Бахаи сенімі: негіздері және ұстанымдары

Бахаи сенімі – өз бастауларын XIX ғасырдағы Ираннан алған, әлемдік діндерден ықпалдасқан сенім жүйесі. Бұл ағым Ислам, Иудаизм және Христиандық дәстүрлермен сабақтасып, өзін дербес дін ретінде танытып келеді. Бастапқыда исламдық элементтерге ұқсастықтары байқалғанымен, қазіргі уақытта Исламнан алшақ кеткен діни қозғалыстардың бірі ретінде қарастырылуда.

Бұл мақалада бахаи сенімінің негізгі ұстанымдарына тоқталамыз. Атап айтқанда, олардың Құдай туралы ілімі, пайғамбарларға деген көзқарастары, рух пен ақырет жайлы түсініктері қарастырылады. Бахаи сенімі бойынша Құдайды толық тану мүмкін емес, ол барлық болмыстан жоғары және оған тең ешнәрсе жоқ. Құдай өзін пайғамбарлары арқылы білдіреді, ал бахаи дәстүрінде бұл пайғамбарлар ерекше мәнге ие.

Өткен мақаламызда иран мемлекетінде дүниеге келген Мырза Хусейн Али Нури есімді адам «Бахаи сенімінің» негзін қалағаны жайында айтқан едік. Негізінде Иснаашария шииттік мазһабының ішінен бастау алған бұл ағым христиан, иудаизм жэне ислам діндеріндегі сенім элементтерінің құрамынан қалыптасып, бүгінде өзін «Бахаи» атты дін ретінде танытып отыр. Бастапқыда кейбір көзқарастары ислами сияқты көрінген бұл мазһаб соңғы уақыттарда дін исламға жат ағым ретінде қарастырылып отырғанын да атап кету қажет. Бахаимен жақынрек танысу үшін олардың ілімдеріне қысқаша тоқталған жөн шығар. Олай болса біз олардың қасиетті кітаптарына қатысты сенімдері мен ұстанымдарын (бұдан бұрынғы мақалада) сөз еттік. Сондықтан бұл жолы олардың – Құдай жайлы ілімдерінен бастаймыз.

Бахаиде Құдайға иман келтіру, яғни сену сенімнің негізгі іргетасы болып табылады. Құдайды суреттеуге, анықтауға жасалған кез-келген әрекет бекер деп есептейді. Өйткені оны толық тану мүмкін емес. Қүдайдың мәні жайлы Бахаулла өз жазбаларында былай деген: әрбір көкірегі ояу, жүрегі нұрлы пенде Құдайдың адамзат өлшемдерінің тысындағы тылсым екендігін біледі. Ол барлық уақытта бар және бола береді. Ол өте мейірімді әрі толық басқарушы. Бахаи сенімі бойынша Құдай бір, жалғыз, теңдессіз, мәңгі бақи, ешбір нәрсе оған ұқсамайды.

Құдай өзін пайғамбарлары арқылы танытады дейді Бахаи ілімі. Қүдай көрінісі пайғамбарлар арқылы көрініс береді. Оның шәкірттері пайғамбарлар. Құдай олармен кездеседі. Және құлдары үшін пайғамбарлары арқылы көрінеді. Сонда пайғамбарлармен сөйлескен адам Құдаймен сөйлескендей болады. Сондай-ақ Баб өзінің тәңірлік қасиетке сай болғандығын (тәңірдің өзінде көрініс бергенін) айтқан, сол сияқты Бахаулла да құдай тарапынан сайланған пайғамбар екендігін алға тартқан. Бахаулла мұны Тәңірдің оны «Баха жалғыз ғана тәңір» және 1852 жылы «Алла Баханың денесіне өтті», сосын «Бахаулла» өзін жария етті дейді [1].

Бахаи сенімі бойынша Тәңірдің көптеген есімдері бар. Ең басты есімі − Баха (арабша: жарық, нұр, даңқ). Сондай-ақ оны: Вишну, Шива, Иегова, АллаҺ деп айтуға болады, бірақ Тәңірді пайғамбарлардың атымен атауға болмайды. Мысалы Кришна, Будда немесе Христос және т.б.

Бахаидің келесі діни ілімі – Пайғамбарлар жайлы ілім

Бахаилердің сенімі бойынша пайғамбарларға Нәби және Расул деумен қатар «Мәзахири-Илахие» (Тәңір көрінісі) деген есім де беріледі. Сенімдеріне қарағанда Тәңір құлдарына көріну үшін пайғамбарларға мұқтаж дейді. Осы жерде олар Алла Тағаланың Мұса пайғамбарға Құрандағы «Сені таңдадым» (Таһа: 13) деген аятын дәлел келтіреді. Бахаулланың пікіріне қарағанда пайғамбарлардың екі қасиеті бар.

Біріншісі адамдық қасиеті: жейді, ішеді, ұйықтайды және өледі. Екіншісі – ол тап-таза, пәк, сәулеленген, нұр шашқан айнадай болуы. Бұл тәңірлік қасиет болып есептеледі. Онымен сөйлескенде кұдаймен сөйлескендей, оған сәжде еткенде қүдайға сәжде еткендей боласың. Басқаша айтқанда оған «Тәңір» делінеді [2].

Төртінші ілімі – Рух жайлы ілім.

Бахаилер адам өлгенде рух тәннен айырылады. Рух денеден айырылғасын да өмір сүруін жалғастыра береді және ол тәңірге ұласады деп сенеді. Бұл мәселе жөнінде Бахаулла былай деп жазады: «Сен мынаны біл, ақиқаты да осы, тәннен бөлінген жан – Тәңірдің Келбетіне қол жеткізгенге дейін жетіле береді, оған дейін жетіле береді, оған дейін оны дәуірдің, уақыттың ағысы, бұл әлемдегі оқиғалар мен құбылыстар өзгерте алмайды. Тәңір патшалығының, құдіретті көк әміршісінің өзі сияқты мәңгілікке айналады. Енді ол – Тәңірдің Нышанын, оның қасиетін, оның рақымы мен мейірімін көтереді» [3].

Сондай-ақ, Бахаи сенемі бойынша Рух тәнді қажет етпейді, бірақ тәнге өмір сүру үшін Рух қажет. Егер адам көру, есту қабілетінен, не қолынан, аяғынан айырылса, бірақ жанын сақтаса, ол өмір сүріп, Құдайдың жақсы кереметтерін көрсете береді. Бұл айтылғанға қарсы, нағыз жетілген тәннің өзі Рухсыз өмір сүре алмайды.

Рух әлемінде ең төмен деңгейге қайтып оралу деген болмайды. Пенделер әлемі қайшылықтар мен қарама-карсылықтарға толы. Қозғалыс заңына бағына отырьп. мұнда барлық нәрсе дамиды немесе керісінше кетеді. Ал, рух патшалығында кері шегіну мүмкін емес, онда қандай да болмасын қозғалыс міндетті түрде анағұрлым жетілуге әкеледі. Ал енді «Өрлеу» − материя әлеміндегі рухтың көрінісі.

Бахаидің келесі ілімі – Ақырет жайлы ілім

Бұл ілімнің ерекшелігі   сол, Бахаилер үшін «жұмақ» пен «тозақ» белгілі бір орын емес, жағдай болып табылады. Жұмақ − бұл Құдайға жақын болу, ал одан алыстау «тозақ». Бұл жағдайлар осы өмірде және оның артынан келетін арғы өмірде де жалғасын табады.

Бахаулла мен Абдул-Баха бұрынғы бірқатар діни жазбаларда келтірілген жұмақ пен тозақтың сурет-бейнесі, әлемнің жаратылуы жөніндегі Тәурат әңгімелері сияқты рәміздік маңызға ие, бұл нақты сурет емес деп түсіндіреді.

Бахаи ілімі бойынша, жұмақ − кемелдік жағдайы, ал тозақ − кемелсіздік, жетілмеген жағдай. Жұмақ құдай еркімен тілектес болу, тамұқ − мұндай келісімнің болмауы; жұмақ − рухани өмір күйі, тозақ − рухани өлім күйі. Адам бұл дүниелік тірлігінде де жұмақта немесе тозақта болуды басынан кешіруі мүмкін. Жұмақ рахаты – рухани рахат, ал тозақ азабы – осы рахатқа бөлене алмау.

 

Пайдаланылған әдебиет:

  1. Молитвы Бахаи открытые Бахауллой, Бабом, Абдул-Баха. – Алматы, 1998. - С. 21.
  2. Абдул-Баха. Париждегі сұхбаттар. − Алматы, 2000. − 55-65 бб.
  3. Сонда.

 

Абжалов СҰЛТАНМҰРАТ, философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы.