Жаңа таныстық кей жағдайда жақсылыққа жетелемейді...
Шет елде білім алудың қаупі туралы көптеген мақалалар жазылып жүр. Солардың бірі білім алуға барған елде немесе оқу ордасында жат ағымның ықпалына түсіп кету қаупі. Әдетте, бұндай келеңсіздіктерге діни сауаттылығы жоқ жастар түсіп кетеді. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Айдын (есімі өзгертілген) құрлық асып, Америкаға оқуға барғанда түзу жолдан тайып, кейіннен отанынан оралғанда әртүрлі келеңсіздіктерге тап болған. Қалай осындай жағдайға түсті, кім себепкер болды деген сұрақтарға жауап алдық.
-Сұхбатты бастамастан бұрын өзіңіздің отбасыңызбен, балалық шығыңызбен таныстырып өтсеңіз.
-Бала кезімнен ешқандай өмір қиыншылығын көрмей, әке-шешеме еркелеп өстім. Үйде үш ағайындымыз. Әпкем және ағам бар. Не жеймін, не ішемін, қайда бармын, ақша қайдан келіп жатыр деген ой менде болған емес. Үйдін ең кішісі, анамның ерке баласы болдым. Қалада ең мықты деп есептелетін, ақылы мектепте білім алдым. Мектепті бітірген соң шет елге оқуға түсемін деген жоспар болды. Университеттер қарастырғанда Еуропа немесе Америка деген таңдау тұрды. Мен Американы таңдап, 17 жасымда мұхит асып оқуға кеттім.
-Америкадағы ортаңыз, оқуыңыз өзіңізге ұнайтын ба еді? Достарыңыз болды ма?
-Ақылы бөлімде қыруар қаржы төлеп оқуға түстім. Әрине, Америкаға бара сала ортаға сіңісіп кеттім дей алмаймын. Достарым да болған жоқ. Жапанда жалғыз қалғандай сезінетінмін. Әртүрлі ойын-сауық кештеріне барып тұруды әдетке айналдырдым. Сол жерде жүріп өзіме достар таптым. Жаңа ортам пайда бола бастады. Басында қиналып жүрген мен үшін, жаңа танастық бір өміріме келеген өзгеріс сияқты болды. Күнде әртүрлі жерге барып қыдыру, Америка үлкен болғаннан кейін онда жан-жақтан келген достарым көп еді. Әрқайсымыздың көзқарасымыз әртүрлі болғандықтан, шет елдік таныстарыммен сөйлесу маған қызық болатын. Әлеуметтік желі арқылы да таныстар іздей бастадым. Әсіресе орыс тілді адамдарды естісем қуанып, өзімнің жақынымды көргендей болатынмын.
-Енді сұхбатты сіздің жат ағымның ықпалына қалай еріп кеткеніңіз жайлы болғандықтан, осы жөнінде өз аузыңыздан естісек.
-Бір күні Интернетте отыр едім, америкадағы қазақтар туралы ақпарат тарататын парақшаға жазылдым. Ішіндегі ақпараттардың бәрі орыс тілінде еді. Өзіме түсінікті тіл болғаннан кейін, қызығушылығым оянып кетті. Парақшаны жүргізіп отырғандар қайда екен деген ой келді. Көбінесе ол жерде жазылатын жазбалардың дені дін туралы еді. Мен өзім оңтүстік өлкенің баласы болғаннан кейін Исламға деген қызығушылығым о бастан бар еді. Бірақ, үйде құран оқытып, анам жеті шелпек пісіретіні болмаса, былай діни білімім жоқ еді. Сондықтан, парақшадағы уағыздары маған қызық әрі танымды болып көрінді. Сол жерде отырып әртүрлі мағұлматтар тындайтынбыз. Топтағы жаңа достарыммен уақыт өте келе жүздесіп, араласып кеттік. Кейіннен олар намаз оқуды үйретті. Исламға деген қызығушылығым артып, сабақтағы үлгерімім жайына қалды. Солай жүріп оқудан шығып қалдым. Алайда, жаңа достарым еш уайымдама деп маған басу айтты.
-Оқудан шығып қалғаныңызды ата-анаңыз қалай қабылдады?
-Әкем бірден себептерін сұрай бастады. Үйге қайтатынымды кесіп айтты. Басында елге келмей, қарсыласып біраз жүрдім. Жаңа достарымныңда елге қайтамыз деген ойлары жоқ еді. Бәріміз бірігіп Таяу Шығысқа барамыз, дін жолында жүреміз деп шешім қабылдадық. Сол кезден бастап, ата-анаммен де, жақындарыммен де сөйлесуді доғара бастадым. Үйдегілер бір жамандықты іштері сезгендей, әкем Америкаға өзі келді. Мен келмеймін, басқа жоспарларым бар деген күннен бастап, әкем виза жасатып, өзім алып келемін деген шешім қабылдаған екен.
-Әкеңізді көргенде не ойладыңыз? Елге оралуға қалай көндірді?
-Бірінші әкем мені көргенде таң қалды. Себебі, сырт келбетімді, киім үлгімді ауыстырып тастаған едім. Әкем достарыммен танысты, оларды көре салысымен бірден жат ағымның ықпалына түсіп кеткенімді түсінген екен. Жанымда 1 апта болып, бірге билет алып, үйге алып кетті.
-Кейін, қалай қалыпты жағдайға түстіңіз? Бұл оқиғаның болғанына қанша уақыт болды?
-Бұл оқиғаның орын алғанына да 10 жылдан асып кетті. Әрине, жаспын, тез иілгіш, жақсыны да, жаманды да бойыма тез сіңіріп алатын жаста болдым. Отбасымның мейірімі мен дер кезінде дұрыс шешім қабылдай алғандарының арқасында бұл жағдай жақсы аяқталды. Өз қателігімді түсіндім. Әкем бірден оңалту орталығына апарды. Мамандар іздеп, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндірді. Америкада қалған достарыммен араласуыма үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, олармен сөйлеспей кеттім. Діни білім алдым. Намазымды тастаған жоқпын. Осы жерде шет елге білім алуға баратын жастарға айтар кеңесім, діни сауатсыз болсаңыздар, білмейтін нәрсеңізге бас сұқпаңыз дегіп келеді.
-Сұхбатыңызға рахмет!