамасаң жолың болмайды дейтін.

-Ол құрбыңызбен әлі араласып тұрасыз ба?

-Жоғарыда айттым ғой, күйеуім «джиһад» жасағысы келетін деп. Құрбымның күйеуі оның жан досы болғандықтан, бұл тек менің ғана емес, құрбымның да күйеуінің арманы еді. Олар кетуге бірге дайындалып жүрді. Кейіннен достарымыздың Түркияға кеткенін естідім, содан кейін хабарсыз кетті. Ортақ таныстарымыздың айтуынша Сирияға шекара асып кетті дейді-мыс.

-Күйеуіңіз қазір қайда?

-Ұл тудым. Одан кейін екінші балама жүкті кезімде қатты ұрып тастады. Баламды түсіріп алдым. Ата-анам жағдайымды көріп, ағаларым күйеуіммен сөйлесті. Содан кейін күйеуім отбасыңмен араласпайсын, егер сөйлессең талақ беремін деді. Басында шариғат бойынша күйеуімді тыңдау парыз деп, оған да көніп жүрдім. Бірақ, туыстарыммен тығылып сөйлесетінмін. Бір күні анаммен сөйлескен хабарламамды оқып қойып, үйде ұрыс болды. Аяғында талақ беріп, үйден баламмен қуып жіберді.

-Ал екінші әйелі ол кезде қайда тұратын еді?

-Одан да екі баласы бар. Кейіннен естуімше сол отбасымен Сирияға кетіпті.

-Қазір дінге деген көзқарасыңыз қалай? Мамандармен жұмыс жасадыңыз ба?

-Анамның інісі мемлекеттік қызметте еді. Сол кісі мені мамандарға алып барды. Өзім үлкен депрессияда жүргендіктен, не істерімді білмедім. Мешіттегі имамдардан сабақ алып, психологпен сөйлесіп, өз-өзіме әрең келдім. Қазір намазымды оқимын, бірақ, фанатик емеспін. Басты мақсатым енді ұлыма жақсы тәрбие беру.