Бахаи сенімі: негіздері және ұстанымдары (Екінші бөлім)
Кез келген діни ұйымға мүше болу белгілі бір шарттарды орындауды талап етеді. Сол сияқты бахаи сеніміне қосылу үшін де нақты ережелер бекітілген. Бұл ережелер бахаи қауымдастығына кірудің ресми қадамдарын, жеке сенім мен рухани жетілудің маңыздылығын айқындайды.
Бахаи сеніміне кіруші адам алдымен Бахаулланы пайғамбар ретінде мойындап, бахаи ілімдерінің негізгі қағидаларын қабылдауы қажет. Қоғамдастыққа ресми түрде қосылу үшін арнайы жиналыста өзінің бахаи сенімін жариялауы керек. Мұндай рәсімдердің жеңілдетілуі бахаи сенімінің қолжетімділігін көрсетеді, алайда бұл мүше болу тек формалды әрекет емес – адам өз сенімін күнделікті өмірінде іспен дәлелдеуге міндетті.
Кез келген діни ұйымның, сенімнің құрамына кіру үшін орындалуы тиіс шарттары бар. Сіз сол белгілі шарттарды, діни рәсімдерді толық мойындағанда немесе орындағанда ғана сол ұйымға мүше бола аласыз. Дәл сол сияқты Бахаи ұйымына да кіру үшін орындалуы тиіс берлігі шартары мен ережелері бар. Ұйымға кірудің төмендегідей ережелері бекітілген:
Біріншіден, ұйымға кіруші әрбір адам өзіне мына үш сұраққа жауап беруі керек:
- Бахаулланы заманымыздың пайғамбары ретінде мойындай ма?
- Бахаиліктің негізгі діни ілімдерін қабылдай ма?
З. Бахаиліктегі басқару жүйесіне қанағаттана ма?
Екіншіден, таяу арада болатын жиналыста, әрине егер үміткер барлық үш сұракка болымды жауап қайтарса, ол орнынан тұрып көпшілік алдында «Өзімді бахаи деп жариялаймын» деп айтады.
Осылайша бахаилікке мүше болу мейілінше жеңілдетілген. Бахаи болған адам өзін сөзбен емес, ісімен көрсетуі тиіс. Бахаилікке мүше болған сәттен бастап адам өзін рухани жағынан жетілдіруі қажет. Ақиқатты іздеп, сол жолда жүруге тиіс. Ақиқатты іздеу барысында адам төрт құралды басшылыққа алады:
Бірінші құрал – сезім. Бұл қоршаған ортаны тануда негізгі есік қызметін атқарады. Алайда бұл мәселеде адам өте мұқият болған дұрыс.
Екінші құрал – ақыл, парасат. Ақыл сезім берген деректерді сұрыптайды және адамға берілген хабарларды түсінікті ететін теориялар құрады.
Үшінші құрал – дәстүр. Өткендерден қалған мұра, жинақталған тәжірибелер. Бахаи сенімі үйреткен дәстүрлерді үйреніп, соларды орындайды.
Төртінші құрал − рұхтанушылық (шабыт). Бұл сөзбен түсіндіруге келмейтін тәжірибе арқылы іске асатын құбылыс. Бұл ақылдың білім және идеяларымен нұрлануы, кемелденуі.
Бахаилік ағымында да басқа діндердегі сияқты атқаратын кейбір құлшылықтары мен бұйрық-жарлықтары бар. Солардың негізгілері ретінде мына рәсімдерді айта аламыз:
Намаз – Бахаулла діни ғұрыптарды мейлінше жеңілдеткен. Ол үш түрлі намазды міндетті деп бекіткен. Әрбір 15 жасқа толған ер бала және қыз бала осы үш намаздың ішінен біреуін таңдап алып оқуы керек. Бахаилерде намаз таңертең, түс ауа және кешке орындалады. Олар: Үлкен намаз, Орта намаз, Кіші намаз деп бөлінеді [1].
Ораза – Жылына бір мәрте 2 наурыздан 20 наурызға дейін бахаилер күн шыққаннан, күн батқанга дейін ораза ұстайды, яғни өздерін ас пен судан тыяды. Ораза ұстаудан жасы 15 ке жетпегендер мен 70 тен асқандар, аурулар мен жүкті әйелдер және ауыр жұмыс істейтіндер мен ұзақ сапарға шыққандар босатылған.
Бахаи оразасы шілденің ыстығында немесе қақаған суықта − ораза ұстау қиын болатын кездерде өткізілмейді.
Қажылық – Бахаилікте қажылық тек кана ер адамдарға оның ішінде дүние мүлкі бар болғандарға парыз болып табылады. Бұл шарттарды орындағысы келген Бахаи ерлері қалаған уақыттарында Бабтың Шираздағы үйін немесе Бахаулланың Бағдаттағы үйін зиярат етеді. Белгілі бір уақыты жоқ.
Зекет – Бахаилікте парыз болған зекет, салық болып алынады. Бабтың «Баян» кітабында айтылған бойынша бір жылдық табыстың 1/5 мөлшерінде салық алынады.
Ал Бахаулланың «Китаб-и Ақдас» атты еңбегінде мүліктің шетінен
19 пайыз мөлшерінде алынып беріледі.
Неке – Бахаилікте үйлену маңызды болғандыктан 11 немесе 15 жастан бастап міндет, бірақ парыз емес. Бахаилікте неке екі жақтың және олардың ата-аналарының келісімінің болуымен жасалуға тиіс.
Бахаи ілімі бойынша некеге тұру рәсімі өте қарапайым; қойылатын жалғыз ғана шарт − күйеуі мен қалыңдық кем дегенде екі куәгерлердің көзінше «Ақиқаты сол, біз Тәңірдің Еркімен толық келісеміз» деп айтуға тиіс.
Ажырасу – Бахаилерде ер мен әйелдің ажырасуы дұрыс деп саналмайды. Бір-бірін өте жек көретін ерлі-зайыптылардың ғана ажырасуына жол беріледі. Мұндай жағдайда олар Рухани Мәжілісті хабардар етеді де, ажырасу жөнінде шешім қабылдайды. Алайда ол бір жыл мерзімнің өтуін күтеді. Осы уақыт ішінде араларында келісім-татулық қайтадан жанданбаса, ерлі-зайыптылар ажырасады. Мұның барлығы елдің азаматтық құқығына негізделе отырып жүзеге асырылады.
Аскеттік өмір – Бахаулла да Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) сияқты өз ізбасарларын шектен тыс тақуалық тірлік кешуіне тыйым салған. Бахаулла барлық адамдарды белсенді өмір кешуге шақырады. Адал және діндар адамдардың басқалармен қарым-катынас жасаудан бас тартулары және ата-аналық міндеттер мен жауапкершіліктерден шегінулері адамзатты рухани жұтаңдыққа апарып соқтырады дейді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Молитвы Бахаи открытые Бахауллой, Бабом, Абдул-Баха. – Алматы, 1998.
- Сонда.
- Абдул-Баха. Париждегі сұхбаттар. − Алматы, 2000.
- http://bahaiarc.org.
- Артемьев А.И. Религиеведение. – Алматы, 2002. – С. 527.
Абжалов СҰЛТАНМҰРАТ, философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы.