Әкеммен жасты адам тоқал болуға ұсыныс жасады...
Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі - деструктивті идеологиялардың таралуы. Мұндай ұйымдар тұлғаның рухани, психикалық және физикалык жағдайына қауіпті. Көбіне олар мемлекеттік стандарттар мен нормаларға, дәстүрлі дінге қарсы, мойындамайды. Сонысымен де қоғам үшін қауіпті және деструктивгі ағымдарда жасырын психологиялық зорлық қолданылады. Деструктивті идеологияның құрбаны болған отандасымыз Айдана редакциямызға хабарласып, өз оқиғасымен бөлісті.
-Айдана, өзіңіз жайында айтып өтсеңіз? Қандай отбасында дүниеге келдіңіз? Дінге қызығушылығыңыз қай кезде ашылды?
-Оңтүстіктің қызымын. Тәрбиеміз қазақша болды. Үйдің үлкенімін. Дін туралы үйде көп айтылмайтын. Тек арасында құдайы тамақ, құран оқыту деген сияқты рәсімдер өткізіліп тұратын. Дінге деген қызығушылығым студент кезімде артты. 9-сынып бітіріп, Алматыға оқуға түстім. Жатақханада тұратын едік. Бір бөлмеді 5 қыз тұрдық. Бір қыз намаз оқып, орамал тағатын еді. Кешке тамақ ішіп отырасың, кейде серуендеп сыртқа шығасың, сомен ортақ әңгімеміз тек дін туралы еді. Ол өзінің орамалға ата-анасының айтуымен келгенін айтатын. Кейін құрбы болып кеттік. Оның үйі Алматының жанындағы ауылда еді. Бір күні үйіне алып барды. Ата-анасы мені ұнатып, өздеріне жақын тартты. Сомен апта сайын құрбымның үйіне барамыз. Араласа келе менде намазға келдім. Жәй-жәй орамал тағып бастадым.
-Ата-анаңыз қалай қарады? Қарсы болмады ма?
-Мұғалімдер бірден ата-анама хабарласыпты. Әрине, басында түсінген жоқ. Бірақ, ата-анам намаз оқудың арты жамандыққа әкеледі деп ойлаған жоқ. Себебі, исламның негізгі мақсаты адамдарды дұрыс жолдан тайдыру емес қой. Менде басында намаздан жан тыныштығын іздедім. Ислам көңіліме медеу болады деп ойладым. Тозақтың отынан қатты қорықтым. Өйткені, құрбым мен оның ата-анасы тек арғы өмір жайлы айтатын. Бірақ, мені қорқытқан, өмірімді 180 градусқа өзгерткен намаз бен орамал емес...
-Қандай жағдай екенін айта аласыз ба?
-Жоғарыда айтқанымдай апта сайын құрбымның үйіне баратынмын. Оның ата-анасын өз ата-анамдай көретінмін. Құрбымның отбасында тек қыздар еді. Үйінде ұл бала жоқ еді. Бір күні сабақта отырсам, құрбымның әкесі жазып, тездетіп кездесу керек деп айтты. Ойымда еш арам ой жоқ, жарайды деп келісіп, колледждің жанындағы кофеханаға бардық. Басында сен өте әдемі қызсың, қазір намаз оқып, орамал таққалы мүлде ажарлана түстің дегенде біртүрлі болып қалдым. Өзінің қызымен жасты адамға солай айтып отырғаны көңіліме жақпады. Сөздің аяғында маған екінші әйел болуға ұсыныс жасады. Құрбымның әкесі солай айтқанда төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей болды.
-Сіз не деп жауап бердіңіз? Құрбыңызға бұл жағдайды айттыңыз ба?
-Құрбыма айтқан жоқпын, алайда, араласуды тоқтатып басқа бөлмеге көшіп кеттім. 1-2 айдан кейін құрбымды әкесі оқудан шығарып алып, тұрмысқа беріп жіберді. Ал мен сол уақытта тұңғиық ойға батып кеттім. Намазымды тастамадым. Бір күні мешітке барып жамағатпен намаз оқып тұрғанмын. Сол кезде әйелдерден намазды өзгеше оқиды екенмін. Жарты жыл ішінде бір рет мешітке барып немесе өздігімше әлеуметтік желіден намаз оқу, ислам туралы ақпарат алуды ойлымыппын.
-Діни сауатыңызды сонда қай жерден аштыңыз?
-Құрбымнан үйренетінмін бәрін. Керек ақпаратты сол қыз жіберетін. Мешіттегі имамдар білімсіз деп айтатын. Тек арабтарды тыңдайтынбыз. Кейін исламды зерттей келе мен исламды басқаша түсінгенімді білдім. Бірақ, ұзаққа бармай, өз тәубеме келгенім қуантады.
-Қазір діни ақпараттарды қайдан аласыз?
-Қазақта «аузы күйген үрлеп ішеді» деген сөз бар. Әркімге бір сенуге болмайды екен. Мен дер кезінде басым істеп, біреудің тоқалы болудан бас тарттым. Оған да Аллаға шүкір. Қазір керекті ақпаратты имамдардан сұраймын. Оқырмандарға да таныс емес шет елдік ғалым сымақтарды тыңдамауға кеңес беремін. Менің жағдайымда бәрі оңынан шешілді. Бірақ, бәрінің бірдей жолы бола бермейді. Өзіміздің ата-бабамыз ұстанған ислам- ең дұрысы екен.