Олимпиада айшықтары: спорт, дін және қазақ қоғамы

Олимпиада чемпионы Елдос Сметовке қатысты соңғы күндері әлеуметтік желілерде қызу пікірталас өрбіді. Бұл жағдай қазақ қоғамындағы дәстүрлі құндылықтар мен қазіргі заманғы көзқарастардың арақатынасы туралы кең ауқымды дискуссияға жол ашты. Осы мәселе бойынша белгілі дінтанушылар - Асылтай Тасболат пен Талғат Жақиянов өз пікірлерін білдірді.

Асылтай Тасболат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында терең талдау жасады: "Елдос Сметовке қатысты хейттен бір нәрсені ұқтым. Қазақтың эпикалық жадында бар 'әруақ', 'Тәңір алқап', 'Құдай қолдап' сөзін айтпаса қазақтың рухын ояту қиын екен."

Сарапшы қазақ халқының Ислам дінін өзіндік ерекшеліктерімен қабылдағанын айтады: "'Халық исламы' деген ұғымды қолданады. Ғұлама институты мен қарапайым халықтың Ислам туралы түсінігі біркелкі болмайтынын жазады. Әруақ, әулие, Тәңір секілді ұғымдар халыққа жақын, аңыз-әпсаналармен көмкерілген батырлар мен қаһармандар тарихы схоластикадан гөрі халыққа өтімді екенін айтады."

Тасболат спортшылардың имидждік мәселелеріне де тоқталды: "Тағы бір нәрсе Елдос пен басқа да боксшылардың мұртына қатысты. 'Сақалы бар мұрты жоқ, шапаны бар, ұлты жоқ, қырма сақал, бірдеңе ел түбіне сол жетер,' деген шумақтар ел арасында тарап жүр."

Оның пікірінше, "Меніңше, түркілер, соның ішінде қазақтар Исламды өзіне бейімдеп алған. Соның ғасырлар бойы қалыптасқан жады бар. Соған сәйкес келмесе хейт жасайды."

Тасболат қазақтың дәстүрлі рухани құндылықтарын заманауи форматта насихаттау қажеттілігін атап өтті: "Қазақтың эпикалық жадына сіңген мұрасын кино мен жапондар секілді аниме жанрлары арқылы халыққа сіңірмесе боз кілемге рухыңды оятатындай ұран айтып кіретін болашақта спортшы таба алмасымыз анық."

Дінтанушы Талғат Жақиянов та өз пікірін білдірді. Ол қазақ қоғамының спортшылардан күткен үміті туралы айтты: "Қазіргі уақытта Қазақ қоғамы дін ұстанатын спортшылардан ұлттық мінезді көргісі келеді. Әсіресе бүгінгі қазақ халқының қарқынды рухани жаңғыруы аясында дәстүрлі мұсылмандыққа деген сұраныс өте жоғары."

Жақиянов екі маңызды мәселені атап өтті: "Халық мұсылманмын деп жүрген спортшылардан дәстүрлі мұсылмандықтың көріністерін іздейді. Егер күтілімдері ақталмаса, ол спортшының алтын немесе күміс алған жетістігі де қоғам үшін маңызды болмайын деп тұр. Олар қанша чемпион болса да, 'халықтың сүйіктісіне' айнала алмайды, бүқаралық мойындауға ие болмайды."

Сонымен қатар, ол отандық спорт саласындағы өзекті мәселені де көтерді: "Отандық спорт саласын сәләфишілдік идеологиядан тазарту қажеттілігі - күн тәртібінде күйіп тұрған өзекті мәселе. Спортшыларды қызу талқылауға негіз болған себеп қоғамның осы мәселені біліп, көріп, алаңдап жүргендігімен байланысты."

Жақиянов екі маңызды міндетті атап өтті: "1) дәстүрлі мұсылмандықтың тұғырын күшейту; 2) спорт саласына дін тұрғысынан ревизия жасау."

Бұл пікірталас қазақстандық қоғамда дін мен спорттың өзара қарым-қатынасы туралы кең ауқымды дискуссияның бастауы болып отыр. Екі сарапшының пікірлері қоғамдағы күрделі мәселелерді көрсетіп, оларды шешу жолдарын ұсынады. Спорт және дін саласындағы мамандар бұл мәселені әрі қарай зерттеп, талқылауды жоспарлап отыр."