ІІ дүниежүзілік соғыстағы дінбасылардың еңбегі

Коммунистік идеологияның теориялық қайнар-көздерінде халықтың дінді ұстанып-ұстанбауына бостандық берілгенімен, тарих сахнасында алғаш коммунистік сипаттағы жоғары саяси ұйым болып құрылған КСРО мемлекеті өзінің жетпіс жылдық тарихында мәжбүрлі жағдай болмаса, өз қалауымен ешқашан дінге бостандық берген емес.

Кеңес үкіметі орнаған алғашқы жылдары коммунизм идеологиясының салтанат құруына діни құндылықтар кедергі келтіреді деп түсінген Сталин діни ұйымдарға қысым жасап, дін қайраткерлерін қатаң жазаға тартқан. Жүздеген мешіт-медреселер жабылып, мыңдаған дін қызметкерлері итжеккенге айдалды. Кеңес үкіметіне қарсы тұрып, көтеріліс жасаған діни көсемдер атылды, мырышқа түйрелді. Ел ішінде діни рәсімдерді атқаруға қатаң тиым салынды. Тіпті, діни жанрда жазылған еңбектер де зілмәуыр заманның тезіне ұшырады.

ІІ Дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы кералаң шақта Кеңес үкіметі дінге деген қатаң саясатын өзгерте бастады. Оған сол кездегі халықаралық геосаяси ахуал әсер етті. Фашистік Германия мен коммунистік Кеңес үкіметі 1939 жылы Шығыс Еуропаны бөліске салу туралы келісім жасады. Сталин мен Гитлер қол қойған бұл келісімшартта Кеңестік билік Балтық бойындағы 20 миллион христиан дінін ұстанатын халықты өз құрамына ала отырып, олардың діни еркіндігіне қол сұқпауы тиіс еді. Кеңес үкіметі Шығыс Еуропадағы мүддесі үшін Германияның талабын орындауға мәжбүр болды. Осылайша, коммунистік жүйенің бұрынғы дінге деген қатаң саясатының тоңы жібіп, аз да болса өзгеріске ұшырады.

Діни саясаттың өзгеруіне әсер еткен факторлар

Германия серттен тайып, 1941 жылы 22 маусымда Кеңес аумағына басып кірген тұста, Сталин діни еркіндік шегін тіптен ұлғайта түсті. Дінге деген жылымықтың орнауының бірнеше себептері бар еді.

Біріншіден, Кеңес билігі жаһан соғысында «бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деп қанша ұрандатса да, халықтың жеңіске деген жігерін жанып, рухын оята алмады. Кеңес үкіметі басымдық берген маркстік-лениндік ілімді халық толық қабылдаған жоқ. Коммуинистік идеологияны әспеттеген отанды, туды, елтаңбаны, әнұранды халықтың басым бөлігі жан-жүрегімен құрметтеген жоқ. Өйткені, Кеңес үкіметі құрылған күннен ұлттарды өзінің тарихынан, дәстүрлі мәдениетінен, төл сенімінен ажыратуға тырысты. Халық қадірлеген ағартушылар мен зиялылар қызыл билік тарапынан теперіш көріп келді. Миллиондаған жазықсыз жандардың өлігінің үстіне құрылған коммунуистік үкіметтің ұрандары халықты селт еткізе алмады.

Екіншіден,  Гитлер мұсылман халықтарын баурап алу үшін Иерусалим муфтиі Амин әл-Хусейнимен 1941 жылы кездесіп, өзін бұқаралық ақпарат құралдарында «Мәһди» деп жариялады. Сондай-ақ, жаулап алған халықтарға діни сенім бостандығын беретінін айтты. Тіпті, басып алған жерлерде бұрын жабылып қалған шіркеулер мен мешіттерді аша бастады. Мұны көрген діндарлар алғашқыда фашистерді шынында да құтқарушылар деп қабылдады. Таразы басының оларға қарай ауа бастауы Мәскеуді қатты састырды.

Үшіншіден,  АҚШ және Еуропадағы одақтас елдер Германияға қарсы күш біріктіруде Сталинге Кеңес үкіметінде өмір сүріп жатқан халықтардың діни сенім бостандығының сақталуын шарт етіп қойды. Жергілікті халық та діни еркіндікті талап ететін. Сыртқы және ішкі қысымға қарсы тұра алмаған Кеңес билігі өзінің дін саясатын өзгертуге мәжбүр болды. Сталин қиын-қыстау сәтте одақтастардың талабын орындай отырып, қалай болғанда да фашистік Германияны жеңіп шығуға мүдделі еді.

Төртіншіден, алғашқыда әскер қатарына шақырылған жауынгерлер қан майданда шын ынтасымен соғысуға селқостық танытты. Маркстік-лениндік ілім, коммунистік идеология олардың жауынгерлік рухын көтере алмады. Сталинге соғыста жеңіске жету үшін толарсағынан қан кешіп жүріп соғысатын шейттік рухтағы жауынгерлер аса қажет еді. Ондай рухтағы жауынгерлерді шығару үшін сұрапыл соғыста ерлікпен қаза тапса, қарымтасына жұмақты тарту ететін идеология керек болатын. Ал, өлгеннен кейінгі өмірге коммунистік идеология жауап бере алмайтын. Осыған байланысты, соғыста жеңіп шығу үшін дінбасылардың қолдауы ауадай қажет болды.

Бесіншіден, Кеңес үкіметіне жасалған жойқын окуппацияға тойтарыс беру үшін Сталин ең алдымен елдің ішкі бірлігін сақтап қалуы тиіс еді. Батыс Украинадағы бандершілер қозғалысы әр жерде пайда болуы бек мүмкін-тін. Әсіресе, Кеңес үкіметінен теперіш көрген діндарлар бас көтеруі ықтимал еді. Шетелдерге қашқан дисседенттер Кеңестік билікке қарсы елдің қоламтасын үрлеп, түрлі прокламациялар мен үндеулер жасай бастады. Халық мұндай арандатуларға еріп кетпес үшін Сталин қалың бұқараның мүддесінен шығатын жаңа саяси шаралар қабылдауға мәжбүр болды. Дінге еркіндік беру де осы үшін қажет болды.

1942 жылғы жаңа діни реформалар

Сталин Кеңес үкіметіндегі діни саясатты өзгерту барысында сөзі мен ісі бір-біріне қайшы келіп, сенімсіздік тудырмас үшін 1941 жылы қыркүйекте «Құдайсыздардың Күресушілер Одағын» таратты. Атеистердің «Безбожник» журналын жабуға қарар қабылдады. Кеңес үкіметіндегі дінбасылармен жылы мәміле жасай бастады. Олармен арнайы кездесулер өткізді. Мысалы, Сталин 1942 жылы Уфадағы мұсылмандардың «Орталық Мұсылмандары Діни Басқармасының» төрағасы, муфти Абдрахман Расуловпен кездесті. Кездесу барысында Абдрахман Расулов КСРО мұсылмандарына Сталиннің кеңшілік жасауын, өзі басқаратын «Орталық Мұсылмандары Діни Басқарма» қызметін жандандыруға қолдау білдіруін, сондай-ақ, өзге өңірлерден жаңа діни басқармалар ашуға рұқсат беруін өтінді. Осылайша, дінбасы мен жезмұрт басшы діни мәселелер бойынша өзара ымыраға келді.

Әсілі, Кеңес билігі 1930-жылдары жүргізген репрессия кезінде діни ұйымдардың көпшілігін жапқанымен, саясат үшін формалды түрде жұмыс жасайтын бірді-екілі діни басқармаларды қалдырған болатын. Соның бірі осы Уфадағы мұсылмандардың «Орталық Мұсылмандары Діни Басқармасы» еді. ІІ Дүниежүзілік соғыстың алғашқы күндерінде «Орталық Мұсылмандары Діни Басқарма» төрағасы, муфти Абдрахман Расулов мұсылмандарды окуппантарды соғыста жеңіп шығуға дұға жасауға шақырды. Сыртқы жаулардан отанды қорғап қалуға Кеңес билігін қолдайтын жалынды үндеулер жасады. Ол 1942 жылы 10 маусымда Уфада мешіт имамдары мен ғұламалар бас қосқан құрылтай өткізді. Жиынның соңында мешіт жамағаттарын отанды қорғауға шақыратын үндеу жарияланды. Сондай-ақ, Абдрахман Расулов болшевиктік революцияның 25 жылдығына арнап 1942 жылы қазанда Сталинге құттықтау телеграммасын жіберді. Телеграмма мәтінінде Сталинді Ислам әлемінің «құтқарушысы» деп көрсетті.

Сталиннің дінге еркіндік беру арқылы соғыста сыртқы күштердің қолдауына ие болуды көздегені айпарадай анық еді. Әсіресе, Германияға қарсы соғысқан АҚШ пен Еуропа елдерінің сеніміне кіріп, олармен одақтас болуды ойлады. Екінші жағынан 1930-жылдары Кеңес үкіметінің құрамында өмір сүрген мұсылмандарға жасаған геноцидін ақтап, олардың алдындағы өзінің жағымсыз бейнесінің өзгеруін қалады. Сонымен қатар, діни басқарамалар құруға рұқсат беру арқылы діни қауымдастықтарды мемлекет бақылауында ұстағысы келді.

Генсек Сталин 1942 жылдың соңына дейін дінбасылармен жүздесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдап, Кеңес Одағындағы діни ахуалды қайта бір сараптан өткізді. Іле-шала діни мәселеге жауапты жаңа органдарды құруға шешім қабылдады. Ол 1943 жылы 14 қыркүйекте Ішкі Істер Министрлігіне бағынышты «Орыс Православ шіркеуін», 1944 жылы 19 мамырда діни басқармаларға жауапты Дін Істері Комитетін құрды. Кеңес Одағының құрамындағы республикалардан аталмыш комитеттің өкілдіктерін ашты. Дін істері комитеті мемлекет пен дін және партия көшбасшылары арасында толерантты қатынас орнатуға және діни ұйымдарға бақылау жасауға міндеттелді.

Дін істері комитетінің құрамында – төраға, үш орынбасар және әрбір республикада арнайы өкілі, сондай-ақ, мынадай жеті басқарма кірді. 1. «Православ Шіркеуі Істері Басқармасы». 2. Ислам және Буддизм Істері Басқармасы. 3. Католик, Протестант, Армян Шіркеулері және Иудаизм Басқармасы. 4. Халықаралық Қатынастар Басқармасы. 5. Құқық басқармасы, 6. Есеп Басқармасы, 7. Жалпы Басқару Басқармасы.

Сталиннің діни реформасының негізінде Кеңес Одағы мұсылмандары өз мүдделерін қанағаттандыруға жаңа қадамдар жасады. КСРО мұсылмандары 1943-1944 жылдары дін істерін басқаратын төрт тәуелсіз орталық құрды. Олар – «Орта Азия және Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы» (Ташкент), «Кавказ мұсылмандар діни басқармасы» (Баку), «Солтүстік Кавказ мұсылмандар діни басқармасы» (Буйнакск), «Еуропалық КСРО және Сібір мұсылмандар діни басқармасы» (Уфа) еді. Аталған діни басқармалар Кеңес билігімен жасалған спекулятивті келісімнің негізінде соғыста Германияны жеңіп шығуға пропагандалар жүргізді. Халықтан жылу жинап, майданға киім-кешек, азық-түлік жіберді. Дұрысы осылай етуге міндеттелді.

Діни еркіндіктің қайтадан тарылуы

Кеңестік биліктің 1944 жылы фашистерді жеңетініне анық көздері жетті. Майдан даласынан фюрер әскері кері шегіне бастағанда, Мәскеу дереу діни күштерге деген кіріптарлықтан құтылғысы келді. Сталин 1944 жылы ғылыми атеизм пропагандасын жандандыруға шешім қабылдады. Компартия мүшелерін надандықпен және діни нанымдармен қарсы күресуге шақырды. Окуппанттардан азат етілген аудандардағы дін адамдарын отанға опасыздық жасады деп айыптап, қатаң жазаға тартты. Тіпті, 1945 жылы КП ОК баспасөзде атеистік пропаганданың күшейтілуі жөнінде жаңа қарар қабылдап, дінге қарсы күресті одан әрі қарай күшейте түсті.

ІІ Дүниежүзілік соғыс аяқтала салысымен Кеңес билігі діннің әлеуметтік ықпалын төмендетуге қатысты қарарлар қабылдап, діндарларды қоғамдық қызметтен шеттету іс-шараларын жүзеге асырды. Сонымен қатар, Кеңес Одағына көп тиражбен тарайтын «Комсомольская Правда» газеті мен «Учительская газетінде» дінге қарсы тұруға шақыратын мақалалар жарияланды. Бұл тенденция Орталық Азия республикаларының баспасөзінде де көрініс тапты. Мысалы «Советская Киргизия» газетінде, «Казахстанская Правда газетінде, «Коммунист Таджикистана» және «Коммунист Узбекистана» газеттерінде ислам діні құндылықтарын қаралау сипатында түрлі мақалалар жарияланды.

Кеңес билігі 1941 жылы қызметін тоқтатқан «Құдайсыздардың Күресшілер Одағының» жалғасы ретінде 1947 жылы «Барша Одақтас Саяси және Ғылыми Ағарту Қоғамын» құрды. Бұл ұйым кәсіпорындар мен оқу орындарда конференциялар, семинарлар, симпозиумдар ұйымдастырып, атеизмді дәріптеді. Сондай-ақ, атеизм үшін мамандар даярлауды және баспасөзде мақалалар жариялауды қолға алды. Осы науқан аясында аталған ұйым «Наука и Жизнь», Орталық Азия республикаларында «Фан ва Турмуш», «Знание Сила» және «Наука и Религия» журналдарын шығарды. КСРО Ғылым Академиясы да 1950 жылы ғылыми сипаттағы «Вопросы Религии и Атеизма» (Дін мен атеизм тарихының мәселелері) атты журнал шығарып, марксизм ілімі тұрғысынан діннің шығуы, атеизм тарихы, әлемдегі діннің дамуы барысы, КСРО-да діни сенімдермен күрестің тәсілдері және діннің ахуалы туралы мақалалар жариялап тұрды.

Түйін

ІІ Дүниежүзілік соғыс басталған тұста Кеңес үкіметінің тағдыры беймәлім болды. Соғыстың бастапқы кезеңіндегі қиын жағдайды еңсеру үшін Кеңес билігі дінге еркіндік беру арқылы діни қауымдастықтардың қолдауына ие болуды көздеді. Осы мақсатта біршама жетістіктерге де қол жеткізді. Ал, КСРО аумағынан фашистер кері шегіне бастағанда, Сталин діни еркіндіктің аясын тарылтып, діндарларға қарсы қайтадан қатаң саясат ұстанды. Оларға аңду жұмыстары жүргізіп, қажет деп тапқан жағдайда астыртын жазалау шараларын да жүзеге асырды. Бірақ, 1930-жылдардағыдай ресми түрде репрессия жасалған жоқ. Діни басқармалар арқылы діни ахуалға мемлекеттік қадағалауды күшейтті. Кеңес билігіне адал діни кадрлар дайындауды қолға алды. Яғни, Кеңес үкіметіндегі өмір сүріп отырған діни қауымдастықтармен қарым-қатынастың сипаты бұрынғысынан қарағанда біршама өзгергенімен, дінді тұқырту саясаты бәрібір жалғасын тапты.

 

Мұхан ИСАХАН