АҚШ Қазақстанда азаматтар діни сенімі үшін қудаланып жатыр деп мәлімдеді
АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметі бойынша, 2023 жылы діни топтар үкіметтік бақылау туралы есеп беруді жалғастырған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АҚШ Мемлекеттік департаменті 2023 жылдяң әлемдегі діни сенім бостандығы жайлы баяндама жариялады. Авторлардың айтуынша, Қазақстанда діни нанымдар бойынша қудалау жалғасып жатыр.
Мысал ретінде әртүрлі діни топ өкілдеріне олардың сенімдері негізінде айыппұл салынып, қамауға алынған жағдайлар келтірілген. Сондай-ақ, діни әдебиеттердәң тәркіленгені көрсетілген. Баяндамада былтыр Жамбыл облысында екі азамат балаларға Құран оқытқаны үшін сотталғаны жазылған. Сонымен қатар, авторлар Қазақстанда адам құқықтарын елеулі бұзды деп айыпталған "Талибан" террористер тізімінен шығарылғанын атап өтеді.
Сонымен қатар, авторлар мектептерде орамал тағуға тыйым салынғанын, 2023 жылы Атырау облысындағы мектепке барудан 150-ден астам қыз бала бас тартқанын жазады.
Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ комиссиясы Қазақстандағы діндарлардың құқығы үшін алаңдағаны хабарланған болатын.
14 наурызда Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи дін мәселелері жөніндегі заң жобасының нормалары жайлы пікір білдіріп, күзде қаралатын заң жобасында өз ұсыныстарын енгізетінін хабарлады.
2023 жылдың қазан айында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева дін туралы жаңа заңда қоғамдық орындарда діни киім киюге тыйым салынатынын мәлімдеді. Бұл бетті жабатын киім туралы болды.