Киелі жердің қасиетіне сенесіз бе?

Еліміздің оңтүстік өңірінің әр ауданында аңыз болып тараған  әулие-әмбиелер жатқан жерлер мен тарихи ескерткіштер жетерлік. Олардың көбі тарихи-мәдени мұра ретінде ғылыми тұрғыдан зерттеліп келеді. Өңірде сонымен қатар табиғаты тамаша көрікті жерлер мен аңыз ретінде танылған киелі деп саналатын орындар да бар. Мысалы, жапсарлас тұрған екі алып тастың арасынан өттіңіз бе? «Кеме қалған» Қазығұрттың басына жеттіңіз бе? Құдыққа шелек лақтырып, су ала алдыңыз ба? Осының барлығына сенесіз бе? Білсеңіз, екі тастың арасынан өте алмай тұрып қалғандар да бар. Тау басына жете алмағандар да кездеседі. Ендеше, Қазығұрт мекеніндегі осындай қасиетті жер саналатын бірнеше орындар туралы дінтанушы ғалымдардың пікіріне назар салыңыз.

 

Кешен алдындағы жазу
Кешен алдындағы жазу
Кешенге кіреберіс қақпа
Кешенге кіреберіс қақпа

«Ысмайыл ата» архитектуралық кешені Қазығұрт ауданына қарасты Тұрбат ауылында орналасқан. Бұл ХІV ғасырда Әмір Темірдің бұйрығымен салынған деседі. Бұл кешенде Ысмайыл ата кесенесі, Жәбірейіл ата кесенесі, Қошқар ата кесенесі, шілдехана, қақпа, мешіті бар. 1976 жылдан бастап мемлекет қарауына алынған кешенде 2006 жылы реконструкциялық жұмыстар жүргізілген.

Әулие бабамыздың кесенесіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп, зиярат етушілер көп, – дейді осы жердің наиб-имамы Ахан Тағайбайұлы. Халық арасында Ысмаил ата төрт жерді аса таяғымен шұқылаған кезде төрт жерден бұлақ көздері ашылып, үлкен өзенге айналған деген аңыз бар. Сол жерлердің бірінде қазір Шарбұлақ деген елді– мекен орналасқан.

Ысмаил ата кесенесі мен шілдехана

Ысмайыл ата ХІІ ғасырда өмір сүрген әулие. Ол Орта Азияның құрметті шейхы атанған өте білімдар, әулие кісі болыпты. Кейбір деректер Ысмайыл атаны Қожа Ахмет Яссауидің шәкірттерінің бірі екенін растайды. Хақ дініміз – Ислам дінінің ел аумағында кеңінен насихаттауға үлкен еңбек сіңірген әулиенің есімін Әмір-Темір де білген екен.

Аңыз бойынша Ысмаил атаның сүйегі осы жерде жерленген
Аңыз бойынша Ысмаил атаның сүйегі осы жерде жерленген
Құран бағыштау сәті
Құран бағыштау сәті

Ысмайыл ата өмірден өткеннен кейін Ақсақ Темірдің өзі кесенені әулиенің құрметіне арнап салдырған деседі. Ал бір пікірде Ақсақ Темірдің немересі Бабыр шаһ Ысмайыл атаның басына қонып, зиярат жасаған делінген. Одан бері сан ғасыр өтсе де, кесенеге келіп, Құран бағыштайтындардың саны көбеймесе, азайған емес.

Кешен ауласы
Кешен ауласы
Наиб-имам Ахан Тағайбайұлы
Наиб-имам Ахан Тағайбайұлы

–Шілдехана деп жазылған ғимаратта әулиелер қатарындағы ортағасырда кеңінен танымал болған шайқы–әулиелер сыртқы байланыспен байланысты үзіп, қырық күн отырып, дұға жасап, құлшылық еткен. Бұл атаудағы «Шіл» сөзі парсы тілінде «қырық» дегенді білдіреді. ХIV ғ. өмір сүрген олар Қожа Ахмет Яссауи ілімін ұстанған үлкен сопылық қауымның тәлімгер-шайқылары болған.

Жәбірейіл ата кесенесі
Жәбірейіл ата кесенесі

Жалпы аңыз бойынша, бұл қауымның бірінші басшысы Ибраһим ата, оның Ысмайыл және Жәбірейіл есімді екі баласы болған. Ысмайыл 20 жасқа толғанда қалмақ шапқыншылығы болып, жау оның ата-анасы мен бауыры Жәбірейілді өлтіреді. Ысмайыл тұтқынға түсіп, құл ретінде басқа діндегілердің малын бағады. Қойға шыққанда отырып зікір салады. Зікір айтқанда қойлары да айналып жатып алады екен. Оны көрген басқа қойшылар байға айтады екен, ана бала қойларыңызды бақпайды, құдайына құлшылығын жасап отырады. Бай барып қараса, бала зікір айтып отыр екен, қойлары да жатыр,бірақ өзгелердің қойларына қарағанда Ысмаилдың қойлары жайылмаса да семіз болған екен. Бұл жігіттің қасиеті бар, бұл тегін емес, құдайдың қаһарына ұшарармын деп, оны құлдықтан босатып, қайтарған екен. Бұл кісінің кереметі өшіп тұрған шамды өзінің сүф деген демімен жағатын болған. Бізге жеткен аңыз осы, – дейді осы жердің наиб-имамы Ахан Тағайбайұлы.

Адам ата мен Хауа ана жартасы
Адам ата мен Хауа ана жартасы

Біз Леңгір ауданына жақын маңдағы ең танымал туристік орындардың бірі — Адам мен Хауа жартасына келдік. Шырақшы кісі «ешқандай сурет, бейне түсірілім болмасын» деп ескертті. «Түсіретін болсаңыздар – камераны тартып аламын!» Фотокамерамызды көлікке қалдырып, жасырынып телефонға түсіре бастадық.  

Келушілер өте көп
Келушілер өте көп

Бұл тас алқабы «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» деп аталады. Аңыз бойынша, олар адамдарға Адам мен Хауаның қиын сынақтарынан өтуге көмектесетін, сондай-ақ бұл жерді ерекше күш пен қуатқа толтыратын қасиетті рухтар.

Жартас тұстан жолға қарағандағы көрініс
Жартас тұстан жолға қарағандағы көрініс
Жартастың алдыңғы жағынан көрініс
Жартастың алдыңғы жағынан көрініс

Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулие жайлы халық арасында «Жапсарлас тұрған екі алып тастың арасынан адамдар өтеді екен. Күнәсі қыруар пенде тас арасында қысылып қалып, күнәсі аздар өтіп кетеді. Тас арасынан жылан, арыстан секілді қорқынышты елестер көрінуі мүмкін, қысылып қалғандар құрбандыққа мал атап, әрең босайды екен» деген аңыз бар.

Жартастың арасынан өтуге бара жатқандар
Жартастың алдыңғы жағынан көрініс

Бұл киелі жердегі ең негізгі зиярат рәсімінің бірі Ата және Ана аталатын бір-біріне сүйеніп тұрған екі алып жартастың арасынан тілді кәлимаға келтіріп, оң жақ иықты алға салып бір қырымен өту болып саналмақ.

Зиярат ететін жер
Зиярат ететін жер

Алғаш келген кісі атаның қолтығынан өткені дұрыс. Себебі ата жолы – үлкен. Көпшілік негізінен осы тастың алдына зиярат жасап түнейді. «Ата мен Ана тасы арасынан өтейін, бойымдағы ауыртпалығымнан сейілейін!» деп, ниет етіп шыққан кісілер ғана тастар арасындағы ғажайып жайдан еркін өтеді. Мұнда келушілер көңілінде жүрген тілектерін іштей айтып, тілін кәлимаға келтіріп, оң жағымен бір қырындай өтеді.

Қос жартасқа кіреберіс
Қос жартасқа кіреберіс

– Бұл жерде ешкімнің сүйегі немесе мәйіті жоқ. Тек бір Алланың құдіретімен жаратылған қасиетті белгілер бар. Адам Ата мен Хауа Ананың белгісінен бастап он сегіз мың ғаламның белгісі бар. Жер бетінде адамзаттың бәрі бір ата мен анадан тарағанын көрсетіп қойған. Ғайып деген көзге көрінбейтін, ерен деген қырық шілтен, періште Алланың құдіретімен адамзатты жаралғалы бері қолдап, қоршап жүрген үлкен құдіретті күш. Бұл жердің басқа әулиелерден айырмашылығы да сонда, — деді осы жердің шырақшысы.

Жартастың Адам ата жағынан көрініс
Жартастың Адам ата жағынан көрініс
Жартас арасынан өте алмадым дейді Жана апай.
Жартас арасынан өте алмадым дейді Жана апай.

Біздің көз алдымызда орта жастағы бір апай Ата мен Ана алып тастарының ортасынан өте алмай кері қайтты. Бірден көңіл күйі түсіп кетті. «Күнәм көп болу керек» деп ойланып қалды. Бірақ, «екі алып тастың ортасынан өтпей қалса, күнәһәр пенде екен деген» абстрактілі ойға тоқтау қажет пе? Мәселен, ол кісінің дене бітімі ірілеу, өзі төртбақтау әйел болғандықтан, яғни физикалық тұрпатына байланысты екі тастың арасына сыймады ма деген ой келеді. Бірақ, кей адамдар, одан да ірі, нар тұлғалы азаматтардың өтіп кеткенін айтады. Тағы бір көз көрген әйел адам, бірде қонақтарын осында алып келген екен. Олардың бірі осы екі алып тастың ортасында кептеліп қалып қалыпты. Құтқару қызметін шақырып, жарты күн дегенде әрең босатып алған екен.

Тас қабырғалардың кей жерлері аса тар болғандықтан, адамды қысып, ауыратын жеріне жанасып, емдейді деген сенім бар. Аңызақ жел өтетіндіктен іші салқын, тыныш, ортасына келгенде шын мәнінде қысылып қаламын деген ой келеді. Бірақ, ол туралы ойламауға тырысу керек, өйткені алдыңызда да артыңызда да адамдар келе жатыр. Жартас жарығынан өткен адам күнәдан арылады деп айтылады. Оның қаншалықты рас-өтірігін біз білмейміз. Тек бір білеріміз клаустрофобия және артық салмағы бар жандарға жартасқа кірмегені дұрыс болады. «Күнәдан арыламын» деп жүріп, қысылып қалып, физикалық тұрғыда зардап шегуіңіз мүмкін және бұл моральдық тұрғыдан да әсер етпей қоймайды.

«Қасиетті бұлақтың» жанында
«Қасиетті бұлақтың» жанында
Бұлақ суына жуынуға, бет жууға рұқсат етілмейді
Бұлақ суына жуынуға, бет жууға рұқсат етілмейді

Ал, «қасиетті тастың» төменгі жағындағы «қасиетті» бұлақтың суын ішкенде, адамның тұла бойы ғажайып, рахат күй кешеді дейді шырақшы. Оның айтуынша, үш көзден шығатын бұлақ суының біріншісі – көз, екіншісі – ентікпе, өңеш, жұтқыншақ, асқазан, үшіншісі – жүйке ауруларына емдік қасиеті бар екен. Үш бұлақ суының қасиеті бір-біріне ұқсамайды. «Зәмзәм суына пара-пар қасиетті судан» қанып ішіп, қала берді бос бөтелкелерге құйып та алып кетіп жатқандар бар.

Қос жартастың алдынғы жағындағы қонақ үй
Қос жартастың алдынғы жағындағы қонақ үй

Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулиенің орны қазір абаттанып, көріктеніп, инфрақұрылымдық кешен ретінде дамып келеді. 100 адамға арналған заманауи қонақүй бой көтерген. 

Кесене алдындағы тақтада қажетті ақпарат көрсетілген
Кесене алдындағы тақтада қажетті ақпарат көрсетілген

Түркістан облысының Қазығұрт ауданында орналасқан Ақбура әулие кесенесі – жаз ауасы түсе салысымен зиярат етушілер ағылатын орындардың бірі.

Кесене алдандағы құлпытас

Бұл жерге бірі перзент сұрап келсе, енді бірі денсаулығына шипа тілейді. Кесене басындағы шырақшылар түрлі тылсым күшке куә болған, айтуларынша, талай жанның тілегі орындалған.«Ақбура әулие туралы нақты дерек жоқ. Ата-бабаларымыз айтып кеткен аңыз бойынша, ол Қ.Ясауидің замандасы әрі шәкірті болған. Оның әкесі, атасы, бабасы дін жолын ұстанған. Емшілік қасиеті болған деседі. Бұл қасиет Ақбура бабаға да дарып, ел ішінде зікір салушы атанған»,-деді кесене шырақшысы. 

Аңызға сәйкес, астына ақ түйе мініп алып ерекше күшке ие болған Ақбура қазақ жерінде ислам дінін таратушылардың бірі болыпты. Ол памдат намазының екі бас сүннетін Қазығұрттағы бұлақ басында оқыса, қалғанын  Йассыдағы мешітте оқитын болыпты. Түйесіне мініп, тылсым күштің арқасында әп-сәтте Түркістанға жетіп баратын оның аузына үйілген ақ көбік иығына дейін төгіліп жүретін көрінеді. Міне, осыдан кейін оған Ақбура атанып кеткен. Ақбураның шын аты Ақтамберді болған делінеді аңыздарда. Ақбура есімін Қ.Ясауи берген екен.  

Ақбура кесенесі
Ақбура кесенесі

Ақбура кесенесінің маңында бұлақ суы ағып тұр. Оны жергілікті халық «Ақбура» бұлағы деп атап кеткен. Зиярат етушілер алдымен кесене ішінде құран оқып, кейіннен бұлақ суын ішеді. Енді бірі ыдысқа құйып, өздерімен бірге алып кетіп жатады. Шырақшының айтуынша, бұлақ суының өзіндік емдік қасиеті бар. Бірі тері ауруларына пайдасы тиеді десе, келесі бірі бауыр-бүйректі тазартады деп айтып жатады. Зиярат етушілердің енді бірі бұлақ суына шомылсақ, ерекше күш-қуатқа кенелеміз дейді.

Қазығұрт тауы көрінеді
Қазығұрт тауы көрінеді

«Кез келген адам бір нәрсеге мұқтаж ғой. Сондықтан киелі орындарды аралап, тілек тілейді. Бірақ кесенелерді араласа барлық адамның тілегі қабыл болып кететініне сенім аз. Сондықтан бүгін болмаса, ертең ниетің қабыл болуы мүмкін. Басты, ішкі тілек пен ниетте»,-деді кесенеге келушілер.

Қазығұрт тауына барар жол
Қазығұрт тауына барар жол
Мирхат Мадияров, Тарих ғылымдары кандидаты, қоғамтанушы және дінтанушы сарапшы
Мирхат Мадияров, тарих ғылымдары кандидаты, қоғамтанушы және дінтанушы сарапшы

Бұл аңыздардың барлығы қаржылық мүддесі бар адамдардың жорамалы дейді тарих ғылымдарының кандидаты, дінтанушы Мирхат Мұратұлы.

-Адам а.с. мен Хауана туралы аңыз айту, ештемемен дәлелденбеген. Ислам дінінде, Адам а.с. мен Хауана Жұмақтан қуылған соң, жер бетін кезіп жүреді. Адам а.с. ұзақ жылдар бойы, Жаратушыдан кешірім сұрап, дұға жасай береді. Ақыры, Алланың қалауымен екеуі жолығады. Бірақ, олардың жерленген орны Қазақстан емес, басқа жақта. Күнәхар болсаң екі тастың ортасынан өте алмайсың, жер астындағы  суға тастаған шелегің бос шығады деген де бос сөз. Әр адам өзін: «Жүрегім таза, ешкімге жамандығым жоқ»,- деп ақтайды. Сонда, тозақ кіммен толады?! Жоқ. Осы керемет тахуа (жамандыққа жоламайтын), өмір бойы намазда болған, имам болған жамағаттың алдында деген адамды бетін жерге қаратып періштелер тозаққа сүйреп бара жатады делінген. Неге? Алла білуші, кім шынайы иманына берік болды ма, әлде елге солай көріну үшін өмір сүрді ме? Алла, шаңның тозаңындай жақсылық жасаса көрінеді, сондықтан кім соншама күнә жасаса мен көремін дейді. Сонда, Алланың жаратқан тастары, ағып жатқан суы, адамның күнахар немесе таза екенін анықтай ма?  Ондай құзырет пайғамбарларда да болмаған. Оны тек Алла біледі.

Мұның барлығы — надандық пен адасу деп аталады. Ең ауыры  — осылай пәтуә жасап, елді адастырушы мен соған иланушылар, Ахыретте Жаратушыға қалай жауап бермек?! Алла сақтасын!

Мирхат Мадияров, тарих ғылымдары кандидаты, қоғамтанушы және дінтанушы сарапшы:
Мирхат Мадияров, тарих ғылымдары кандидаты, қоғамтанушы және дінтанушы сарапшы«Алла тағала пендесін тура жолға салсын»

Сонымен қатар, VII ғасырда, Үкаша р.а.сахаба Пайғамбарымыздың с.ғ.с. сахабаларының бірі болған деседі. Пайғамбарымызбен бір жорықтан келе жатып, Үкаша р.а.сахаба мүбәрак қолын сүймек болып Пайғамбардың түйесіне жақындай түскенде оның қамшысы Үкаша р.а.сахабаның иығына тиеді. Уақыт өте келе, хәл үстінде жатырған Мұхаммед Пайғамбар бүкіл сахабаларын жинап, «менің кімде өтелмей қалған ақысы бар, кімге берешекпін, айтыңыздар» дейді. Сәлден соң Үкаша р.а.сахаба орнынан тұрып: «Уа, қасиетті Пайғамбар, есіңізде болса бірге жорықтан келе жатып, сіздің қамшыңыз менің иығыма тиген еді, соның ақысын алсам» деймін деп үн қатады. Қалған сахабалар Үкаша р.а.сахабаның жағасынан алып: «Пайғамбарымызға осындай сөз айтып, кек алатын сен кімсің, Пайғамбарға қарсы келетіндей қандай дәрежеге жеттің?» деп ортаға салады. Үкаша р.а.сахаба оған да келіспейді. Болмаған соң Пайғамбар: «Сіздер түсінбедіңіздер, ол менімен достасқысы келеді, кел қасыма» деп жанына шақырады. Укаш р.а.сахаба менің иығыма қамшы тигенде менің иығым ашық болған дейді, солайша Пайғамбар жейдесін көтергенде Үкаша р.а.сахаба екі жауырын ортасындағы пайғамбарлық мөрді сүйген. Пайғамдарымыздың мүбәрәк денесін неге сүйіп алмадым деп өзге сахабалар жылаған екен.

Ал енді, егер Пайғамбарымыз VII ғасырда сахабалармен бірге болған болса, ислам діні қазақ даласына Берке ханның кезінде тараса, сонда Укаша ата қайда болды? Қазақ даласында Укаша ата деген болуы мүмкін. Сахабалардың есімін қояды ғой, ал ол батыр болған болуы мүмкін. Ол Укашамен шатастырмау керек. Екеуі әр заманда өмір сүрген. Укашаны ешкім жеңе алмайды екен, алып денелі болыпты (Омар р.а. алып денелі болғаны туралы айтылған) мыс деген бос сөз. Намаз оқығанда басын шауып алып, басы Меккеге жер асты суымен ағып барыпты — мыс, деген де ертегі.

Мирхат Мадияров, тарих ғылымдары кандидаты, қоғамтанушы және дінтанушы сарапшы
Мирхат Мадияров, тарих ғылымдары кандидаты, қоғамтанушы және дінтанушы сарапшы

Енді, осындай «ғажайыптар» болмаса, адамдардың келмейтіні белгілі. Англиядағы «Лох Несс» ғажайып айдаһар  да туристтерді жинау үшін айтылған ертегі ғой. Бұндай ғажайыптарды» ғылыми тұрғыдан қалай зерттейсіз? Ғылым тұрмақ, миға қонбайды, ислам дініне еш қатысы жоқ.

Баяғыда бір жолаушы есегімен ұзақ сапарда келе жатып, есегінің күні жетті, ме әлде зорығып кетті ме, бір жерге келгенде жан тапсырыпты. Иеcі, соңғы деміңе дейін әйтеуір адал қызмет еттің ғой деп, жерді қазып көміпті де, ары қарай жаяу кете беріпті. Көміп жатқанын сол жердегі бір тұрғын көріп қалыпты. Уақыт өтіп, қайтар жолда сол жермен өткен сапардағы адам қараса, есегін көміп кеткен жерде сол мекеннің тұрғындары күмбез көтеріпті. Басында сол, шырақшы отыр дейді. Кім жерленген десе,«бұл жерде жатқан ұзын құлақ әулие»,- деген екен.

Байқағанымыздай, ғылым мұндай тылсым дүниелерге үзілді-кесілді және қатаң көзқараста. Десек те, мұндай «қасиетті жерлердің» тылсым күші жоқ дегенге адамдардың сенуі қиын. Адамдар әрдайым таңғажайып, аңыз, ертегілерге сенгісі келеді.
Иә, Жаратушының мүғзижалары, таң қалатын құбылыстары аз емес. Біз түсіндіре алмайтын, жерге тимей «ілініп» тұрған тастар бар. Оңтүстікте жер астынан шығатын шипалы сулар да молынан кездеседі. Сарыағаш және Жаңақорған шипажайларынан басқа да арасан сулар бар. Арыс, Амангелді, Бөген су қоймасы, Темірлан жақ, Түркістаннан ары қарайғы ауылдарда жер асты су температурасы 40° тан 90° жоғары жерлер бар. Сондықтан, қымбат минералдар, алтын, уран мен қорғасын, жер асты байлығы мол Оңтүстік өнірі, жер асты шипа суларына бай болуы таң қаларлық құбылыс емес. Дегенмен, оңтүстіктегі «киелі» деп жүрген жерлердің барлығы біз ойлағандай ғажайып киелі емес, — дейді дінтанушы Мирхат Мұратұлы.

, voxpopuli.kz