Тегін келген әр заттың сұрауы бар...
Шет елге білім аламын деп барып, деструктивті ағым өкілдерінің қармағына түсіп қалған отандасымыздың қоғамға айтары бар. Жоғары оқу орнын тәмамдау, белгілі бір маман иесі болу радикалды идеяның құрбаны болудан сақтамайтынына тағы бір дәлел. Ұлыбританиядан грант ұтып алып, радикалды діни ағымның кесірінен оқудан шығып кетіп, өмірін дінмен байланыстырамын деген Айдос (есімі өзгертілген) кейіпкеріміз редакциямызға сұхбат берді.
-Айдос, оқырмандарға түсінікті болу үшін өзіңіз жөнінде ақпарат беріп өтсеңіз. Қай жердің тумасысыз? Қай жерде білім алдыңыз? Дінге деген қызығушылығыңыз қалай пайда болды?
-Өзім Солтүстік Қазақстан өңірінің тумасымын. Үйдің кенжесімін. Жоғарғы білімді Астана қаласында алдым. Мектепте де, университет қабырғасында да үлгерімім өте жоғары болды. Университеттін қызылға бітіріп, магистратураға шет елге тапсырып көрдім. Ұлыбританиядан грант ұтып алдым. Осылайша қазақтың қарапайым баласы Лондоннан бір-ақ шықты. Ал дін туралы айтар болса, елде жүргенде оқу дедім, жұмыс дедім дін туралы оқуға да , ойлауға да уақытым болған жоқ. Лондонға барған соң жалғызсырап, жаныма жақын адамдар іздей бастадым. Бір-екі қазақ баласымен танысып, солармен жақын араласа бастадым. Олар ораза ұстап жүр екен. Дінге жақын жігіттер екен. Уақыт өте келе мені де дін туралы әңгімелеріне араластыра бастады.
-Дін туралы әңгіме айтатын дедіңіз. Сонда ол қандай әңгіме?
-Мен дін туралы түсінігім жоқ болғандықтан, олардың әңгімесі қызық болатын. Оразаны не үшін ұстайды, намазды не үшін оқиды, мешітке барудағы мақсат қандай деген сияқты сұрақтарым көп болатын. Әртүрлі сұрақтарыма достарым жауап беретін. Мен мұсылман болып туылдым, қазақ отбасында дүниеге келген соң құран оқыту, ас беру деген сияқты жоралғылар жасалатын. Бірақ, солтүстікте Ислам дінінің шарттарын орындап, намаз оқып, мешітке баратын адамдар саны аз. Мен оқушы кезде ондайды көрмедім. Кейін өзім де Исламға қалай баспен кетіп қалғанымды түсінбей қалдым. Сабақ қалды жайында. Күнде жігіттермен жиналамыз, Алланы еске аламыз, әртүрлі оқиғалармен бөліседі олар, мен аузым ашылып тыңдаймын, кейін оқу үлгерімім нашарлап, университеттен шығып кеттім. Достарым өзінің таныстарымен таныстырды. Олар Түрік азаматтары еді. Оқудан шығып қалған соң солардың үйіне көшіп бардым.
-Оқудан шығып кеткеніңізді ата-анаңыз қалай қабылдады? Елге орал деп айтқандар болды ма?
-Қандай ата-ана баласының оқудан шығып қалғанын қуана қабыл алады дейсіз? Әрине, олар маған кейін, ренжіді, елге орал деді, бірақ, мен ешкімді тыңдамадым. Ұлыбританиядағы визам біткен соң, Түркияға бардым. Әлеуметтік желі арқылы танысқан «браттар» шақырды. Сол жерде діни білім аламын деген шешім қабылдадым.
-Кейін олар жат ағым өкілдері болып шықты...
-Енді ондайды басында білмейсің ғой. Менде жоғары білімді, көзі ашық адам ретінде осындай адамдарға алданып қаламын деп ойлаған жоқпын. Басында жап-жақсы білім алып, арасында бизнес жасап жүрдім. Ақша бар, баспана тегін, оқу тегін, «аспаннан» келіп жатқан ақшаның сұрауы бар екенін қайдан білейін? Уақыт өте келе «браттарым» осының бәрінің өтеуі бар деді.
-Өтеуі не болды сонда?
-Өтеуі Сирияға барып джиһад жасау. Мені сонша уақыт бойы Сирияға дайындап жатыр екен ғой. Бірақ, мен ол кезде де дым сезген жоқпын. Барамын, Ислам үшін жаным құрбан деп кетуге дайын болдым. Бірақ, кетуге дайындалып жүргенде мені Түркия елі Қазақстанға депортациялап жіберді. Қашуға тырыстым, Сирияға жаяу өтуге дайын болдым, бірақ, бақытыма орай елге қайтарып жіберді.
-Елге келген соң не болды?
-Менің радикалды идеологияның қолшоқпары болғанымды елдегі құқық қорғау органдары хабардар екен. Абақтыға қамалдым. Не үшін, қалай екенін айта алмаймын... Бірақ, не болса да тағдырыма еліме оралып, жасаған қателіктерімді түсіну бұйырғаны үшін алғысым шексіз. Сұхбатқа шақырғанда келіскенім сол себепті. Сөз соңында айтарым, білімдімін, унивеситет бітіргем, ешкім мені алдай алмайды деп ойлау қате. Менде кезінде солай ойлағанмын. Сол себепті дін өте нәзік нәрсе екенін ұмытпаңыздар!